Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
00:45, 16 января 2014

Мәңгілік махаббат жыры

Егемен Қазақстан, 16.01.2014

Blog post imageОрыс композиторы С.Про­кофьев­ті шабыттандырған У.Шек­спирдің «Ромео мен Джу­лет­та» атты шығармасы әлем жұртының рухани қазынасына айналған ғажап дүние. Иә, бұл У.Шекспирдің мұңды махаббат жыры. «Махаббат» атты ғажап сезімнің иесі болған екі жастың өмірі. Бұл шығарма ХХ ғасырда әлем театрларында көп қойылған балеттің бірі.

Балет алғаш рет Қазақстан сахнасында Ю.Григоровичтің қойылымында Абай атындағы академиялық опера және балет театрында іске асты. Енді осы балет елордадағы «Астана Опера» театрында қойылып, көрерменді дүр сілкіндірді.

Бұл балетті әр кезеңде Джон Крэнко, Кеннет Макмиллан және Рудольф Нуриев қойған еді. Ал осы жолғы спектакльді белгілі балетмейстер Шарль Жюд қойды.

Джульеттаны орындаған Гауһар Усина шығармашылығы пісіп, жетілген қандай болсын күрделі партияларды өз деңгейінде алып шыға алатын биші. Спектакльдің бірінші бөлімінде балалық жарқын мінезді Гауһар – Джульетта, екінші бөлімде махаббаты үшін қандайда болсын шешімге баратын, жанұшыра соның жолын іздеген трагедияға толы бейнені көрсетті. Джульеттаның Ромеоны көріп, ғашықтық оты жалындаған ішкі сезімін аяқ ұшындағы ұсақ қимыл (pas suivi) арқылы, қос қолдың қарапайым қимылы арқылы орындағанда жүрек лүпілі мен жан тебіренісін көрерменге жеткізеді.

Ал, Әйгерім Бекетаева сомда­ған Джульетта бала мінезді, оң-солын танып біле қоймаған, күтушісімен таласа ойын ойнап жүрген аңғал жанды көрсете алды.

Осы спектакльдегі биші­лердің ішінде орындаушылық шеберлігімен көзге түскен Досжан Табылды болды. Ол өр мінезді, намысын қолдан бермейтін жігерлі жан Тибальдіні сомдады. Биші ішкі жинақылығымен, классикалық би қалыптарын нақты, таза орындауы арқылы кейіпкерінің мінез-құлқын барынша ашты.

Балет өнерінің техникасын жоғары деңгейде меңгерген орын­даушылардың пластикалық еркіндіктері күрделі образдарды ашуда үлкен мүмкіндік бергені көрініп тұрды.

Спектакльде кордебалеттің алар орны ерекше. Верона қала­сының алаңындағы ұрыс-керіс, айқай-шу төбелес екі топтың бір-біріне тап бере орындалатын секіріс, жүгірістер арқылы бейнеленсе, балдағы көпшілік билер ақсүйек жандардың асықпай жылжи аяқ тастау арқылы көрсетілген. Ал, Джульеттаны жерлеу шеруі қара киім киіп, шырақ ұстаған қалыпта жай жылжу арқылы берілген. Осы көпшілік сахналар спектакльдегі жеке образдардың сан қырларының ашылуында негізгі психологиялық жүкті көтеруші күш. Екі қарсы топтың көпшілік сахналары өзі­нің пластикалық ырғақты, психо­ло­гиялық бояулар арқылы шешілген.

Балетмейстер осы мұңды махаббат иелерінің өмір сүрген ортасын көрсетуде сәтті көрсетілген суреттемелерін Джульеттаның өлімімен байланыстырған. Джульет­­таның денесін көтеріп тұрған әкесі, екі жағында басы мен аяғын құшқан анасы мен күтушісінің қалпы, Ромеоның Джульеттаның жансыз денесін арқасына сала жоғары көтеріп билеген биіндегі кейпі шіркеудің айқастырылған (крест) белгісін бергендей.

«Астана Опера» театрының балет труппасы өзінің жастығымен ерекшеленетін ұжым. Осы ұжым­ның кәсіби шеберлігінің шың­далуында дүниежүзіне белгілі балетмейстерлермен жұмыс істеу белгілі бір деңгейде өз нәтижесін бергені сөзсіз.

Сөйтіп, «Астана Опера» театрында С.Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» балеті үлкен табыспен өтті.

Би өнері көпқырлы. Сондық­тан да, осы жас театр балет тру­п­пасы­нан әлі де талай қызықты қойылымдар күтеміз.

Тойған ІЗІМ,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі,
өнертану кандидаты.

 
0
949
0