Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов42 подписчика
Всяко-разно
0
03:04, 06 января 2014

Астана мен «Ла Скала»

Егемен Қазақстан, 01.01.2014

Биыл елорда күні құрметіне Миланның «Ла Скала» театры келіп өнер көрсетеді деп күтілуде

Blog post image«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры алдағы үш жылда атқарылатын іс-шараларды нақтылады. Соның ішіндегі ең бір елеулі оқиға – аты аңызға айналған «Ла Скала» театрының Астана күніне орай гастрольдік сапармен келіп, 30-маусым мен 4-шілде аралығында елордалық көрерменге «Дон Кихот» балет-спектаклін ұсынатындығы. Айтулы өнер ордасы өзінің 2015-2016 жылға дейінгі іс-жоспарын алдын-ала шегелеп қойғанына қарамастан, Қазақстанға өнер сапарымен келуге барынша ниет білдіріп отыр.

Осыған байланысты «Астана Опера» театры қазірдің өзінде «Biletbar.kz» операторы арқылы билет сатудың электрондық жүйесін іске қосып үлгерді. Бір айта кетерлігі, касса арқылы сатып алынатын билет пен ғаламтордың көмегімен қол жеткізетін билеттің құны бірдей. Соңғы жоба өнерсүйер қауымның спектакльге кіруін ыңғайлы етумен қатар билеттің барлық адамға қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.

«Biletbar.kz»-тің бас директоры Жандос Жәкетовтің мәлімдеуінше, билет сату жүйесі ашық және заманауи үлгіде жүзеге асады. Сатылған әр билет жүйеде тіркелетіндіктен оны бағдарлама арқылы өшіру, өзгерту әсте мүмкін емес. Сондай-ақ, билетті қолдан жасау сияқты алаяқтық әрекеттерді болдырмауға да аса мән беріліп отыр. Өйткені, әр билет орны, қатары, қалай және қай уақытта алынғаны жайлы сатып алу дерегі бар «QR кодпен» қамтылған. Залға кіргенде осы код арнайы құралдың көмегімен сканнан өткізіледі де ақпарат оқылады. Осылайша билет лезде тексеруден өтіп шыға келеді.

Смартфон және планшеттік құралы бар адам билетті басып шығарып, әуре-сарсаңға түспейді, себебі, енді мұнан былай электрондық билет опциясы іске қосылып отыр. «Астана Опера» театрының маркетинг департаментінің директоры Мансұр Смағамбетов «QR коды» барлық билеттерге енгізілетінін, оның ішінде касса арқылы сатылатын билеттер де бар екенін, сонымен бірге, билетті электрондық жолмен сатып алу жүйесі алдағы жылдың қаңтарынан бастап жұмыс істейтінін айтты.

Бәрін айт та, бірін айт, атына бұрын тек сырттай сүйсініп жүрген қазақстандықтар Италияға ат терлетіп бармай-ақ «Ла Скаланың» тамаша өнерін өз жерінде өгейсімей қызықтайтын ғажап тартуға ие болып отыр. Итальяндықтар әкелетін Сервантестің «Дон Кихот» спектаклі біздің көрермен үшін аса тың дүние емес, астаналық театрларда бұл қойылым осыған дейін талай мәрте көрерменнен өз бағасын алып та қойған. Комедия мен трагедияны қатар қамтыған екі актілі балетті кезінде Елбасының өзі келіп тамашалағаны есте.

Дей тұрғанмен, классиканың отаны саналатын елдің майталмандары еңсерген өнерден үлгі алып, үйренер тұстар аз болмасы анық. Шалғайдағы өнер шаңырағын мұнда шақырудағы мақсат та сол болса керек. «Астана Опера» театрын «Ла Скала» дәрежесіне жеткізу. Классикалық өнердің шыңына баланған театрдың кәсіби жетістігінен сусындау.

Алдын-ала хабарлауға тұратын тағы бір жаңалық – осы жылғы күзде елімізге Вена операсының труппасы да гастрольдік сапармен келеді деп жоспарлануда. «Штатс опера» дүние жүзіндегі ең әйгілі опералардың біріне жатады. «Астана Опера» театрындағы тамашалар мұнымен шектеліп қалмайды, олар да өздерінің керемет жетістіктерін өзгелерге паш етуге асығады. Мысалы, Францияда, сонымен бірге Нью-Йорктегі «Карнеги холда» концерт беріп, «Ковент-Гарденде» өнер көрсетеді деген мақсаттар тұр. Ал, жас театр ұжымы жыл басындағы шығармашылықты Алматыға гастрольдік сапар жасаумен бастамақ. Ақпанның 4-і мен 10-ы аралығында Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында «Біржан-Сара», «Роден» спектакльдері қойылып, концерттік бағдарламалар ұсынылмақ. Сондай-ақ, наурыздың 8-і мен 10-ы аралығында Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы «Мария» театрына «Аттила», «Біржан-Сара», «Роден» туындыларымен баруды көздеп отыр.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»

0
462
0