• 12277
  • 1
  • 2
Нравится блог?
Подписывайтесь!

Қытай Халық Республикасы шаруашылығының қалыптасуы мен дамуының экономикалық-географиялық тұжырымдамасы

Қытай Еуразияның аса шұрайлы әрі қолайлы жеріне орналасқан мемлекет. Ол ерте заманда шығыс өркениеті мен мәдениетінің ошақтарының бірі болған. Осы аймақта адам баласының арғы ата-тегінің бірі ежелден мекен еткендігі бүгін ғылыми тұрғыда дәлелденген. Мысалы, “Пекин адамы” деп аталатын ертедегі адамдардың шамамен біздің заманымызға дейінгі 460–230 мың жылдар аралығында осы жерде өмір сүргендігі анықталған. Ал, кейбір деректерге сүйенсек, ертедегі адамдардың одан да бұрын қалыптасып үлгіргендігі айтылады.ғылыми тұрғыда анықталған[5].  Демек бүгінгі Қытай Халық Республикасы “ҚХР” тұрған географиялық аумақ ертеден-ақ өздерін Аспан асты жұрты немесе әлемнің орталығы санаған қисапсыз халық мекендеген, адамзат әрекетінің әсеріне күшті қалыптасқан өңір болып табылады [6].

ҚХР-дың негізгі халқы – қытайлар немесе ханзулар, дүниежүзіндегі жалпы саны бір млрд-тан асады. Олардың 97,3 пайызы Қытайды мекендеген. Олар монғол нәсіліндегі, қытай-тибет тіл семьясына жататын халық. Ханзулар тарихта көп түрлі атқа ие болған. Ал, “ханзу” деген атқа ие болуы (аудармасы хан ұлты немесе хандар) Батыс Хан дәуірінде (біздің  заманымызға дейінгі 206–23 жылдар) хуация ұлысының төңірегіндегі халықтармен бірігу нәтижесіндегі хандық билігіне негізделіп қойылған.

Қытайлар ертеден егіншілікпен айналысқандықтан, өздерінің дәстүрлі шаруашылық ерекшелігіне сай келетін диханшылық күнтізбесін ерте пайдалана білген [7]. Қытай жеріндегі шаруашылық өркениетінің ең көрнектісі әрі ең байырғысы  егіншілік болуының себебі де сонда. Халықтың егіншілікпен шұғылдануына орналасқан орнының табиғат жағдайы – қоңыржай климаты, құнарлы топырағы және мол сулы өзендері себеп болғаны түсінікті.  Қытайда дамыған егін шаруашылығы мен соған сай өркендеген дәстүрлі-рухани мәдениеті негізінен ірі өзендердің жағалауларында қалыптасқан.

Мәдениет және оның оның шығу тегі туралы оқымыстылар мен ғалымдар әр түрлі көзқарастар ұстанып келеді. Олардың ортаға салған анықтамалары мен түсініктемелерінің ұзын саны 200-ден артық [8]. Солардың ішінде біздің пікірімізге сай келетіні мәдениет дегеніміз – адамзат қоғамының дамуы барысында жаратылған барлық материалдық байлықтар мен рухани байлықтардың жиынтығы. Ал материалдық байлық пен рухани байлықтың барлығы да географиялық ортадан бастау алып, экономика арқылы өркениетке өтетіндігін ескергенде мәдениеттің де, өркениеттің де экономикалық географияның маңызды құрамдас салалары екендігі анықталады.  Өркениет туралы да пікірлер көп. Мәселен, И.Гердер мен Э.Тайлор өркениетті мәдениетпен синоним ретінде қарастырса, Ж.Ж.Руссо қатарлы оқымыстылар өркениетті мәдениеттің ақыры, оның егделік шағы деп түсіндіреді. Біздіңше, бұлармен келісу қиын. Ал өркениетті мәдениеттің биікке көтерілуі, қоғамның парасаттылық деңгейі деп бағалайтын Ф.Вольтер және Д.Беллдердің пікірімен санасуға болады. Демек, өркениет – мәдениеттің дамыған түрі немесе мәдениеттің техникалық дамуы.

Қытай ғалымдары арасында өз елінің мәдениеті мен білімінің шығу тегі туралы пікір таластар мен зерттеулер талайдан бері жалғасын тауып келеді. Солардың ішінде, Қытай мәдениеті Батыстан келген деушілер де,  жергілікті жерде пайда болып, қалыптасқан деушілер де бар. Біздің пікірімізше Қытай жерін мекендеген ертедегі халықтың ұрпақтарына мирас етіп қалдырған мәдениеті мен шаруашылығы болуы мүмкін. Оның себебін  Азияның бір шетінде орналасқан Қытайдың өзіне тән географиялық-экономикалық  ерекшеліктері, тек сол өңірде ғана қалыптасқан мәдениет, білім және өнері айқындайды. Бұған Қытайдың әйгілі ғалымы Ляң Цычяудың “География мен мәдениеттің қарым-қатынасы” атты еңбегінен де үзінді келтіруге болады. Онда: “Азияның батысы, шығысы, оңтүстігі мен терістігі өз алдарына дербес әлем болды және олардың ортасында мәдениеттің алмасуы мен бәсекелестігі болмады. Оның себебі, күрделі де ұлан-ғайыр географиялық ортада орналасуы және түрліше климаттық жағдайы еді. Сондықтан да мәдениетті таратуға қабілетті болмаса да, бай мәдениетті жаратуға мүмкіндігі зор болды” делінген [9]. Ляң Цычяудың пікірімен толық келісуге болады. Себебі Қытайдың орналасқан географиялық аумағына көз жібергенімізде, шығысының ұшы-қиырсыз теңізбен шайылып, солтүстігі мен батысының көзжеткісіз  құмды шөлмен көмкеріліп, ал оңтүстігінің асу бермес асқарлармен астасып жатқандығын аңғару қиын емес. Осындай томаға-тұйық ортаға сырттан білім мен мәдениеттің енуі  немесе мәдениеттің бұл ортадан басқа жаққа ағылуы мүмкін емес болатын. Географиялық  ортаның қандай маңызға ие екендігі осыдан-ақ түсінікті. Өндіріс өркендемеген кездерде оның маңызы  тіпті айқындала түседі.

Ежелгі Қытай мәдениеті мен білімі өзі айналысқан егіншілік шаруашылығымен біте қайнасып, астасып жатты. Ал егіншілік мол сулы, климаты жылы Хуанхэнің орта және төменгі ағыс алабы мен Янцзы өзенінің бойында жақсы дамыды.  Дүние жүзінің ірі мәдениет ошақтары Ежелгі Қытай, Үндістан, Египет және Вавилон мемлекеттерін қарастырсақ, барлығында да мәдениеттің өзен бойларында пайда болғандығын аңғарамыз. Сол қатарда Қытай мәдениеті мен экономикасының бесігі болып Хуанхэ мен Янцзы тарихта қалды.

Географиялық тұйық ортада өзіне тән экономика қалыптастырған қытай халқы  кезінде өздерін әлемнің ең мәдениетті әрі дамыған аймағы деп санады. Айналасындағыларды өздерінен кейін қалған халықтар ретінде бағалап, “Біз әлемнің орталығымыз” деген идеямен асқақтады. Соның салдарынан мемлекет атын да “Жоңго” немесе “Орталықтағы мемлекет” деп атады.

Жазудың пайда болуы адамзат мәдениеті мен экономикасын тағы бір жаңа белеске көтерді. Қытайдың жазу мәдениетін ескідегі “бейне жазу” тарихынан бастар болсақ, бүгінге дейін 6 мың жылдық даму тарихы бар екендігін білеміз. Қытайдың ертеде жазылған “Жоу ли”, “Гуан зы” қатарлы кітаптарында жер бедерінің сызбалары бейнеленсе, 1973 жылы Хунан провинциясында қазылған Батыс Хан дәуіріндегі моладан (б.з.д. 206 ж. –   б.з.д. 23 ж.) түрлі жер бедері және әскери карталар табылған. Ал георафиялық мағынаға қатысты кітаптар мен жазбалардың ең көнесі  Жанго заманында (б.з.д.475–221 жж.) жазылған “Шанжиң” және “Иүгоң” деген кітаптар. “Шанжиңда”  негізінен, Хуанхэ және Янцзы өзендерінің алабы жайында баяндалса, “Иүгоңда” таулар мен өзендерді табиғи шекара етіп белгілеп, сол кездегі мемлекет аумағын 9 аймаққа бөледі, олардың жалпы географиялық жағдайын баяндайды. Осы тектес кітаптар кейінгі патшалықтар тұсында да жазылып, күні бүгінге дейін сақталып келеді.

Адамзат өркениетінің жаңа кезеңі ретінде қалыптасқан “Жаңа құрлықты ашу” серпілісінің соңы еуропалықтардың теңіз жолдары арқылы біртіндеп Қытайға да жетуіне мүмкіндік берді. Өздерінің ұлттық байлықтарын шетелдіктердің түрлі тәсілмен талан-таражға салуға қарсы көтерілген қытай халқының  1840 жылғы Апин соғысы отаршылардың пайдасына шешілгендіктен, олардың Қытайдағы ықпалы барған сайын жан-жақтылы күшейе түсті. Осындай тарихи себептерге байланысты  Батыстың география ғылымы Қытайға еніп, Қытайдың дәстүрлі географиясы қазіргі заманғы географиялық үрдіске бағыт алды. 1909 жылы Жаң Цянуын қатарлы адамдар Тянцзин қаласында алғаш “Қытай геогрфия қоғамын” құрды, ол ұйым кейін 1912 жылы Пекинге көшті. 1910 жылдан бастап  “География журналы” жарық көре бастады [10].

Әйгілі географ Жу Кыжэннің 1918 жылы АҚШ-тан білім алып еліне оралуы Қытай географиясының осы заманғы талаптарға сай қызмет істеуіне негіз болды. Нанкин университетінің құрамында 1921 жылы алғаш география факультеті ашылды. Географияға қатысты газеттер мен журналдар жарық көріп, кітаптар жазылды, сонымен қатар ғылыми экспедициялар ұйымдастырылды. Алайда ол кезде жартылай отар және жартылай феодалдық құрылымда тұрған Қытайдың ғылыми жұмыстарды дамытуға мүмкіндігі шектеулі болатын.

Қай мемлекетте болмасын егемендікке ие болмай ұлттық сана мен ұлттық экономиканың еңсесі көтерілмейтінін біз жақсы түсінеміз. Мұндай үрдіс Қытайда да болды. Қытай Халық Республикасы құрылғаннан кейін өз ұлттық теңдігін алған мемлекет ретінде келелі мәселелерді реттеуге мүмкіндік алды. Сол маңызды жұмыстың бірі – мемлекет жерінде жатқан байлық көздерін анықтау, игеру және апатты аймақтарды тізгіндеу сияқты экономикалық–географиялық және экспедициялық зерттеу қызметтерін шұғыл қолға алу болды. Осы қызметтердің атқарылуы география ғылымдарының сан-салалы дамуына негіз болды.

Қытай Халық Республикасы құрылған 1949 жылғы қазан айынан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Осы жылдар ішінде Қытайдың шаруашылығы аумалы-төкпелі кезеңдерді басынан өткере отырып, дамудың даңғыл жолына түсті.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында  шаруашылықтың орналасуы мен дамуына және ғылым-білім салаларының өркендеуіне Кеңес Одағының әсері ерекше болды. Кеңес Одағы Қытай үкіметіне заттай және ақшалай көмек көрсетуден тыс шаруашылықтың түрлі  салаларына маман-кадрларын жіберді.

Экономикалық география ғылым саласы да КСРО-дан үлгі алды. Қытай мамандары Н.Н.Баранский еңбектерін пайдаланып, шаруашылықтың орналасуына теориялық негіз қалады. Соның әсерінде “қай жерде байлық көзі болса, сол жерді игеру керек” деген ғылыми ұстанымның жетекшілігінде Қытайдың энергетика, минералды шикізаттарға бай Батыс өңірі қарқынды игеріле бастады. Ал қазба байлықтарға кедей шығыс аймақтар дәстүрлі жеңіл өнеркәсіп түрімен айналысып, сауда мен өңдеуші өнеркәсіпті және егіншілікті негіз еткен шаруашылық формасын сақтады. Осы кезеңдегі (1953–1958 жж.) халық шаруашылығының бірінші 5 жылдық даму жоспары ойдағыдай орындалды. Қордаланып қалған мәселелердің біразы өз шешімін тапты. Алайда, 60-жылдардан бастап Қытай мен Кеңес Одағы арасындағы байланыстардың салқындауына байланысты Кеңес Одағы Қытайда жұмыс істеп жатқан мамандарын еліне қайтарып, көптеген уәделі көмектерін беруден бас тартты. Бұл жағдай Қытайдың экономикасына айтарлықтай кері әсерін тигізді. Оның үстіне ғылыми негізсіз жасалған “Қарқынды даму” секілді шаруашылық реформасы мен “Мәдени революция” сынды саяси науқандардың толассыз қайталануы Қытай экономикасын бұрынғы жеткен жетістіктерінен айырды. Осы кездегі шаруашылық саласына келген тоқырау білім-ғылым, мәдениет пен өнер салаларына да шарпыды. Жоғарғы оқу орындары қысқартылып, студенттер білімге емес, қарапайым еңбекке тәрбиеленді. География ғылымдары да  өзінің мақсат-міндетінен, зерттеу бағытынан жаңылып, ғылыми еңбектер мен зерттеулердің сондай-ақ мамандардың қалыптасуына орай болмады. Бұл жағдай 15 жылдан астам уақытқа созылды.  Сондықтан да біз зерттеп отырған жұмыс жөнінде бұл кезеңнен басшылыққа аларлық ғылыми еңбек кезіктіре алмаймыз. Тек, сол кезеңдерді еске алу, баға беру негізінде жазылған  кітаптарды пайдалануға тура келеді.

Мемлекет ішіндегі қалаймақаншылық тоқтаған 1976 жылдан бастап ғылым-білім саласы қайта қолға алына бастады. Соңғы жылдардағы нарықтық қатынастарға өтуге орай аталмыш сала барған сайын баянды даму жолына түсіп келеді. Қытайдың экономикалық және әлеуметтік географиясы ғылымының ұстанымдары мен мамандарының ғылыми тұрғыдағы көз-қарастарын осы кезеңдегі еңбектерден анық аңғаруға болады.

Біздің ойымызша, егер мемлекеттің ұстанымы ғылыми бағытта болса ғалымдардың белгілі ғылым саласы немесе әлдебір мәселе жөнінде мемлекетпен бірдей көзқараста болуы  құптарлық жағдай. Осы тұрғыдан қарағанда, Қытайдың соңғы нарықтық экономикаға өткеннен кейінгі даму барысынан пайымдасақ, ел үкіметінің атқарып отырған экономикалық саясаты мен басқару құрылымы дұрыс екендігіне көз жеткіземіз. Бұл ғалымдарға құрметпен қарауға шақырады. Десе де біз ғалымдардың кейбір пікірлеріне, ұстанымдары мен көзқарастарына өз пікірімізді білдіруге мүмкіндігіміз бар.

ҚХР-дағы айтулы экономикалық география ғылымының мамандары  Ли Джынчуань, Яң Уанжоң және Лу Циншян жазған  “Қытайдың эконмикалық және әлеуметтік географиясы”  кітабында: “Қытайдың экономикалық және әлеуметтік географиясы – экономикалық және әлеуметтік география ғылымдарының маңызды саласының бірі – аймақтық экономикалық география ғылымы болып табылады. Ол Қытай Халық Республикасының экономикалық- әлеуметтік географиясын зерттейді” делінген [11]. Осы тұрғыдан алғанда Қытай ғалымдары экономикалық-әлеуметтік географияны  шаруашылық салаларының белгілі аумақтағы орналасуын, аймақтық ауқымда үйлесімділігінің қалыптасуын, дамуының алғышартын, ерекшелігін, сондай-ақ географиялық заңдылығын зерттейтін ғылым деп есептейді. Бұл біздің ойымызша, экономикалық-әлеуметтік география ғылымдарына алғашқы және ғылыми түрде берілген дұрыс анықтама. Әрі  аталмыш ғылым саласының жеткен ірі жетістігі болып табылады.

Профессор Ли Джынчуаньның пікірінше, Қытай экономикалық- әлеуметтік географиясы екі үлкен ғылым саласынан құралады. Бірі – аймақтық экономикалық-әлеуметтік география, ал екіншісі – кәдімгі  экономикалық география.

Аймақтық экономикалық-әлеуметтік география – белгілі аумақты (мейлі ол тұтас құрлық болсын, мемлекет немесе аудан болсын) бір бүтін жүйе ретінде қарастырып, сол жүйе ішіндегі шаруашылық пен кәсіпорындар өндірісінің орналасу формасы, даму және өзгеру  заңдылығы, сондай-ақ, өндіріс пен экологиялық орта арасындағы байланыстарды зерттейді.

Аймақтық экономикалық-әлеуметтік география негізінде мемлекеттің экономикалық-әлеуметтік географиясынан және сол елдің құрамындағы экономикалық аудандардың экономикалық-әлеуметтік географиясынан құралады.

Кәдімгі  экономикалық география – шаруашылық салаларының орналасуын, дамуын және өзгеруін, сондай-ақ  оларда қалыптасқан мәселелерді зерттейтін теориялық сипатқа ие экономикалық-географиялық ғылым саласы. Бұған өнеркәсіп географиясы, ауыл шаруашылығы географиясы, көлік қатынасы географиясы және қалалану географиясы, сондай-ақ, туризм географиясы секілді салалар қамтылады. Біз проффессор Ли Джынчуаньның пікіріне қосыла отырып, экономикалық-әлеуметтік география ғылымының құрамын кейінгі кезде дамып отырған     “Қылмыс географиясы”, “Медицина географиясы” сияқты жаңа салалық ғылымдармен толықтыруды жөн санаймыз.

Экономикалық-әлеуметтік география құрамындағы екі ірі ғылым саласы бір-бірімен мәндес, мазмұндас ұғымдар. Десе де, экономикалық-әлеуметтік география ғылымдарының басты және алдымен зерттейтіні белгілі бір географиялық аумақ болғандықтан, аймақтық экономикалық география экономикалық-әлеуметтік география ғылымдарының негізгі саласы болып табылады. Ал кәдімгі  экономикалық география сол аумақтағы түрлі шаруашылық салаларын қамтиды.

Қытай Халық Республикасының экономикалық-әлеуметтік  географиясы жалпы дүниежүзілік тұрғыдан қарағанда бір ғана аймақтың яғни Қытай аумағындағы (құрлық және теңіз айдыны) сондай-ақ оның ішкі аймақтарындағы өндірісті өнеркәсіп орындарын, маманданған салалардың қалыптасу шарттары мен ерекшелітерін, өзіндік заңдылықтарын зерттейді.

Біздің түсінігімізше, Қытай ғалымдарының экономикалық-әлеуметтік география ғылымдарын мемлекеттік және аудандық деп жіктеуі өз елінің нақтылы географиялық жағдайын тереңірек қарастыруды көздейтін мәселе. Егер осылай қарастырылмаса, әрі сол ауданның табиғаты мен түрлі мүмкіндігіне мән берілмесе, Қытайдың бүгінгі дамуын осы биіктен көру де мүмкін болмас еді.

Аумақтың көлемінің кеңдігі, аймақтарының табиғаты мен экономикалық және әлеуметтік жағдайының алуан түрлілігі осы ірі елдің экономикасын біркелкі дамытуды басты күн тәртібіне қойып келді. Осы мәселені шешу мақсатында ғалымдар шаруашылықты дамытуға аса үлкен әсер ететін экономикалық география ғылымдарын екі салаға – мемлекеттік және аймақтық (аудандық) салаға жіктеді. Сондай-ақ, әр ауданның жеке-жеке даму бағытын анық белгілеп берді.

Профессор Ли Джынчуаньның пікірінше, мемлекеттік экономикалық-әлеуметтік география саласы – Қытай елін біртұтас   қарастырып, мемлекет бойынша шаруашылық салаларының орналасуын және оның басты ерекшеліктерін  айқындап, ортақ дамуы үшін қызмет етуді  мақсат етеді.

Ал аймақтық (аудандық) экономикалық және әлеуметтік география ғылымы болса, Қытайдың әрбір экономикалық ауданындағы өндіріс салаларын орналастырудың алғышарттары мен ерекшеліктерін қарастырып, сол негізде шаруашылық нысандарын орналастырудың және дамытудың басты бағыт-бағдары мен заңдылықтарын зерттеуді өзіне міндет етеді. Осы ғылым саласында еңбек етіп келе жатқан ғалым Яу Цзулянның пікірінше, әр ауданды өз жағдайына қарай дамытуда сол аймақтың ерекшелігі мен басты шаруашылық саласына барынша мән беру керектігін ескертіп, аудан ішіндегі шаруашылық салаларын дамытудың жеке жоспарын ұсынады. Әрине, бұл көзқарасқа қосылуға әбден болады. Ғалым Қытайдың батысындағы аудандар мен шығысындағы аудандарды шаруашылық тұрғысынан салыстыра келіп, Батыс экономикалық өңір шаруашылығына “мешеу экономика” деп сипаттама береді. Әрі бұл өңірдің ерекшелігі – шаруашылық саласының ішінде ауыл шаруашылығының басымдылығында, техника мен жабдықтандырудың төмендігінде, нарықтық қатынастарға лайық жағдайдың қалыптаспауында дейді. Біз бұл себептермен де келісеміз, табиғаттың қаталдығы, жер бедерінің қолайсыздығы, өнеркәсіп орындарының бұрыннан жақсы дамымауы бүгінгі  өндірістің дамуына қолбайлау болары анық. Бірақ ғалымның “Батыс экономикалық өңір ішіндегі қытай халқы жиі қоныстанған аймақтың экономикасы, мәдениеті, көлік-қатынасы жақсы, қытай халқына таяу орналасқан халықтардың жағдайы бұл жағынан жаман емес, ал, олардан алыстаған сайын аталмыш жағдайларының төмендей түсетіндігін [12]”байқаймыз.Бірақ бұл жағдайды осы өңірдің экономикасына кері әсер етіп отырған фактор ретінде қарастыруына болмайды. Себебі, әр аумақтың өзіне тән шаруашылығы болады. Батыс экономикалық өңір ежелден шикізат көзі ретінде бағаланып келді. Қытай үкіметінің соңғы жылдары жүргізген экономикалық саясаты алдымен, Шығысты дамытуға бағытталған, егер алдымен Батысты дамытуға бағытталған болса, онда Батыс экономикалық өңірдің экономикасы ғалым айтқандай сипатқа ие болмас та еді.

Қалай болмасын Қытайдың экономикалық және әлеуметтік географиясын мемлекеттік және аудандық, немесе жалпылай және дара сипатта құрылған ғылым саласы ретінде бағалауға болады.

Ли Джынчуань, Яң Уанжоң және Лу Циншян қатарлы мамандар осындай екі түрлі мәндес ұғымнан құралған Қытайдың экономикалық және әлеуметтік географиясы негізінен мынадай бес түрлі мазмұнды зерттейді деген пікірде. Олар [11,3]:

1. Алғышарт – мемлекеттің немесе аймақтың шаруашылық салаларын орналастыруда әсер ететін басты факторы. Оған, сол жердің табиғаты, табиғи ресурстары, халқы және еңбек ресурстары, сондай-ақ, тарихи-әлеуметтік және техникалық негіздері қамтылады. Бұл алғышарттар өндірісті орналастыруда  ғылыми негізі болады.

2. Құрылым – белгілі географиялық аумақ ішінде орналасқан шаруашылық салаларының құрылымын зерттеуге бағытталады. Шаруашылық құрылымы қарапайым немесе күрделі болып келеді. Сондай-ақ, әрбір шаруашылық салалары арасындағы байланыстарды да құрылым арқылы реттеп отыруға мүмкіндік бар.

3. Аумақтылық – әрбір экономикалық аудандардың артықшылығын баса көрсету – Қытай экономикалық және әлеуметтік географиясының ерекшелігі. Сондықтан, аумақтық (аймақтық) ұғым шаруашылық салаларында аймақтық орналасу,  аймақтық ерекшелік және аймақтық тұрғыда талдау мазмұндарын қамтиды.

4. Әлуеті (потенциалы) – шаруашылық салалары орналасатын аумақтың мүмкіндіктерін нақтылы болжау немесе асыра мақтау мен барынша төмендетушіліке жол бермеу. Негізгі мақсаты – өндірісті лайықты өркендету және проблемалардың шешімін табу.

5. Бағыт – сақталып отырған проблемалар мен әлует мүмкіндіктерін бағалау негізінде сол аймақтың экономикасының және шаруашылық салаларының орналасуының ұзақ мерзімдік даму бағдарламасын жасау, сондай-ақ, жүргізілер бағытын айқындау.

Мамандардың көзқарасын қорыта келе, Қытай экономикалық және әлеуметтік  географиясы аймақтық шаруашылық салаларын топтастырудағы басты мақсаты – аймақтағы айырмашылықтарды, өндірісті өрістетудің әлуеті мен бағытын жалпылай саралап, зерттеп мемлекет немесе аудан экономикасын біркелкі дамыту үшін қажетті ғылыми материалдармен қамтамасыз ету, сол арқылы ҚХР-ның әлемдегі дамыған елдер санатынан табылуына қызмет етіу екендігін түсінеміз. Осы түсінік негізінде біз Қытай экономикалық және әлеуметтік география ғылымының бүгінгі даму деңгейінің  ғылымилығы  үш түрлі заңдылық негізіне қалыптасқан деген қортындыға келдік. Олар: аймақтылығы, жалпылылығы және біртұтастығы.

Аймақтылығы – Қытай экономикалық және әлеуметтік географиясының басты қасиеті. Оның үш түрлі себебі бар. Біріншіден, кез келген шаруашылық өндірісінің орналасуы белгілі аумақ ішінде және сол аумақтың географиялық жағдайы негізінде жүзеге асады. Екіншіден, аумақтың айрықша жағдайлары соған сай келетін ерекше шаруашылық түрінің орналасуына мүмкіндік береді. Үшіншіден, аумақтық айырмашылықтар экономикалық аудандардың қалыптасуына және де әрқайсы  шаруашылықтар арасындағы  айырмашылықтардың пайда болуына, соның нәтижесінде сан-салалы шаруашылықтың дамуына негіз қалайды. Ал сан-салалы шаруашылықтың дамуы ел экономикасын көтерудің бір жолы екені мәлім.

Жалпылылығы – Қытайдың экономикалық және әлеуметтік географиясы экономикалық аудандар арасында шаруашылықтың құрылымын, дамуын, ерекшелігін және айырмашылықтарын бақылай отырып, ауданаралық ішкі шаруашылық салаларының өзара байланысын ретке келтіру.

Біртұтастығы – адамның өндірістік іс қимылдарын  қоршаған ортаға лайықтау яғни “адам мен табиғат” байланыстарына қаратылған. Қазіргі кезде мемлекетте қалыптасып отырған халық санының көптігіне, қазба байлықтардың бейберекет игерілуіне, өндіріс орындарының экологиялық заңдылықтарды сақтамауына байланысты қоршаған ортаның ластану мәселелері байқалып отыр. Оған экономикалық-техникалық үрдістердің  дамуына орай,  энергетикалық ресурстарға болған  сұраныстың артуы тектес ғаламдық проблемаларда әсер етуде. Сондықтан  “адам мен табиғат байланыстары” Қытай экономикалық және әлеуметтік географиясының өзекті зерттеу мәселесі болып табылады.

Ғаламдық проблемалардың басты күн тәртібіне қойылған кезеңі дүниежүзлік экономика қарқынды дамыған 1960–1970 жылдарға сәйкес келеді. Осы кездерден бастап дамыған елдер де, дамушы елдер де экономикамен қатар экологияны да ауызға ала бастады. Осы мәселеге байланысты Қытай елі дамыған елдер тарапынан көптеген сынға және шектемелерге ұшырап келеді. Дамыған елдердің бұл сын-ескертпелерінің барлығы да орынды деуге болмайды. Өйткені дамыған елдердің осындай дәрежеге жетуі үшін айналамыздағы географиялық орта мен табиғат ресурстарына, ұлттық құндылықтарға қаншама кері әсер еткендігі ауызға алынбайды.

Профессор Жи Джэнчуаньның пікірінше, экономикалық-әлеуметтік және саяси географияның мақсаты – ел экономикасын жақсарту. Ал зерттеу міндеттері: елін тану, ел көлемінде аталмыш ғылымдарды дамыту, ел еңсесін көтеру. Енді осы міндеттерді талдап көрейік:

Елін тану – өз елінің тұрақты, кең ауқымдағы жағдайын біліп, экономикалық дамыудың ұзақ мерзімдік жоспарын жасау. Профессор Ли Джынчуанның пікірінше Қытайдың экономикалық және әлеуметтік географиясы “елін тануда”  мына үш түрлі мәселені түсінуі тиіс. Олар: мемлекеттің қорын анықтау, артықшылығына көз жеткізу, айырмашылығына мән беру. Мемлекеттің қорын анықтау дегеніміз экономикалық шаруашылықтарымызға тиімсіз әсерін тигізіп отырған себептердің бірі – мемлекеттің жер және табиғи ресурстарының қоры анық емес. Сондықтан ғылыми түрде олардың нақтылы саны мен сапасын анықтап, жоспарлы түрде игеруіміз және өнеркәсіпті лайықты орналастыруымыз керек. Артықшылығына көз жеткізу дегеніміз табиғат жағдайы, табиғи ресурстары мен еңбек ресурстары, техникалық қуат және өндірістің лайықты орналасуы сияқты экономиканы дамытуға мүмкіндік беретін барлық тиімділіктерді зерттеу. Ал, айырмашылығына мән беру дегеніміз  аймақтардың жоғарыда айтылған мүмкіндіктерін саралау негізінде өзінде барды кәдеге жарату, артықшылығы мол кездесетін аймақтарды алдымен дамыту, сол аймақтар арқылы өзге аймақтарды өркендету [11, 75].

Ел көлемінде аталмыш ғылымдарды дамыту барысында Қытайда экономикалық және әлеуметтік география ғылымдары кенже дамығандақтан, экономиканы орналастыру, дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу  шектеулі болды. Сондықтан мемлекттің барлық аудандарының аймақтық жағдайын түсіндіріп беретін осындай ғылым салаларын дамытуды мақсат еткен ғылыми бағыт.

Ел еңсесін көтеру. Біздің пайымдауымызша, әрбір халықтың еңсесі екі түрлі негізбен көтеріледі. Бірі – заттық, екіншісі – рухани негіз. Мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік жағдайын білгенде, соған лайықты шаруашылықпен шұғылданып, өзгелердің озық үлгілерімен салыстырып, экономиканы дамытқанда және жетістіктері мен кемшіліктерін бағалай білгенде ел еңсесі көтеріледі.

Қытай экономикалық және әлеуметтік географиясының теориялық негізі – адам мен табиғаттың қатынасы және аймақтық еңбек бөлінісі болып табылады.

Адам мен табиғат қатынасы теориясы – адам баласы табиғат аясында тіршілік еткендіктен олардың тұрмысы да, өндірісі де табиғаттан ешқашан қол үзіп кете алмайды. Адам баласының жақсы, жаман әрекеттерінің барлығы да табиғатқа әсер етеді. Сондықтан да адамның экономикалық және әлеуметтік географиясын зерттейтін аталмыш ғылым саласы да табиғатпен етене жақын тұрғыда зерттеледі және байланыста болады.

Біздің ойымызша, Қытай халқының саны көп болғандықтан, олардың айналадағы ортаға жасайтын әсері де елеулі. Әсердің пайдалысы да, пайдасызы да болады. Пайдасыз әсердің қалыптасуы адамдардың табиғи орта мен табиғат байлығына сондай-ақ адамдық құндылықтарға қарата қалыптасқан танымы мен талғамына байланысты. Егер таным мен талғам дұрыс болмаса, онда табиғатқа залалды әсер қалыптасады. Ал ол өз кезегінде адамзаттық өндіріс пен өркениетке соққы болары хақ. Қытайдың да тарихи даму барысында  табиғат заңдылығын белден басқан сәттерінің салдарынан бүгінгі Қытайда экологиялық проблемалар асқынып тұр. Бұл жағдай өзін де, өзгені де алаңдатып отыр. Онсыз да халқы аса көп, пайдалануға жарайтын жері салыстырмалы түрде аз мемлекет үшін адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынасты реттеу үлкен маңыз алады. Ол үшін Қытай халқының табиғатты қорғау, байлықты тиімді пайдалану, халық санын тежеу және экономиканы жақсарту қатарлы танымы мен талғамын жоғарлату тиіс немесе адам мен табиғат арасындағы байланысты ретке келтіру керек. Бұл идеяны Қытайдың экономикалық және әлеуметтік географиясы зерттеу теориясының өзегі етіп қабылдауы тиіс-ақ.

Аймақтық еңбек бөлінісі – географиялық ортаның айырмашылығына байланысты әр аймақтың өзіне тән шаруашылығы қалыптасады. Мұндай шаруашылық түрінің қалыптасуы мен дамуына қоғамдық факторлар да өз әсерін тигізеді. Жалпы еңбектің аймақтық сипат алуы шаруашылықтың мамандануына, жергілікті шаруашылықтардың пайда болуына және  өндіріс салаларының орналасуы мен халықаралық экономикалық байланыстардың сипатына, сондай-ақ, көлеміне айтарлықтай ықпал етеді. Аймақтық еңбек бөлінісі адамзат қоғамының дамуының заңды жемісі. Сондықтан да оны зерттеу экономикалық ғылымдар үшін аса маңызды. Қытай мемлекетінде күрделі географиялық сипаттардың сақталуы экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуде көптеген қиындықтар тудыруы мүмкін. Бұл қиындықтардан арылу және  жалғасты даму үшін өз аумағындағы аймақтардың жағдайын толық меңгеруі, артықшылығы мен олқылықтарын салыстыруы және өзінде барды кәдеге жарата білуі қажет.  Сонда ғана аймақтық еңбек бөлінісін ғылыми тұргыда сипаттап, оны экономиканың дамуы бағытында пайдалануға болады. Аймақтық еңбек бөлінісінің ел экономикасы мен әлеуметтік жағдайының жақсаруы үшін осыншама зор маңыз алатындықтан, Қытайдың экономикалық және әлеуметтік географиясы оны зерттеудің жетекші теориялық негізі ретінде бағаланып отыр.

Қытайдың экономикалық және әлеуметтік географиясының зерттеу әдістері: жоғарыда аталып өткен зерттеулердің теориялық негіздерін  дер кезінде қажетті материалдар ретінде жинау және сақтау; нақтылы барлау, тексеру; картаға түсіру; техникалық экономикалық дәлелдеу;  экологиялық экономикалық дәлелдеу;  техникалық және сандық шамалар арқылы талқылау әдістері.

Қоғамның тез дамуы экономикалық және әлеуметтік салалардағы информацияларды өз кезінде білуді, білімді үздіксіз жаңалап отыруды қажет етеді. Ал ол үшін қатысты мағлұматтар кездескенде жазып алу, сақтап қою тиіс. Бұдан сырт зерттеу әдістерін үнемі жаңалап, жетілдіріп отыру талап етіледі.

Қазіргі кезеңде экономикалық және әлеуметтік география    ғылымы өзінің ұстанған бағыт-бағдарымен ел экономикасының оңға басуына айтарлықтай септігін тигізіп отыр. Әр аймақтың жағдайына лайық шаруашылық түрлерімен айналысуға бағыт берді. Бұл жоспарлы шаруашылықтан  нарықтық шаруашылыққа біртіндеп өтудің бастамасы болды.

 
14 января 2014, 13:34
14523

Загрузка...
Loading...

Комментарии

Оставьте свой комментарий

Спасибо за открытие блога в Yvision.kz! Чтобы убедиться в отсутствии спама, все комментарии новых пользователей проходят премодерацию. Соблюдение правил нашей блог-платформы ускорит ваш переход в категорию надежных пользователей, не нуждающихся в премодерации. Обязательно прочтите наши правила по указанной ссылке: Правила

Также можно нажать Ctrl+Enter

Популярные посты

Они сделали это! Kaspi Bank презентовал свое мобильное приложение

Они сделали это! Kaspi Bank презентовал свое мобильное приложение

Изучив ошибки предшественников и собрав воедино новейшие идеи онлайн-банкинга, Kaspi Bank наконец выпустил... свое мобильное приложение!
niyazov
20 июня 2017 / 15:05
  • 7882
  • 4
Отмечаю юбилей! 5 лет назад покорил Монблан – главное украшение в Короне Европы

Отмечаю юбилей! 5 лет назад покорил Монблан – главное украшение в Короне Европы

Сегодня настоящий юбилей! У меня и Юрия Суханова из Смоленска! Ровно 5 лет назад 16 июня мы стояли на вершине Монблана (4809м), вершине с которой начинался альпинизм!
Almazoff
16 июня 2017 / 13:39
  • 6853
  • 25
Кайрат Келимбетов об азербайджанской инвестиции: «Вернется и «тело», и проценты»!

Кайрат Келимбетов об азербайджанской инвестиции: «Вернется и «тело», и проценты»!

Мы записали уникальное интервью с Кайратом Келимбетовым. Предлагаю вам посмотреть первую часть, где мы постарались по возможности поставить все точки на «I» именно по Азербайджанскому вопросу.
Zhumanova
19 июня 2017 / 12:00
  • 5725
  • 7
Почему мы должны быть благодарны журналисту Джеймсу Палмеру за критику ЭКСПО

Почему мы должны быть благодарны журналисту Джеймсу Палмеру за критику ЭКСПО

Как одним критичным постом зарубежному журналисту Джеймсу Палмеру удалось вскрыть сразу несколько гнойников казахстанского общества.
anotherblogger
21 июня 2017 / 0:39
  • 5217
  • 53
«За красный диплом доплата будет?» Записки карьериста о потерянном поколении

«За красный диплом доплата будет?» Записки карьериста о потерянном поколении

«Вы пригласили, вот я и пришел» - именно с таким выражением лица сидят на собеседовании молодые люди. Создается впечатление, что человек без опыта работы дает шанс заполучить такого «ценного» кадра как он.
ArenMir
16 июня 2017 / 15:58
  • 4072
  • 44
Долговое рабство: почему казахстанцы берут кредиты под 1330%

Долговое рабство: почему казахстанцы берут кредиты под 1330%

Эти кабальные займы никакой пользы для экономики не несут, при этом ухудшают финансовые возможности населения, пополняют ряды новых неплательщиков, тем самым создавая социальную напряженность в...
Armanjan
18 июня 2017 / 15:43
  • 3724
  • 28
Инфантильный миф о «молодом народе Казахстана» опасен. В 21-м веке ни у кого нет форы

Инфантильный миф о «молодом народе Казахстана» опасен. В 21-м веке ни у кого нет форы

Терпеть не могу миф о том, что мы "молодой народ, окруженный старыми нациями" и у нас еще есть время на развитие. Это чушь! Мы что - на миллион лет позже эволюционировали из обезьян?
Aks_Ras
18 июня 2017 / 10:16
  • 2967
  • 18
В Казахстане заблокировали сайт, раскритиковавший EXPO в «захолустной» Астане

В Казахстане заблокировали сайт, раскритиковавший EXPO в «захолустной» Астане

Все помнят Медузу и ЖЖ. Теперь в этот "особенный" список попал сайт Foreign policy. Предполагается, что причиной блокировки стала нелицеприятная заметка Джеймса Палмера об EXPO в Астане.
Seattle
19 июня 2017 / 15:40
5 фильмов, за которые Голливуду должно быть стыдно

5 фильмов, за которые Голливуду должно быть стыдно

Однажды Джоэл Шумахер попросил прощение за свою несуразную работу в том самом фильме про Бэтмена. Его примеру должны последовать многие режиссёры, которые умудрились испортить свои картины.
Seattle
16 июня 2017 / 15:53
  • 2367
  • 18