«Еуразия Барысында» ел намысын қорғайтын балуандар анықталды

Kazsport agent 2013 M12 3
168
0
0
0

Жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасын тауып келе жатқан «Қазақстан Барысы» турнирінің ауқымы кеңейіп, халықаралық дәреже деңгейіне көтерілмек. 2011 жылдан бастау алған аламанның республикалық турнирін...

Еуразия Барысы

Жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасын тауып келе жатқан «Қазақстан Барысы» турнирінің ауқымы кеңейіп, халықаралық дәреже деңгейіне көтерілмек. 2011 жылдан бастау алған аламанның республикалық турнирін бүгінде қызыға қарайтындар көп-ақ. Ендігіде бұл бәсеке «Еуразия Барысы» болып ұйымдастырылып, 7 желтоқсанда «Тараз Арена» спорт кешенінде өз жалауын көтермек.

«Еуразия Барысы-2013» додасына 8 мемлекеттің кіл мықтылары қатысады. Олар: Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Қытай, Польша, Түркия, Иран және Моңғолия. Жүлде қоры 100 мың АҚШ долларын құрайтын білекті балуандар айқасы 5 салмақ дәрежесінде командалық жүйеде өтеді. Ал боз кілемдегі белдесулерді әлемнің 120 мемлекеті тікелей эфирден тамашаламақ. Турнирдің бас демеушісі — «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры.

«Eurasia Barysy» додасында ел намысын қорғайтын Қазақстан ұлттық құрамасының балуандары да белгілі болды.

60 келі салмақ дәрежесінде боз кілемде ел намысын алматылық Абзал Арыстанбеков қорғайды. Ол жақында ғана аяқталған ҚР еңбек сіңірген бапкер, КСРО-ға еңбек сіңірген бапкер Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесі үшін өткен ІІ халықаралық турнирде топ жарған болатын. Қосалқы құрамда Талдықорған өңірінің балуаны Амангелді Сатыбалдинов шығады.

70 келі салмақта 2008 жылғы әлем чемпионы, 2010 жылы Азия біріншілігінде топ жарып, 2011 жылы әлем Кубогіне иелік еткен Ерлан Естек бақ сынайды. Сондай-ақ, әлем Кубогінің иегері Қуаныш Мұратов та (ШҚО) осы салмақта өнер көрсетеді.

80 келі салмақ дәрежесінде Қарағанды балуаны Ерсін Мұхамеджановтың жолына үмітпен қараймыз. 2011 жылғы «Қазақстан Барысының» қатысушысы Ерсін жанкүйерге «Сарыарқаның Сұңқары» деген атпен таныс. Сонымен қатар бұл салмақта Саят Шәмшиевке де жанкүйерлік танытамыз. Ол самбо мен дзюдодан ел чемпионы.

90 келіде Мұхит Тұрсынов белдеседі. Ол — қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем Кубогінің иегері. Ал бұл салмақта бақ сынайтын екінші балуан — Бекзат Ахметбеков. Бекзат — қазақ күресінен спорт шебері, әлем Кубогінің қола жүлдегері ел чемпионаты мен Азия біріншілігінде және халықаралық жарыстарда жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрген талантты спортшылардың бірі.

Ал аса ауыр салмақта «Қазақстан Барысының» 2012-2013 жылғы ең мықты балуандары Бейбіт Ыстыбаев пен Айбек Нұғымаров ел абыройын асқақтатуға тырысатын болады, деп хабарлады alasharena.kz.

 

Оцените пост

0
Дальше