Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
-1
21:46, 28 ноября 2013

ТӨЛЕГЕТАЙ БАБА

Аңыз бен аңғарым

Оқырманға

Қолдарыңызға тиіп отырған кітапша 2003 жылы Астана қаласында басылған еді. Бір мың данамен шыққан еңбегіміз тез таралып кетті. Ең соңғы үш данасын «Раритет» Кітап Үйінен өзім сатып алдым.

Одан бері ұрпақтарының күшімен шежіре дерегіндегі Сүгіршіұлы Төлегетай баба мен қайын атасы Қылышты қожаға зәулім кесене салынды. Жыл сайын бабалар аруағына арналып ас беру әдетке енді. Ұрпағының бұл құрметі Атамызды бір аунатқан шығар.

Осы кітапшадан соң бірнеше мақала жарық көрді. Негізі бір ізді,  бірақ тек аңыз айтқан жерлерімізге ілеседі.  Біршамасы қателесіп, Төлегетай бабаның ар жағын Найман деген адамнан, нақтылы пендеден таратады. Мысалы, Талдықорғандық бір  шежіреші найманның ұзын  бойын,  тұлғалы денесін сөз етіпті. Мұндай дерек тек қана Қ. Халидидің «Тауарих хамса» (Бес елдің тарихы) атты кітабінде кездесетін. Алайда мақалашы оған сілтеме жасамапты.  Бұл тарихи тұрғыдан мүлдем қате. Себебі,  найман тарихы Төлегетайдың ХІҮ- ХҮ ғасырда өмір сүрген  арғы атасы Өкіреш Шалмен шектелмейді (мақалашының айтып отырғаны осы тұлға секілді).  Найманның  жеке- дара хандық құруының өзі одан ең кемі  700 жыл ілгері- « ҮІІ ғасырда құрамына найман, татар, қатаған, дүрбен, меркіт, салжуйт, тайжуйт, ыбырат тайпалары енген найман конфедерациясында ». (Ермек Сәлімбай. Ата- баба тарихынан. Алматы 2007 жыл. 34 бет) Одан ары ұмсынсақ,  «юебань» деп қағазға түсірген қытай деректеріне жүгінсек, біздің дәуірімізге дейінгі 20- ыншы жылдарда. (Тұрсын Жұртбай. Дулыға. 1 кітап, 398 бет) Жаңағы мақаладағы Найман Шалмен екі орта 1000 жылдан асады. Өкініштісі- дерексіз  жазылған мұндай мағынасыз дүниелер жұртты адастырады. Найманды кенжелетіп, кейін туғызу- қазақ тарихын кежелету екенін ұғу қажет.

Сондықтан да он жыл бұрынғы еңбегімізге қайта оралған жөн деп таптық. Алдыңғы кітапшамыздағы кейбір эмоцияға ұрынып қалған тұстарын жеңілдетіп, кемшін жерлерін соңғы деректермен толықтыруға ұмтылдық. Алып- қосарларыңыз болса мың рахмет. Тек дерек көзін, қосарыңызды қайдан, кімнен алғаныңызды көрсеткен абзал. Әйтпесе оның еш құны жоқ.

 

І

Тәуба, Ата Бастауға бет бұрдық. Шаң басқан, тұмшаланып, орыс пен Еуропа тарихының тасасында қалған Тарихымызды ала- құладан арылтып жатырмыз.

Ықылымға көз тіксек қасат қарлы терістігімізден- Хан Тәңірлі түстігімізге, Қара Ертістен- Еділ мен Жайыққа дейінгі маң даланы мекендеген бар қазақ баласының емгені бір ғана Ана екен. Ол- Алаш даласының төсі.

Рас, тағдыр тәлкегімен даламызда тұрып қалған жұрт та аз емес. Жыланға  ақ құйып шығаратын халқымыз «елдесеміз» десе оларды кеудеден қаққан жоқ. Солардың  бейтұрым кезеңдерде тентіреп, телімделіп келіп, кең қолтық қазақтың арқасында өсіп- өніп кеткенін ұмыттырмай, ауық- ауық естеріне салып қою қажет.

Бұрындар мән бермеген екенбіз. Қазақтың қамын қазақтан өзге ешкім, ешқашан ойламапты. Есте жүр, талай келімсек билік қазаққа тиген Егемендіктің алғашқы жылдары бізді тастай қашты ғой. Ол аздай бүгіндері қазақты іштен бөліп, өздерін «ақсүйек» атайтын бірен- саран топ байқалады. Соларға таңым бар. Қазақ «сүйек» деп не өлікті, не итке тасталатын мүжіндіні айтады. Аталарымыз ар жағында Елтұтқалары болса керісінше «қаракөктің» ұрпағымыз деп мақтанған. Жалпы, «қара» сөзіне тоқтала кетсек артықтық етпес. Қазақ ұғымы мынадай: қара шаңырақ- осы әулеттегі ең қадірлі, барлығы сәлем сала кіретін үй; Қара Ертіс- Ертістің негізі; қарақұрым- өте көп; Кешудің Қараөткелі- ат- арба өте алатын үлкен өткел; қараша үй- ханға, игі жақсыларға арнайы тігілетін үй. Сонда «қара халық» деген осы елдің көпшілігі, үлкені, осы елдің иесі, осы елдің түп- тамыры деген мағынада. Демек «Қара халқымыз»- мемлекет ұйыстырушы, титулды ұлт болып шығады. Ал әлгілер қазаққа келіп сіңгенін, түбі шикілігін өздері дабыратып айтып жүр. Кірмелік мақтан ба?

Жуырда көп- көрім жігіттің аузынан «қожамыз- пайғамбардың ұрпағымыз» деген сөз шықты. Шайнап- ақ тастайтын сәт еді, араласып жүрген соң жеңіл айттық. Құран Кәрімнің әр сөзі ақиқат, 33- інші Ахзап сүресінің 40- ыншы аятында «Мұхаммет сендерден ешбір еркектің әкесі емес» деген Алла сөзі бар. Демек, пайғамбардан ұрпақ тарататын еркек қалмаған. Азиялықтар, оның ішінде арабтар жиенді ұрпаққа қоспайды. Әулетін ұрғашыдан, анадан тарататын еврейлер ғана. Ендеше, «пайғамбардың ұрпағымыз» дегендер ар жағынан хабары жоқ, немесе арғы аталарын жасыру үшін кеуделейтін болғаны. Сонда, жаңағы  ініме анадай сөзді үйреткен кім? Әрине, дүмше қожаның бірі. Ол қожа өзі ғана өтірікші болмай ат- тонды азаматты сүйрей кетті.

Шүкір, қазақта тегін білмейтін жан сирек. Ең құрыса жеті ата жатталады. Арабтар пайғамбарымызға дейін өздерінің қандай болғанын жасырмайды. Атақты ислам танушы, ислам дүниесіндегі ең жоғарғы марапат- Фатх сыйлығының иегері Амет Дидаттың былай дегені бар: «Бұл ел (саудидегі арабтар) пайғамбарымызды Алла жібергенше бір ортаға бағынбаған, дай- дұй, ішкендері шарап, жасағандары ылық, мейірімнен жұрдай, бірін- бірі тыңдамаған, өз қыздарын өздері тірідей жерге көмген, қанқұмар, адам бейнесіндегі аюандар еді... Бұларға не фараондар, не парсылар, тіпті, Ескендір де шабуыл жасаған емес. Себебі, олардан алатын, үйренетін ештеңе жоқ еді. Керісінше, ол елге жуып кетсе жамандық қана жұғатын. Сондықтан олармен ешкім араласпады, бұлар мешеу қалды. Тек Пайғамбарымыз ғана осындай елді  аз уақытта  түзу жолға түсірді. Бұл Алланың құдіреті...»

Пайғамбарымыз бүгінгі жыл санаумен 571 жылы туады. Дәл осы кезде біз қандай едік? Бұл жөнінде Геродоттың жазғаны: «Скифтердің алғашқы патшасы Тарғытайдан Дарий олардың жеріне енгенше тұп- тура мың жыл өткен...Вавилонды жаулап алған соң Дарий скифтерге қарсы жорыққа аттанады».(Геродот. «Мельпомена. Алматы 2003 жыл. 4 бет.) Бұл қай заман? Вавилонның жаулануы біздің эрамызға дейінгі 514 жыл. Демек осыдан 2500 жыл бұрын әлем таныған, дүрілдеген мемлекетпіз. Ал Мемлекеттік құрылымдар түзілуі, байлығына қызыққан Дарий шабуылдағанда мың- сан халық болуы үшін тағы да ең кемі 4- 5 ғасыр керек. Сонда, бүгінгі қазақтың тура жасы ең азы 3000 жыл. Ахмет Дидат айтып отырған араб елі мемлекеттілігі, бір орталыққа бағынған әлеуметтік, қоғамдық құрылымдары жағынан бізбен салыстыруға да келмейді. Оның үстіне бір де бір қожа өзінің түп атасы араб екенін дәлелдей алмайды. Саудидегі елшілікте қызмет ететін жігіттер былай дегені бар:

-Қазір ел көзінде жүрген бір азамат Саудиде өзінің  ар жағы араб екенін дәлелдемек болып, әлдеқандай шежіре көрсетті. Араб ғалымдары оның қызметін сыйлап қана, «Кешіріңіз, бізден- Саудидегі арабтардан тараған «қожа» дегендер жоқ»-, деп шығарып салды. Ал келесі кездесуімізде әңгімені әрі жалғады-  Біз «ғожа- ғожам» деп арабтардан өзгелерді айтамыз. Бұл сөз Құран Кәрімде төрт рет кездеседі. Ана кісі сол өзгелерден болар» деді. Ал қожалардың негізі парсылар. Дәлел керек пе? Мысалы, бүкіл түркі әулеті парсылар секілді Имам Ағзам Ханафидің мәзһабында. Ал араб дүниесінің мәзһабы бөлек. Арабтар дін таратқан болса неге біз Ханафилерміз? Екінші, Арабтар ғұламаларын- шейх атайды. Парсылар- бап, пір  дейді, біз осы сөздерді қолданамыз.  Баб- тікелей аударса «есік, қақпа» деген мағына береді. Сонда «баптарымыз» дін есігін, қақпасын ашушылар, бізді исламға кіргізушілер болып шығады. Ал пірдің тікелей парсыдан аудармасы- еге, қамқор. Егер, дін бізге арабтар арқылы келсе онда Ханафи мәзһабы қабылданбауы тиісті, әрі шейх деген сөз тілдік қорымызға әбден сіңісіп кетуі керек- тін. Бірақ шындығы бұлай емес. Тіпті, «құдай» сөзі де парсылардан енген. «Тәңір» дегендері.  Әрине, қожалардың ішінде бірен- саран ілесе келген арабтар болуы әбден мүмкін. Десе де олар үлесті емес. Қазір, әсіресе, салфиттік топтар, келсін келмесін өздерінің тегін арабтарға апарып тіреуге құштар. Олардың барлық мұсылман мемлекеттеріннің басын құрап, араб халифатын құрғысы келетіні осы себептен.

Мынадай ақпар бере кеткен де артықтық етпес: «Сәләф» сөзі қасиетті Құранның бірнеше жерінде кездеседі: «алдыңғы өткендер», «бұрынғылар» деген мағына береді. Қазіргі сәләфилер өздерін сол бұрынғылардың жолындамыз дегенімен, шын мәнінде атына амалдары мен іс- әрекеттері сәйкес келмейді. Бұл ағымның негізін қалаған Мұхаммет ибн әл- Уақаб. ХІХ ғасырдың басында өте күшейген уахабилік қозғалыс бірінші жауыздығын жасап, сахаба Зайд ибн әл- Хаттабтың Жұбайдағы сағанасын құлатып, топырағын шашып тастады. Мекке, Медина қаласындағы барлық қабірстанды, тіпті, Айша (р.а) мен Фатима (р.а) аналарымыздың, көптеген саңлақ сахабаларымыздың да кесенелерін талқандады. 1810 жылы Мұхаммет (с. ғ. с.) пайғамбарымыздың мешітін талан- таражға салып, дүние- мүлкін кім көрінгенге сатып жіберді. Ханафи мәзһабын «кәпірлердің мәзһабы» деп жариялады». («Иман» діни- танымдылық журналы. 2011 жыл, №3, (80) Мына сұмдық неден хабар береді? Егер, исламды қазаққа араб миссионерлері  таратса, арабтар ханафи мәзһабындағы біздерді «кәпірлер мәзһабы» дер ме еді? Әрине, жоқ! Өздері таратқандарын өздері қалай «кәпірлер мәзһабы» десін. Осыдан- ақ арабтардың ханафилерді- Осман империясымен бірдей мәзһаб ұстанған түркілерді ту бастан жау санағаны көрінеді. Бірақ олар солай деген екен деп қазақ көші ошарылмайды.

Қазіргі уақапшылар өлген адамға кесене салғанға басы бүтін қарсы. Бұл не айтады? Олар Айша (р. а ) мен Фатима (р. а. ) аналарымыздың, сахабалардың сағанасын бұзғаны анық. Ендеше, уақапшылар бел алмай тұрғанға дейін:

1. Мұхаммет Мұстафа (с.ғ. с. ) пайғамбарымыздың тұсында мұсылмандар өлген адамның басына кесене, сағана салған. Пайғамбардың келіншегіне, қызына, сахабаларға кесене салынуы бұған нақты айғақ. Демек, мола тұрғызу мұсылмандарда пайғамбарымыздың құдай қосқан қосағы мен қызы өлген жылдардан арыда қалыптасқан дәстүр. Дін алашұбарланбай, уақапшыланбай тұрғанда мұсылмандар, қазақтар биік қоршалған молалар салып отырған.

2. Бұған қарсылар-  уақабтар. Қазіргі кезде уақапшылар мола тұрсын, марқұмды еске алып, құдайы ас берген исламға жат дейді. Алайда, бұл да өтірік.

Пайғамбарымыздың алдында жарты әлемді жаулап алған Еділ патшаны туғызған ел едік. Тәңірім онан соң да қазақтың маңдайына Күлтегін мен Білгені, Төныкөктей абызды берді.

Әр дәуірде, әдетте, сол дәуірдің саяси, қоғамдық, экономикалық құрылымдарын жетілдіріп, мемлекетті асқақтататын, өзгелерден оқ бойы озық тұратын Тұлғалар туады. Замандастарынан өзгешелігі, артықшылығы- ертеңін болжай білетінінде. Ол өз тұсындағы ғаламдық эволюцияның алдына түсіп, дамудың, тарихи оқиғалардың ортасында жүреді. Сөйтіп, ол Тұлғаны тек қана өз Уақытымен бірге зерттейсің. Тұлға мен Уақытты ажыратсаң, ісіңнен мән шықпайды. Тұтас зерделесең көп құпия ашылады.

Өкінішке орай Ұлы Бабалар жайлы аңыз, шежірелер осы бір аса маңызды факторлар тоғысын ескере бермейді. Кім бұрын сөйлесе сонікі жөн болып кете береді. Кейде аңыз әлдекімнің ішкі есебіне де құрылады.

Осы айтылған жағдайлар- аңыздың кемшіндігі, шежіренің жетімсіздігі Сүгіршіұлы (Сүйініш) Төлегетай Бабаға да ортақ. Жарықтықты кіндік төлдері осылай есімдейді. Сыр бойы «Төлек атай» десе, үйсін мен дулат арасында «Төлеқытай» деп көзделеді. Баба туралы әңгімені атамыздың осы үш түрлі есімдерінен бастағанымыз жөн секілді. Қазақ арасында өз аты ұмытылып, лақабы сақталып қалу дәстүге енген, таңданарлық жайт емес. Мысалы: Абылай ханның шын аты- Әбілмансұр, Қаракерей Қабанбай батырдың шын аты- Ерасыл. Ендеше, Төлегетай, Төлек атай, Төлеқытай баба туралы бала жастан құлаққа сіңген, жадыда жатталған, ел арасындағы, ұрпақтары сақтап келген қара халықтың сөзіне ден қояйық.

 

ІІ

Ауылда небір шежіре қарттар өтті.Солардан сіңген мағұлұматтарды бір ізге түсірсек мынадай тәлім қалыпты:

-Өкіреш Шалдан Белгібай туады. «Атадан қалған белгі» деп анамыз Ақсұлу қойған екен. Белгібайдан өрген төлді «Сүйініп жүрейік» деп Сүйініш атапты. Кейінірек, Сыр бойына қотарылып, кемел байып, елін шылқа тойындырған соң атаны жұрт Сүгірші деп кетіпті. Белгібайдың жалқы ұлын бірде Сүйініш, келесіде Сүгірші дейтіні содан. Сүгіршіден Төле туады. Төледен Қытай жалғыз. «Көбейсін, қытайдай мол болсын» деп есімін атасы Белгібай қойыпты. Кейде Қытайды- Кітай дейтіні де бар. Дұрысы- Қытай. Қытайдан төртеу- Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл. Бұларды «Төлегетайдың төрт ұлы» дейді. Төлегетай атамыз өз тұсында Сыр бойында қазы, һакім болып, Елназары аталыпты. Елназар- елдің басы, көсемі дегені екен. Қытай жиырма алты жасында аңда жүргенде өз бүркіті өзіне түсіп, мерт болады. Содан төрт ұл мен үш келін Төле атаның қолында қалды.

Жалпы Төлегетай Баба туралы барлық шежірелерден ақпар алынады. Дені бірін- бірі қайталайды. Тек Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы Қытайдан Төлегетайды туғызып, әке мен баланы шатыстырып алады. Басқа шежірелерде бөтендей ала-құлалық жоқ. Түгендеп, ата таратсақ шежіре мынадай : Өкіреш Шалдан- Белгібай, одан- Сүйініш (Сүгірші), одан- Төлегетай (Төлек ата, Төлеқытай). Қытайдан бүгінгі он ата найманның төртеуі- Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл.

Төлегетайды Өкіреш Шалдан әрі тарататын шежіреші немесе шежіре кездестіре қойған жоқпын. Шежіреге сәйкес Өкіреш Шал менің жиырма бірінші атам. Жиырма үшінші деген  адамды кездестірдім. Сонда Өкіреш Шал  демографиялық өсімен есптесек, менен мөлшері 500- 525 жыл бұрын дүниеге келген. Бірақ бұл кісіге жалпыға ортақ 25 жас берілмейді, Белгібайдың Өкіреш Шал  93- 94 жасқа келгенде туғанын ұмытпау керек. Мен 1949 жылғымын, осыдан 525- ті алсақ мөлшері  ХҮ ғасырдың басы 1425- 1435 жылдар шығады. Бұдан ата жасы  93-ті алсақ 1325- 1335 жылдар шығады. Сонда Ұлы Бабамыз Өкіреш Шал ыңғайы 1410- 1420 жылдары өмірден өтеді. Осындай есептен соң менің шежіремде Өкіреш Шал ХҮ ғасырдың алғашқы ширегін ала о дүниелік болды деген жөн сияқты. Сіз де өз шежіреңіз бойынша Баба жасын шығарып көріңіз, салыстырыңыз.

Ұзақ жасаған атамыз тоқсан үш жасында өскен ұлдары түгел мерт болып,  кіші келіні, үйсін қызы Ақсұлудың қолына қарап қалыпты. Ақсұлу атасын алақанға салып әлпештеп күтіпті. Осыдан кейде бұл анамызды Әлпеш деп те атайды. Анамыз бірде атасының бір балалық белі бар екенін аңғарып қалады. Төркініне сәлем айтып, сіңілісі Тоқсұлуды Өкіреш Шалға қосыпты.

Оның алдында тарақты- арғындар келген екен. Ақсұлу жесірге құда түспек. Алайда анамыз:

-Атамның көзі тұрғанда отын өшірмеймін-,  деп қайтарыпты.

Арғындар ойлайды. «Шал енді қанша жасайды, тосайық». Осы екі ортада Ата көз жұмады. Үш айдан кейін Тоқсұлу ұл туады. Белгібайымыз осы бала. Ол емшектен шығысымен Ақсұлу Белгібайды өз бағымына алып, жап- жас Тоқсұлудың обалына қалмай, орны жақсы жерге мол жасау, мал- мүлкімен ұзатады. Осыдан Ақсұлуды найман іші- «Найманның әулие келіні» атайды. Әпкесіне ене болған Тоқсұлуды- «Қыз еней»  дейді қастерлеп.

Ақсұлу Өкіреш Шалға келесі жылы ұлан- асыр ас береді. Осы жерде арғын- тарақтылар өткен әңгімеге оралып, анамыздың өздеріне қашан күйеуге шығатынын сұрайды. Сонда ақылы астам анамыз мынадай уәж айтыпты:

-Енді болмайды. Менің нақты әмеңгерім, Атамның қара шаңырақ иесі Белгібай туды.

Сөзге тоқтаған заман ғой, арғындар Ақсұлу анамыздың ақылды сөзіне риза болып аттаныпты. Найманның әулие келіні Өкіреш Шалдың шаңырағын жықпау үшін Белгібайды ауызға алғаны бәріне де түсінікті еді. Уақыт тоқтай ма? Белгібай он алтыға толғанда Ақсұлумен некелеседі. Анамыз мұнан кейін Белгібайға кішілікке екі келіншек әперіпті. Олардан қанша қыз бар екені беймәлім, ұлы- Сүйініш. Сүйініш Сыр бойындағы найманның ортасын толтырып, ұлды болғанда Ақсұлу- найманның Әулие келіні дүние жалғаннан өтеді. Бір қуаныш, бір қайғы қатар келген соң ел ырымдап, «Ақсұлу анамыздың орнын толтырар , қайғысын төлер осы ұл болар» деп атын Төле қойыпты.

Қандай ғажап Ақсұлу Анамыздың ісі, өнегесі! Тоқсан үштегі ата келіншек аламын деп ойлады ма? Жоқ, әрине. Құдай қолдаған Ақсұлу анамыздың өзі түскен шаңыраққа адалдығы, Өкіреш Шалдай әулиенің тамырын үзбеу, ұрпағын жалғастыруға деген қам- қарекеті.

Сізге ұсынып отырған еңбегіміз «Өкіреш Шал» деген есімді талдамай кетсек толық болмайтын сияқты. Сөз арасында бұған да аз- кем тоқтала кетейік. «Найман хандығының мемлекеттік құрылымы» атты еңбегінде тарих ғылымдарының докторы Бақыт Еженхан былай жазады: «Найманның әкімшілік атауы «шал»... «Жамиғат тауарихтың «Шыңғыс хан» шежіресінде Найман Күшіліктің аға- қарындастары мен руы туралы әңгімеде осы сөз бар: «Әлин- Шал», «Тару- Шал», «Баян- Шал» және «Түңге- Шал» төртеуі ағайынды. «Шал»- ханзада деген мағына береді.» (Қазақ Ордасы. Алматы. 2003 жыл, №3. 13 бет)

Өкіреш Шал моласына Самарқанның түбіндегі Өзбек наймандары 1988 жылы белгі қойыпты. Темірден жасалған осы белгіні өзбек Өкірач наймандардың рұхсатымен 2010 жылы қазақ Өкіреш наймандары барып ауыстырдық. Биіктігі 3 метр, ені 1,5 метр еңселі құлпытас қойып, найманның тоғыз таңбасын тасқа бастық. Екі күн ас бердік. Осындағы Қара, Өкірач, Қызыл, Дүрбен наймандар «өкірач» деп кішкене бұқаны атайды екен. Күшілік ханға дейін тұтас Найман қазақ, өзбек, татар, ноғай, қырғыз, түркімен, әзірбайжан, мыңғұл, башқұрт, қарақалпақ, алтайлықтар ішіне тарап, бөлініп кетпей тұрғанында  найман хандарына үнемі «бұқа»сөзі қосылып отырған. Мысалы: Арық Бұқа, Семіз Бұқа, Инанығ Білге Бұқа, Байбұқа, Тайбұқа, Кетбұқа, Келбұқа. Енді түсіндіңіз: Өкіреш дегеніміз ханнан кіші- Ханзада. Ертеректегі «Шал» атауы наймандардың бөлшектенуіне байланысты алғашқы мағнасы ұмытылып, «Өкіреш» атауы қолданыла бастаған. Екі сөздің мағнасы бір. Осылай қосақталып аталу қазақ тілінде жиі кездеседі. Мысалы: Баян- сұлу, Шолақ- Мұқыры, Ақ- шаған, Тоқты- барлық. Осындағы баян, мұқыры, шаған, барлық сөздерінің қазақша аудармасы- сұлу, шолақ, ақ, бір жылдық төл немесе тоқты. Сонда «Өкіреш Шал» дегеніміз- ханзада екеніне дау жоқ. Мұны да біле жүрген жөн.

Енді басты әңгімемізге қайта оралайық. Сырдарияда, найманның берекесі тасыған кезде Төле Сүгіршұлы дүниеге келді. Анықтап көрсетеріміз- мұның барлығы аңыздар, шежірелер арқылы жетті. Тарихи мәліметтерді алдыларыңызға тартпас бұрын даланың ауыздан- ауызға беріп келген мұрасын келтіре кеткенді жөн санадық.

Алдыда айттық, Ата есімі үш түрлі аталады: Төлегетай, Төлек атай, Төлеқытай. Шежіреде Қаракерей, Матай ,Садыр, Төртуыл Қытайдан туса да «Төлегетайдың төрт ұлы» делінетінін жаздық. Себебі мынадай секілді. Біз Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай дейміз. Бірақ екі сөзді де қысқартып тастағанымызға мән бермейміз. Дұрысы- «Қаракерейдің Қабанбайы», «Қанжығалының Бөгенбайы» ғой. Бірінші сөздегі ілік септігінің, екінші сөздегі тура толықтауыштың жалғаулары түсіп қалды. Осы тұрғыдан келсек балалар «Төленің Қытайының төрт ұлы» болуы тиіс. Қысқарта, «Қаракерей Қабанбай» дегендей етіп атасақ, «Төле- Қытайдың төрт ұлы». Енді қараңыз, Төлегетай мен Төле Қытай аса жақын естіледі. Оның үстіне қазақ тілінің нормаларына сәйкес ұяң «е» әрпінен кейінгі «қ» әрпі де ұяңданып «ғ», «г»- ге айналады. Сөйтіп, «Төленің Қытайының» деген сөз алдымен қысқарып, «Төлеқытай», онан соң «қ» әрпі «г» деп естіліп, «Төлегетайдың төрт ұлы»  деген тіркес пайда болғаны көрінеді. Бұл менің жорамалым. Дау туғызытын мәселе емес. Сіз дәлелді пікір ұсынсаңыз құба- құп. Адал ниетімізбен қатеге ұрынсақ аруақ кешірсін. Осы тұста кідіріс жасап манадан бергі ақпарларды , оймызды, болжамдарымызды бір қорытындылап алайық:

1.Көне найманның ХІҮ- ХҮ ғасырда өмір сүрген ханзадасы Өкіреш Шалдан- Белгібай. Белгібайдан- Сүйініш (Сүгірші). Сүйініштен- Төле. Төледен- Қытай. Қытайдан- он ата, тоғыз таңбалы найманның төртеуі Қаракерей, Матай Садыр, Төртуыл тарайды. Жалпы ұраны- «Қаптағай», таңбасы «Ү»- бақан.

2.Шежіре мен шежірелердің ауызекі бізге жеткізген бұл бұтақ бойынша тізбесі осындай. Толығырағы, дәлірегі де осы секілді. Тағы айтамыз, бұл нақтылы тарихи факті болмауы әбден мүмкін.

3.Көздеп отырған бабамыздың дұрыс аталуы- Төле, оның ұлы Қытай.

Үш мәселені шешкендей болған соң Төле атамыздың жеке өзіне, ғұмыр кешкен заманына, Атамыз кім болып еді деген түйінді мәселелерге көшсек.

 

ІІІ

 

1917 жылғы қарашада өткен Түркістан мұсылмандарының түселінде (сьезінде)  Түркістан  Автономиясы құрылды. Қазақ халқының неше мың жылдық тарихында тұңғыш рет мемлекеттік құрылымға Премьер- Министр лауазымы енгізіліп, Автономияның Премьер- Министрі болып алғашқы қазақ теміржолшысы, тарихшы, этнограф Мұхаметжан Тынышбаев сайланды. (М. Тынышбаев. Қазақ халқының тарихы. Алматы «Санат 1998» жыл, 9 бет) Мұхаң  патшалы Ресейдің ІІ Думасына депутат кезіндегі өмірбаянында «1879 жылғы 12 мамырда Жетісу облысы, Лесі уезі, Мақаншы- Садыр болысындағы Жыланды тауында тудым» деп жазады.

Ал Төлегетай бабасы жөнінде « Менің әкемнің айтуынша 16- ыншы атам» дейді. (М. Тынышбаев. Материалы к истории киргиз- кайсакского народа. Ташкент, 1925 год, 16 стр.) Сонда, әр атаға 25 жылдан берсек, 16 атамыз тұп- тура 400 жыл. Тынышбаев туған 1879 жылдан 400 жылды алсақ, Төлегетай баба мөлшері 1470 жылдары өмірге келген деп топшыланады. Бұл М. Тынышбаевтың әулеті бойынша.  Мана менің әулеттік шежіремде  Өкіреш Шал  1410- 1420 жылдары өлген дегенбіз. Төле- Шалдың  үшінші ұрпағы, демек 75 жыл кейін туады. Мұны қоссақ Төле мөлшері 1485- 1495 жылдары ана құрсағынан шыққан. М. Тынышбаев пен менің ата таратудағы айырмашылық бар- жоғы 15- 20 жыл. Сондықтан осы кезеңді межеге алған дұрыс сияқты. Тынышбаев аңғарсаңыз шежірені тарихи факт ретінде қарамай «әкемнің айтуынша» дейді. Мұны әмісе назарда ұстау қажет.

Бұл қай кезең? Осы тұста Шайбаниден тарайтын Әбілхайыр ұрпағы тізесін батыра берген соң, Жошы ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек арғын, найман, керей, қыпшақ қатарлы рулардың басын қосып, қазақ хандығын құра бастаған қазақ халқының тарихындағы ең маңызды мезет- ті. Бұл іске атамыз бәлендей араласа алды ма? Белгісіз. Бірақ Төленің сақайған шағы 1511 жылы таққа отырған атақты Қасым ханмен тұспа- тұс. Атамыздың жауға да, дауға да төте түсетін, кесіп билік айтатын, ел көзінде жүретін дер шағы. Тарихи, әлеуметтік, қоғамдық оқиғалардың Қасым хан бастауымен өрге жүзген кезі. Қазақ шығыста Жетісудан әріге, батысында Еділ- Жайыққа аяқ артып, терістігі Арқаға, түстігі Алатаудан Сырға дейінгі кең далада көшіп жүретін халге жетті. Қасым хан қазағына тыным, береке әкелді. Ел тойынды, қазақ ешкімнен ықпайды. 200 мың  әскер атқа қонатын қуатты мемлекет.

Айтулы осындай сәттерде найман қандай еді? Жауапты қазақ тарихшылары бүтін мойындайтын Мұхаметжан Тынышбаевтан аламыз. Ғалым: « 100 жыл, 1500- ден 1600 жылға, тіпті, 1625 жылға дейін...наймандар аса ірі саяси роль атқарды. Олар басқа руларға қарағанда жан санының артықшылығына сүйенді.» деп жазады. (Материалы...17 стр.) Ендеше, қазақ хандығының төрдегі бір орны, шаңырағының бір керегесі- Наймандікі. Найман бар саяси шешімдердің бір тұтқасын ұстаған. Демек, Төленің мемлекеттік істерге араласуының алғы шарттары түгел. Оның үстіне Төле ата жағынан қандай өрлі болса, нағашы жұрты да сондай әлді. Арғы Анасы Ақсұлу да бергі апасы Тоқсұлу да қабырғалы қалың үйсін. Ата жұрты- алға аттаса аяғы, нағашы жұрты сүйенсе- таяғы. Бұған әкесі Сүгіршінің асып- төгіліп жатқан байлығын қос.  Мұндай жұртпен, дәурені жүріп тұрған найманмен ынтымақты, ағайын- ажын болуға әркім мүдделі еді. Осылайша  қалыптасқан тарихи жағдай, наймандардың қазақ қоғамындағы саяси- әлеуметтік орны Төлені сөз жоқ халықтың алдына шығарады. Тыңғылықты білім алған, мұсылманша сауатты бала аса зерек болып өсіп келе жатты.

Сонау замандардан бала Төле туралы аңыз көп жетіпті. Төле жалғыз ұл десек те Сүгірші байдың қыздары баршылық екен. Қолы жомарт, бай нағашы атасының үйіне жиендері топырлап келе беретін көрінеді. Бірде Төле осының себебін сұрапты. Сонда әкесі Сүгірші бай:

-Әй, балам-ай! Жиен серкелерінің санын алып жүреді де!- деп жауап береді.

-Онысы қанша еді?

-Жиендерің серке орнына түйе алса- үлең азаймайды, ат сұраса- үйірің ортаймайды. Мөңіре мен маңырамадан қолдарын қақпа. Сенің сиыр мен қой- ешкің көп пе, әлде Сырдың салпаң құлақ қояны мен жортқан сәйгегі көп пе, біліп болған ешкім жоқ. Жиендер нәсібін қалап ала берсін. Ырзықты бөліп жеңдер.

Сөз түйінін түсінген Төле бала нақ осы кезде артында қалған аталы сөздерінің алғашқысын айтыпты. Арада 4-5 ғасыр өткемен елбастар, жалын атқан жастың сөзі бізге тұтастай жетіпті:

-Ұқтым әке! Қарты ортақтың- қазаны да ортақ екен!

Әңгімеге куә жұрт мынадай тапқырлыққа таңдай қағып, бата берісіпті. Қазаққа ғана тән, алатыны да, қосатыны да жоқ, бас- аяғы бүтін ғажайып нақылдарын атамыз осылай бастапты. Төле ұстаз алдына қаршадайынан барыпты. Шәкірт кезіндегі мына аңызды тыңдаңызшы.

Сүгірші ақсақал- қарасақалдарды жиі жинап, дастарханға шақырады екен. Әңгіме мол. Сондай сәтте үйретуші- қожа:

-Өткенде Төле менің малымнан он марқаны бөліп әкетіпті. Себебін білгеніңіз бар ма?- дейді.

Әке хабарсыз екен. Қанша жерден байдың, бардың баласы десе де Төле қатар- құрбылары секілді қозы бағып жүрген.  Шақыртады.

-Алдым!  Алдым. Әне кезде дарияны жағалай жұтаң ауыл келіп қонды. Талғажулары жоқ, көш үстінде екен. Содан шәкірттер ақылдасып, қожалардың қозысынан таңдап- таңдап, ерулікке онын бердік. Қожаға «Қозыларыңыз қой болып, өсіп жатыр» дегенмін. Бұл – он. Ал рұхсатсыз алған айыбымды әкем өтесе, он үш-, дейді өзіне- өзі билік айтып, келіспей істеген айыбын үш қойға бағалап.

Мұхаммед Салихтың «Шайбани намесі»  мен Әбілғазының «Хандар шежіресін» оқыған адам мынадай деректерге қанығады. 1508 жылы Қобыз Найман Марының және оның маңының датқасы. Бұл сол тұстағы аса ерекше жағдай. Хан, төре емес, қарадан- көптен шығып, халық басқарған аздың бірі осы Қобыз баба екен. Алла сәтін салса бұл жарықтықты да зерттеу қажет.

Қобыз датқа салған жол кейін әбден дәстүрге айналады. Сол Марыны 1530-1550 жылдары Найман Жолым би басқарады. Айырмашылығы “датқа” енді қазақыланып “би” деп аталыпты.

1570-1580 жылдары Түркіменнің ханы Санжарды мырза қамауға Найман Құлмұхаммет би ұстап отыр. Бар билік қолында. Санжар хан елдің әбден зықысын шығарған соң мынадай төтенше шара қолданған.

Осы тұста Балхта да наймандар мәртебелі. Датқалары- Найман Назар би.

Есіл- Ұлытау арасындағы бар билік Балталы- Бағаналы наймандарға тиесілі.

Одан әрі қарасақ Жалмұхамбет бидің желбіреген туын көреміз. Самархан өзбектерінің, қырғыз, ноғайдың біріккен қолын шабуға Бабахан хан жасақ жинап жатыр. Маңдай алғы негізгі қол, әскери билік найман Жалмұхамбетке берілген.

Бұл деректерді мақтанға теріп отырған жоқпыз. Әр нәрсенің айтатыны бар. Кез- келген тарихи Тұлғаны өскен ортасынан, сол заманғы барлық оқиғалардың жиынтығынан, солардан шығатын қорытындылардан бөліп қарауға болмайтынын жоғарыда айтқанбыз. Мысалдардан Белгібайұлы Сүгірші, Сүгіршіұлы Төле ғұмыр кешкен кезеңдерде олардың аталастары- Наймандардың мемлекет ісінде алатын орны, қуатты саяси күші, малды, шелді ру екені анық көрінеді. Саяси биліктегі топ жекеменшік формасы бар қоғамдық құрылымда байлыққа ие болады. Тек кеңес дәуірі бұған қарсы нышандарын байқатқан. Сол нышандар ақыры түбіне жетті де.

Аңыздың азды- көпті қосатыны, уақыт бірлігін сақтамай ерте мен кештің арасын жалғай беретіні бар. Солай десек те Сүгірші әке малды болғаны дау тудырмайды. Сүйініштен- Сүгіршіге, ел- жұртын тойындырып, киіндірушіге айналғаны бір болса, жаңағы әңгіме байлығы асып жатқан адамға тән. Оқиға Сыр бойында өрбігеніне дау жоқ. Наймандардың алды бұл тұсқа XIII ғасырдың басында жеткені белгілі. Осы өңірде өсіп- өрбіген.

Бір аңызда ғана Белгібай 35 жасында өліп, Сүйініш (Сүгірші) ІЗ-інде жетім қалады. Барлық басқа деректерде Белгібай қашан өлгені көзделмейді. Біз, Төле 20- ларға келгенше атасы Белгібай тірі деген ойдамыз. Себебі, Белгібай 16- сында үйленіп, Ақсұлудан Сүйінішті көргенін сөз алдында айтқанбыз. Бұл Белгібайдың ең ары дегенде жиырма бестен аспаған кезі. Белгібайдың ұлы Сүйініш те ерте отау құрғаны анық. Олай десек жиырма бестерінде Сүйініш те Төлеге әке болмақ. Бұл есеп Төле жиырмаларға жеткенде әкесі Сүгірші 40- 45- те, атасы Белгібай 70- терде екенін көрсетеді.

Қалай десек те ел арасындағы аңыз Төле үйлі- баранды болған шағында әкесі тірі екенін жазбай айтады. Бүған жеке тоқталып отырған себебіміз бар. Сыр бойында, Төленің сүйегі жатқан Жаңақорған, Қызылордада екі дерек айтылады. Бірінде, тұттай жетім қалған Төлені қожалар асырайды, өсе келе әлде өгей, әлде жетім қыздарын береді- міс. Екіншісінде, Төле мұнда егделене, жігіт ағасы болғанда Қылышты қожаның атын естіп, алыстан келеді, қойшылықты сұрап алады, кейін Қылышты ата Төленің қасиетті екенін біліп, оң жағынан орын, қыз береді- міс. Ұзын-  ырғасы осы.

Рас дер едік. Егер жоғарыдағы Сүгірші мен Төленің арасындағы аңыз бізге жетпесе, әкенің аса қорлы, беделді адам болғанын уақыт ұмыттырса. Мүмкін дер едік- қазақы, рулық жол- жораны білмесек. Сондықтан да екі аңыз шикі, ішкі есепке қүрылғаны көрінеді. Төленің ұрпақтары Арқаға көшіп кеткен соң баба ғұмырын әлдекімдер бұрмалап, қажетіне ыңғайлаған сыңайлы.

Себебі: Бізге- Төленің тікелей ұрпақтарына аталарымыздан жеткен аңыздар Төленің жастай жетім қалмағанын анық айтады. Үйлі- баранды шағында әкесі Сүгірші тірі. Атасы Белгібай да жетпіс бестердің үстінде. Ол тұста адамдардың ұзақ жасайтынын, денсаулықты болып келетінін назарға алсақ, ата да немересінің қызығына ортақ.

Төле Сырдарияға егде шағында келді немесе жетім бала еді десе сан тарау сұрақ жамырайды:

1.Төле Сыр бойына егде кезінде келсе, қай кезде қырық жыл ел басқарады?

2. Салт басты- сабау қамшылы  жат адамды сол маңдағы рулар  қалай ғана қазы, онан соң датқа, онан соң елназары сияқты аса елеулі қызметтерге қояды? Екі шылбыр, бір тізгінді бөтен, соңында қабырғалы тірек руы жоқ адамға неғып ұстатады?

3.Өз азаматтары жоқ па?

Бұл орынды сұрақтардың жауабы: Төле Сыр бойында туып- өскен. Дария жағалауындағы сол кезде жан саны ең мол найман болған соң бар билікті ұстап отыр. Осындай, ап- анық, өзі сұранып тұрған, қарапайым әрі өте дәлелді себептерді шындық іздеген адамның көрмеуі мүмкін емес. Ал жалған сөз жүгірткісі келгендерге ем жоқ. Ондайларға,  тек , аруақ кешірмеуі мүмкін екенін ескертіп кетпекпіз.

Ауыз әдебиетінің, аңыздың оқиғалар тізбегінен жаңылып отыратыны бар. Онымен де қоймай, оқиғаларды, адамдарды, жер атауларын ауыстырып алатыны жиі кездеседі. Мұның бір мысалы  садыр Асау батырдың басынан өткен. Батыр егделене келе:

-Төлегетай атамның жанына барып өлемін. Әйтпесе, Сыр бойы Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл найманның бір мекені екенін ұрпақ ұмытып барады. Мен жаңғыртайын-, деп егделенген шағында Төлегетай атасының моласына шырақшы болып, елінен кетіп қалыпты.

Қалған өмірін бабасының басында өткізіпті. Моласы- Төлегетай атаның аяқ жағында, сол жақ босағадан сәл ішкері. Өзі- Садыр руынан. Бүгіндері «Садыр- Асау» аталатын үлкен тайпаның түп бастауы. Бұлар Асау аталарының Сыр бойындағы Төлегетай моласына жерленгенін естерінде ұстап отыр. Мұны М. Тышышбаев та жазып қалдырған. Міне, осы Асау батырдың егде шағында атасына шырақшы болып келгенін бәз біреулер Төлегетай бабаның ғұмырнамасына жамай салған. Сыр дарияда туған Төлегетайды егделенгенде келген деп шатыстырып отыр. Өздері лағы кеткенімен қоймай бас пайдалары үшін жұртты да адастырмақ. Олар бір нәрсені: Төлегетай атаның артында іздеушісі- сұраушысы бар екенін, ұрпағының ақ- қараны ашып отыратынын ескермеген.

Қазақ, қазақ болғалы жетімін, жесірін қаңғытып жіберген халық емес. Даламызда бұл берік орныққан қағида. « Аға өлсе- іні мұра»  осыдан шыққан. Бұл біреуге әйел әперейік немесе күйеу тауып берейік дегендікпен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Әңгіме ұрпақ мәселесінде. Осы рудың баласы, осы руда қалуы керек. Жатқа жіберу, жалға беруге дала салтымен тиым салынған. Ата дәстүр мұндайды кешірмейді. Мүтілім ру атына сын. Ел ағасының бетіне түскен таңба. Сүйекпен ғана кетер қорлық. Бүгін ғой жетім балар үйі ашылғаны. Жесірмен бірге ұлдың кетіп жатқаны. Ол заманда    тентіреп қалған жесір, телімдеп кеткен жетім болмаған.

Сыр бойында, 1500 жылдары наймандардың іргелі қауым, ықпалы күш, Қазақ хандығының негізгі бір тірегі ретінде көрінгенін айттық. Дәлел асып-төгіледі. Ендеше, Сүгірші сияқты текті атаның ұлы, жетім қалса да кісі есігінде жүрмейді. Елі, жұрты халқын асыраған Сүгіршінің жақсылығын үмытпайды, шаңырағын жықпайды. Бұл да Даланың жазылмаған, бірақ бұлжымайтын Заңы. Алайда асып- төгілген Сүгірші, шүкір, тірі.

Жаңағыдай- Төле жетім немесе сақа жігіт шағында Сырға келді деу қазақтың жаратылысын, ырым- салтын, Далада ғасырлар бойы орныққан, хан да, қара да бұза алмайтын, бүгінгі тілмен айтсақ, Ар Кодексін белінен басу, осылардан хабары жоқ адамның білместігі. «Қасақана айтты» дегенге ауыз бармай отыр. Қалай десең де аққа қара жаққандай тігісі де, жыртығы да бадырайып тұр. Кесауат қана. Осы тұста бір ой келеді. Бұл менің ойым. Ұнаса қабылдарсыз. Төле сақа жігіт шағында келді дегенді екінші сөзбен айтсақ,  қожалар атамызбен сақа жігіт кезінде танысты деген сөз ғой. Ендеше, тереңірек үңілсек, керісінше, қожалар Төленің сақа жігіт шағында Сыр бойына орналасып, Сүгірші байдың еліне, дарияның жағасындағы қазақтарға сіңген. Бұлай деуге дәлел бар. Егер қожалар ол жерде ежелден отырса Қылышты қожа жарықтықтың ата- анасының, арғы аталарының молалары ол жерде неге жоқ? Жазу- сызуы бар қожалар сол маңда Қылышты қожадан арғы сүйектері болса ұмытпаса керек. Олар Орхын- Оныннан бері құлаған, Таулы Бадахшанға дейін аяғын созған, Самарқанның түбіне Төленің үшінші атасы Өкіреш Шал ханзаданы жерлеген, өз даласында еркін көшіп жүрген найман емес. Қазақтан тиген жерінде отырған-  жатақ.

Қазақ «Жігіттің жақсы болмағы- нағашыдан», «Жігіттің үш жұрты бар, жанашыры- нағашы жұрт»  дейді. Өскелең жиенді мақтан көрген. Намысқой Үйсін жиені Төле мен қызын бір үзім нанға не қылса да зар қылғызып, көрінгеннің есігіне телміртіп қоймайды. «Жиен- ел болмас» десе де қызының көз жасын арқалаған қазақ жоқ. Ақыны мен шешені күнде сөз таластырып, қақтығысып жатар қазекем «жиенің қаңғып жүр» дегенді естіген күні-өлгені. Немересінен жиенін алабөтен көрген қай қазақты атай аласыз. Өзіміз де жиенбіз, жиеніміз де бар. Бөлеріміз қане оны немеремізден.

Өзім нағашымның қолында өскенмін. Маған, менің нағашым Сұлтанайдай нағашы ешкімде болмағандай көрінеді. Нағашымды “Папа”, әкемді “аға” деп, екеуін де бақиға жөнелттім.

Оны айтамыз, жиенін өсіріп, отау етіп шығарған, әкесінің атын ұмытқызбаған, ата жұртына шығарып салған мысал аз ба? Талдықорған өңірінің Кербұлақ ауданында Жалайырдың Андастары тұрады. Осы атадан Арғынбай ұрпақтары өрбиді. Солардың бірі Сейіткерей Нұрланбаев ақсақал мынадай әңгіме айтады: «Арғынбай бабамыздың анасы найманның Қаракерейінен екен. Ата-анасы ерте өліп, нағашылары «Осы баланы бізге беріңдер. Қызымыздың көзіндей көріп жүрейік» деп алып кетіпті. Кейінірек әйел әперіп, еншісін бөліп, мал- жанымен Жалайырға жеткізіп, табыстапты. Құрдастарымыз бізді қажағанда «наймандар», «шеттібай» деп қылжақтайды. Біз намыстанбаймыз. «Сондай нағашың бар ма!»  деп жеңістік бермейміз.

Міне қазақы нағашылық деген. Демек, жоғарыдағы Төленің жетім қалып, қожаға сіңуі тіпті қисынсыз, түбірімен жалған. Қазаққа келіп сіңген қожалар ғой.

Мұндай келеңсіздіктің белең алуы Төле ұрпақтарының Сырдан көшіп кетуі, қоныс ауыстыруына байланысты. Ата тарихқа абай қарайтын, шындықпен жалғанның ара жігін ажыратып отыратын шежіре иелері Сыр бойында қалмаған соң, «әй» дейтін ажа, «қой» дейтін қожа болмаған соң әлдекімдер сыңар езулеп, әу бастағы оқтай түзу шежірені еркінше шимайлаған.

Жанға бататыны, Найман тарихы- қазақ халқы тарихының бір керегесі екенін білмеуде. Қазіргі кез- келген қазақ руларының өткенін бұра тарту барлық қазақ халқының тарихын өзгертуге талпыну болып табылады. Себебі, қазақ тарихы- Қазақ хандығы Туының астына біріккен ру- тайпалардың тарихы. Солардың ерлік істерімен, қаһармандығымен ғана бүгінгі дәуренге жеткеніміз анық. Ал, жекелей найманға келсек, Н. А. Аристов ХІІІ ғасырдың басында  Жошы әскерінің  бір бөлігінің Шайбандардың қолбасшылығымен  бүгінгі Сырды бойлай, одан әрі Хорезм, Бұхараға жазыла қоныстанғаны тұрғысында былай дейді « Шейбандармен келіп қоныстанған негізгі рулар- ұяс, дүрмен, қият, қоңырыт, уйсін, найман» (Н. А. Аристов. Усуни и киргизы или кара- кигизы. Бишкек, 2001 г. 370 стр.) Ары қарай бүкіл әлем мойындайтын ғалым осы рулардың ішінде ең жан саны көбі де, өте ықпалдысы да наймандар екеніне баса назар аударады. Ендеше , Төле жігіт болғанда қожалар ел ішінде ауыса жүріп, аса жомарт Сүгірші байға қоңсы қонды деген орынды.

IV

Әдетте, халықтың рухани қазыналарын білмеу, түркі тегінің жаратылысы мен тыныс- тіршілігін түсінбеу осындай қиыспайтын, әлдекімнің сойылын соғатын еш негізі жоқ аңызға әкеліп соқтырады. Аннан бір, мыннан бір жұлып алған, ұлттың мінез- құлқынан, характерінен тыс жатқан, жүйелі зерттелмеген  мұндай қияли аңыз ешкімге аброй әпермейді.

Басын ашып алдық- ау деймін. Төле ат жалын тартып мінгенде әкесі әлі тірі. Атасы да қаусаған қарт емес. Ендеше жетім Төле жайлы кесауат бейпіл ауыздан, белгілі мақсат қуып шыққан. Түйсікті жанға ол не мақсат екенін тауып алу түкке тұрмайды. Бұра тартушы өзін зорайту үшін қиыс тартқан.

Сыр бойындағы Төле баба жайлы басталуы дұрыс болса да, аяғына жетпей кегежесі кейін тартып тұрған аңыздар өздерімен- өздері іштей шатақтасып жатады. Мәселен, бір жылы Төле қыстың ауыр болатынын біліп, малдың өрісін іздеп, қойды айдап, ту алысқа кетеді. Жырақтығы сонша, ешкім Төленің қайда жүргенін білмейді. Содан көктемнің аяғында малын төлдетіп, бірақ келеді.

Осы әңгімені тыңдаушылардың ішінде көне сөздердің, аңыздардың білгірі, ғылым докторы Тұрсын Жұртпай бар- тын. Бірден маған бұрылып:

-«Тоқтарқожаның амалы»-,  деп салды.

Біз түсініп тұрғанбыз. Бұл оқиға Төле бабаның оныншы ұрпағы Қаракерей Қабанбай Батырдың төртінші атасы Тоқтарқожа аңызының нақпа- нақ көшірмесі. Бір- ақ айырмашылық бар. Төле Сыр бойында- қой, Тоқтарқожа Арқада- жылқы айдап кетеді.

Мүндай аңыз Төлеге байланыстырылып тек Сыр бойында сақталған. Ал бабаның төрт немересінен тарайтын қалың жұрт мұны естімеген. Білетіндері Тоқтарқожаға байланыстысы. Байыс бидің жылқысын, жұт боларын алдын- ала болжап, Омбының етегінен Қорғалжын көлінің қалың құрағына құлатыпты. Екі орта алты жүз шақырымдай. Ол барлық шежірелерде, барлық шежірешілерде бар. Ара- тұра шежіренің де, шежірешілердің де дай- дүй, қиюласпайтыны болады. Бірақ Тоқтарқожа туралы ондай әлі кездескен емес.

Бұған да амалдап сенуге болар еді. Алайда, төрт түліктің қыр- сырына жетік қазақты қайтіп алдайсың? Ауылда өскен кез- келген қазақ Төле сонша алысқа қой айдап кетті дегенге құлағын кессең де сенбейді. Жыраққа жылқы айдалады. Жүрсе жер өндіреді, төзімі тастемір, тебіндей береді. Ал қой- ешкі ешкім білмес өңірге айдалмайды. Қорасыз, түнемелсіз жолай өзі- ақ қырылып қалады. Ендеше, мал жайына жетік Төле қойды жапан түзге қумайды. Бұл аңыз да негізсіз. Бірақ осы оқиға керекті адамына керемет қызмет қылады. Екі бірдей әжетке жарайды:

1.Төле баба өмір бойы қожалардың қойшысы ғана  екенін  дәлелдеуге;

2. Осындай қойшы өгей қызды алды деп шатастыруға;

Біз, бұл аңыз кейінірек, Тоқтарқожаның Байыс жылқысын аман алып қалғанын естіген біреудің өзінше түзбесі деген ойдамыз. Бірақ «Өтірік- өрге баспайды». Бұған көздеріңіз жетті.

Тарих деген қызық! Кейде көздегеніңе жете алмай діңкелей бастағанда қарапайым арифметика жағдайды алдыңа жайып салады. Келесіде қой өрісіндегі шиыр әлгіндей қатені «міне» деп көрсетіп береді.

Дария бойынан Төленің су тапшы кезде аса таяғын жерге ұрып, сол сәтте бұлақ пайда болғанын құлаққа құйып қайттық. Бұл да өте таныс. Аңыз шіркін бір елден екіншіге көшіп жүре береді. Айырмашылығы- сәл өзгертіліп, жергілікті жерге, оқиғаға байланысты ыңғайластырылады. Мысалы, Албан Райымбек, Садыр Жомарт батырлар, Қақал әулие де бірі найза, екіншісі аса таяғымен, тұп-тура осылайша су шығарады. Бұлар ауыз әдебиетінде сақталған. Белгілі жайттар. Десек те, солардың барлығының шындығы да бар. Ұлы Батырларымыз,Төледей білімді, тоқығаны, дана әке Сүгіршіден көргені бар аталарымыз жер жадысына аса жетік, айта берсең көріпкелдігі болған. Өскен өлкенің суы мен нуын жіті айырған. Сөйтіп, бастау шығар, мал жұтамас өңірлерді дәл көздетіп отырған.

-Мына жерді қазыңдар-, деп нұсқаған.

Бабасын дәріптеуге жалықпайтын қазекем найзамен, аса таяқпен су шығарудың негізінде осындай болжамшылдық жатқанын қиялға бұрып жіберген. Аңыз- жырлар әсерлеуге, динамикаға, мифологиялық сарынға қарай ауыса береді. Бұл артық туған бабаларды биіктете түсу үшін қолданылатын ауыз әдебиетіндегі тиімді тәсіл.

Жұртымыз оларды «әулие»  атайды. Шынына келсек мұндай қасиет әулиеге ғана тән. Тегінде, «әулие» сөзінің арабшадан аудармасы- Алланың досы. Жаратқан иеміз жолын түсіріп, Мекке, Мединеде Раббыма құлшылық еткен кездерімізде шариғатқа, ислам ілімдеріне азды- көпті сусындадық. Сонда білгеніміз, қазақы түсініктегі әулие мағынасы тарылып кеткен. Біз әулие деп дін жолына әсіре берілген, сәуегейлігімен танылған бабаларымызды қастерлейміз. Әрине, олар әулие. Ал шейхтардың айтуынша, мысалы, бір елге егін себуді үйреткен адам- әулие. Халқына қорған болып, жауына дес бермеген, ел- жерін қорғауға бас болған Хан, Батыр- ол да әулие. Себебі, олар мұсылман үмбеті үшін қан төккендер. Және де жадыға түйгеніміз- әулиелік Алла Тағаланың рахымымен ғана қонады. Алла Тағала өз құлдарының қамын жесін деп әулиелерді, көп ішінен таңдап алады екен.

Сыр бойында аңғарғанымыз кез- келген нәрсеге діни астар берілетіні. Барлық оқиға, әсіресе, ата тарату басын діни өзектен алады да, қожаларға соқпай кетпейді. Мәселен, Төле бабаның шығу тегі қожалар түзген шежіре бойынша мынадай: Бөкей қожа (?), одан Өкіреш (яғни Найман шал), одан Құрманай (?), одан Төлек атай туылады. Төлек атадан- Қаракерей, Төртуыл, Садыр, Матай.

Бұл төрт атадан бері қарай ештеңе түсініп болмастай әбден былығып, шатыстырылған. Қанша талпынсақ та ретке түсіре алмадық. Сөйтіп, Өкіреш ата қожадан- Бөкей қожадан өскіндейді дейді. Осы маңдағы қожалардың арғы аталары мұнда XI- ғасырда келіпті. Бұл солардың айтуы. Бірақ шежіре ізімен ата түгендесең 300- 400 жыл жетпей жатады. Бұл қалай? Сонда Наймандар одан бергі уақыттарда пайда болғаны ма? Егер қазақ халқының, кешегі түркі жұртының белдісі- Наймандардың арғы тарихын білмесек сенер ме едік. Алдыда айтқанбыз найман біздің дәуірімізге дейін бар. Демек, найманды Бөкей қожадан таратудың табанында бүр жоқ, өтірік. Төленің ата- бабасы арабтардан әлде қайда ежелгі ел. Ал «қожа» дегенді, мысалы түріктер, ирандықтар, тәжіктер әлі күнге дейін «үйретуші» деген мағынада ғана түсінеді. Мысалы, Түрік елінен келіп, қазір діни білім беріп жатқандар өздерін «қожамыз» дейді де, оны «үйретушіміз»  деп аударады. Бар, жоғы осы ғана. Тіпті, «ұстаз» да емес. Ешқандай ұлтқа да, руға да, ақсүйек, қарасүйек, кастаға қатысы жоқ.

Көне түркі батырлары туралы екі томдық «Дулыға» тарихи- эфсаналардың авторы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай Тоныкөк (кітапта осылай жазылған, Тоныұқық, Тонықұқ, Тоныкюк деп те әртүрлі аталады) Найман руынан екені жөнінде алғашқы пікір айтып еді. Тарихшы Н. Мыңжанұлы мұны қытай деректерінен тауыпты: «Тарихшы Ма- Шаңшудың айтуынша, осы Тоныкөк Алтайдағы Қара Ертісті мекен еткен қарлақ елінің Сабек тайпасынан шыққан адам». Ал Қара Ертіс қай заманда да, тіпті, бүгін де найманның қалың ортасы. Нақ қазіргі күнге дейін Түркі әулетінің маңдайына Тоныкөктей дана жазылмағаны рас. Салыстырар, қатар қояр Бұхар жырау бабамыз шығар.

Осы Тоныкөк бабамыз 646 жылы туған екен. Бұл Алла Елшісі Мұхаммед Мүстафа (с.ғ. с.) бақиға жөнелгеніне екі жыл толған мерзім.Пайғамбарымыздың 571 жылы 20 сәуірде туғаны анық. Ендеше сол кезде Мұхаммед Мұстафа (с.ғ. с) пайғамбарымыздың болашақ үмбеті қазақ халқының бір бұтағы- наймандар Қара Ертістен Орхын, Онынға дейін көсіліп жатқан еді. Бұл да найманның Бөкей қожадан тумағанын көрсетеді.

Қадірлі оқырман «Мұны өзіміз де білеміз. Несіне сағыздай созып отыр»  деуі мүмкін. Өте орынды. Дауымыз жоқ. Тек кеудесінде зәредей күмәні бар жан болса әбден арылсын дегеніміз де.

Қазақтың бар тарихын қазақтың өзі ғана жасағанын еш уақытта ұмытпау керек. Ешкімге телінбеу, телігенге көнбеу- парыз. Себебі, Алла Тағала бізді әр түрлі, әр тілді, әр тарихты етіп жаратқан. Сондықтан да бәрімізді бір қалыпқа салып, ойдан шығарылған мистикалық ортаға апару, ең алдымен, Алланың раһымымен бөлініп берілген ата текті қорлау болып табылады. Ал Алланың бөлісін түзеу адам баласының қолынан әсте келмейді. Алланың шаруасына араласу абырой әпермейді. Себебі, ол  Алланың қалауы емес. Осыдан қорқу керек.

Төле ата жөніндегі мөселелердің келесі түйіні сол тұста дін және дін үйретушілер  қандай жағдайда еді  деген сауалға тіреледі. Енді осы жайлы ой бөлісейік.

1314-1342 жылдары Алтын Орданы билеген Өзбек ханнан бастап Шыңғысхан ұрпақтары исламға біржола бет бұра бастады. Өзбек өзіне- Гиасаддин Мұмаммет деген есім алды.  Бірақ Тәңіршілдікке шек қойған жоқ. Содан шығар ислам өзге отырықшы халықтардай емес Тәңіршілдікпен қатар жүре берді, мың жылдық құлшылық бойдан оңайлықпен арылмайды.

Ақсақ Темір отыз бес жыл құрсанған қалың жауларымен талмай күресіп қана қойған жоқ, қобыз ұстаған көне діннің көздерімен де толассыз күрес жүргізді. Дұшпандарын табанына салды- ақ. Бірақ Тәңіршілдікті жеңе алмай кетті. Сөйтіп, Тоқтамысты шауып, орыстың маталған қол- аяғын шешіп,  Баязитті талқандап, Европа христиандарын мұсылмандықтан сақтап қалған Әмір Темір де дәрменсіздікпен о дүниеге аттанды.

Бұрынғы- соңғы қазақ даласындағы хандардың қаңғып өлгені сирек. Бірақ бар. Ол- Тәңіршілдікке аш бөрідей шапқан, елге де қадірсіз атанған- Бұрындық. Ақыры осы қылығына халық қарсы шығып, Самарқанда елеусіз, ескерусіз өлді ғой. Сол ханға бақсы- құшнаштар бір пәле жасауы да, бағын тайдырып, байлап тастауы да мүмкін- ау. Тәңір дініндегілердің  кеуде кере дем алғаны рас. Бұл тұста қазіргі қазақ рулары бір тудың астына ұйыспаған- ды. Төле баба туған кезең Керей мен Жәнібек хаңдар құрған Қазақ Ордасы атты халық пен Мемлекеттің дүниеге келуінен сәл кейін. Ал бұл екі хан ата дініне де, жаңа өркендеп жатқан исламға да бөле жара қараған жоқ. Мұнан кейінірек Төле баба Өзкентке датқа болған жылдарында Қасқа жол салған Қасым хан жас Мемлекеттің Байрағын көкке көтерді. Ол, бақсы- балгерлерге дұрыс қарап, еркіндік берді.

Сол, сол- ақ екен Тәңіршілдік хандықты қайта жайлап жөнелді. Адам баласының бірнеше ғасырлық ата тегі (гені) қашан да бір көрінбей қоймайды. Ол тұсты айтасыз, дәл бүгін де қазақ батыр Алланы, Қүдайды, Тәңірді араластырып жалбарына бермей ме! Біздің- қазақтың түсінігінде үшеуі бір ұғым, бір Абсалют- Ең Жоғарғы Иеміз. Жаратушымыз.

Қасымхан тұсында ислам таратушылар діни кризисті- дағдарысты бастан кешірді. Қазақ Тәңірге бет бұрып кетпесіне кім кепіл? Шоқан Уалихановтың «Мұсылмандық біздің тәніміз бен қанымызға әлі сіңген жоқ»  дегені бар. Бұл күні кеше- 19 ғасырда жазылған. Ендеше одан 300 жыл бұрын қандай болдық?

Десек те, ақиқатын айтуды, ең алдымен, ислам жүктейді. Осы тұрғыдан алсақ, Төле баба заманында қайта етек алып, «дүр» ете қалған Тәңіршілдік үйретушілерге (қожалар) екі жақты қауіп төндірді, қос бүйірден қыса бастады.

Біріншісі, үйретуші- қожалардан ел ішіндегі көнеден келген бақсы- балгер, құшынаштар, диуаналар сан жағынан әлдеқайда мол. Дін алашұбарланып, бұрмаланды. Әсіресе, бақсылар жағдайға өте тез бейімделді.  “Аллалап”, құран сөзімен бастап, аяғында жынын шақырып, зікір салар олар сырт қарағанда ислам жолында жүргендей көрінеді. Халық оларды жатсынбады. Себебі, олар қазақтың ішкі дүниесі, сөнбей жатқан қозы еді. Оның үстіне бақсылар, тәңіршілердің барлығы да қазақтар- Дулат, Үйсін, Қаңлы,  Арғын, Найман, Жетіру, Байұлы, Керей т.б. еді. «Өз- өлтірмейді, жат- жарылқамайды» деген қазақ бұларға «туысым, бауырым» деп қарады, қорықты да. Үйретушілердің «қожамыз» деуі, олардың қазақтан бөлінуі, жатсындырды. Ат төбеліндей топты қазақ қорашсынды. «Бар бәле тілден» деген осы да. Өр кеуде, жауынгер қазақ ол кезеңдерде ат үстінде еді. Найза сілтеп, жебе тартып елін, жерін қорғап жатқан. Жұрт дін үйретушіге емес, топ бастаған батырға, тілден, көзден, оқтан сақта деп қобыз шалған бақсыларға үйірсек. Кімге де болса жан тәтті.

Осындай әлеуметтік ахуал негізінде тәңіршілдік фанатизм ислам дінін үйретушілердің- қожалардың жеке бастарына залал түсіруі әбден мүмкін- тін. От басы, ошақ қасы, жиған мал, қатын- бала және бар. Алайда кең қолтық қазақ дүрбелең туғызбады. Дін үйретушілердің қазаны бүтін түрды. Ал, Көшімхан елден кетісімен Ібір- Сібір хандығындағы үйретушілер, ишан- молдалар жаппай қырғынға түскені баршаға аян. Ислам таратушылардан тігерге- тұяқ, із қалмады, қан судай ақты. Хахас, жақұттар шамандығына күрт бұрылып, ислам таратушыларды қанға бояды. Осы хабар қазақ даласына да жетуі тиіс. Шекараласпыз ғой. Айта берсең, орыс жылнамаларында Ібір- Сібір ханы Көшім бүгінгі Ақмоланың оңтүстік- батысындағы Қорғалжын көлі маңында өлді деген хатқа түскен дерек бар. Сол маңда «Хан бейіт» деген аты үлкен, затын ешкім білмейтін мола тұрғанын естиміз. Көшімдікі емес пе екен? Сексеннен асқан Көшім хан қысылғанда құдаларынан жәрдем алу үшін ноғайлыға ат басын тіресе керек. Бір деректер Көшім кісі қолынан кеткен дейді. Себебі, күш алған орыс Көшімнің көзін құртпай тынбасы анық. Ал ноғай орыстан елші шақырып, елші жіберіп, араласа бастаған. Ендеше, Көшімнің келуі, екі ел арасындағы қарым-қатынас үшін аса тиімсіз еді. Бұл, саясат деген бәлекет әкесін де өлтіргізген ғой. Көшімнің арманда кетуі де мүмкін. Не десек те осы Көшімнің тегі қаракөк, шыққан ортасы қазақ. Олай дейтініміз, орыс жылнамаларында “Салтан Кучум из казахской орды” деген жолдар бар.

Құдай оның бетін ары қылсын. Төле баба тұсында Тәңіршілдік пен Ислам теке- тіреске түскенімен қан төгілген жоқ. Мал ұрлауға, барымтаға барып өзге жерде өлген адамына құн даулайтын қазақ үйретушілерге доң көрсетпеді. Дегенмен қауіп жоқ емес- ті.

Екінші, Төле датқа болған Өзкент көне Сауран мен Түркістанға тиіп тұр. Сауран кешегі Алтын орданың астанасы болса, Түркістан қазақтың кіндігі. Ақсақ Темір Қожа Ахмет Иассауидің кссенесін түрғызған. Демек, екі астананың нақ жанында ислам сәл әлсіресе, ол маңайға әп- сәтте жайылады. Ары қарай жаңғырық екі- үш еселеніп кетеді. Сондықтан, қожа- үйретушілер  одақтастарға, беделді, белді жандарға жақындасуға мүдделі. Арқа сүйер күш керек.

Міне, нақ осындай сәтте Сүгіршінің, Сыр бойынан аты асқан бедел иесі, аса бай ру ағасының жалғыз ұлы Төле ер жетті. Енді ұлды үйлендіру міндет.

Сол тұста қалыптасқан саяси- әлеуметтік жағдайларға тез бейімделген қожалар да жан саны аса мол (Алла тіл, көзден сақтасын!) найман ішіндегі Сүгіршінің ұлы Төлені күнде көріп жүр. Әкесімен аралас- құралас. Төле дін жолын оқығанмен, беталысы, сөз саптауы ел басқаратын адамға қарай ауып барады. Сүгірші де жалғыз ұлын бетінен қақпайды. Тізгіннің бір үшін беріп те қойған. «Бөстегі жинамалмас, төрі бүтін»  құда болатын- ақ орын. Сүгірші баба да Күнімқызды (анамызды аталарымыз осылай атайтын) бала жасынан біледі. Қожалардың алақанға салып аялап, мәпелеп отырған нәрестесі. Төледен екі жас кішілігі бар. Ибалы, инабатты. Мұны көргенде жүзін жасырып, қымсынады. Әке көңіл алдасын ба, Төле де Күнімқызға бөле- жара қарай ма, қалай өзі? Алла сәтін салған күні әке баланы оңаша шақырды. Ұзақ кеңесті. Түпкі ниеттері егіз тамшыдай екен. Күнімқызға құда түсу шешілді.

Ортаға дәнекер болатын, ұстасөзді ағайын аталды, бұрын- соңғы дәстүрде бар құдалық жайы түп- түгел екшелді. Қожалар да шалқасынан түспеді. Кергитін ниет танытпады. «Ұзынқұлақ» Сүгіршінің шаңырағындағы пәтуаны жеткізгелі қашан. Созыла түскен сайын, мазасызданып жүр еді. Рас екен. Әне, бір балақтары етіктерінің қонышынан шығып кеткен екі- үш адам аттан түсіп жатыр...Бұл қыз айттырудың алдындағы елшілікке келудің белгісі.

Өстіп, Сүгірші тәлімді, өнегелі шаңырақтың қызын ұлына әперді. Қожаларға білекке білек қосылды. Көкейдегі бір шаруаны Алла оңынан келтірді. Қазақ —жер иесі. Кірме, сіңбе, құл- құтан емес. Енді құлашыңды жазып, адымыңды ашудың реті келді.

Жоғарыда Ш.Уалихановтың пікірін келтіргенбіз. 1917 жылы Алаштың ардақты ұлы Әлихан Бөкейханов былай депті: «Өзбектердің қазіргі әлеуметтік жағдайы бізден көп бөлек. Оларда ишан, молдалар, дін басылары мемлекетке ықпал етеді. Бұл қазаққа келмейді». Сөз, Сүгірші той жабдығына кіріскен уақыттан табаны жалпақ 500 жыл кейін айтылып отыр. Бұдан ұғарымыз, қазақ арасында дін- рухани азығымыз дәрежесінде ғана. Хандық, жалпы халықтық істерге дін, дін басылары араласа алмаған.

Мемлекет әр түрлі халықтардан, ұлыстардан, түрлі діни ұстанымдардан құрыла береді. Бірақ ол негізі бір этностың, мемлекет құрушы халықтың ізгі ниетімен, күшімен, сол халық мекен еткен территорияда дүниеге келеді. Кейбір ұлттар мен ұлыстардың бұған ынта танытпауы, тіпті, қарсылық көрсетуі де тарихта кездеседі. Себебі, негізгі этностың мүддесімен өзгелердің көкейіндегілер қарама- қайшы шығып та жатады. Мысалы, Қазақстанды алайық. Негізгі ұлт- қазақ. Біз қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін, елімізде бір ғана азаматтық болуын, басшыларымыздың қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғауын, ұлттық өнер мен әдебиеттің басымды дамуын, қазақ мектептерінің деңгейін көтеріп, жоғарылай түсуін қалаймыз. Бірақ қос тілді тықпалайтындар, қос азаматтықты итермелейтіндер, шекараның ашықтығын қалайтындар аз ба?

Бұлардан шығатын қорытынды: жалпы халықтық мүдде мен ұлттық мүдделер әр дайым сай келе бермейді. Халық- жалпы ұғым, ұлт- жалқы үғым.

Кез- келген ұлт өзгелермен қосанжарласқан одақта «ілдаллалап» күн кешкенді қалай бермейді. Ондай жағдайда бірің аға (СССР- дағы орыстар), бірің іні (СССР- дағы қазақ, өзбек, қырғыз). Бұл бізге таныс. 1731 жылдан- орыс жерімізге ептеп кірген кезеңнен, 1991 жылға дейін 260 жыл бойы кешкен күйіміз. Мәскеудің аузына қарамадық па? Осы кезде ғой «Мәскеуде жаңбыр жауса- Алматы қол шатыр ұстайды»  деген мазақтың шыққаны. Осы кезде ғой «Алматы- орыстың баспанасы, ұйғырдың- асханасы, қазақтың- астанасы» деген түрпі сөздің жүрек тырнағаны, қаныңды қайнатқаны.

1986 жылғы желтоқсан ше?

Ендеше, Керей мен Жәнібек хандар, Төле баба тұсындағы Қасым хан қазақ руларының шекарасын белгілеуге, қазақ жерін қазақ үшін меншіктеуге міндетті еді. Олар солай істеуге ұмтылды, солай істеді. Қалай десек те, Мемлекетіміз 1465- 66 жылдары тарихқа енді, шекара белгіленді. Күш қазақта, жер қазақтікі, жердегі-  төр қазақтікі. Алла Тағала көп көрмегей!

Дін- мемлекеттік шекараға тәуелді емес. Дінде ұлт, шекара болмайды. Сондықтан  дін Адамзат баласының ортақ рухани қазынасы, ой- сана, жүрек нәр алатын ортақ Тайқазан. Игіліктің, Пәктіктің, Адалдықтың, жақсылық атаулының қайнар көзі.

Дін неғұрлым халық көбірек шоғырланған жерге орнығуға құштар. Себебі түсінікті. Қожалардың Өзкентте, күре жолдың бойында, байлығы шалқыған қаладағы Сүгірші баймен құда болуға ынтасы да-  баба арқылы қолын ұзартудың қамы еді.

Қылышты қожаның Күнімқызы осындай тартыс көп, ислам мен тәңіршілдік тайталасып, арбасып тұрған шақта Сүгірші бабаның келіні болып, табалдырық аттады.

Сол тұстарда қалыптасқан жағдайлар, саяси, әлеуметтік, қоғамдық, экономикалық ахуалды сараптау, қазақ руларының ара салмағын зерделеу, әр қайсысының өз орнын табу, кімнің неге зәру, кіріптарлығы бар екенін жан- жақты талдау арқылы Төле баба замандастарының лайықты орнын, кім кім болғанын анықтай аламыз. Өрістегі малдың, ата- тектің, туыс- туғанның өрге ұмтылған ұланға жасар септігі де аз емес. Барлығы да қозғаушы күш.Нақ осы айтылғандардың басы қосылғанда ғана тарихи тұлға бүтінделмек. Онсыз әңгіме жасау, бір қортындыға келемін деу бекершілік.

Сонымен тағы да бірдеше  байламның реті келген сияқты. Олар:

1.Төле бабамыз үйлі- баранды болғанда бала- шағасын, ата- мекенін тастап, қожаларға келмеген. Себебі, Төленің барлық ғұмырында софылықтың нышаны да жоқ. Сейіттерден дін үйреніп, қалың найманға қожалар келіп, сіңді десе- сенімдісі  осы. Қылышты Қожаның атын естіп, оны іздеп келсе, ілімін “үйрет” дер еді. Әрі оған білім берер қожалар да көрінбейді. Баққызбағы қой ғана. Сөйте тұра оң жақта отырған қыздарын береді. Бұған сене қою ақылсыздық па, аңғалдық па оны өзіңіз біліңіз.

Нақ осы қожалардың Самарқаның билеушісі, атағы жер жарған, исі мұсылманға пана болған, самсаған әскері, саны белгісіз малы мен қазынасы бар Жалаңтөс баһадүрге қыз бермей қойғаны жайлы аңыз жиі айтылады. Барлығы М. Тынышбаевқа иек қағады. Тарихшының «айтуларға қарағанда» дегеніне мән бермейді. Алайда, М. Тынышбаевтың әулеттік шежіресінде  Төле, мөлшері 1475 жылдары туады. Бұл бұлтартпас факт.

Енді қараңыз: Жалаңтөс баһадүр 1576 жылы туып, 1656 жылы дүниеден озады. Екі бабамыздың туу мерзімінде аттай 100 жыл алшақтық бар. Төленің тірі кезінде  Алшын ішіндегі Төртқара руының Жалаңтөс баһадүрі туған да жоқ. Ендеше, Сүгіршіұлы Төленің қожадан қыз алғаныны ести сала Жалаңтөс баһадүр қожаларға құдалық аттандырды, айбатынан жарты әлем бас бұғып отырған Жалаңтөс баһадүрге қожалар қыз бермеді деу шылғи өтірік. Баһадүр ол шақта  қожа тұрмақ одан зорғысы болса да берсе қолынан, бермесе жолынан тартып алар еді. Ол заманда бұл қолбасшының қылышынан қорықпаған адам да, ел де жоқ еді. Баһадүр ым тастаса қожаң да, өзге де зыр қағып, өзі- ақ апарып тапсырарына талас қайсы.

Қарапайым есеп қожалардың Жалаңтөс баһадүрге қыз бермей қоюы жөніндегі аңызы түбірімен жалған екенін көрсетеді. Ту баста осы қиялға біз де сенген едік. Салыстыра келе қателескенімізді ұқтық. Төленің қожа қызын алғанын ести сала төртқара Жалаңтөс Баһадүрдің қожаларға құда жібергені тарихи тұрғыдан жалған. Аңыз ойдан шығарылып, қожаларды дәріптеу мақсатына құрылған.

Алшын жігіттері кешірер, бір сәйкестікті айту керек. Найман ішіндегі матайларда төртқара руы бар. Бұлар «Алшындағы төртқаралар бізден бөлініп қалған» дейді. Расында да, наймандар Баһадүрдің тікелей ұрпағы Әйтеке биге бүгін кесене салынған Нұратада тұрғанын, Алшын Жалаңтөс баһадүр жерленген Самарқанның түбінде найманның Ұлы атасы Өкіреш Шалдың жерленгенін алдыда жазғанбыз. Оны оқыдыңыздар. Әлде найман төртқаралар бөлініп кеткен бе? Түбі осы екі ру бір ата болуы әбден мүмкін.

2. Қазақ тұрмысы, тыныс- тіршілігі, даланың жазылмаған заңдары, көшпелілердің бар қарекеті намыстан қаланады, намысқа құрылады. «Ерді-намыс өлтіреді», «Жаным үшін- малым садақа, арым үшін- жаным садақа» деген аталы сөз осыдан қалған. Қазақтың бір Туы- Намыс. Бұлай десек, кеудесін көтеріп хандық құрған ну қазақтың бір бұтағы найман Сүгірші байдың жетім қызға құда түсуі, тіпті жалған. Қазақ жеті атасын білмеген жерден қыз алмаған. Бұл таза шындық. «Атасын көріп-  ұлын ал, анасын көріп- қызын ал» дегенді бүтін ұстанған. Тең деп санағанымен ғана құда болған. Сүгірші бай көптің бірі емес. Бірегейі. Ендеше өгей ме, жетім бе, әйтеуір, есікте жүрген кызды жалғыз ұлына алатындай басына не күн туыпты? Бұл Сүгірші емес, бүкіл руға түсер таңба. Осыны да ұғыну қиын ба? Қазақтың ішін білетін адам бұған күліп қана қояр еді. «Өтірігіңе береке берсін» деп. Біз өйте алмадық. Ақты- қарадан, дұрысты- бұрыстан айыруды көздедік.

Сүгірші кімге құда түссе де маңдайын шертіп жүріп айттырары анық. Оған дәулеті де, сәулеті де, атақ- абройы да жетеді. Демек, ол алса, таңдаған қызын ғана келін етеді. Жетімекті теңі көрмейді, алмайды. Расы осы.

З. Төлені алдымен «жетім»  деу, іле- шала «қатын- баласын тастап келген адам еді» деу не білместік, не күндестіктен туған. Білмесе- түзедік. Ал мемлекетіміздің негізі- қазақпен күндес таласу- бос далбаса. «Асын ішкен аяғыңа түкірме» дейді халық. Жомарт қазақ, қитұрқысы, қатпары аз қазақ өзгемен тең сөйлессе, өзгенің кірмелігін көрсетпей, іш тартқаны. Ал аса бастасаң, мойныңды бұрап, тезге де сала алады. Сөйтіп, күндестіктің дауасын оп- оңай табады.

Азды- көпті өрекпіп, эмоциямызды шығарып жатқанымызға жамағайын ренжімес. Қазақты төмендету арқылы өзгені көтеремін дегенге көне кетер қазақ жоқ қазір. Осыны еске салайық дегеніміз. Арынан жанын аямаған қазақ, ұлт туралы әңгіме көтергенде барын да аямайды.

Өз басым Сүгірші бай мен Қылышты қожалар тірі тұрған кездерінде мұндай келеңсіздіктер, бірін мақтау, екіншісін даттау болмағанына, құдалардың арасында жорға жүргеніне зәредей күмән кілтірмеймін. Ірі бабаларымыздың арасын ілгерінді, кейінгі етпектер  ұсақтар, майда-  шүйделер.

Жұрт аузында екі атамыздың өмірінен көптеген аңыздар сақталған. Мысалы, бір жиенін еркелетіп отырған Қылышты ата «Кел жиен асық атысайық» дейді. Сонда жанында отырған күйеу бала Төле жұлып алғандай:

-Ұстаз, онан да менімен ақыл атыссаңызшы! Үйретеріңіз түгесілмесе түпкіріңізді ақтарсаңызшы!-  депті.

Осы сәт Қылышты Қожа:

-Е, төңіректегіні де, түптегіні де түгендеп, теріп алғансың. Енді соның нәсібін түгел жемей, бөлісе жүр,- деп Төлені сөзден жығып кетіпті.

Қандай жарасым! «Ұстаз» дейді! «Ата» деп ағайын қылғаннан гөрі «Ұстаз» деп төбесіне көтереді күйеу бала. Ата айтады «Білгенімді үйреттім. Алла берген олжаң болса аумағыңды ұмытпа» деп.

Мөлшерлеп, Қылышты атамыздың да жасын шығаруға болатын сияқты. Кім екені де шамалап ажыратылады. Кейде «Төле баба Қылышты атадан діни білім алды» дегенге ойланып қалам. Ұстазға қылыш ұстау жараса бермейді. Сол жарықтық қолбасшы, батыр емес пе екен? Төлеге ел басқарудың жолын үйретпеді ме? Төленің ұстазы Қылышты ата ұстаған медресенің молдасы шығар? Адассам Алла кешірер. Осы сұрақтар жиі мазалайды.

Қызылордалық, қазақ еліне танымал азамат, мұсылман тарихынан жинаған нақтылы деректері бар ағамыз қарт Каспийдің арғы жағындағы әзірбайжандардың бұлғағын басып, Алла жолын орнықтырып қайтқан бір қожаның  Сыр бойында, Өзкент маңайында ғұмыр кешкенін жуырда айтып кетті. Осы жарықтық пен Қылышты атамыздың арасында ұқсастық бар сияқты. Зерттеуші ағамыз, бұйыртса, жазып та қалар. Сонда білерміз талай жайтты. Қылышты бабамыз Төледен көп үлкен болуы тиіс. Төле оның қызымен құралпас. Онда Қылышты қожа баба мөлшері 1450 жылға дейін туған. Одан тым әрі немесе тым бері тууы неғайбылдау. Қылышты ата Қазақ хандығы құрылуының көз көрген куәгері. Еңбек те сіңірген шығар. Әдетте, белсенді өмір сүрген ондай адамдар халықтық қозғалыстан тыс қалмайды, бел ортасында жүреді.

Бұл бабамыз да ұзақ жасаған сияқты. Ұрпақтары аталарының өмірден озар кездегі өсиетін ұмытпаған. Жарықтық «Менің басыма келмес бұрын, Төлеге барып сәлемдесіңдер. Сонан соң ғана маған келіп, құран оқыңдар»  депті.

Төле бабаның сексеннен асқанына сенсек, немерелері Қаракерей, Садыр, Матай, Төртуылдың алды отыз бес, арты жиырмаларда. Жеке шаңырақ иелері. Ата дәулеті түгесілмесе керек. Ұрпақ сабақтастығын, Төле бабаның туған жыл мөлшерін назарға алсақ, атамыз XVI ғасырдың елу- жетпісінші жылдары бақиға аттанған.

Төле бабаның төрт немересінен өрген тұяқтар Арқаға қарай ойысқан соң талай- талай дерек ұмытылып, тіпті, мана айтқанымыздай өрескел бұрмаланып кеткен. Төрт немеренің қотарыла көшуінің себебі де белгісіз.

Төле бабадан көш жөнінде жалғыз дерек қалыпты. Көз жұмарында төрт немересін жинап алып, «Төрт көзің түгел болсын. Көштерің қатар түзілсін. Түтіндерің қосылып, бір- біріңнен от сұрай жүріңдер» деген екен. Мұны немерелерінің Сырдан көшуіне берілген рұхсаты деп те, ажырамауды тапсырған өсиеті деп те қабылдауға болады. Аражігі ажырамайды.

Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл, Алла тілден сақтасын, тез өскен аталар. Олар Сыр бойында ел болып, ұйысқанымен, тәрізі, атаның асын берген соң ұзамай терістікке қозғалғандай. Бұлай десек Төле баба тағы бір көрегендік жасаған. Сыр бойында ел сығылыса отыр. Төрт немересін сол кезде- ақ етек- жеңді кеңге салатын Арқаға аттандырған екен. Ғажап! Бәрін өлшеп, бәрін пішіп отыр. Ғұмыр аяғына тақаған қарияның ұрпақтарын жаңа қоныс іздеуге аттандыруы, өзі туып- өскен жерінде қалуы қазақта кездесіп отыратын жайт. Сонау 1204 жылы 136 жасқа келген Құбатегін жырау далый- бақсы етіп орнына жап- жас Кетбұқаны көтеріп, өзі көне найманның мекені күн шығыста қалды емес пе. Бұл оқиға Төле атаның құлағында жүрді ме екен?

Барлық шежірелерде Төленің төрт немересінің түстерін аталарына жорытқандары айтылады. Ара- тұра аздаған өзгешеліктері кездескенімен негізінен бәрі  бір ойды мегзейді. Мысалы, Н. Оспанның шежіресінде ол жағдай өлеңмен былайша беріледі (Тұрсынхан Зәкенұлы. Сыр бойындағы Төлек ата, Қылышты ата кесенесі. Астана 2003 ж. 15- 16 беттер):

Айтады Қаракерей көрген түсін:

-Жүк артып қара нарға түнде көштім,

Алдымнан қалың тоғай кездесті де,

Жол тауып жүре алмадым, соған түстім.

Төлегетай:

-Тоғайға жол таба алмай қонып қалсаң,

Шырағым, көп болады мал мен басың.

Ұрпағың талша қаулап өседі екен,

Ұйтқысы төрт баламның сен боларсың.

 

Матай айтты: «Ту ұстап, тұлпар міндім,

Түсімде қалың көшті бастап жүрдім.

Мінеки, ата, менің көрген түсім,

Өреңге қалың жайлап, ел қондырдым.»

Төлегетай:

-Шырағым, мен кәрімін, сен баласың          .

Сен дағы толып жатқан ел боларсың.

Табанынан ел тайған заман болса,

Қонысты барлығына сен табарсың.

 

Садыр айтты: «Түсімде боз ат мініп,

Бес қару, жарағымды қолыма іліп,

Мінеки, ата, менің көрген түсім,

Жеңілдеп жүр екенмін топтан шығып».

Төлегетай:

-Түсіңде балам жүрсең боз ат мініп,

Бес қару, жарағыңды қарыңа іліп,

Бірталай өсіп- өніп, ел боларсың,

Басыңнан кетпейді екен жаугершілік.

 

Төртуыл «Бақтым,- дейді- бір қысырақ,

Жануар кете берді тым бытырап.

Атеке, осы менің көрген түсім,

Қайрып ала алмадым, басын құрап.»

Төлегетай:

-Түсіңде бақсаң балам қысырақты,

Мекенің болмайды екен бір тұрақты.

Өсімің өзгелерден кем болады,

Арт жағың болады екен бытыраңқы.

 

Түс көру, оны жорыту қазақ ауыз әдебиетінде жиі кездеседі. Мысалы, Абылай ханның түс көруі, оны Бұхар жыраудың жоруы. Сондай-ақ, Шыңғыс ханның төрт ұлының түс көруі.

Төрт немереге Төле бабаның көзі тірісінде айтқан өсиеті күні бүгінге дейін бәз- баяғы қалпында орындалып келеді. Қаракерей, Матай, Садыр Төртуыл әлі қатар қонады. Жұбы жазылған жоқ.

Төленің немерелері Сырдан қай өңірге бет алғанына көнені көп зерттеген, Қаракерей Қабанбай батырдың ғұмырына жетік, тарих ғылымдарының докторы Мұхтарбек Кәрімов мынадай дерек келтіреді: «Қабанбай батырдың елі- Қаракерейлерде ата- бабаларының Есіл- Нұрадан, Арқадан келгенін әлі күнге білетіндер баршылық. Аягөзде тұрған, шежіреші, сүйегі мұрын Зейнолла Сығаевтың айтуынша Қабанбайдың ұлы бабасы Байыстың қыстауы  Ордың Қараағашының алдындағы Қазаншұңқыр деген жерде болған (Омбы маңы деп түсіндірді). Одан шығысқа тік жүргенде бір күндік Жалтыркөл деген жерде күзеуі болған. Сол сияқты Байыстың ұлы Сарымырзадан туатын Жолымбеттің зираты да Есіл- Нұрада» деп жазған еді.

Ден қоятын мағлұмат. Төледен Байысқа дейін төрт ата- Қытай- Қаракерей-Айрам- Ерторы бар екенін ескерсек, Төле көз жұмған соң алды 100, арты 75 жыл мөлшерінде қаракерейлер Арқадан көрінеді. Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының территорияларында Қарағаш, Қазаншұңқыр, Жалтыр көл ауылдары әлі бар. Жолымбет Астанадан жетпіс шақырымдай. Жергілікті жұрт та «сүйегі найман» дейді.

Кейбірі, тіпті, Омбыдан да асып кетіпті. Тюмень мен Омбының арасындағы наймандардың дастарханынан дәм татқанбыз. Жақында Ноғай- Сібірден (Новосибирск) «Қабанбайдың ұрпақтарымыз. Найман- Байжігітпіз» деген екі азамат келіп кетті. Байжігіттен бері түсе алмады. Таңданарлығы, олар Қаракерей Қабанбайдың зираты Есіл- Нұра арасында екенін аталарынан, үлкендерден бала кездерінен біледі екен. Орда ауданынан. Өзге емес, аудан аты- Орда. Екеуі де қазақша еркін сөйлейді. Ноғайсібірге қашан, қалай орналасқандарын білетін адамдар болса, анықтап, қайта оралмақ болып аттанды. Мүмкін солар дерек әкелер.

Аталастарымыздың бүгінгі қоныстары айран- асыр етеді. Хорезмде жүрміз, Алтай тауда тұрамыз, Хиуада сан ауыл, Самарқанда тұтас жұрт. Тюменьдегілер тегін ұмытпаған. Найман өмір бойы көшіп жүргендей әсер аласың. Осының шындығы- ХІІІ ғасырда жеткен орындарына орныққандары да, жайлы жер іздеп көшкендері де бар.

 

V

Осыншалықты өрісті болатынымызды Төле баба көзі тірісінде болжапты. Немерелерінің қандай болатынын айтып кетіпті. Кімге қандай нәсіп, олжа берерін Алла ғана біледі ғой. Жаратушы иеміз атамыздың аузына салды ма екен, баба сынының шындығы мол. Шау тартқан мезетінде төрт немересін жинапты:

-Не біліп, не сұрағыларың келеді?

Олар ойланып, ертесіне жиналыпты.

-Қазылығың қиын болды ма, датқалығың ба? Ұлдың жаманы қандай, қыздың жаманы қандай?

Баба былай жауап қатыпты:

-Қазының алдына дау қуған екеу жүгінеді. Ары кетсе екі топ. Бірі, көзі айтып түрады, «Тәуекел» деп отырады. Ол- арамза. Екіншісі, «Алла»  деп келеді. Ол- ақ. Екеуінің арасын ажыратсаң жетіп жатыр. Өзің де адалсың. Қазылық түк емес, жүрегің тазада.

Қиыны- датқалық. Қазы елдің арқасында күн көреді. Ел датқаның пысықтығымен көжесі қатықты болады. Қазыны ел асыраса, датқа елді асырайды. Қазы айтқан билігіне, төрелігіне ғана жауапкер. Датқа елінің тоқтығына, жерінің бүтіндігіне жауапкер. Қиыны да осы.

Бірақ бұл сауалдарыңа қарағанда екіншілерің салмақты. Ең қиыны- төліңе төрелік айтқан. Дегенмен де, қыз жаманы қиын- ау. Ұл жаманы үй- ішінде, ары асса ауыл арасында. Бүлдірсе өз қотанында бүлдірер. Дабыра барар жер шамалы. Тезге салып түзерсің. Төске салып шыңдарсың. Шіріген жұмыртқа сұңқардан да шығады.  Қыз жаманы екі елді бірдей бүлдіреді. Жақсы атаны жат елде жаман атқа қалдырады. Жұртыңды өсекке, өзіңді есекке мінгізеді. Құда жұртпен іргең айырылады. Өрісің тарылады.

Қарақтарым, ұлды ұяға, қызыңды қияға қондырарда жеті рет өлшеп, бір рет піш. Үлкеннен ақыл, данадан кеңес сұраңдар-, депті- Ақсұлу аналарыңдай кеңесті, Тоқсұлу аналарыңдай келісті келін шаңырақтың бағы ғой.

Төле бабадан қалған нақыл көп.

Барлығын жиып- тере бергенді мақсат тұтпадық. Ойымыз ұрпағына, шама- шарқымызша таныстыру- тын. Үдеден шықсаң- олжалымыз. Қосарыңыз болса қуанамыз.

Сөз басында ескерткенбіз, Төле бабаның өз тұсына, алды- артына талдау жасау арқылы ғана бабаның кім болғанын зерделедік. Көне көз кариялардан естігенімізді, құлаққа жеткендерді қылдай қиянат жасамай жазуға ұмтылдық. Барды- бар, жақты- жоқ қалпында көрсетуді ниет еттік. Ендігісі өзіңізге, дүниетанымыңызға, халқының тарихына, қазақтың Ұлыларына деген ниетіңізге байланысты. Отаншыл болсаң орта жерімізді толтырарсыз. Даукеске- шара қайсы?

 

VI

Сонымен бар сөзіміздің ұзын- ырғасын жинастырайық.

1. Шежіре бойынша Найманның бір атасы- Өкіреш. Өкірештен- Белгібай, одан- Сүйініш (Сүгірші). Сүгіршіден (Сүйініш)- Төле туады. Төледен- Қытай жалғыз. Қытайдан төртеу- Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл. Төле де, оның аталары да Сыр бойында туып- өскен. Төле шаңырақ құрған шағында әкесі, атақты Сүгірші бай тірі. Атасы Белгібай немере қызығын көріп, шөбере сүюі мүмкін. Төленің екі жасында жетім қалғаны жөніндегі аңыз түбірімен жалған. Атамыз жетім қалмаған. Текті ата, Сыр бойында үлкен күшке айналған наймандар жетім қызды келіндікке алды деу біреулерді көтермелеу үшін ойдан шығарылған.

2.      1480 жылдан 1511 жьілға дейін қазақ тағында отырған Бұрындықтың тұсында Тәңіршілдік қуғын- сүргінге ұшырады да, ақыры осы қылығынан Бұрындық елден қуылды. Тәңіршілдік қайта өрледі.

  1. Саяси- діни ахуал Бұрындықтан соңғы 1511- 1518 жылдарғы тақ иесі Қасым хан тұсында бірқалыпты. Тәңіршілдікке шек қойылмады. Сөйтіп, исламға қосымша қолдау қажет- тін. Оны тек қазақ руларымен бірлесу арқылы жүргізуге болады. Осындай сәтте Сүгірші бай Қылышты Қожа әулетіне құда түсті.
  2. Сайдтар  мен қожалар  Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың ұрпақтары емес.
  3. Қазақ тілінде, түркі тілдерінде «қара» сөзі көп мағыналы. Кейде түсті білдіреді. Ал адамға, халыққа қаратылып, «қара» сөзі қолданылса ол көп, көпшілік, негізі, қалың, мол деген ұғымда. Демек, «қара халық» деген сөз көпшілік, негізі дегені. Расында да, қазақ даласының көпшілігі, негізі иесі қазақтар.
  4. Осының жалғасы. Қазаққа «ақсүйек» сөзі кейінде  келген. Ойлаймын, орыстардан жұққан. Қазақ игі- жақсыларын «қаракөк» деген. Мысалы, Абылай арғы атасы Шыңғыстан бері тартып, желісі үзілмеген қаракөктің ұрқы. Ал , «сүйек» сөзі қазақта өлікке немесе итке тасталатын мүжіндіге қарата айтылады.
  5. Сондықтан да, Қазақстандағы негізгі халық, қара халық- қазақ, өздерін бөлек атаушылар- сіңбелер, тегі белгісіздер.

8.Ислам қазақ даласында Төледен кейін, Салхам Жәңгірдің тұсында (1628- 1652 ж.ж.) біршама өрлеген сыңайлы. Бұған Салхам Жәңгірдің өзбектермен, әсіресе, Самарқан билеушісі Алшын- Төртқара Жалаңтөс баһадұрмен тығыз ынтымақ орнатып, алыс- берістің жиілеуі әсер еткендей.

9. Ара- тұра, қазақты әсіре діншіл емес, исламға бетбұрысы бәсең дегендей кінәға жығуға талпыныс бар. Осы айыпты көтерушілер Ливия, Ливан, Сирия, Мысыр арабтарының 10 пайызына дейіні өзге дінде екенінен хабарсыз-ау. Буддаға табынатыны, еврейлердің синагогасында жүретіндер де аз емес. Нанбасаңыз, діни әдебиеттерді оқыңыз. Тіпті, Саудтықтардың ішінде де өзге діндер біржола өшпеген. Бұларға қарағанда, тәубә, қазағым көш ілгері. 10 пайыз не істесең де шықпайды. Байсалды қазаққа ондай жала жаппас бұрын өзгеге үңіліп, салыстыр.

Төле атаның алды, арты жайлы ғалымдар, шежірешілер, жазушылар әлі талай қалам тартарына сенімдіміз. Біз мол мұраның шетін ғана аштық. Шамамыз келгенше құлақта, қағазда жүргендерді, «осыны алдымен ұсынайық»  дегендерді жеткізуге талпындық. Ойымыз Төле бабаны кейінгі ұрпағына таныстыру еді. Үдеден шыға алсақ- олжалымыз. Сөз басында ескерткеніміздей- сол заманындағы барлық оқиғалар топтамасын саралай отырып, пікір түйдік. Сізге де ой салдық.

Дау- шарға емес, берекеге арнап жаздық.

Алла аманшылығын бергей!

 

Соны деректер

І

2003 жылы кітап баспаханада теріліп, дайын болып қалғанда Төле баба туралы таң- тамаша бір деректі Астрахан қаласының тұрғыны Найманбаев Алдияр қария алып келді. Жасы сексен екідегі зейнеткер. Тарих пәнінің маманы екен. Немересі Қарағандыдан қыз алып, құдалықта отырғанда Қаракерей Кабанбай батырдың кесенесін естіп, арнайы соғыпты.

-Жөн! Ал, енді Төле, Қытай бабаларың тұрғысында не білесіңдер? - деді.

Қарт ширақ. Сақал- мұрты аздап қана бозаңқы тартқан. Тіп- тік. Көзәйнек те кимейді. Манадан бергі, дастархан басындағы бір сағаттан астам әңгіме үстінде коңыр үнімен жайлап қана сөз тастайды. Малдасын жазбады. Біз «Төле», «Қытай» деген сөздерді бөліп айтқанына елең еттік:

-Төлегетай бабаны айтасыз ба?

-Дұрысы, әкесі - Төле, баласы - Қытай дейтін атам. Сөзіңді сабақтай бер

Білгенімізді ширатып айтып шықтық. Қағазға түсіріп, тасқа басқызбақ ойымыз барлығын  жеткіздік.

Ақсақал әлденені есіне түргісі келді ме, яки көмейге келіп қалғанын айтар, айтпасын білмеді ме, сәл бөгелді. Сонан соң барып, былай деді:

-Онда бір нәрсені қосып жаз. Өзің өлшеп- пішерсің. Менікі атамнан естігенімді түйе жүрсең дегендік. Байқадың ғой, Өкірештен Белгібай жалқы, одан Сүгірші жалқы, Сүгіршіден Төле жалқы. Содан екен Белгібай бабамыз «Шөбере көріп өлемін. Біз, нәрестенің иісі таңсық әулет болдық- ау! Төледен төл өрсе, бір иіскеп көз жұмсам арманым жоқ» деп, Төлеге он бес жасында қатын әперіпті. Дәулет асып жатыр, бедел тасып жатыр. Керегі ұрпақ қана.

Амал қанша, келіні бес жыл бала көтермепті. Сонда Белгібай мал шалып, қүдайға атап, жалбарыныпты.

-О, Тәңірім! Кешіре гөр! Қартайғанда қай сайтан айналдырды екен мені? Беретін де, алатын да өзіңсің. Бермесіңді сенен кім тартып алады? Менікі қате болыпты. Шөбере бересің бе, бермейсің бе, о, Құдай, ол сенің рақымыңнан. Шөберемді көретін ғүмыр бересің бе, бермейсің бе, ол да сенің қолыңда! Құлыңды аяи көр! Кешір, Алла, кеше гөр!

Сөйтіп, жазғы шілдеде отыз күн ораза ұстапты. Сонан соң келініне кісі салып, Төлеге тоқал әперуге пейілденгенін хабарлапты. Міне, осы кішілікке алынған- қожаның қызы екен. Етегіне төл біткен осы анамыз. Қытай- қожаның жиені дейтіні содан.

Біз аң- таңбыз. Алдияр ата мұны да қалт кібермеді.

- Менің түп отаным- Аягөз деген жер екенін атам жиі еске алатын. Бұйыртса екі- үш күнде солай жүремін- ау. Атам Найманбай патша тұсында Омбыға, одан  Орынборға оқу іздеп кетіпті. Әкем сонда туады. Мен де Орынборда тудым. Кейінірек қуғын басталғанда Астрахан астық. Содан сонда тұрып жатырмыз.

Атам марқұм керемет шежіре еді. Жиып- тергендерін апам марқұм жоғалтып алыпты. Төле, Қытай аталарым  ес біле- ақ құлағымақұйылған. Ол заманда мал- жаны мол, ауқатты әулеттен шыққан азаматтардың үш- төрт қатын алмағаны сирек. Сирек деймін, әй, жоқ- ау. Айта берсек, Төле атамыздың жиырмасында тоқал алуы заңды да. Әуелгі кезекке ұрпақты қоятын казақтың қай- қайсы да шамасы келсе солай етер еді ғой. Оның үстіне бұл үлкендердің қалауы. Ол Төле бабалар тұсында екі етілмейтін. Әкем марқұм өздерің сілтеген Жаңақорған жағындағы Төле ата бейітіне барсам деп жүруші еді. Онысына жете алмады. Бұйыртса, мен көрермін осы жолы. Сен былай етсең қайтеді, балам. Қайда, қалай баратынымызды, кіммен жолығарымызды жазып бер. Үш адамбыз. Мейманханадан орын табылар. Ешкімге салмақ салмаймыз.

Алдияр ата Қаракерей Қабанбай кесенесін қиып кете алмай қиналғанын аңғардық. Үш қайтара құран оқыды. Батасын берді бізге. «Ата, елге қайтпайсыздар ма ?» дегенді айтуға батпадық. Қарттың онсыз да жүрегі сыздап барады.

Осы әңгіме жайлы не айтуға болады? Сенеріміз қайсы, сенбесіміз қайсы? Алдияр ата, сонау, Астраханнан өтірік айту үшін келмегені анық. Өзі де, сөзі де аса байыпты екен. Төленің екі қатын алуы сол замандардағы қалыпты жағдай.

Төле бабамыздың қожа қызын кішілікке- тоқалдыққа алғаны жөніндегі дерек аса маңызды. Солай болуы әбден мүмкін. Төле атаның кейінгі, оныншы ұрпағы Қожақұл баласы Ерасыл- Қаракерей Қабанбай атамызды екі әйелі болды деп келгенімізді, бірақ көптеген шежіре қарттардың Хан Батыр үш әйел алғанын бүгіндері бірауыздан айтатынын естеріңізге сала кетпекпін. Алдияр ата дерегінде шындық жатыр.

 

ІІ

 

Арада бес- алты жыл өте шықты. Баба кесенесі ашылғанда Өзбекстанда тұратын, Төлегетайдан тараймыз дейтін біраз садыр, матай, балталы , бағаналы  найман келді. Олар да шежірелерін ұмыта қоймапты. Ұрпақтан- ұрпаққа өткізіп келе жатыр екен. Солар  Алдияр атаның дерегін айна- қатесіз қайталап, Күнімбике анамыз кіші шешеміз екенін айтып отырды. Бабамыз бәйбішесінен бала сүймепті. Сонан соң қожаның қызына құда түскен екен. Бұл наймандардан естіген шежірелік аңыздар тіпті айран- асыр етті.

 

ІІІ

 

Өзбекстандағы қазақ наймандарда мынадай аңыз сақталыпты. Жалғыз ұл Қытайдың ерте дүние салуы Төле атаға өте ауыр соғыпты. Бірақ, бабамыз езіліп, ұнжырғасын түсірмепті. Қытай сол жиырма алты (отыз үш) жасына дейін екі келіншек алса керек. Әкесі Төле кіші анамызды өз қайын жұрты қожалардан әперіпті. Қытайдың бәйбішесі ұл бала көтермепті. Бірақ кіші келіншектің төрт ұлы сол кісіге үйірсек екен. Қытайдың жылдығын берісімен Ата келінін шақырып алып:

-Құдайдың амалына шара қайсы? Балам, басың жас. Обалыңа қалмайын.  Осы елден- найман ішінен таңдаған адамыңа  тұрмысқа шық. Көз алдымда жүр.- депті.

Жұрт арасында жасы қырыққа таяса да үйленбеген, серілеу, Садақ деген жігіт бар- тын. Тәрізі, балталы, бағаналыдан. Құрдастары жасы мен атын қалжыңға қосып Қырықсадақ атап кетіпті. Келін сол азаматты қалапты. Төле ата жасауы мен малын мол беріп, келінді ұзатып, ауылда қалдырыпты. Бірақ бәйбішеге бауыр басып кеткен төрт ұл шешелеріне ермесе керек. Ата да соны қалапты.

Арада қанша өткенін шежірешілер есіне сақтамаған екен. Әйтеуір, сәтін салған жылы Қырықсадақтың шаңырағында шекесі торсықтай ұл туыпты. Атын Жүсіп қойыпты. Бала сонша сабырлы, салмақты болып өсіпті. Артық сөзге жөқ, шаруасына керемет пысық, тұйық екен. Осынысына қарап жеңгелері:

-Майдан қыл шықса да, мұның аузынан сөз шықпас,- деп Жүсіпті әзілге сүйеп Қылауыз атап кетіпті.

Қырықсадақ одан өзге ұл көрмепті. Өзі де бір атадан жалғыз екен. Содан егделене келе:

-Мен де жалғыз, сен де жалғыз болмайық. Екеуіміз екі ата болайық. Ел ағайынды Қырық садақ, Қылауыз атап жүрсін,- деп баласын жеке ата санап кетіпті.

Уақыт өте Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл Сырдан қоныс аударуға ниеттеніпті. Қырықсадақ бұл шақта бақилық екен.  Төрт ұл  көш қамдағанда шешелері:

-Әбден қоныс тепкен соң келіп, көшіріп әкетерсіңдер. Әзір төркін жұртымда қала тұрайын,- деп Сыр дарияның жағасындағы қожалармен қоныстас қала беріпті.

Кейін ұлдары іздеп келгенде жасы ұлғайғанын, құдай қосқан қосағының осы топырақта жатқанын, бөтен жерге енді үйренісе алмайтынын сылтау етіп, көшпей төркінінде қала беріпті. Содан нағашыларында қалған Қырықсадақ пен Қылауыз жүре келе қожаға сіңіп, қожаның ішіндегі екі ата болып кетіпті.

Кейін сұрастырсам, Сыр бойындағы қожалардың ішінде Қырықсадақ және Қылауыз деген аталар бар екен. Төлегетай бабаның кейінгі астарына барғанымда бір- жарымен әңгімелестім. Рас, қожаларға қосып отыр өздерін.

 

ІҮ

Өзбекстандағы наймандардың шежіресіне ұқсас жағдайға тағы да кездеспесем осы әңгімені қозғамас едім. Шежіренің бір дерегіне сүйеніп, «Шыны осы» дегенге өз басым қарсымын. Бірақ, мынаны қараңыз: «Төлек атайға нәзірге берген қырғыздың қызын қосады. Онан туған балалар Қырғыз, Қырсадақ, Қылауыз. Қырғыздан бала жоқ. Қырсадақтың жарымы найман, жарымы қожа болып жүр» ( Найман, Алматы, 2008 жыл, үшінші кітап, 322 бет). Бұған не деуге болады? Талдап көрейік. Егер осы шежірелік дерек өзбек наймандарының айтқанын дөп басса жан- жақты қарастырудың қажеті жоқ еді.  Қазақ шежіресінің нормасы- оқиғаны құбылтып отыруы. Ауызша таратылатын себепті де кей тұстар ұмытылып, қайсібір оқиғалар қосылып отырады. Мына жағдай нақ осылай. Төле атай келінін Қырсадаққа қосқанын, одан Қылауыз туғанын өзгертіп жеткізеді. Бұлай деуге себеп бар. Төле атаның бар ұрпағы ұстанып отырған шежіреде Төледен жалғыз ұл- Қытай туады. Әдетте әр қиырға тарта беретін шежіредей емес   Төлегетай шежіресінің қайсысын алсаңыз да бірауызды. Төленің жалғыз ұлы- Қытай. Шәкәрім қажы ғана әке мен баланың орнын ауыстырып, Қытайды әке дейді. Соның өзінде де Қырғыз, Қырсадақ, Қылауыз аталмайды. Төлегетай шежіресінде мұндай адамдар еш жерде кезікпейді. Ойландыратыны осы. Алайда балталы, бағаналы найман ішінде бұл аталар бар. Есіңізде шығар, өзбек наймандарының шежіресінде Төленің келінін балталы, бағаналының Қырықсадақ деген жігітіне ұзатқаны. Міне, оқиға біртіндеп айқындала бастады. Қырықсадақтың ұрпақтары түгелдей қожаға сіңіп кетпеген. Бір бөлігі аталастарына барып қосылған. Өз жұртында өсіп- өніп жатыр. Мұнда Қылауыздың аталмауы дәстүрлі жағдай. Найман Қырықсадақты жеке, Қылауызды жеке ата деп қабылдамаған. Қылауыз- Қырықсадақтың баласы қалпында жүр. Дұрысы да осы секілді. Ал жан саны жағынан найманның кез- келген тармағынан әлдеқайда аз қожалар ата санын көбейтуге мүдделі. Сол себепті де Қылауызды дербес бұтақ ретінде атап жүрген сияқты. Мұндай жағдай  шежірелерде көп кездеседі. Және өзін- өзі ақтап, кейігі ұрпақтар кіндік атасын мойындамай кететіні де бар. Бірақ ата таратудан тиянақты хабары бар азаматтар барлығын біледі, ішіне сақтайды. Тап басып дәлелдеп бермесең келіспейді. Осынысы шежіремен алғаш айналыса бастаған жылдарымда ашуымды шақыратын. Кейін келе парығына бардым. Осылай деп тапсырып кеткен атадан қалған аманатқа адалдық екен. Табан тірер себебі де бар шығар. Бір қазақ болған соң, қазақ екеніне мақтанған соң мұндай жағдайлар аса шағымды- принцпті де емес тәрізді.

Соңғы деректер қайсібір туыстарымызға ұнамай жатса ғафу өтінемін. Кез- келген дерек екі- үш қайталанған соң, ол міндетті түрде көпшілікке жеткізілуі тиіс. Әркім аталасын танып, ағайынымен араласып жүргеніне не жетсін!

 

***

Енді, Құрметті оқырман, Сізге өтінішіміз бар. Төле, Төлегетай, Төлеқытай, Төлекатай жөнінде көне жазбалар көзіңізге түссе, кез- келген дерек құлағыңызға тисе жинай жүріңіз. Бізбен хабарлассаңыз нұр үстіне, нұр!

Камал қажы Әбдірахман

Қаракерей Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысы

-1
7113
2