Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 772 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
03:39, 18 ноября 2013

Қытай қазақ студенттер бірлестігі бүкіл Қытайдағы қазақ студенттерінің басын қосуда

Blog post image

ҚЫТАЙ. 5 қазан. BAQ.KZ - Алып ел Қытайдағы қазақ студенттерінің басын қосқан «Қытай қазақ студенттері бірлестігі» жұмысын бастағанына бір жыл болды. Оның төрағасы, Қиыр шығыстағы Шандұң өлкесіндегі Қытай мұнай университетінің 3-курс студенті Ұлан Бағланұлымен сұхбатымызды ұсынамыз.

– Ұлан, Қытай қазақ студенттер бірлестігін құру ойы қалай пайда болды?

– Былтыр Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының IV Құрылтайы жайлы ақпараттарды Қытайдағы өзім сияқты жастар сондағы қазақ сайттарынан қалт жібермей қарап отырдық. «Бұл Құрылтайдың тағы бір ерекшелігі - оған жастар көп келіп отыр. Бұған дейінгі басқосуларға қарағанда бұл жолы Қазақстандағы және басқа елдердегі жастар мен жастар ұйымдарының, студенттер бірлестіктерінің көшбасшылары көптеп келді. Делегаттардың 60 пайызын 30 жасқа дейінгі жастар құрайды» деген ақпаратты көзім шалды. Қытайда бірде-бір студенттер бірлестігінің жоқтығы көңіліме өкініш ұялатты. Сөйтіп, елдің түкпір-түкпірінде оқып жүрген жастардың басын қосатын бірлестік құру байламына келдім. Бұл арманым сол жылы қазан айында Пекин орталық халық радиосының бас болуымен Қытайдың астанасында өткен «Тұңғыш Қытай қазақ студенттерінің кәсіптену және ғылым-техника жаңалықтарын ашу мәжілісінде» орындалды. Осы 3-ші қазан күні «Қытай қазақ студенттерінің бірлестігі» ресми түрде құрылды. 180-дей қазақ студент қатысқан мәжіліс бірлестіктің алғашқы құрылтайы болып есептелді. 
Қытай қазақ студенттер бірлестігінде қор қоғамы бөлімі, ғылым-техника бөлімі, хатшылар бөлімі, аударма бөлімі, жоба-жоспар және кеңес беру бөлімі, Мәдениет, спорт бөлімі, үгіт бөлімі, сауда-экономика бөлімі, заң бөлімі бойынша жетекшілер жұмыс жасайды.

– Алып Қытайдың әр қиырындағы қазақ студенттерінің басын қосу қиынға түсері анық. Бірлестіктің әр жерде бөлімшелері жұмыс атқаратын шығар?

– Иә, бірлестіктің екі жерде негізгі орнын құрдық. Бейжіңдегі оталығымыздың тізгінін Пекин орталық ұлттар университетінің 4-курс студенті Нұрдәулет Бөкейханұлы қолына алып отыр. Ал, Шыңжаңдағы студент жастарға бас болып жүрген замандасымыз Шыңжаң медицина университетінің 4-курс студенті Серік Ескенұлы. Пекиндегі орталық саяси жағынан ерекшеленсе, Шыңжаңда адам күшінің салмағы басымырақ. Бірлестігіміздің он алты өлке, екі автономиялы район, төрт үлкен қалада бөлімшелері бар. Орталықтар мен бөлімшеміз 40-тан астам басшылар мен 300-дей мүшелерді құрап отыр.

–Жұмыс бастаған бір жыл ішінде қандай жоба-жоспарлардың үдесінен шыға алдыңдар?

– Биыл қаңтар айында ауыр науқасқа тап болған Қастер атты қандасымызға көмек керектігі осындағы қазақ сайттарында айтыла бастады. Біздің бірлестіктің жастары Қастер ініміздің емделуі үшін жарты ай ішінде 160 мың юань (4 миллион теңге) қаржыны жинап бердік. Осы мақсатта біз Үрімжідегі «Алмалы» ресторанында қайрымдылық концертін өткіздік. Сол кеште 23 мың юань (600 мың теңге көлемінде) жиналды. 10 қаңтардан бастап Шыңжаң педагогика университеті жанынан бірлестік атындағы тіл курстары ашылды. Онда бірлестігіміздің белді мүшелері докторант Шынар Әбдісалықұлы, Әділет Ахметұлы және Нұрдәулет Бөкейханұлы қатарлылар ағылшын, орыс тілдері сияқты бірнеше шет тілін үйретумен қатар қазақ тілін үйренушілерге тегін курс ұйымдастырды. Сәуір айында отбасылық жағдайы нашар 6 студенттің оқу ақысын төлеуіне де қаржы жинап, бөліп бердік. 
Наурыз айында бірлестік жағынан «Сын-айна» атты театр өз шаңырағын көтерген болатын. Театрға жауапты құрбымыз Ералы өнерлі жастардың басын қосуға ұйытқы болып жүр. «Темірқазық» атты журналымыздың жобасын да дайындап қойдық. «Сахара» сайтының жетекшісі Берік Біләлұлы екеуіміз бірлестіктің сайтын (www.kzstudents.com) 1 маусымда құрған болатынбыз. Сайтымызды қазір Ризабек Тұрсынбайұлы басқарып отыр.
1 маусым халықаралық балалар күніне орай Шыңжаң балалар үйіндегі қазақ балаларының мерекесін сондағы бөлімше басшылары бас болып өткізіп берді.

 

– Қазір қандай жұмыстарды қолға алып жатырсыңдар?

– Қазіргі кезде бүкіл Қытайдағы қазақ студенттерінің нақты санағын жүргізіп жатырмыз. Бірлестіктің құжаттарын заңды түрде қалыпқа түсіру жұмыстарын жасаудамыз. «Сахара тінтуір сырмақшаларын» шығарып жүрген Берік Жәлелұлымен бірлесіп бірлестіктің ұлттық нақыштағы өнімдерін шығаруды қолға алып отырмыз. Бұдан да маңыздысы, он шақты тілде жұмыс жасайтын Шыңжаң аударма орталығын құрғалы отырмыз. 
Мәдениеттен мәйектеніп, ғылым-білімменен, заң-ережелермен қаруланған, әдеп-ибамен әрленіп, ортақ үйреніп алға бассақ деген мақсатпен басымызды қосып құрылған бірлестігіміз алдағы уақыттарда талай жұмыстарды тындырады деген сенімдемін.

– Алда алатын асуларың көп болсын! Біз де жастарға сенеміз.

 

Сұхбаттасқан: Майгүл СҰЛТАН

BAQ.KZ

 
0
1335
0