Нұрлан Дәулетханұлы: Қытайда қазақ спортшыларын қысқартуда

Майгүл СҰЛТАН 2013 M11 18
415
0
0
0

АСТАНА. 1 қазан . BAQ.KZ – Қытайдағы қазақ спортшыларының қатары азайып бара жатыр. Қанат Исламның Атажұртқа оралуы, Зүлфия Чинчанло мен Мая Манезаның Олимпиада төрінде Қазақ туын желбіретуі Қытай...

АСТАНА. 1 қазан . BAQ.KZ – Қытайдағы қазақ спортшыларының қатары азайып бара жатыр. Қанат Исламның Атажұртқа оралуы, Зүлфия Чинчанло мен Мая Манезаның Олимпиада төрінде Қазақ туын желбіретуі Қытай спортының қатаң «тәртіпке» түсуіне себеп болды. Енді қандастарымыз өз күштеріне сүйеніп жарыстарға қатысуға мәжбүр болуда. Жақында Астанада өткен белбеумен күрес бойынша 10 реткі ересектер арасындағы әлем чемпионаты және жастар арасындағы Азия чемпионатына Қытайдан жалғыз қандасымыз ғана қатыса алды. Оны бастап келген де, демеуші болған да Нұрлан Дәулетханұлы есімді бапкер болып шықты.


– Нұрлан Дәулетханұлы, өзіңіз Қытайдағы қазақ спортшыларын Қазақстандағы жарыстарға жиі әкеліп қатыстырып жүр екенсіз. Спортқа қандай қатысыңыз бар?
– Негізінде мен де күрес шеберімін. Спортпен басталған жолым бауырларыма демеушілік және сыртпен байланыс орнатуға жалғасып отыр. Биылдан бастап спорттан қол үздім. Қытайда спорт командаларынан қазақ спортшыларын қысқарту бізді де айналып өтпеді. Қанат Исламның Атамекенге оралуы, Зүлфия Чинчанло мен Мая Манезаның Олимпиадада Қазақстан атынан шығуы Қытайды ойландырмай қоймады. Спорттан қол үзген азаматтар өз күшімізге сүйеніп өнер көрсете бастадық. Есесіне спортшыларды қолдау мақсатында құрылған Джезуджин деп аталатын қорда жұмыс істеп, Қытайдағы қазақ спортшыларын Қазақ елімен байланыстыру жолында аз болса да еңбек етіп жатырмын. Оларды өзім әкеліп қана қоймай, қаржылық жағынан да демеу көрсетіп жүрмін. 
– Қазақ елімен байланыс орнатуыңызға не түрткі болды?
– Менің Қазақстанға Қытайдағы қазақ спортшыларын әкелу, оларға қаржы жағынан демеуші болу жұмысым 2009 жылы Қызылордада өткізілген Қазақстан Республикасының қазақ күресінен 5-ші турниріне келуімнен басталды. Ол кезде өзім де күреске қатынасқанмын. Қытай атынан келген төрт спортшы үш қола медальді қанжығамызға байлап қайтқан болатынбыз. Сол кезде Қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкеев ағамызбен жақын таныстым. Сол арқылы Қытайдағы қазақ спортшыларын Атамекенде өтетін спорт сайыстарына жиі қатыстырып тұруға үлкен мүмкіндік алдық. Сөйтіп, 2010 жылы Өскеменде өткен жарысқа да шақыру алдық. Оған екі спортшыны алып келдім. Түйе палуан Есбол деген азаматымыз екінші орынды иеленсе, Ербол атты жігіт үшінші орынды еншіледі. Былтыр Астанада өткен қазақша күрестен әлем чемпионатына да шақырылдық. 
– Шақырылған чемпионаттарға толық қатысып жүрген болдыңыз ғой?
– Жоқ. Аталған сайыстардан өзге де бірнешеуіне шақырту алғанымызбен дер кезінде виза ала алмағандықтан мүмкіндіктерден айырылып қалдық. Қытайдағы виза алудың қиындығы себебінен Қазақстаннан өзге мемлекеттердің кей жарыстарына қатынасу мүмкіндігінен айырылдық. 
– Қалидан Бекенұлын да өзіңіз бастап келіп отырсыз ғой?
– Иә. Осы жолғы Астанада өткен белбеумен күрес бойынша 10-шы реткі ересектер арасындағы әлем чемпионаты және жастар арасындағы Азия чемпионаты өтетіні туралы ақпарат және оған шақыру жақында ғана бізге келіп түсті. Уақыттың тығыздығы мен көптеген спортшыларымызда паспорттың жоқтығына байланысты Қалиданды ғана ертіп келдім. 
– Бұл игілікті ісіңіз жалғасын табады ғой?
– Құдай қаласа, әрине игілікті ісімізді жалғаймын деген сенімдемін. Осы реткі чемпионатты ұйымдастырған тәжік басшыларымен ақылдасып келесі кезекті белбеумен күрес бойынша жастар арасындағы Азия чемпионатын Үрімжіде өткізетін болып шештік. Бұл Қытайдағы қазақ спортшыларына үлкен жол ашумен қатар спорттың осы түрін миллиардтар елінде өткізуге мүмкіндік алып отырмыз. Жұмысты жаңа бастап жатқан соң барлығына тәжірибенің жеткіліксіздігі кедергі болатыны анық. Қазір өзім қызмет атқарып отырған Джезуджин қоры тек дайын спортшыларды жарыстарға әкелуге дәнекер болып жүрсе, алда өзіміз жаттықтырған шәкірттерімізді бәйгеге қоссақ деген жоспарымыз бар. 
– Әңгімеңізге рахмет


Сұхбаттасқан:
Майгүл СҰЛТАН

BAQ.KZ

 

Оцените пост

0