Есқат Тілеуғазы, кино актері: Балаларымыз қытай болып кете ме деген қорқыныш бар

Майгүл СҰЛТАН November 18, 2013
551
0
0
0

- Ең алдымен өзіңізді қысқаша таныстырып өтсеңіз? - Мен 1985 жылы 25 шілдеде Іле облысының Күнес ауданында тудым. Мектепті де, жоғары оқу орнын да қытай тілінде оқыдым. 2006-2010 жылдары Бейжің...

- Ең алдымен өзіңізді қысқаша таныстырып өтсеңіз?
- Мен 1985 жылы 25 шілдеде Іле облысының Күнес ауданында тудым. Мектепті де, жоғары оқу орнын да қытай тілінде оқыдым. 2006-2010 жылдары Бейжің педагогика университетінде Спорт өндірісі және экономика мамандығы бойынша оқыдым. 
- Мүлде басқа бағыттағы мамандықты оқи тұра әртістік жолыңыз қалай басталды? Әлде жақындарыңыздан өнер жолын қуғандар бар ма еді?
- Жақындарымнан өнерге қатысы бар ешкім болған емес. Әртіс болу арманым кішкентай кезімде оянған. Көрген киноларымның әрбір кейіпкеріне еліктеп, қиялданатынмын. Алайда, Қытайда кино әртісі болудың қиындығы мені де айналып өтпеді. Әртістікке миллиондаған талапкердің ішінен санаулысын ғана оқуға қабылдайды. Қаражатты да көп талап етеді. Сөйтіп мектепте баскетболмен жиі айналысатын мен үшін спорт факультетіне түсу аса қиын болған жоқ. Бірінші курста оқып жүрген кезім болатын, университетімізден кино әртістерін таңдап жатты. Бағымды сынап көрейін деген оймен мен де қатыстым. Үлкен рөлді ойнамасам да бұл кино маған үлкен жол ашып берді. Әртіс болудың дәмін сезе бастадым. Көп әртістермен таныстым. Өнерлі адамдармен араласа бастадым. Осыдан кейін әртістік өнерін сырттай үйрене бастадым. Арнайы курстарға бардым, қолымнан актерлік шеберлікке қатысты кітаптар түспейтін болды. Осылайша үшінші курсты оқып жүріп кино саласымен нақтап айналыса бастадым. 
- Кино саласына келгеніңізге ұзақ бола қоймапты. Қазірге дейін қанша киноға түстіңіз?
- Қазірге дейін үш сериал мен төрт фильмге түсіппін. Соның ішінде «Сегіз мың Хунан аруының Тәңіртау баурайына баруы» атты сериалда Қытайдағы аз ұлт өкілінің рөлін алып шықтым. «Төрт сайыпқыран» сериалында батыс өңір өнерпазының рөлін және «Барлаушы батальонда» Славтың рөлін сомдадым. «Батпырауық қуған бала» фильмінде талибан мергені болсам, «Тамыздықта» шетел офицерінің рөлін алдым. «Миң ордасы хикаясы» атты тарихи фильмде елші болдым. «Бетперде» фильмінде Бөрілер елінің басшысы болдым.


- Қазақ киноларына түсу мүмкіндігі болған жоқ па?
- Бейжіңде оқып, сонда қоныс тепкен соң қазақ киноларына түсу мүмкіндігі болып, шақырулар алсам да көп қытайдың арасынан шығып келе алмадым. Оларда түсірілетін кино да көп, қосымша алып жүретін қызметтер де мол болды. Алайда, қаным қазақ болған соң қазақ киноларына түсу - борышым, қазақ рөлін сомдап шығу - арманым. 
- Көбінесе қандай рөлдерді сомдайсыз? Жаныңызға жақын кейіпкерлер қайсы?
- Достарым түр-әлпетімді жағымсыз кейіпкерлерге сәйкес келеді десе, қызметтестерім көне заманның адамдарына ұқсайсың деп жатады. Қазірге дейін тек қана жағымды, жақсы кейіпкерлерді ойнаппын. Шынын айтсам, жаныма жақын кейіпкерлерді әлі сомдамадым. Жетістігімді аса жоғары бағаламаймын. Өзімді енді дамып жатырмын деп есептеймін. Алда жетем деген арманым да мақсатым да көп. 
- Отбасыңызға тоқталып өтсеңіз? Жанұяда қай тілде сөйлесесіздер?
- Үйленгенмін. Әйелім Жайна Мұратқызы да өнердің адамы. Ол Бейжің өнер университетінің түлегі. Қазір суретшілікпен айналысады. Мен қытайша оқығаныммен, әйелім қазақ тілді мектепті бітірген. Университетке түскен соң қазақ достарым да көбейді. Қазір отбасымызда қазақша сөйлесеміз. Болашақта баламыз болғанда отбасында қазақша сөйлеуге үйретеміз деп ойлаймын. Бірақ Бейжіңде қазақ мектебінің жоқтығы осындағы жас ата-аналардың ортақ уайымы болып тұр. Балаларымыз қытай болып кете ме деген қорқыныш бар. 
- Қазақстанның кино туындыларын көресіз бе?
- Әрине көремін. Анау «Қыз Жібек», «Көшпенділерден» бастап, жақында ғана жұрт назарына ұсынылған «Жаужүрек мың баланы» неше қайтара көріп шықтым. Атажұртымызда түсіріліп жатқан кинолар қуантады. Рухты көтеріп, қазақы қаныңды тасытатын туындылар көп. Әсіресе «Жаужүрек мың бала» өте керемет түсірілген.

- Қазір қандай киноға түсіп жатырсыз?
- Мен қазір Оңтүстік Шыңжаңда түсіріліп жатқан «Ұлттар хикаясы» атты 57 сериалы деректі фильмге қатысып жатырмын. Бұл жайлы түсірілім аяқтағанда толық айтуыма болады. 
- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Майгүл СҰЛТАН

BAQ.KZ

Оцените пост

0