Нұрсәуле МҰРАЛ, Үрімжі қаласындағы № 101 орта мектептің оқушысы: Мен қазақ болғаныма мақтанамын

Майгүл СҰЛТАН 2013 M11 18
826
0
0
0

АСТАНА. 15 қыркүйек. BAQ.KZ - Өзге елді «Туған жерім» деп сыйлап, бөтен ұлттың қас-қабағына қараған қандастарымыздың ең асыл арманы Атажұртқа оралу екені даусыз. Соған дәлел, «Қос тілді оқыту»...

АСТАНА. 15 қыркүйек. BAQ.KZ - Өзге елді «Туған жерім» деп сыйлап, бөтен ұлттың қас-қабағына қараған қандастарымыздың ең асыл арманы Атажұртқа оралу екені даусыз. Соған дәлел, «Қос тілді оқыту» саясаты қос өкпеден қысып тұрған Қытайдағы кішкентай қандасымыздың Қазақстанға алғаш келгенде жазып қалдырған хаты. Қытайдың Үрімжі қаласындағы № 101 орта мектептің 9-сынып оқушысы Нұрсәуле Мұрал Қазақстанға осы жылдың тамыз айында келіп кеткен болатын. Төменде сол хатты қазақшаға тәржімалап ұсынып отырмыз.


ҚАЗАҚСТАН! Бұдан бұрын бұл мен тек қана картадан сұлбасын көрген ел, жүрегімнің төрінен өшпестей орын алған ұғым болатын. Қазірге дейін ол жайлы түсінігім тым аз еді, ол туралы барлық нәрсе бейтаныс болып келген. Бірақ, осынау қасиетті топыраққа табаным тиген сәттен бастап кеудемді мақтаныш сезімі керней бастады: Мен оның таза ауасымен мақтандым. Мен оның көк зеңгір аспанымен мақтандым. Мен оның әсем келбетті қаласы мен дархан даланы алып жатқан ауылдарымен мақтандым... Әрине, менің зор мақтанышым бұлар ғана емес, ол көрікті де ұланғайыр  даланың қазақ деген ұлтқа тиесілі екеніне, мен өзімнің сол қазақ ұлтының бір өкілі болғаныма мақтандым.

Бұдан бұрынғы білместігімді кешірші, Атамекен! Өзіңмен бұдан да ертерек қауышпағанымды айып ете көрме! Осыған дейін өзіңді әлемдегі көп мемлекеттің қатарындағы өте қарапайым ел ретінде ғана түсініп келдім. Алайда, қазір сол қате тұжырымыма үзілді-кесілді тойтарыс беріп, жүрегімнен өзіңнің жаңа бейнеңді тіктедім. Сонымен бірге енді сенің әр басқан қадамыңа назар аударып,  дамыған бейнеңе зер салып отыратын боламын.

Мақаланың қытайша нұсқасы:

1991 жылы не болды? Бұл жақта тұратын әрбіріңіз бұл сауалға «Ол жылы біз егемендік алдық!» деп іркілмей жауап беретіндеріңізге күмәнім жоқ. Ал, мен ше? Қазақ еліне аяқ басудан бұрын менің білетінім тек 1991 жылы Совет Одағының ыдырағаны, Қырғи қабақ соғыстың аяқталғаны ғана еді. Қазақстанның Тәуелсіздік алғанынан хабарсыз болатынмын. Ал, қазір мақтаныш пен қуаныш кернеген кеудеме «1991 жыл» терең ұялады.

Сен басқа біреудің өзіңмен қоса өзіңнің ұлтыңды да кемсітіп, жәбірлеген сәтін бастан кешіп, сезініп көріп пе едің? Әрқайсыңыздың бұндай сезімде ешуақытта болып көрмегеніңіз белгілі. Өйткені, сіз тіршілік еткен елдің басым ұлты  -ҚАЗАҚ. Олар өздерін басқа ұлттың қорлауына жол бере қоймайды. Ал менде бәрі басқаша. Мен өзге елдің топырағында өмір сүрудемін. Мен сонау бай да қуатты аждаһа ел - Қытайда тудым. Бірақ мен ол жерде ұсақ ұлттардың қатарына кіремін. Мен міне осындай кешулерден өткенмін. Бір істі қате істеп қойсам, сол елдің сынына ұшыраймын, басқа ұлттың жазалауына мойынұсынам. Бірақ, олардың ешуақытта менің ұлтыма тіл тигізуіне жол берген емеспін. «Надан қазақ», «жабайы қазақ» деген сөздер сенің санаңды мазалағанда қандай күй кешер едің, қандай ойларға барар едің? Бұндайда мен қатты ашынатынмын. Оларға қалай тойтарыс берерімді білмей дағдарып, ішімді намыс кернеп шарасыз қала беретінмін. Ал бүгіннен бастап мен оларға біздің ұлттың қаншалықты Ұлы, Бай, Қуатты екенін айта аламын. Кей кездері олардың боқтық сөздері мені «Біздің ұлтымыз соншама надан, осылар айтқандай мешеу ме?» деген ойларға еріксіз жетелейтін. Бүгін мен Қазағымның құрған мемлекетін өз көзіммен көргенде олардың айтып жүргендерінің бәрі бекер екеніне көзім жетіп, санамды мазалаған күдіктен арылдым. «Мен Қазақпын! Біз - Ұлы ұлтпыз! Бізде дамыған мемлекет бар, оның көз тартарлық әсем табиғаты бар. Мен қазақ болғаныма мақтанамын!» деп шаттана жар саламын!
Уақыт деген қас-қағым. Көзді ашып-жұмғанша Қытайға қайтатын уақыт та келіп үлгерді. Мен қайтып барған соң тасқындаған жігермен өмір сүретініме және оқуға кірісетініме, түбінде бүкіл қазақтың ат байлары болған Атамекенге оралатыныма еш күдік келтірмеймін.

Мен шын жүректен Қазақстанның болашағының бұдан да нұрлы болуын армандаймын. Оның алда басар жолының сәтті болуына тілектеспін. Асқақ арманым – оның әлемдегі ең қуатты мемлекетке айналуы. Қазақтардың бірлігі жарасса ол күннің де алыста еместігіне сенемін!
Дүниежүзіндегі барлық бауырластар, қанеки, менімен бірге айғай салыңыздар: «МЕН ҚАЗАҚ БОЛҒАНЫМА МАҚТАНАМЫН!!!»

Қытай тілінен аударған: Майгүл СҰЛТАН


BAQ.KZ

Оцените пост

0