«Апамның жазғандары»

eternal_sunshine 2013 M11 13
554
0
0
0

Менен кейін қыздар бірлесіп тағы да өлең айтты. Бірақ олардың не айтқанын мен ұққаным жоқ. Меңтайдың бетінен бір сүйгенге бір шиша шербетті басыма көтеріп, жалғыз сіміргендей, өз-өзімнен масайып...

#books

Менен кейін қыздар бірлесіп тағы да өлең айтты. Бірақ олардың не айтқанын мен ұққаным жоқ. Меңтайдың бетінен бір сүйгенге бір шиша шербетті басыма көтеріп, жалғыз сіміргендей, өз-өзімнен масайып, буын-буыным құрып, елтідім де отырдым. Сол кезде қолына шағындау дәптер ұстап, ортаға Меңтайдың өзі шықты.

- Ойынның шарты өзгешелеу нәрселер даярлап әкелуді талап еткен соң, - деді Меңтай бөгеле сөйлеп, - мен мына бір дәптерді ала салып едім. Мұнда шешемнің айтқан бірсыпыра сөздері жазылған. Шешем бастауыш мектепте мұғалімдік қызмет атқарған, сауатты кісі болатын. Оқыған кітаптарының ақ бетіне өз ойларын жазып, тастай салатын. Менің он жасыма дейін біз ауылда тұрдық. ОДан соң Ридцер деген қалаға көшіп барып, әкем жұмысшы болды. Былтыр ауылға барғанда (әкемнің інісі ауылда тұрады) апам оқыған кітаптардың беттерін бір-бірлеп ақтарып отырып, оның өз қолымен жазған жазуларын мына дәптерге көшіріп алған едім. Талай қызық кітапты өздерің де оқып жүрсіңдер ғой. Мен сендерге апамның жазғандарын айтып берейін. Мұның кей тұстары тұрпайылау да боп көрінер. Бірақ бәріміз де ес білген ересек балалармыз ғой, ондайларын алып тастамай-ақ тұтас оқи берейін.

- Дұрыс.

- Жөн.

- Оқы, Меңтай, - дедік біз жарыса шуылдап.

Меңтай тамағын кенеп алды да, асықпай, жайлап, бірінің соңынан бірін тізіп, ана жүрегінен шыққан ақылды нақылдарды ақтара бастады.

«1. Жазғы салқыннан жаныңды аяма.

2. Ешқашан да ешкімді жамандама. Ең жаман деген адамның да өз жақсылығы болады.

3. Қыз көйлегінің етегі тізеден жоғары шықпауы керек, себебі қыздың жалаңаш жеріне көп көзінің құрты түскіш келеді. Ал халықта: «Есті қыз етегін қымтап ұстайды» деген мақал бар.

4. Әйелдің жалаңаш денесі еркектің құмарлығын қоздырады. Ақылмен бөгеп, сабырмен тұсалмаған құмарлық таудан төңкерілген сең сияқты: жолындағының бәрін ұйпа-тұйпа етіп, жайпап, жойып кетеді. Сондықтан әйелдің еркек құмарлығын қоздыратын ашық-шашық жерді көбейтпей, жауып, жария етілмейтінін қымтап ұстауы абзал. Әсіресе етекті қара санға дейін көтермеу, кеудені жалаңаштамау жөн. Сонда еркек елеңдемейді, әйел аландамайды, адалдық бұзылмайды.

5. Ешкіммен барқылдап ұрыспа, бағанды жоясың.

6. Қарқылдап күлу, тарқылдап сөйлеу – дарақылық белгісі.

7. Кемшіліксіз кісі болмайды, оны көруден оңай жоқ. Кісі кемшілігін тез көруге емес, тез түзетуге көмектес.

8. Қызға қатты күлудің қажеті жоқ, жігіттерге оның жымиғаны да жетіп жатыр.

9. Ауыз шешендік әркімде болады. Әсіресе қыздың аузы сүйреңдеп, көп сөйлемегені абзал. Өйткені қыздың күлкісі, жымиюы, бас изеуі, көзқарасы, жүріс-тұрысы – бәрі де сай-рап тұрған сөз. Сондықтан, оның аз сөйлеп, айналасына ақылмен танылғаны дұрыс.

10. Шошаңдаған қыз шешенің атына кір келтіреді.

11. Баласы арақ ішсе, шешесі у ішеді. Маскүнем, жаман бала жақсы ананы ажалынан бұрын көрге кіргізеді.

12. Жаман туыс тістеуік, жақсы жолдас үйірсек. Жақсы дос жаман әкеден артық.

13. Үміт күткен ұлы оңбаған боп кетсе – әке сорлы; қызы күйеуге өтпесе,- шеше сорлы; сұлу деп алғаны сүйкімсіз боп шықса – жігіт сорлы; қыран деп тигені жапалақ боп шықса – жар сорлы.

14. Ак көңіл мен адал ниеттен туған іс әсем болмаса да сүйкімді. Айла мен арамдықтан туған іс әдемі болса да жиіркенішті.

15. Қыздың жақсы жігітке шығуы, жігіттің жақсы жар таңдап алуы жеңіспен пара-пар. Алдымен жеңіске жету қымбат, ал жеткен жеңісті баянды ету – одан да қымбат.

16. Көшеде көлденең тұра қалып, бірінің ернін бірі жұлып жердей боп жалмап, жұрт көзінше сүйісіп жатқан қыз бен жігітте ар да, ұят та болмайды. Ондай әдеттен без, ондай құрбыдан аулақ.

17. Кей адам кілт етпе келеді. Бірақ ол мінез жас балаға, сұлу әйелге және ұлы адамға ғана жарасады. Бұл үшеуінен басқаға біткен қыңырлық қырсықпен тең.

18. Махаббат барша байлықтан күшті. Бірақ күштіге де көмек керек. Сол сияқты махаббат та өзін байлық пен барлыктың қоса қолдауын ұнатады.

19. Екі адамның бір-біріне шын ықыласпен қалтқысыз қызмет етуі не араларындағы адал махаббаттын, не асыл достықтың арқасы.

20. Еркекке жүрек керек, әйелге тірек керек.

21. Тірі адамның бар бақыты, бар қызығы жер бетінде. Оған көкке ұмтылудың немесе о дүниеден үміт етудің қажеті жоқ. Сол себепті бар терді төгіп, барша ой мен ақылды жұмсап, жер бетін, тұрған үйіңді жұмақ ете біл.

22. Ел сыйларлық бағаң болмаса, елге аға болдым деме.

23. Жақсы адам – магнит. Магниттің бірнеше темір шегені өзіне тартып ала алатыны сияқты, жақсы адамның да жанына жұрт көп үйіріледі. Өзің жақсы болсаң – айналаңда досың көп; жаман болсаң – жалғыз жүресің; орташа болсаң – сен де бір жақсының жанын жағалайсың. Досты сырттан іздеме, жақыннан ізде, өзіңнің ішіңнен, ішкі дүниеңнен ізде. Жаның жақсы, жүрегің жылы, ақылың парасатты болса – іздеген досың алыстан үйіріліп, өзі келеді.

24. Біздің ауылдың қазақтары баяғы ескі әдетпен әлі күнге дейін жүзге бөлінеді. Содан соң әлі жеткені әлсізін аяғынан шалып, бөтен жүздің баласы деп жұдырықтап, жұлмалап, жүндеп жатады. Алауыздықтың атасы – жүз жойылса екен. Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсе екен!

25. Ел билеген жақсы адамның өмірдің күнделікті күйбеңімен кетіп, ертеңгі ұрпаққа мұра боларлық өз атынан ештеңе қалдырмауы өкінішті. Абай атамыздың өзгелерден артықшылығы да осында – артына тастап кеткен асыл кітабында ғой.

26. Біреуді пәленше көп біледі деп мақтайды. Көп білген адам көп тындырса, мақтауға болар еді. Көп біліп, түк тындырмайтындар да бар. Мұндай іске пайдасыз білгіштікті білдім деудің қажеті жоқ. Ондай «білгіштен» аз біліп, көп тындыратын қоңырқай адамның өзі артық».

Меңтай дәптерінің бетін жауып, көкірегіне басты, жұртқа басын иді.

Қыздар қозыдай жамырасып, жарыса сөйлей жөнелді.

- Үндемей жүріп, бар білім сенде екен ғой, Меңтай.

- Міне, тамаша!

- Кітап сөзінен кем емес!

- Кей кітаптарды қырық рет ақтарсаң да, мұндай сөздерді таба алмайсың, - десті.

"Меңтайдың мұнша сабырлы, ұстамды болуы шеше тәрбиесінен екен-ау, - деп ойладым мен. - Асыл ана ешқашан да аптықпа, асықпа, шошақай болма деп қызының құлағына сіңіріп отырған-ау, тегі. Ақылды ананың адал перзентіне берген ақ бата - тәрбиесіне не жетсін, шіркін!"

Әзілхан Нұршайықов, "Махаббат, қызық мол жылдар".

 

Оцените пост

0