Қазақ балуаны Шәміл Серіковтің отбасы FILA марапатын «Динамо» спорт қоғамына тапсырды

Kazsport agent 2013 M11 7
173
0
0
0

1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарының чемпионы, 2 дүркін Әлем чемпионы, КСРО және Еуропа чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, даңқты балуан Шәміл Серіковтің отбасы Халықаралық біріккен...

Қазақ балуаны Шәміл Серіков
1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарының чемпионы, 2 дүркін Әлем чемпионы, КСРО және Еуропа чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, даңқты балуан Шәміл Серіковтің отбасы Халықаралық біріккен күрес стилі федерациясы (FILA) берген марапатты «Динамо» дене шынықтыру және спорт қоғамына тапсырды.

Өткен айда Будапешт қаласында қазақ күресі үшін өте қуанышты жағдай болған еді. Онда FILA Шәміл Серіков есімін дүниедегі теңдесі жоқ палуандар қатарына қосып, даңқ мұражайына енгізген болатын.

«Шәміл Серіков қысқа ғұмырында біздің «Динамо» спорт қоғамында жүріп Олимп шыңдарын бағындырып, қазақ палуандарының мәртебесін көтерді. Ондай балуан 100 жылда бір туады десек артық болмас. Бапкерлер әрдайым оның күресу тәсіліне үлкен таңданыс білдіретін. 5 жыл ішінде спорт шебері атанып, одан кейінгі бес жылда Қазақстанның, КСРО-ның, Еуропаның және Әлемнің 2 дүркін чемпионы атанды. Ол кезде КСРО-ны ұту өте қиын болатын. Ал оны ұтқан адам Әлем чемпионатына жеңетін. Сондықтан мұндай спортшыны FILA-ның елеп-ескеріп жатқаны орынды. Және бұл Қазақстан бойынша тұңғыш рет болып отырған оқиға», — дейді «Динамо» ДШСҚ төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұлов.

«Әке көрген оқ жонар» дегендей, қазір даңқты палуанның ұлдары Тимур мен Элдар әкесінің жолын қуып, бірі балуан, бірі жаттықтырушы болып қызмет атқарып жүр. Жаттықтырушылықпен айналысатын Тимурдың арманы әкесіндей мықты балуанды тәрбиелеп шығару екен.

«FILA-ның Қазақ елінен мұндай сый құрметке әкемді лайық деп тауып, орден табыстағанына өте қуаныштымын. Бұл марапатты төрімізге іліп қоюға да болар еді. Бірақ та жанұямызбен ақылдаса келе, келешек жастарымыз көріп қуансын, көпшіліктің тамашалауына мүмкіндік тусын деп, «Динамоға» табыстауды жөн санадық. Әкемді үлкен спортқа қанаттандырып ұшырған «Динамо» спорт қоғамында бүгінде талантты жастар шоғыры өсіп келеді. Соларға үлгі болсын деген ниетпен осындай келісімге келдік», — дейді Тимур Шәмілов.

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Автор: Ерлік Ержанұлы
 

Оцените пост

0
Дальше