ТМД елдеріне аты шыққан Қазақстандық «бренд»

Prince_94 2013 M10 30
1154
0
2
0

"Новопэк" ЖШС жайлы шағын Интернет проект

ТМД елдеріне аты шыққан Қазақстандық «бренд»

Менің есімім-Ернар. Арқаның кербез сұлу Көкшетауының тумасымын. Бала кезімнен «бизнес», «кәсіпкерлік» тақырыптарына қызығатынмын. Бүгінгі таңда, елдің мәртебесін көтеретін кәсіпкер болу - басты мақсаттарымның бірі. Бос уақытымда, кәсіпкерліктің шыңын бағындырып жүрген, ұлттық өнімді дамытып жатқан кәсіпорындармен танысқанды ұнатамын. Еліміздің игілігі үшін қызмет жасап жатқан сондай  кәсіпорындардың бірі - «Новопэк» ЖШС.

Өсім қарқыны бойынша, Ақмола облысы еліміздегі алдыңғы қатарлы өңір. Облысымызда  «Бизнестің жол картасы» аясында табысты жұмыс істеп келе жатқан бірнеше жобалар бар. «Новопэк» серіктестігі сондай жобаның бірі.

Кәсіпорын 2003 жылы құрылған кезде,  «Көкшетау Пластик» ЖШС деп аталды. Ол кезде серіктестік  9 ғана құрылғымен жұмыс жасап,  беріктілігі жоғары полипропиленді қап шығарумен шектелетін. Ал  2007 жылы өндіріс көлемі ұлғайып, өнім ассортименті көбейгеннен кейін атауы «Новопэк» ЖШС болып ауыстырылды. Кәсіпорын шығаратын өнім жоғары сапалы, мемлекеттік және халықаралық стандарттарға сай сертификатталған.Бүгінгі таңда серіктестік полиэтилен, полипропилен және кальций карбонатынан түрлі қапшықтар жасап шығаруда.

Кәсіпорында 790 біліктілігі жоғары мамандар қызмет жасайды.  Аталғандардың көпшілігі фабрика қабырғасында біліктілігін көтерген. Серіктестік әлеуметтік жауапкершілігін де ұмытқан емес. Түрлі шараларға демеуші болып, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, жетім балаларға көмек көрсетіп келеді. Сондықтан да «Новопэк» ЖШС  бір жағынан еліміздің экономикасына үлесін тигізіп жатса,  екінші жағынан  әлеуметтік мәселелерді шешеуге де  ат салысып жатыр.

Барлық өндіріс шикізатты өңдеуден басталатыны белгілі. Серіктестік шикізатты Ресей Федерациясының  мұнай-химия кешендерінен алады. Ол кәсіпорынның сапалы өнім шығаруының кепілі.

Өндіріс екі бағытқа бөлініп жұмыс істейді. Бірі стандартты қаптарды дайындау бағыты. Ал екіншісі «биг-бек» деп аталатын ауыр жүкке арналған көтермелер жасау бағыты.

Жұмысшылардың  мақтанышы да сол  «биг-бек» деп аталатын қап. Ол 3 тоннаға дейін салмақты көтере алады екен.

 

 

Бұл өнім Қазақстаннан басқа Ресей, Қытай және де өзге де шетелдерде үлкен сұранысқа ие. Кәсіпорын өнімінің 40 пайызы алыс-жақын шетелдерге шығарылады. Олардың қатарында Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Қытай бар. Зауыт өнімінің 60 пайызы елімізде пайдаланылады десек, негізгі тұтынушылары да отандық өндірушілер болып шығады. Оның басында  «ҚазХром», «Теңіз Шевроил», «ҚазАзот» және «Цесна»тұр.


 

«Новопэк» ЖШС  мемлекеттік «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының 4 инвестициялық бағытына қатысады, сонымен қоса, «Даму» АҚ филиалымен тығыз байланыс орнатқан. Осыған орай,  индустриаландыру бағдарламасы аясында жаңа серпін алған кәсіпорын, 2012  жылдың қорытындысы бойынша 37 миллионнан астам  қап пен биг бег шығарған.

Сонымен қоса, қазіргі кезде кәсіпорын батыс Еуропа мен Тайвань елінен импортталған заманауи техникалармен жабдықталған.Жаңа құрылғылар серіктестік балансында болған жабдықтардан жұмыс жасау жылдамдығымен ерекшеленеді.  Бүгінде автоматтандырылған жабдықтар  кәсіпорын мүддесіне жұмыс істеуде.  Осы жетілудің арқасында 2013 жылдың бірінші кварталының өзінде-ақ серіктестік 6 млн астам   қап пен биг-бег жасап үлгерген


 

Бұл өндіріс күшінің шегі емес,  болашақта жаңа технологиялардың арқасында шығарылатын өнімнің  сапасы мен мөлшерін арттыру көзделген.


Сөйтіп,  «Новопэк» ЖШС қап шығару бойынша шағын компаниядан, Республикамызбен қоса ТМД елдеріне аты шыққан ірі қап өндіруші атанды. Алда әлі де талай асуларды бағындырарына сенімдіміз.

. Ел экономикасын дамытуға, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлес қосып жүрген кәсіпорындар көп болғай!!!

 

Оцените пост

2
Дальше