Yvision.kzYvision.kz
kk
Екпiн
Екпiн
Екпiн
431 постов3 подписчика
Дарынды жастар мен замандастарымыздың өмірлік тәжірибесі, мақсаттары, ойы, ұстанған қағидалары жайында сөз етеді. Фоторепортаж, шолу, тарихи маңыздылығы бар материалдармен бөліседі.
4
00:28, 25 октября 2013

Тұрар Рысқұловтың ұрпағымен кездесу

Blog post image

Мейрамхан Жәпек

журналист, Тұрар Рысқұлов

публицистикасын зерттеуші

Blog post image

I бөлім Бастау

II бөлім Айт күні

III бөлім

Тұрардың ұрпағы Владимир

Іс сапарымның соңғы аптасына дейін Тұрардың қызы Майямен оның  немересі Владимирмен жолығуды ойлап жүрдім. Күнделікті қауырт жұмыстардан кездесу кейінге қала берді. Дегенмен, жаратушы Алла бәрінің сәтін келтірді. Бірде РГАСПИ-де бір құжатты қарап отырсам, сұраныс қағазында В.Рысқұлов деп жазылып тұр.

Мұрағат қызметкері, зерттеу нысанымыз бір болғандықтан ғана жеке парақшасын көрсетті. Сөйтсем, В.Рысқұловпен көрші тұрады екенбіз. Үйге келе сала Жаннаға айттым. «Дұрыс, келесі Декабристер көшесі. Ортада «Байқоңыр». Алты минутта тауып аласың» деді. «Байқоңырың не?» деп сұраймын Жаннадан. Ол ішек сілесі қата күлді. «Метродан шыға сала жан-жағыңа қарамайтының көрініп тұр. Метроның сол жағында «Байқоңыр» кинотеатры, оң жағында біздің үй емес пе?!». Мен дереу телефон тұтқасын алып, оған хабарластым. «Жексенбі күні сағат үшке келіңіз» деді.

Жанна екеуміз діттеген уақытта ол кісінің есігінің қоңырауын соқтық. Ар жақтан аласа бойлы әдемі келіншек шықты. «Келіңіздер, төрлетіңіздер» деп қонақжайлық танытты. Төргі қонақ бөлмесінің  бір қабырғасы толған кітап. Әлем әдебиеті, тарих, жаратылыстану, өнер, энциклопедиялар, толып жатыр. Көз сүрінеді.

Blog post image

Владимир Тұрар Рысқұловтың екінші қызы Майяның ұлы. 1957 жылы Мәскеуде дүниеге келген. Мәскеу Мемлекеттік Университетінің Азия Африка елдері институтының тарих- филология факультетін тәмамдаған, араб, ағылшын, француз тілі бойынша маман. Кезінде атақты «Интуристе» қызмет атқарыпты. Александрина, Анастасия, Анна есімді үш қызы бар. Жұбайы Вера Борисовна үй қызметінде. Александрина мен Анастасия жоғары білімді биотехнологтар, кенжесі Анна-суретші.

Негізінен, Т. Рысқұловтың бұрынғы жұбайы Надежда Константиновнадан екі қыз қалған. Үлкені Софья, кішісі Майя.

Софья Тұрарқызы 1923 жылы дүниеге келген. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет еткен. Тіпті, сол жылдары екінің бірі қолы жете бермейтін «аға оқытушы» деген зор атаққа ие болады. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Софья  апамыз 1998 жылы қайтыс болыпты.

Майя Тұрарқызы 1929 жылы  дүниеге келген. Мектепті тәмамдаған соң, Мәскеудің Көркем сурет көрмесі дирекциясында машинистка болып, Центросоюз хатшылығында және Роспотребсоюзда әр түрлі қызметтер атқарған. Қазір жасы 91де. Науқастанып жатуына байланысты, сұхбаттасудың реті келмеді.

«Нағашы әжем Надежда Константиновна бар ғұмырын екі қызына арнады, дұрыс тәрбие беріп, оқытты. Кезінде Қызыл профессура институтында, КСРО ҒА Тарих институтында машинистка болып қызмет етті. Ол кісі 1976 жылы дүниеден қайтты. Нағашы әжем өте мейірімді адам еді. Атам туралы жиі айтатын. Қазір кейбір топтар қазақ зиялыларын бір-біріне қарсы қойып, арасына сына қаққысы келетін сияқты. Олардыкі дұрыс емес. Әжем: «Н.Нұрмақов, С.Қожановтардың жанұясымен жақсы қарым-қатынаста болдық, қонаққа келіп тұратын» дейтін. Алматыдағы нағашы әпкем Сәулемен телефон арқылы хабарласып тұрамыз. Марқұм Рида әпкеммен кезінде «Интуристе» бірге қызмет атқардық»- дейді Владимир Рысқұлов.

«Қазақстанда жарыққа шыққан көптеген оқулықтарда, мақалаларда авторлар мемлекет қайраткерлері туралы қателікке жол береді. Тіпті бір кітапта Жаһанша Досмұхамедовтан басқаларына бөтен есімдер жазылып кетіпті. Ол сурет біздің жанұялық альбомымызда сақтаулы тұр», деп Владимир көне суретті алып шықты.

Шындығында, суреттің екінші жағында Ж.Досмұхамедов өз қолымен былай деп жазыпты: Жаһанша, Заира, менің қарындасым Хадиша, Сұлтанбек. 1923 жыл. Бұл жерде Заира - Ольга Константиновна. Сұлтанбек - мемлекет қайраткері, публицист Сұлтанбек Қожанов. Ж.Досмұхамедовтер жанұясы 1923 жылы Тәшкенде тұрғанда түссе керек бұл суретке. Қазақтың бір емес екі апталдай азаматы ғашық болған, жанұя құрған, апалы сіңлілі екі қыз туралы қызығушылық танытқанымда мынадай мәліметтер анықталды.

Ольга, Татьяна, Надежда Томскінің жанындағы Каинск қаласында теміржолшы Константин Пушкаревтің отбасында дүниеге келіпті. Константин Пушкарев аштық жылдары қайтыс болады. Ольга Константиновна (1896-1986) Жаһанша Досмұхамедовпен Томскіде танысып, тұрмысқа шығады. Қазан төңкерісіне дейін Ж.Досмұхамедов Томск сот аймағы бастығының орынбасары қызметін атқарады. Олардың өздеріне тиесілі жеке күймесі, үйі болған. Жаһанша мен Ольга мұсылманша некесін қидырыпты. Күйеуін соншалықты құрметтеп, шексіз сүйген Ольга ислам дінін қабылдап, есімін Заира деп өзгерткен. (Кейін Ж.Досмұхамедов қызмет бабына қарай Ташкентке көшкенде қайын енесі мен балдыздарын қасына алады.М.Ж.). Зұлмат жылдары Жаһанша тұтқындалып жер аударылғанда Заира онымен бірге кетеді.

Ал, К.Пушкаревтің екінші қызы Татьяна (1900-1932) ұлты латыш Август Поднектің жары. А.Поднек мемлекет қайраткері, КСРО Мемлекеттік Жоспар комитетінің мүшесі болған. 1928 жылдары Орталық Азия мен Қазақстанның Су шаруашылығы Бас басқармасының бастығы қызметін атқарады. Татьяна ақ қан ауруынан 1932 жылы Ялтада қаза болыпты.

Кенже қыз Надежда Константиновна мен Тұрар Рысқұлов Жаһаншаның үйінде танысады, бір-бірін ұнатқан екі жас отау құрады.

P.S.

Ғылыми іссапарымның әрбір күні өзім үшін өте маңызды мәнді, әрбір күн көз ілестірмес жылдамдықпен өтті. Діттеген мақсатыма жеткеніммен зерттеу барысында тағы да қосымша тың дүниелер ашылып жатты. Оларды шолып қана өтіп, Алла нәсіп етсе, келесі іссапарға жүк болсын деп белгілеп қойдым.

«Ақиқат атаулының қолайсыздығы сонда, оны жалғандықпен араластырып жіберсең қате қорытындыға, тіпті бір-біріне қарама-қарсы қорытындыға келуің мүмкін» деп неміс ойшылы Г.Лейбниц айтқандай, менің көз жеткізген, қолмен ұстаған құжаттарымның барлығы да терең талдауды, объективті бағаны қажет етеді.

Blog post image

Ендігі жерде мемлекеттік деңгейде мүмкіндіктерімізді жинақтап Мәскеуге тарихшылар, заңгерлер, экономистер, саясаткерлер, журналистерден тұратын ғылыми экспедицияға жіберсек, олар мақсатты түрде зерттеулер жүргізсе, ел тарихындағы әлі де болса ақтаңдақ тұстар толыққанды түсіндірілер еді. Себебі біз әлі де болса ел тарихына қатысты көп мәселелерге бір жақты қарап, бір ғана бағытта баға беріп келе жатқанымыз жасырын емес.

Қарағанды - Мәскеу - Қарағанды
2010 жыл

Фото: Владимир Рысқұловтың жеке парақшасынан

4
6067
2