Астананың мәдени өмірі блогшылар көзімен

Алия 2013-10-16 22:55
8180
3
0
5

Астананың мәдени өміріне көз жүгіртсек, Бәйтерек пен Хан Шатырдан басқа не білеміз? Океанариум, Цирк, Керуен? Ал одан басқа қызықты орындар бар ма?

 

 

 

 

 

Айжан Байтанова

журналист

Астананың мәдени өміріне көз жүгіртсек, Бәйтерек пен Хан Шатырдан басқа не білеміз? Океанариум, Цирк, Керуен? Ал одан басқа қызықты орындар бар ма? Блогшыларымыз Астананың мәдени өмірі туралы қаншалықты хабардар екенін білу үшін оларға мынадай сұрақтар қойған едік:

1. Астанада қандай мұражайларды білесіз? Қайсысына бардыңыз?

2. Астанада бірнеше театр бар. Қайсысын білесіз, қайсыларына барып көрдіңіз?

3. Өзіңізге ұнайтын ескерткішті атаңыз.

4. Астанада концерт тамашалайтын бірнеше орын бар. Қайсыларын білесіз, қайда барып тұрасыз?

5. Қалада бірнеше сауда орталығы бар, қайсысына жиі барып тұрасыз?

6. Шетелден келген қонақтар болса, оларды қайда апарып, нені көрсетер едіңіз?

7. Астанада сүйікті мекеніңіз бар ма?

8. Астанаға не жетіспейді? Не өзгертер едіңіз?

Абай Отар, журналист, блогер:

1. Астанада екі мұражайды білемін. Оның біреуі әлі салынып жатыр, Пирамиданың (Бейбітшілік және Келісім сарайы) жанында. Екіншісі - Назарбаев орталығы. Назарбаев орталығы өзіме ұнайды, ішінде, мысалы, Тасмағамбетовтың жеке мұражайы да бар.

2. Төрт театрды білемін. Қалибек Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театрына барып тұрамын. Максим Горький атындағы орыс драма театрын білемін, бірақ барып көрмеппін. Сапаржай жақтағы Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрын және жаңадан ашылған Астана опера театрын білемін. Соңғы рет қазақ театрындағы "Таңғажайып планета" қойылымына бардым.

3. Абай ескерткіші және Керей мен Жәнібек хандар ескерткіші ұнайды.

4. Концерттерге көп бармаймын. "Қазақстан" концерт залы мен Бейбітшілік және келісім сарайындағы зал өздерінің орналасуымен де, архитектурасымен де ұнайды.

5. Астанада барлық ойын-сауық орталықтарын білемін, ең ұнайтыны - "Керуен", себебі Астанаға алғаш келгенде барғанмын. Үшінші қабатындағы фудкорты мен төртінші қабатындағы кинотеатры ұнайды. Ал киім алуға Хан Шатырға барамын.

6. Шетелдік достарым келсе, Назарбаев орталығындағы мұражайға, Бәйтерекке, Әзірет сұлтан мешітіне, Хан Шатырға, Астана Аренаға және Алау спорт клубына апарар едім.

7. Өзімнің сүйікті мекенім - оң жақ жағалаудағы Rafe кафесі.

8. Астанада ағаштар аз. Ал мүмкіндігім болса, ауа райын өзгертер едім. Басқасының бәрі ұнайды.

Баян Жауатар, журналист, 24.kz телеарнасындағы "Блогерлер" бағдарламасының жүргізушісі:

1. Астанада бір ғана мұражайды білемін, ол С.Сейфуллин атындағы мұражай, бірақ ішіне қанша рет кіріп, көремін десем де, уақыт бөле алмадым.

2. Менің барғандарым: Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театры, Максим Горький атындағы орыс драма театры және Қалибек Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театры. Осыларға үнемі балаларымды апарып тұрамын.

3. Хан Шатыр сауда орталығының алдындағы саябақта қыз бен жігітке арналған ескерткіш бар. Сол мүсіндер маған өте ұнайды.

4. Концерттерге жиі барамын. Көбіне олар Конгресс-холлда, Шабыт және Қазақстан концерт залдарында өткізіледі.

5. Ең ұнайтыны - Хан Шатыр. Кейде Mega мен Керуенге барамын. Күнара Asiapark сауда орталығына барамын, бірақ, мақсатым сауда жасау емес, фитнес орталықта спортпен шұғылдану.

6. Егер қонақтарым жазда келсе, оларды орталық саябақта, Есілдің жағалауына қыдыртамын немесе "Тұлпар" ипподромына апарып, атқа мінгіземін. Қыста келген қонақтарды далада көп ұстамаған жөн. Ондай оқиғалар болған. Қонақтарым қатты тоңып қалды, сондықтан оларды жабық ғимараттарға алып барамын. Мысалы, Хан Шатыр, ондағы хауыз, мейрамханалар.

7. Сүйікті орындарым жетерлік. Жоғарыда аталып кеткен театрларға қыздарыммен барғанды жақсы көремін. Әрқашан көтеріңкі көңіл-күймен, жақсы әсер алып, шығамыз. Сондай-ақ, қыста мұз айдындарына барып, коньки тебеміз

8. Астанада бәрі бар. Бірақ, қызмет көрсету сапасы нашар. Барған жеріңде күлімсіреп қарсы алса, тез қимылдап, уақытыңды үнемдесе жақсы болар еді.

Фото Өркен Кенжебектің жеке архивынан

Өркен Кенжебек, журналист, блогер, "Хабар" телеарнасы бағдарламаларының шеф-редакторы, "Жақсы" порталы құрушыларының бірі және редакторыото Өркен Кенжебектің жеке архивынан):

1. Астанада мұражай біткеннен білерім - Тұңғыш Президент мұражайы, С.Сейфуллин мұражайы, Хас Санат өнер галереясы. Басқалары бар-ау, бірақ білмедім. Барғаным - Тұңғыш Президент пен С.Сейфуллин мұражайлары.

2. Театрдан Қаллеки театры (Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театры) мен Астана опера театрын білемін. Барғаным - Қаллеки театры. Театрдан гөрі киноға әуестігім жоқ.

3. Ескерткіштен тек Бәйтерек ұнайды.

4. Менің қалтам көтеретін эстрадалық концерттер көбіне Конгресс-холлда өтеді. "Базар жоқ", "Шаншар", ортаңқол әншілердің кештеріне барып тұрамын. Ал "Қазақстан" орталық концерт залына тек "Жігіттер" мен "Музарттың" концерттері үшін барамын.

5. Керуен, Сарыарқа және Mega сауда орталықтарына барып тұрамын.

6. Шетелден досым келсе, алдымен қаланы туристік қызыл автобусқа салып алып аралатып, сосын Хан Шатырға, Думанның океанариумына апарар едім.

7. Өзім Керуен сауда орталығына және қала сыртындағы Балқарағай демалыс орталығына барғанды ұнатамын.

8. Астанада өзіме бәрі ұнайды.

Арайлым Мұстафақызы, блогшы:

1. Мұражайлардан Сәйкен Сейфуллин атындағы мұражайды, Тұңғыш Президент мұражайын, Қазіргі заман өнер мұражайын білемін. Алғашқы барған мұражайым С.Сейфуллин атындағы мұражай болды.

2. Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театры, Максим Горький атындағы орыс драма театры және Оқушылар сарайындағы "Современник" жастар театрын білемін. Қаллеки театры оқу орнымның жанында болғанымен, өте сирек барамын, себебі бірге баратын серік жоқ, ал жалғыз баруды ұната қоймаймын.

3. Отан-Ана және Мәңгілік алау ұнайды.

4. Конгресс-холл, "Қазақстан" концерт залы, Бейбітшілік және Келісім сарайы, Тілеп Қобыз сарайын білемін. Өзім бір апта бұрын Конгресс-холда өткен айтысқа барған болатынмын.

5. Хан Шатыр ашылғаннан бері ең сүйікті сауда орталығыма айналды. Бірақ, Mega, Astana Mall, Сарыарқа және Еуразия сауда орталықтарына да барып тұрамын.

6. Шетелден болсын, еліміздің басқа қалаларынан болсын, қонақтарымды Бәйтерекке, "Мәңгілік ел" қақпасына, Хан Шатырға және Думанға апарар едім. Жылы мезгілде қала аралауға болады.

7. Өзімнің сүйікті мекенім - жағалау. Жалғыз серуендеп, ойларымды ретке келтіру маған ерекше әсер береді.

8. Ештеңе өзгертпес едім, Астананы осы қалпында да жақсы көремін.

Әлібек Мусин, блогшы, AstanaLike.kz сайтының жасаушысы:

1. Білмейді екенмін, мұражайларға бармаймын.

2. Максим Горький атындағы орыс драма театры, Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театры және "Аттракцион" жастар театрын білемін, бірақ өзім барып көрмеппін.

3. Жағажайдағы "Рамсторға" қарама-қарсы орналасқан ескерткіш өзіме ұнайды. Қателеспесем, Томирис патшайымының ескерткіші.

4. Эстрадалық концерттерге бармаймын.

5. Керуен, Mega, Asiapark, Astana Mall, Хан Шатыр және Евразияны атай аламын. Өзім "Керуенге" барғанды ұнатамын.

6. Шетелден достарым келіп жатса, оларды Нұржол желекжолында қыдыртып, Хан Шатыр мен Керуенге апарар едім және жағалауды көрсетер едім.

7. Астанадағы ең сүйікті мекенім Есілдің жағалауы.

8. Велосипед жолдары жетіспейді, мекемелердегі сервис қанағаттандырмайды. Өз басым, автокөлікке тәуелді болмау үшін трамвай немесе метро болғанын қалар едім.

Ал сіз «Екпіннің» сұрақтарына қалай жауап берер едіңіз?

Оцените пост

5

Комментарии

Чтобы написать комментарий нужно войти в систему