«Аңыз түбі шын, аруақ түбі жын»

gbaqytkereiuly 2013 M10 13
1248
0
0
0

Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын! Құранда  басына түскен қиындықтарға сабыр етіп Алланың рахметіне бөленген Әйүп пайғамбардың (ғ.с.) оқиғасы баяндалады. Ол ең әуелі өзінің бар  малынан...

Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

Құранда  басына түскен қиындықтарға сабыр етіп Алланың рахметіне бөленген Әйүп пайғамбардың (ғ.с.) оқиғасы баяндалады. Ол ең әуелі өзінің бар  малынан айырылса, сонан соң құлаған үйінің астында қалып әйелінен басқа бүткіл отбасы қырылады. Онымен қоймай өзі де жан баласы жуымайтын алапес ауруына шалдығып тірілей шіри бастайды.

(Мұхаммед ғ.с.) Құлымыз Әйүпті  (ғ.с.) есіңе ал. Сол уақытта ол Раббысына: «Рас, мені шайтан бейнет және қинауға ұшыратты» деп жалбарынды. Құран Кәрім. Сад 38:41

Бұл аятта Әйүп пайғамбар (ғ.с.) өзінің басына келген бар бақытсыздықтың шайтан арқылы келгенін айтады. Демек, бұл адам баласы ұшырайтын  қандай болмасын бәле-жала, ауру-сырқауларға шайтандардың  қатысы бар екенін білдіреді.  

Адам баласы ұшырайтын қандай болмасын бәле-жала, ауру-сырқауларға шайтандардың  қатысы бар. Бірақ, олар мұны Алланың қалауынсыз жүзеге асыра алмайды. Ал Алла Тағала болса оларға осындай мүмкіндік бере отырып оны адамдар үшін сынақ етеді. Яғни, Ол адам баласын шайтан арқылы, шайтандар арқылы келетін жамандықтар арқылы сынайды.

«Негізінде, Ібілістің оларға еш ықпалы жоқ еді. Бірақ, ақиретке сенген кісі мен күдікте болғанды ажырату үшін ғана. Раббың әр нәрсені қорғаушы». Құран Кәрім. Сәба 34:21.

Қайта тірілетін ақирет күніне сенген адамдар Алладан қорқып, Оның тиғандарынан тиылып, Одан жәрдем сұрау арқылы шайтаннан сақтанса, ақиретке сенбейтін жандар  Аллаға қарсы шығады да сол себепті де толықтай шайтанның ықпалына түседі. Сонан олар шайтандар өздерін қандай бейнетке ұшыратса да  қарсы тұра алмай дәрменсіздік танытып солардың ықтарына жығыла береді.

Олар надандықпен өздерінің ата-бабаларының, немесе қасиетті адамдардың аруақтарына  сиынып, шайтандардың қастықтарынан сол аруақтардан пана таппақ болады. Олар  аруақтардың кейіптеріне еніп өздерін алдап жүрген сол жын-шайтандардың өздері  екендігін білмейді. Сол себепті де  олар шайтандарға қарсы шайтандардың өздерінен жәрдем сұрап ақымақ болады.

Олар аруақтарға деген сенімдеріне орай   өздерін қолдап-қорғап, желеп-жебеп жүрсін деп сол аруақтарды риза етуге тырысады. Сол аруақтардың киесі ұрады деп қорқып, оларға қатысты тиымдарды қатаң ұстанады. Аруақтарға қатысты осындай қорқыныштан халық арасында   «құдай атқан оңалар, аруақ атқан оңалмас» деген мақал тараған.

Мұндай  жандар   аруақтардың адамға «қону» барысында оны ауыртып қинап, түрлі машақатқа салатынын да біледі. Және аруақ «ұстанғысы» келмеген жандардың ауру-сырқаудан шықпай, бастарынан  қиындық арылмай көп бейнет көретіндері, олардың тіпті аяқ астынан өліп кететіндерін де біледі. Сондықтан олар  аруақ болып «рөл» ойнап жүрген жын-шайтандардың дегендеріне көніп, айтқандарын бұлжытпай орындауға тырысады.

Осылайша олар сырқаттарынан сауығып,  қиындықтарынан құтылып,   «жолдарының ашылуы» үшін жын-шайтандарды риза етуге барын салады. Ал егер аруақтар қатты риза  ете алса  онда олардың таңдаулары   түсіп олардың  «баталарын» да алуға болады. Мұндай жағдайда  олардың  бойларында емшілік, көріпкелдік тәрізді қасиеттер пайда болып,  мұнан  басқа да бұрын байқалмаған түрлі дарын, қабілеттері  аяқ астынан  «ашылған» болар еді.

Аруақтарға табынушылардың көпшілігі олардың батасын алып қасиет қонған адам болуды  армандайды. Бірақ,  екінің біріне аруақ  қона бермейді. Ол үшін адамның бойында белгілі бір қасиеттер мен  қуаттық әлеует  мол болуы шарт. Сол себепті де  аруақтар кезінде өздері «қонған»  бақсы-балгерлердің  тұқымдарын жағалап жүреді.  Өйткені,  емші, балгер болу үшін қажетті белгілі бір қасиеттер тұқым қуалап, кезінде бақсы-балгер болған адамның  кейбір ұрпағының  бойыннан көрініс беріп қалады. «Аруақ» жын-шайтандар міне осындай жандарды айналдырып өздеріне  икемдеп алады.

Ол үшін жын-шайтандар  ондай адамдарды ауыртып, түрлі бейнеттерге ұшырата отырып   оларды өз дегендеріне көндіруге  тырысады. Ал өздеріне бой ұсынған кезде олардың аурулары мен бейнеттерін айықтырады да, «жүректерін ашып»   «қасиет» қондыру арқылы оларды өздеріне қызмет ететін бақсы-балгерлер етіп алады.

Сонан соң олар қарапайым адамдарды да түрлі ауру-сырқау, қиындықтарға ұшыратып оларды сол емші, бақсы-балгерлерге баруға мәжбүрлейді. Қол қусырып бақсы-балгерлердің алдарына  барып, олардан жәрдем күтіп жаутаңдаған жандарды дерттері мен қиындықтарынан айықтыру арқылы оларды да өз тұзақтарына алдап түсіреді.

Дерттерінен айығып, қиындықтары шешіліп, жолдары ашылған мұндай жандар өздері аруақтар деп білетін жын-шайтандарға құлдық ұрып,  сол «аталар» жатқан жерлерді қасиет тұтатын  болады. Оларды  риза ету үшін бақсы-балгерлердің айтқандарын мүлтіксіз орындап,  сол  «аталар» жатқан қасиетті жерлерді тәуап ету үшін  бейіт кезіп кетеді.

Осылайша жын-шайтандар  аруақ болып «қона»  отырып  емші, көріпкелдерді   өздеріне қызмет еткізіп,  оларды Аллаға серік қосу күнәсіне  әбден батырады. Және   соларды пайдалана отырып  халықты да ширк күнәсіне  тартып оларды да Алланың қаһарына ұшыратады. Осылайша «аруақ» қонған жандар өздерінің адасқандарымен қоймай, өзгелерді де адастырып  күнә үстіне күнә жүктеп түптің-түбінде арылмас азапқа қалатын болады.

Емші, көріпкелдердің айтқандарына қалтқысыз сенетін  жандар өздерінің сиынып, табынып жүрген аруақтарының  бұрын қайтыс болған «бәленше» атаның, «түгенше» атаның  рухтары екендіктеріне еш күмән келтірмейді. Тіпті,  кейбір емші, көріпкелдердің өздері де аруақ  деп жүргендерінің шын мәнінде жын-шайтандар  екенін біле бермейді. Тек  көп жылдар аруақ ұстанған  кейбір бақсы-балгерлер ғана «аруақтардың» қайтыс болған адамдардың рухтарына еш қатысы жоқ екенін түсінеді.

Олар   өздерінің бейіт, мазарларды мекендеп  қайтыс болған адамдардың кейіптеріне еніп, солардың аттарынан аян беріп жүрген  жын-шайтандармен  байланысып жүргендерін жақсы  біледі. Бірақ, олар оны ашып айтпайды. Өйткені, олар жын-шайтандармен байланысып жүрген адамнан көрі қайтыс болған адамдардың рухтарымен байланысып жүрген адам болып көрінгенді жөн көреді.

Жын-шайтандар  кезінде өздері «аруақ» болып қонып бақсы-балгерлік қабілет силаған  кісілер өлген соң  олар жатқан бейіттерін мекен етеді. Сол арқылы  олар кезінде «қасиетті» болған адамдардың өздері өлсе де рухтары сол жерден кетпей, іздеп келіп тәуап еткен адамдарға жәрдем етіп жүреді  деген сенім тудырады. Сонан соң  олар  қайтыс болған кісілердің  аруақтары болып көріну арқылы  адамдарды өздеріне сиындыры, табындырып оларды Аллаға серік қосу күнәсіне әбден батырады.

Жын-шайтандар неге қайтыс болған адамдардың кейіпінде еніп, олардың аттарын жамылып әрекет етеді? Өйткені, олардың адам баласына  қатысты бар іс-әрекеттері дұшпандық ниетпен  астарланып, адамдарды  зиянда қалдыруға бағытталған. Сол себепті де Құранда  олардың адам баласына дұшпан екендіктері ескертіліп, оларға сиынып,  құлшылық етуге қатаң тиым салынады.

«Әй, адам баласы! Сендерге шайтанға табынбаңдар, әрине, ол өздеріңе  ашық  дұшпан деп серт бермедім бе? Маған құлшылық қылыңдар осы тура жол. Расында ол сендерден көптеген топтарды адастырды. Сонда да түсінбейсіңдер ме?» Құран Кәрім. Ясин 36:60-62.

«Шәксіз, сендерге шайтан дұшпан. Сондықтан сендер де оны дұшпан тұтыңдар. Шын мәнінде шайтан өз тобын тозақтықтардан болуға шақырады». Құран Кәрім. Фатыр 35:6.

Алла Тағала  осылай  ашық ескерткендіктен көптеген адамдар, солардың ішінде мұсылмандар жын-шайтандардан бойларын аулақ ұстауға тырысады. Сондықтан шайтандар өздерін қайтыс болған кісілердің, солардың ішінде де кезінде дін ұстанған, елге силы болған атақты кісілердің рухтары ретінде ұсынады.

Бұл қулық оларға басқалар түгел мұсылмандардың да  сенімдеріне енуге мүмкіндік береді. Өйткені,  олар кезінде дін ұстанып, тақуа болған  кісілердің аруақтары өздеріне  қастық ойлап, жамандық жасайды деп ойламайды. Керісінше, тірісінде халыққа қызмет етіп, ел-жұртына қамқор болған кісілердің қайтыс болғаннан  соң да  оларға қамқор болып, желеп, жебеп жүретініне сенеді.

Алла Тағала Өзінен басқаларға  сиынып жалбарынуға тиым салып,  шайтанға құлшылық етпеңдер,  олар сендерді тозаққа түсіреді деп шындықты жария етсе де кейбір адамдар өздерінің  аруаққа деген сенімдерінен бас тартпайды. Олардың осы  бір адасушылық сенімдерін шебер  пайдаланған шайтандар оларды өз тұзақтарына алдап  түсіріп оларды өздеріне табындырып қоюда.

«Іс біткен уақытта (қиямет күні болғанда) шайтан: «Расында, Алла сендерге шындықты уәде етті. Сондай-ақ, мен де сендерге уәде еттім де сөзімде тұрмадым. Негізінде, сендерді шақырғаннан басқа еш өктемдігім жоқ еді. Сонда сендер шақырғанымды қабыл алдыңдар. Ендеше, мені сөкпеңдер де өздеріңді сөгіңдер. Мен сендерді құтқара алмаймын. Сондай-ақ, сендер де мені құтқара алмайсыңдар. Расында, бұрын мені Аллаға серік етіп қоссаңдар (оған) менің  қатысым жоқ» дейді. Шын мәнінде, залымдарға жан түршігерлік азап бар». Құран Кәрім. Ибрахим 14:22

Түп көзі: http://galym.jimdo.com/

 

Оцените пост

-11