Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
03:42, 11 октября 2013

Қазақ комментатор қыздарынан кімдерді білесіздер? Енді қадам басқан Индира Бектенованы ерекше айтар едім

Blog post image

Қазақ комментаторлары туралы сын көп. Комментатор қыздар жоқ деуге болады. Қалай «қорықпай» келдіңіз?
– Спорт журналистикасы саласында қызмет істеп жүргеніме біраз болды. «Kazsport» телеарнасы ашылғалы бері өзімді комментаторлық қырымнан байқап жатырмын. Көркем гимнастика шебері Әлия Юсуповамен бірге алғаш рет горнитураны құлағыма киіп, комментатор қызметінде өзімді сынап көрдім. Волейбол, ескек есу, ауыр атлетика көрсетілімдерін жүргіздім. Қазір іздену үстіндемін. Оған қоса Ұлттық арнада спорт жаңалықтарын жүргіземін. Берілген 3 минуттың ішінде көрермендерге нақты деректі айтып шығасың. Тележүргізуші болу бір бөлек, ал комментатор болу мүлдем басқа. Үш сағатқа дейін созылатын көрсетілімдер болғанда, қатарынан екі-үш ойынға комментарий жасаған кезде қиынға соғады.
– Каратэден еліміздің чемпионысыз. Неге тастап кеттіңіз?
– Каратэден қара белбеу иегері, республикалық дәрежедегі төреші, ҚР кубогының абсолютті жеңімпазымын. «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» демекші, спорт журналистикасына бет бұрған соң каратэден кетуіме тура келді. Бірақ спорттан алшақтап кеткенім жоқ. Қайтадан төрешілікті қолға алу ойымда бар. Қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейге баспалдақпен көтеріліп, жеңістің биік  тұғырынан көрінгеннен кейін, көрсетілімді басқаша көзқараспен қабылдайсың. Жеңістің қандай қиындықпен келгенін, еліңнің әнұраны шырқалғанда тұғырда қандай сезімде тұрғанына дейін сезе қоясың. Спортшы жеңіліп қалса, оның себебін іздеймін. Мүмкін аяғы ауырып, жарақат алған болар, мүмкін сол күні көңіл-күйі болмаған шығар.
–  Бұл спорт түрі бойынша жерлестеріміз әлемдік деңгейден көріне алып жүр ме?
– Каратэші Дархан Асаділов, Халид Халидовті ерекше атар едім. Жақында алғаш рет елімізде каратэ-до спортынан Азия чемпиондарының кубогы жолындағы жарыс өтті Астанада. Қазақстан Орталық Азия аймағынан Қырғызстанмен бірге бақ сынасты. Біздің команда қыздар, ұлдар арасында да бас жүлдені жеңіп алды. Бұл Азияда Қазақстан спортшылары үздіктер қатарында екенін білдіреді.
– Спортқа деген қызығушылығыңыздың туындауына кім түрткі болды?
– Мен спортшылар отбасында тәрбиелендім. Ата-анам спортпен айналыспаса да, бауырларымның барлығы спорт саласында. Әпкем Айгүл мылтық атудан спорт шебері, Азия чемпионы, әлем кубогының қола жүлдегері, ағам Алмас еркін күрестен жастар арасындағы халықаралық турнирдің жеңімпазы, інім Олжас каратэ спортынан қара белбеу иегері.
– Ескек есу жарысына комментарий жасағаныңызды көпшілігі жоғары бағалады. Соншалықты дами қоймаған бұл спорт түрін меңгеру үшін қанша күш жұмсадыңыз?
– Қазақстанның ұлттық құрамасымен бірге бір ай бойы әлемдік жарыстарға барып келдім. Словакия, Чехия, Польшада спортшылармен бірге жүріп, ескек есу спортымен жақынырақ таныстым. Жарыстың алдында кез келген спортшы салмақ өлшеуден өтеді. Ал ескек есу спортында біз білмейтін, мынадай қызықты жайттар бар. Қайықтың салмағы белгілі мөлшерде болуы керек. Сосын ескекті қолмен емес, аяқпен басқарасың. Желдің соғысы әр спортшыға әртүрлі әсер етеді. Бір спортшыға оң жақтан соққан жел көмектессе, біріне кедергі келтіріп жатады. Осындай процестерді өз көзіммен көріп,  алғаш рет қайыққа отырып, өлшеп басымнан өткердім. Самарқандта өткен Азия чемпионатында ескек есушілеріміз алдына жан салмайтынын дәлелдеді. Жуырда өткен Германиядағы жарыста Сергей Емельянов әлем чемпионы атанып, Универсиадада екінші орынды иеленді. Сапарда жүргенде спортшылардың тыныс-тіршілігімен, психологиясымен таныстым.  Қазір спортта тек қана физикалық емес, психологиялық дайындыққа мән беруде. Әр командаға бір психологтан алынып жатыр. Спортшылар ырымшыл келеді. Өздеріне ғана тән наным-сенімдері бар.
– Шетелде жанкүйер мәдениеті қалай екен?
– Шетел жанкүйерлерінің сана-сезімі жоғары деңгейде. Волейболдан Италия мен Польшаға барғанымызда, «Қазақстан, алға!» деп ұрандатып, спортшыларымызға күш-қуат бергеніне риза болдым. Тіпті өзге елде ойнап жатқаны сезілмейді де.
– Елімізде әйел коментаторлары қат. Мұның себебі неде?
– Болашақта бұл салаға қыздар да бет бұрады деп ойлаймын. Әрдайым ізденіс үстінде болған жағдайда адам өзінің қабілетін аша алады. Ең бастысы, қорықпай, өзіне сенімді бола білу керек. Спортшылармен көп араласқан сайын, спорттың қызықты тұстарын аңғарып, қыр-сырына үңіле түсесің. Спортшы мен комментатордың қобалжуы ұқсамайды екен.
– Бокс, ауыр атлетика секілді ұрда-жық, денсаулыққа зияны бар спорт түрімен қыздардың шұғылданғаны дұрыс па сіз үшін?
– Белгілі бір спорт түріне «жетістікке жетемін» деп жан қалауымен келген болса, оның несі ерсі? Алға қойған мақсатын, жанып тұрған үмітін сөндіруге болмайды ғой. Бойында құлшынып тұрған жігері болған  жағдайда ғана нәтиже шығады. Ешкімді де мәжбүрлеп алып келуге болмайды.
– Бір комментаторды бірнеше спортқа емес, бір-екі спорт түріне машықтандыру керек дегенге қалай қарайсыз?
– Қазіргі заманның талабына сай, жан-жақты болуға машықтанып, дайындалу керек. Тек қана бір спорт түрімен шектелуге болмайды. Қарым-қабілеті бірнеше спорт түрін меңгерген болса, неге өзін сынап көрмеске?
– Қазақстанда комментаторлық мектеп қалыптасқан ба? Қазіргі комментаторлардан үлгі тұтатын кімдер бар?
– Енді ғана комментатор қызметін бастап келе жатқандықтан, үйренуге бар күш-жігерімді жұмсаудамын. Ермұхамед Мәулен, Ермек Төрениязов, Ғалым Сүлейменнің жасаған комментарийлерін тыңдап, санама тоқимын. Білмеген тұстарымды сұрап аламын. Бар білгенін айтып, тәжірибелерімен бөліседі.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Салтанат СҮГІР
http://www.halyksozi.kz/news/view/id/2518
0
836
0