Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
1
03:40, 11 октября 2013

Әшекей бұйымдарды эстетика тұрғысынан таңдайсыз ба? Бұл туралы Зергер Болат Атыраубаев не дейді екен?

Blog post image

Қолөнеріміздің салтын суалтпай келе жатқан зергерлеріміздің бірісіз. Бұл салаға қалай келдіңіз?
– Бастапқыда портрет салып, гобелен тоқып жүрдім. Қазір басы бүтін зергерлікке ден қойдым. Атамнан қалған мирас өнерді үкілеп келе жатқан жайым бар.
– Сақ дәуірінен сыр шертетін құнды жәдігерлердің дәрежесіне әлі күнге дейін жете алмай келе жатқанымыз анық. Өзіндік стиль қалыптастырдыңыз ба?
– Дұрыс айтасыз, зергерлік өнер сақ дәуірінде өте жоғары деңгейде болды. Қазіргідей газ құрылғылары жоқ болса да, сол кезгі зергерлер ағаш, көмірді пайдаланып-ақ тамаша туындылар тудырды. Көне дәстүр құндылығының тарихы классикада жатыр. Қазақтың зергерлік өнері XVIII-XX ғасырларда дамыған. Өкінішке қарай, Кеңес одағының ықпалына енген соң ұлттық танымымыздан айырылып, ата-бабамыздан қалған өнер сабақтастығы үзіліп қалды. Енді ғана аяғынан тұрып келеді. Ұлттық өнерге деген қызығушылықтың артуы қуантады. Қазір екінің бірі кезіндегідей әшекей бұйымдарын жасай алмайды. Бабаларымыздан қалған мұраны жаңғыртып, дәстүрлі стилді ұстанамын. Сұранысқа байланысты заманауи әшекей заттарды жасаймын. Авторлық бұйымдарым да бар. Әр өңірдің ерекшелігіне байланысты батыстың монументальды, кең әдісі көрініс табады. Жалпы белгілі зергерлердің бұйымдарына қарап, қолтаңбасын ажырата аламын.
– Зергерлік бұйымдарға салынатын арнайы оюлар болатынын естіген едім. Ол қандай өрнектер?
– Бүгінде талқыланып жатқан орынды сұрақ. Иә, зергерлік бұйымдарға көбінесе қошқар мүйіз, шаңырақ, кереге белгісін, өсімдік ою-өрнектерін пайдалануға болады.  Геометриялық өрнектерден үшбұрыш аспан, жер, адамды білдірсе, төртбұрыш «төрт құбылаң тең болсын» дегенді білдіреді. Аңдық стильдегі космогониялық өрнектер жойылып кетті. Мысалы, өңіржиекке дән, балықкөз секілді ою-өрнектерді ғана қолдануға болады. Еуропаның зергерлері эстетикаға мән берсе, біз мән-мағынаға ерекше ден қоямыз. Ата-бабамыз әрбір іске дәретпен ғана кірісіп, тіл-көзден сақтасын, береке-ырыс әкелсін деген ниетпен әшекей бұйымдарын жасаған. Мен де сол бағытты ұстанып, этнобұйымның тарихымен зергерлік өнер туралы кітаптардан етене танысқаннан кейін ғана іске кірісемін. Қателесуге болмайды.
– Әшекейге қарап қыз-келіншектің жас мөлшерін шамалаған екен. Осы жөнінде айта кетсеңіз...
– Кезінде шашбау мен шолпыны кері күштерді үркітеді деген сеніммен жасайтын болған. Салмағымен шашын артқа тартып, өсуіне ықпалы болады. Оған қоса бойын тік ұстап, жүрісінің келісті болғанына септігі тиеді. Ата-бабамыз шолпысының сылдырынан-ақ, қай үйдің қызы екенін біліп, сылдыры қатты сыңғырлап кетсе, қатаң ескерту жасап отырған. Көшеде шолпы таққан қыздарды көрген қандай керемет! Бойжеткендеріміздің қолынан бесбілезікті аңғарып қалсаң, аңтарылып қарамасыңа болмайды. Осылайша қызды көз тиюден сақтайды. Құдағи жүзік екі жастың басын біріктірген парасатты аналарға ғана арналған. Құс тұмсық жүзікті тұрмысқа шықпаған қыздар «құстай басы бос» деген белгімен тұмсығын төмен қаратып тағатын болған. Отау жүзіктің төртбұрышы төрт құбыласы тең болсын деген ниетпен жасалса, бидайлары өсіп-өну, ұрпақ белгісін білдірген. Қазір батыстан келген неке жүзігінің орнына отау жүзікті қолданған дұрыс болар еді деп ойлаймын.
–  Көрікпен жұмыс жасау әдісін кімнен үйрендіңіз?
– Арал жақта Құдайберген ағамыздан көрік жасау әдісін үйреніп, батасын алдым. Өзінің көрігін маған сыйға тартты. Ол кісі секілді кәнігі шебердің бар екенін әлі күнге дейін естіген емеспін. Әлде де ескі әдіспен зергерлік бұйымдарды дайындайды. Айта кету керек, зергер мен ювелирді шатастыратындар көп. Зергер бүкіл өмірін зергерлікке арнайды. Хобби деуге келмейді, өз алдына бір бағыт.
– Суретшілікпен айналысасыз ба? Жеке қорыңызда қанша туындыңыз бар?
– Шабыт келгенде, сұраныс болған жағдайда сурет саламын. Бірақ отпен жұмыс істеудің әсері бөлек. Ақтөбеде «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша ұйымдастырылған көрмеге мемлекет басшысы келіп, қолдан жасалған гобелендерге таң қалып, кәнігі шеберлердің шеберлігін байқаған болатын. Жеке қорымдағы суреттерімнің нақпа-нақ санын айту қиындау. Санаған емеспін. Тұс кілемдерді қосқан кезде 200-ден асып қалатын шығар. АҚШ, Польша, Әзірбайжан, Ресей, Қытайдың көрмелерінде гобелендерім сақтаулы.
– Өзіңізге әшекей бұйымдар жасадыңыз ба?
– «Етікші бізге жарымайды». Өзімнің жеке жүзігімді жасаймын деп жүргеніме біраз болды.

Сұхбаттасқан – Салтанат Сүгір

http://www.halyksozi.kz/news/view/id/2517

1
1889
0