Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
1
21:00, 14 октября 2013

СЕНІ іздеген МЕН...

«Қыз Жібек» кинокартинасын тағы да көрдім бүгін. Жатып алып, әттең мен де Жібектей ақылына көркі сай бойжеткен болсам...Төлегендей сымбатты жігітті кездестірсем...Ол маған ғашық болып қалса...Сосын ол маған сөз салса...

Кенет телефонның шырылы аспаннан жерге түсірді мені. Телефонның арғы жағынан өзін түсірілім тобының өкілі деп таныстырып ертең «Сен және Мен» фильмінің алғашқы көрсетілімі болатынын және соған келіп, көруімді өтінді. Келісе салдым. Мақұл деп. Телефонды қоя сап: «тағы бір шала шарпы түсірілген фильм шығар, көпшілік қауымға арналған фильм түсіремін деп арт-хаусқа ауытқып кеткен тағы бір режиссердің дүниесі шығар» деген ой келді бірден.

Киноны көретін де кез келді. Демеушілер ұсынған тіскебасардан ауыз тидік те кинозалға еніп кеттік. Фильм аяқталды. Бірден айтам, фильм жақсы әсер қалдырды.

Фильмнің бас кейіпкері жас жігіт мен секілді шынайы махаббатын кездестіргісі келеді екен. Ол жігіт қиялдан алынбаған кәдімгі қарапайым жігіт. Қылықтары, іс-әрекеттері де әпенділеу ме деп қаласың. Бас кейіпкер қыз да қарапайым. Ешқандай да байдың еркесі емес. Сұлу да сүйкімді қыз. Ал енді ең қызығы, ТМД мелодрамаларының әдетінше қос ғашықтың арасына түсетін бай, өктем ата-ана кірікпейді де. Оқиға желісі өмірге жақындатылған. Оқиға желісі бойынша бойжеткен араққа тойып алып, пойызды күтіп тұрады теңселіп. Жүйткіп келе жатқан пойыз алдына құлай жаздамақ болған жерінен бас кейіпкер оны құтқарып қалады. Қарап отырсаңыз, махаббатыңды ұшыратқың келетіндей романтикалық жағдай емес. Десе де осы оқиғадан кейін кейіпкер жігіттің өмірі бір күнде өзгеріп салады. Ол бойжеткен оның өмірінде қалай кездейсоқ пайда болса дәл солай ғайып боп кетеді. Фильмнің мазмұнын толық баяндаудың ешкімге де қажеті жоқ екендігін түсінемін. Сондықтан да осы жерден тоқтағым келіп отыр.

Blog post image

Байқағандарыңыздай фильм махаббат туралы. Фильм жанры комедиялық мелодрама. Сценарий авторы әрі режиссері Сәкен Жолдас. Бұл фильм оның үлкен экрандағы алғашқы жұмысы. Фильмнің ұтымды тұстарына тоқтала кетсек. Олардың бірі: кейіпкерлердің есімдері жоқ. Сексен минуттық көрсетілімнің еш жерінде басты кейіпкерлердің аты аталмайды. Бұндай тәсіл көптеген кинотуындыларда қолданылғаны мәлім. Алайда қазақ киносында сирек кездесетін жәйт. Әрине, арт-хаус бағытында шығармашылығын шыңдап жүрген Нариман Төребаевтың фильмдерін есепке алмағанда. Оқиға желісі бойынша бас кейіпкер – жігіт киносценариші болуды армандайды. Бойжеткенмен танысып оған өзінің арманын айтады. Сосын екеуі отырып алып сценарийдің түрлі көріністерін қиялдайды. Сондай бір көріністердің бірі: түнгі Алматыда шымкенттік жігіт пен алматылық қыз. Жігіттің астында арзан машина. Ал қыз қымбат көлікпен жол бойымен келе жатады. Шымкенттік әдетіне салып, жол ережесін бұзып, қыздың көлігін соға жаздайды. Осы көріністің фильмде болуы заңдылық. Өйткені, бұл коммерциялық фильм. Ал ондай фильмдер көпшілікке кеңінен таралған іс-қимыл, адам, мінез, кейіптерді көрсетуді көздейді. Ал оңтүстік ағайындардың көлік жүргізуі жайлы күлкілі не қызықты оқиғалар ел арасында көп екендігі бәрімізге мәлім. Режиссер Алматы қаласын үлкен мегаполистерге жақындатқысы келгені әдемі түсірілген қала панорамаларынан байқалып тұр. Тура, режиссер қала үстінен төніп тұрған smoke көргісі, ол туралы білгісі келмейтіндей...

Blog post image

Жасырмаймын, фильм голливудтық қалыпта, яғни қазақы кино түсіру тәжірибесінен алшақ. Десе де қазақы менталитетке жақындатылғандай боп көрінді. Қуанышқа орай кейіпкерлердің бәрі де қазақтар. Бұл жолы қазақ киносында қазақтың қызы өзге ұлт өкіліне ғашық болмайды. Ал өкінішке қарай фильм қазақ тілінде емес. Десек те фильмді қоюшы топтың айтуынша болашақта қазақ тіліне дыбыстау жоспарда бар. Голливуд фильмдерінің басты ерекшелігі режиссерге қарағанда продюсердің сөзі жүретіні белгілі. Өйткені фильмге қаржыны продюсер табады және соны қайтаруды көздейді. Бұл фильмнің продюсері қазір даңқы шығып тұрған „Уроки гармонии„ фильмінің атқарушы продюсері болған Әлия Меңдіғожина. Қысқа сұхбаттан түсінгенім продюсер фильмнің бүкіл кезеңдеріне тікелей қатысқан.

Blog post image

Көрші қырғыздар мен өзбектер бұндай махаббат тақырыбындағы комедиялық мелодраманы көптеп түсіріп тастаған бізден бұрын. Бұндай фильмдерден астарлы сыр іздеудің қажеті жоқ. Көпшілік қауым кинотеатрға көңіл көтеріп, күнделікті күйбеңнен демалу үшін барады. Көресің, күлетін жерінде күлесің, жылайтын жерінде жылайсың. Оған фильмнің музыкасы сізді итермелеп отырады. Сондықтан қай жерінде не істеу керектігінен жаңылмайсыз. Тіпті жасырын жүріп жатқан жарнама да - не жеп, не ішуді, не айдауды үйретіп отырғаны да орынды қолданылған. Бұл фильм „дәмді„. Яғни „дәмді„ фильм өтімді. Өтімді фильм фильмді қоюшы топтың фильмге жұмсаған қаржысын қайтаруға міндетті.

Ал мен болса жақсы фильмнен алған жақсы әсерлерден соң романтикалық сезімдерге бөленіп, түңгі қаламен метроға қарай бет алдым. Бәлкім...

Нұрай Исаева

1
713
4