Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
04:49, 25 октября 2013

Ата жол

Біз «Ата жол» жайлы не білеміз? Сіз олардың ашық жарнамасын немесе олардың жиналатын жерлеріне шақыратын адамдарды көре алмайсыз. Олардың «жарнамасы» - ұзын құлақ. Ұйымның негізгі мақсаты - аты айтып тұрғандай бабаларымыздың жолын қайта жаңарту, яғни ислам дінін жандандыру. Ол үшін біз әрқашан дәретпен жүріп, қыздар басына орамал тағуы тиіс, тағысын тағылар. Қандай өзгешелігі, онда тұрған не бар дейсіз ғой? Бізді бұл жолда ата-бабаларымыздың аруақтары қолдап, желеп-жебеп отырады екен. Ол аруақтардың ішінде бұрынғының батырларынан бастап, кейінгі уақытқа дейінгі қазақтың атақты ұлдары бар. «Ата жолдағылардың» кейбіреулері емдеумен, басқа біреулері көріпкелдікпен айналысады. Бұл оларға ата-баблардың қолдауымен берілген қасиет. Ем мен көріпкелдік үшін ақша төлеуге болады, ал оның белгіленген бағасы жоқ. Әркім мүмкіндігінше ақша шығарады. Бірақ көп түкірсе көл дегендей...Ұйым аруақтар жатқан қабырлердің басына бару керек дейді. Осы мақсатпен олар Түркістанға, Оңтүстік өңірлердегі қабырлерге зиярат ұйымдастырады. Осыны істесе, аруақтар бізге батасын беріп, тура жолға түсіреді екен. Мұның бәрі ақылы. Кем дегенде 25 мың теңге қажет. Ал жолда қайғылы оқиғалар да болып тұрады. Мәселен, Шымкент маңындағы Ақсукент жанында болған жол апаты. Өкініштісі зияратшылардың қауыпсіздігіне ешкім жауапты емес. Blog post image

Менің «Ата жолмен» танысуым алғаш рет бұдан екі жылдай бұрын болған еді. Дәлірек айтсам, осы ұйымға қатысы бар бір қызбен әңгімем. Ислам жөнінде әңгіме қозғағанда, ол меннен «Сіз аққусыз ба?» деп сұрады. Мен анда-санда мешітке барып тұрушы едім, әрі осы тақырыптағы мақалалар мен кітаптар оқитынмын. Бірақ исламдағы «сұңқарлар», «аққулар» туралы естімеппін. Ол «аққу» екен. Танысымнан бұл не деп сұрасам, оның «Ата жолдан» алған дәрежесі екен. Ұйымның өз «сарбаздары», «Ақ ұл әулиелері», «Ақ қыз әулиелері» бар екен. Бір қызығы, танысым жоғарыда айтылғандарды ислам дініндегі ұғымдар деп біледі. Оған батырлардың аруақтары «аян береді» екен. Алдымда қауып-қатер, өзгерістер күтіп тұрса, батырлар аруақтары мені сақтандырып, белгі береді дейді ол. Егер де сіз олардың жиналатын жерлеріне бара қалсаңыз, кіретін жеріңізде Құран тұрады, аяттар жазылған таспа тыңдап отырасыз. Осы Құран аяттары оқылып жатқан жерде емдеу мен көріпкелдік басталады. Әлдебір ер адам немесе әйел сіздің бетіңізге қарап тұрып немесе қолыңыздан, не иығыңыздан ұстап тұрып, сіздің болашағыңыз, мінез-құлқыңыз туралы айтып береді. Бұл қандай ислам?Blog post image

Қазақ халқының санасында қалыптасқан дәстүрлі исламға жат болса да, ата-баба аруақтарына сыйыну, олардан көмек күту бар екені жасырын емес. Бірақ жаппай қабырлердің басына баруға шақырған, олардың ұрпақтарына ерекше қасиет - емдеу, көріпкелдік сыйлайтыныны жайлы айтылған сөздерді қазақтың қай ақыны, қай батыры айтыпты?! «Ата жолдағылардың» көріпкелдік етуі, ислам дінінде пайғамбарларға ғана келетін аяндардың кез келген адамда болуы дінімізге жат екені бүгінде көпшілікке белгілі. Бұл ұйым егер зияратқа бармасаңыз, жамандыққа ұшырауыңыз мүмкін немесе жақындарыңыз қайғыға душар болады дейді. Бұл не? Мен бір-ақ қорытындыға келдім. Бұл халқымыздың санасында қалыптасқан ұғымдарды немесе үрей тудыру арқылы пайда көру. Қазір елімізде кеңінен тарап отырған «сетевой маркетинг» дерсің. Себебі олардың «сарбаздары» ұйымға жаңадан адамдар іздеумен айналысады. Осылайша жоғарыда айтылғандар бойынша дәрежеңіз өсе береді. Бүгінде кеңінен етек алып отырған «бизнесс». Еріксіз Р. Хаббардтың «миллионер болғың келсе, жаңа дін ойлап тап» деген сөзі еске түседі.

Бұл ұйымды еліміздегі ешбір мұсылман бірлестіктерінің мойындамайтынын білеміз. Айта кететіні, олар діни бірлестік сияқты емес, қоғамдық ұйым сияқты тіркелген болатын. Неліктен қоғамдық ұйым діни мәселелермен айналысады?

Сонымен біз «Ата жол» туралы не білеміз? Білгеніміз олар аталар жолымен емес, бүйректен сирақ шығарып, басқа жолмен кеткені.

0
878
0