Yvision.kz
kk
1
04:12, 29 сентября 2013

Hollywood штамптары

"Ұлы суретішлер ұрлайды" деген екен Пикассо (айтпақшы, осы сөздің авторлығы Билл Гейтске тиесілі деген жаңсақ пікір бар). Рас шығар. Hollywood фильмдерінде біртекті кадрлар  көп. Қызығы сол: киноның көркемдігіне еш нұқсан келмейді. Кейіпкер Киануша секіріп, Мерфише мәймөңкелеп сөйлегенімен, көрермен оны қайталанды демейді. Көрермен бәрібір де жаңа кино көріп келдім дейді.


Интернетте Hollywood шаблондары туралы бейне мен суреттер көп-ақ екен. Солардың бірсыпырасын оқып, аталамай қалды-ау деген шаблондарды жазуды жөн көрдім. Уақытыңыз болса, пікір ретінде жазып, сіз де көмектесіңіз! Сонымен.  

1. Атауынан ат шошитын ұйымдар

 

Атауынан ат шошитын ұйымдар
Нәпақасын өмір бойы жүгері өсірумен айырып келген қызылкөйлекті һәм қалпақты фермерге таң атар-атпастан қара джиппен қара киімділер сау ете қалады. Әліпті таяқ деп білмеген, құдайына қараған қараша үйдің көзі бақырайған бейшара иесіне әдетте түсініктеме берілмейді: шақырусыз келген қонақтар керуертімен қосып төңкеріп тастап, тінте бастауы мүмкін. Себеп те мың түрлі: кеше аулаңа беймәлім табақша қонды, әлде сиырың Молли қара аспанды қақ жарып, ұшып кете барды. Әйтеуір өздері бастап, өздері бітіреді. Аяғында осы ұрдажықтармен бірге Вашингтонға кетесің, не болмаса "Caterpillar" тракторың мен айырыңды сүйеніп, не болғанын ақыры аңдай алмай, аузың аңырып, шошайып қала бересің.Қара киімділер әдетте Энергетика Министрлігінің, FBI, CIA, не ойдан шығарылған, "табанда атып тастау" құқығы берілген ұйымның өкілдері. Сақ бол, актер!

 

2. Өлім алдындағы мылжың

 

Өлім алдындағы мылжың

Қапыда қалдың. Жағымсыз кейіпкердің жауырын тұсына тығып қойған басы артық тапаншасы бар екен. Дегенмен, иманыңды үйіруіңе уақытың бар. Себебі, жағымсыз кейіпкер бірден жайратып салмай, сенен бұрын - көрермен үшін: қалайша айласын асырғанын, екі түйеге жүк болатын назын, сатқындыққа итермелеген рухани қысымдарды, кейде тіпті - қарындасымен паркте асыр салып ойнағанын(?) әңгімелеп береді. Біруақ, мынау көкми мылжыңнан құтылу үшін өз еркіңмен секіріп кете барғың келеді. Дегенмен, асықпағаның жөн: тапаншасында оқ болмауы, әлде ұмыт бола бастаған ұстамасы қайтадан ұстап қалып, тірі қалуың мүмкін.


3. Мега, гига, пета!

Мега, гига, пета!

Америка киносы - масштабтар алаңы. Базарда сәбіз сатып тұрған жоқсың ғой, ядролық қару оқпанына бірден 2 миллиард доллар сұра! Шейхтер ойланбастан ақшаны контейнермен төгіп тастайды! Себебі ол қаруды қолға түсірсе, неткен қаныпезерлер десеңші: бір мезетте 3 миллиард адамның көзін жоюға болады! Әлде 4 миллиард па? Әйтеуір бұл жәйттің агент Бәленшеге маңызы жоқ. Себебі ол жылдамдығы секундына 25 мың жарық жылын алатын глайдпен саған қарай асығыс ұшып келе жатыр. Сазайыңды беру үшін. Арасында Жер ананың шеңберінен шығып кетуі де мүмкін. Жасылдау келген саналы бауырларымыздан қарызға мылтық сұрап алу үшін. Жәй мылтық емес: тығылып отырған жартасыңды жарып тастап, өзіңнен қуырдақ жасайтын мылтық. Әйтеуір аман бол. Меніңше, үкіметке өзің берілгенің жақсы сияқты.


 

4. Сегіз қырлы + тағы бір қыр

Мега, гига, пета!

Қала ішінде сыр бермеген су жаңа мәшине далаға шыға сала қақалды да қалды. Сценаристердің пәрменімен - 200 шақырым айналада қураған тал да жоқ. Жүргізуші болса, жапан түзден бастап, жүйеге дейін бір сыпыртып боқтап алды. Сол-ақ екен, артқы орындықта жайғасқан, сен тимесең мен тимен мылқауға тіл бітіп, "кәне көріп жіберейінші..." деді. Бүкірейген биологтың бүкірі кенет жазылып, саламатты жігітке айналып шыға келеді де, әлдебір сымдардың басын қосып, темір атты гүр еткізді. Киноның аяғына дейін оның сонымен бірге: дәнекерші, аспаз, химик, мерген, электроншы, кәсііпкер, актер, сапер екеніне куә боласыздар. Рас, біздер осынша білімді бір құтыға сыйдырып жіберген оқу жүйесін де ойлаймыз. Жиырмаға жуық мамандықты шімірікпестен жалғыз арқалап жүрген кейіпкердің тапқырлығына таңдай қағысып отырып-ақ кино бітеді ғой әйтеуір.


5. Транзакциялар

 

Транзакциялар

Компьютеризация үрдісі киноға әкелген штамп. Бір сәт екінші пландағы рөлге компьютер шығады. Әдетте - ақша аудару үрдісі. Индикатор жүз пайызға жеткенше, ақшаны алушы тараппен бірге уайымдайсыз. Осы тұста көрермен ретінде мен аңдаған бір нәрсені айтсам. Бар бәле прогрессбар 70 пайыз бен 90 пайыздың арасына келгенде басталады. Тарихи әрі заңдылығы күмәнді келісм-шартқа оқыстан басталған атыс-шабыс, магниттік дауыл әлде қарапайым - жарықтың өшіп қалуы кедергі келтіруі мүмкін. Осы тұста айта кететін бір жәйт бар. Ақша ешқашан индикатормен аударылмайды. Транзакцияның мазмұны сол: ол не болады, не болмайды. Яғни ақшаның 70 пайызға аударылып үзіліп кетуі мүмкін емес. Бұл енді маман ретінде айтқаным болсын. Себебі, кейінгі ресейлік және отандық фильмдер мен клиптерде компьютерге қатысты америкалық қателерді көшіру көбейіп кетті.

1
440
0