Шенеунік болғыңыз келсе...

Айгерим September 19, 2013
579
0
1
0

Жас кәсіпкерлер клубының мәліметінше, студенттер арасында жүргізілген сауалнама бойынша, сұралғандардың 80 пайызы оқуын тәмамдағаннан кейін мемлекеттік қызметкер атанғысы келеді екен. Не себепті?!

Жас кәсіпкерлер клубының мәліметінше, студенттер арасында жүргізілген сауалнама бойынша, сұралғандардың 80 пайызы оқуын тәмамдағаннан кейін мемлекеттік қызметкер атанғысы келеді екен. Жеке ісін дөңгелетем деушілер «бизнес ашу қиын»; «көп қаражат керек» немесе «ашсаңыз, тексеріс қаптайды» деген тәрізді қоғамда қалыптасып қалған түрлі қағидалардан бойын аулақ ұстауға тырысады.

«Ақ жағалы» болуға ұмтылыстың астарын ашып көрейік.

Біріншіден, мұны мемлекеттік қызметтің ерекше абыройлылығымен түсіндіруге болатын шығар. Белді бір министрліктің қабырғасында жасалатын саяси шешімдер мен жүргізілетін реформалардың  басы-қасынан табылу әркімнің басына бұйыра бермейтін бақ. Сіз барлық жаңалықтар мен ел экономикасынан әрдайым хабардар жүресіз.

Екіншіден, бұл қызметтің тұрақтылығы. Жеке сектормен салыстырғанда, саланың құлдырап кетуі немесе сатылымдардың төмендеуіне байланысты сіз жұмыссыз қалу қаупінен алшақ жүресіз.

Тіпті, 2009 жылғы дағдарыс кезінде, бірқатар министрліктерде жүрген қысқартуларға қарамастан, мемлекеттік қызмет өзінің тұрақтылығы мен сенімділігін дәлелдеді. Қызметкерлер бонус пен үстемақысын ала алмай қалғаны болмаса, жеке компаниялардағыдай жалақының кешігуі тәрізді жағдайлар еш байқалмады.

Үстемақы демекші, мемлекеттік мерекелер кезінде, әр тоқсан сайын 1 немесе жарты айлық қаражат көлемінде сіз ынталандыру алып тұрасыз. Оның үстіне, жыл қорытындысы бойынша ел арасында «13-ші жалақы» деп аталатын бонус та сіздің жеке қызметіңізге, қоғамдық өмірдегі белсенділігіңізге, жалпы тәртібіңіз тәрізді факторларға қарай тікелей басшыңыздың бағалауына байланысты ынталандыруға ие боласыз.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ресми сайтында жүргізілген сауалнамаға назар аударатын болсақ, мемлекеттік қызметте монетарлық ынталандыру (үстемақы, бонустар) аса маңызды екенін аңғаруға болады.

Шынтуайтына келгенде, мемлекеттік қызметкердің жалақысы көп емес. Мәселен жаңадан орналасқан сарапшы еңбек сіңірген жылдарына байланысты 80 000 мен 100 000 арасында тұрақты қаражат тапса, басқарма бастығы олармен салыстырғанда 20 000-40 000 тг артық алады.

Жеке секторда қарапайым маманның жұмыс айлығы 150 000-200 000 құрайтыны белгілі, ал ұлттық компанияларда тіпті бірнеше есе көп екені жасырын емес.

Тағы бір артықшылық, ол әрқашан ой-өрісіңізді жетілдіріп, шетелде қосымша тәжірибе жинақтау мүмкіндігіне біршама жақын жүретініңіз. Тіпті «Болашақ» бағдарламасы да мемлекеттік қызметкерлерге оқуға түсу барысындағы конкурс кезінде арнайы жеңілдіктер қарастырады. Меморгандардың қызмкеткерлері өзінің функционалдық қызметі бойынша халықаралық келісімдерде көзделген арнайы бағдарламалар бойынша бір айға, жарты жылға немесе 1-2 жылға дейін де шетелге шығып, тәжірибе жинақтап қайтуына болады.

Мемлекеттік қызметкер болудың, әрине, аса қуанта қоймайтын жақтары бар. Шығармашылық, оқыту қызметтерін қоспағанда, басқа шаруамен айналысып, қосымша пайда табуға құқығыңыздың жоқтығы.

Жыл сайын наурыздың 31-не дейін мемлекеттік қызметкердің жеке табыс салығы декларациясын тапсыруға міндеттенесіз.

Қызмет барысында Сізді нормадан тыс жұмыс тәртібі күтіп тұрады дей беріңіз. Үйге түннің бір уақытында қайтатын кездер болады. Міндетті түрде.

Жұмыс қағазбен, тек қағазбен байланысты. Қаулылар, заң жобалары, тұжырымдамалар әзірлеу, оны келісу, бекітілгенге дейінгі барлық инстанциялардан өту және мұның бәрі бекітілген уақытта жүргізілуі тиіс.

Әрине, кезекті бір қаулы-қарар бекітілді дегенде, Сіздің төбеңіз көкке сәл-ақ жетпей қалады. Мемлекеттік қызметтегі бақытты сәттердің бірі осы.

Хош, сонымен Сіз осы факторлармен келісіп,  мемлекеттік қызметкер атануға бел будыңыз. Мемлекеттік қызмет санаты қазір А және Б корпусы болып бөлінетінін білгеніңіз абзал. А корпусына іріктеу үстіміздегі жылдың жаз айларында аяқталды. Бұл саясатты қалыптастырып, тікелей шешімдер жасайтын, өкіметтің тізгінін қолда ұстайтын азаматтар.

Ал «Б» корпусы осы шешімдерді жүзеге асырушы тұлғалар десе де болады.

Мемлекеттік лауазымға өту үшін ең адымен тестілеуден өту керек.

Сынақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінде немесе ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Алматы, Атырау, Көкшетау, Павлодар, Тараз, Өскемен, Орал, Петропавл, Қостанай, Қызылорда, Қарағанды, Талдықорған, Ақтөбе, Ақтау және Шымкент қалаларындағы аймақтық тестілеу орталықтарында өтеді.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде  тест тапсыру үшін Сіз Астана қаласының әкімдігіне

1. Өтініш (нұсқасын сайттан табуға болады);

2. бiлiмiңіз туралы құжаттардың көшірмелерін (салыстыру үшін түпнұсқаларын ұсынбаған жағдайда нотариатта куәландырылған);

3. еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесін (салыстыру үшін түпнұсқаларын ұсынбаған жағдайда нотариатта куәландырылған);

4. ЖСН бар жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін тапсырасыз.

Егер сіздің еңбек өтіліңіз болмаса немесе лауазым санаты бойынша жұмыс өтілі талап етілмесе, еңбек кітапшаңыздың көшірмесін тапсырудың қажеті жоқ.

Өтініште тест тапсыру күнін қалауыңызша белгілейсіз. Содан тестілеуге дайындық басталады. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің сайтындағы онлайн-тестілеуден өтіп, біраз жаттығуыңызға болады. Бірқатар сұрақтар сонда бар. Ал Заңдарды оқу міндетті, әсіресе мерзімдерден шатаспауыңыз қажет. Мәселен Бас прокурор, Сенат, Мәжіліс депутаты  неше жылға тағайындалатыны/сайланатыны, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау мерзімдері, олардың түрлері және т.б. мәліметтерді жадыңызға сақтап алғаныңыз дұрыс.

Аттестациялауға жататын «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді тестілеу бағдарламалары:

1) А-1, А-2, А-3, А-4, В-1, В-2, В-3, С-1, С-2, С-3, С-О-1,

С-О-2, С-О-3, C-R-1, D-1, D-2, D-3, D-О-1, D-О-2, D-О-3, Е-1, Е-2, E-R-1 санаттары үшін:

мемлекеттік тілді білуге тест (20 тапсырма);

логикалық тест (10 тапсырма);

Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге арналған тестке Қазақстан Республикасының Конституциясын (15 сұрақ), «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» (15 сұрақ), «Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы»  (15 сұрақ), «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» (15 сұрақ) Конституциялық заңдарын, «Мемлекеттік қызмет туралы» (15 сұрақ), «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» (15 сұрақ), «Әкімшілік рәсімдер туралы» (15 сұрақ), «Нормативтік құқықтық актілер туралы» (15 сұрақ), «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» (15 сұрақ) Заңдарын бiлуге арналған сұрақтар, сондай-ақ мемлекеттiк органның жұмыс ерекшелiгiн ескере отырып, осы мемлекеттiк органмен әзiрленетiн (және ұсынылатын) нормативтiк құқықтық актiлердi (15 сұрақ) бiлуге арналған тест сұрақтары кiредi;

 

басқа санаттар үшін:

мемлекеттік тілді білуге тест (20 тапсырма);

логикалық тест (10 тапсырма);

Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге арналған тестке Қазақстан Республикасының Конституциясын (15 сұрақ), «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» (15 сұрақ), «Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы»  (15 сұрақ), «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» (15 сұрақ) Конституциялық заңдарын, «Мемлекеттік қызмет туралы» (15 сұрақ), «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» (15 сұрақ), «Әкімшілік рәсімдер туралы» (15 сұрақ), «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» (15 сұрақ) Заңдарын бiлуге арналған сұрақтар, сондай-ақ мемлекеттiк органның жұмыс ерекшелiгiн ескере отырып, осы мемлекеттiк органмен әзiрленетiн (және ұсынылатын) нормативтiк құқықтық актiлердi (15 сұрақ) бiлуге арналған тест сұрақтары кiредi.

 
 

Тестілеу Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде сағат 10-00 ден немесе 15-00 ден бастап өткізіледі. Сынаққа кірерде қалта телефоныңызды, қағаздар мен сөмкеңізді шеткі үстелге қалдырып кетесіз. Осы  тұста шпаргалка пайдалану мүмкіндігі болмайтыны туралы ескерткен дұрыс шығар. Камералармен жабдықталған кабинетте сондай-ақ техникалық қызметкерлер де қадағалап отырады. Көршіңізбен сөйлесуге де мүмкіндік болмайды. Тәртіпті бұзсаңыз, тестілеуді аяқтауға мүмкіндігіңіз болмай қалуы ықтимал.

8 заң бойынша тест тапсыратын азаматтарға 2 сағат 10 минут, 9 заң бойынша бақ сынайтындарға 2 сағат 20 минут уақыт беріледі.

Тестілеуден қажетті балды жинаған жағдайда, компьютеріңізде басып шығару деген белгі шығады. Әдемі бланкте шығарылған сертификатыңызды Астана қаласының әкімшілігінен алып кете аласыз.

Сертификат алған күннен бастап 1 жылға дейін жарамды.

Тестілеуден сәтті өткен жағдайда, агенттіктің сайтынан немесе «Казахстанская правда» және «Егемен Қазақстан» газетінен бос лауазымдар туралы конкурстарды бақылап жүресіз.

Біліктілік талаптарына сай келемін және осы органда қызмет еткім келеді деп тапсаңыз, қажетті құжаттарды жинап  хабарландыру соңғы жарияланған күнінен бастап 10 жұмыс күннің ішінде қажетті мекен-жай бойынша тиісті мемлекеттік органға тапсырасыз.

Конкурс комиссиясының қарауына құжаттарды өзіңіз тапсыруыңызға немесе поштамен жiберуіңізге болады.

Келесі кезең, конкурс комиссиясымен сұхбаттасуға дайындық.

Ең адымен, меморганның сайтын қарап, негізгі құжаттарымен танысып шыққан дұрыс.  Президенттің 2050 даму стратегиясымен қатар, мемлекеттік бағдарламаларды, меморганның стратегиялық жоспарын, регламентін, негізгі атқаратын қызметін, қысқаша тарихын, жүргізіп отырған саясатын, индикативті көрсеткіштерін, жұмысының негізгі бағыттарын, мақсат-мүддесімен танысып, қосымша БАҚ-та жарияланған материалдарды қарап шығу қажет.

Мәселен, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне әңгімелесуге шақырылған болсаңыз, республикалық және мемлекеттік бюджеттің айырмасын, ЖІӨ деңгейі, экономикалық көрсеткіштерді немесе негізгі салық ставкаларын білгеніңіз жөн. Әрине, барлығы тапсырып отырған қызметке байланысты, Сыртқы саясат департаментінің сарапшысы лауазымына үміткер болсаңыз, міндетті түрде Кеден одағы, ДСҰ-ға мүше болу, интеграция мәселелерінен жақсы хабардар болуыңыз керек.

Өңірлік даму министрлігіндегі лауазымға үміткер болсаңыз, сәйкесінше негізгі құжаттарды: өңірлік даму, моноқалаларды дамыту, ондағы түйткілді мәселелер, бизнестің жол картасын, құрылыс және сәулет саласындағы жаңалықтарды білген абзал.

Тағы бір назар аударарлық жайт, құжаттарыңызды бір органда бірнеше лауазымға қатар тапсырудың кері әсер беретіндігі. «Екі қайықты ұстаған суға кетедінің» кебін киюіңіз ықтимал. Сұхбат барысында нақты мақсатыңыз бен біліктілігіңіз болмай, әйтеуір дипломыңыз сәйкес келуіне байланысты тапсырдымның сыңайын танытсаңыз, мемлекеттік қызметке өтем деген оймен қоштаса беруіңізге болады.

Сұхбаттан сүрінбей өткен үміткерлер Ұлттық қауіпсіздік комитетінен арнайы тексерістің қорытындылары келгенше қызметке міндетін атқарушы ретінде тіркеліп, жұмыс жасайды.

Мемлекеттік қызметкердің ант қабылдау рәсімі әдетте салтанатты түрде белгілі бір мемлекеттік мереке қарсаңындағы жиында өткізіледі. Мәтінін мемлекеттік тілде жатқа айтқан абзал.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік
әкімшілік қызметшісінің
АНТЫ

"Мен, Қазақстан Республикасының азаматы _______________________________ (Т.А.Ә), мемлекеттік қызмет атқаруды қоғам мен мемлекет тарапынан айрықша сенім білдіру ретінде бағалап, Қазақстан халқы алдындағы өзімнің биік жауапкершілігімді сезіне отырып:
- Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын сақтауға, өзімнің барлық іс-қимылымда заңдылық, әділеттілік, әділдік пен адалдық, азаматтық және ұлтаралық татулық принциптерін басшылыққа алуға;
- Қазақстан халқына адал және біліктілікпен қызмет етуге, мемлекет мүдделерін қорғауға және Қазақстан Республикасы Президентінің саясатын жүргізуге;
- Республика азаматтарының конституциялық құқықтары мен бостандықтарының шектелуіне жол бермеуге салтанатты түрде ант етемін.
Менің осы антымды бұзудың мемлекеттік қызметші абыройлы атағымен сыйыспайтынын ұғынамын".

 

Оцените пост

1