Хоккей: «Барыс» омбылық «Авангардты» жеңді

Kazsport agent 2013 M09 18
153
0
0
0

«Барыс» хоккей клубы өз алаңында «Авангард» (Омбы) командасын қабылдап, 5:2 есебімен жеңіске жетті. Бүгінгі ойынға дейін «Барыс» пен «Авангардтың» 18 рет кездескенін атап өткен жөн. Сол матчтарда...


«Барыс» хоккей клубы

«Барыс» хоккей клубы өз алаңында «Авангард» (Омбы) командасын қабылдап, 5:2 есебімен жеңіске жетті.

Бүгінгі ойынға дейін «Барыс» пен «Авангардтың» 18 рет кездескенін атап өткен жөн. Сол матчтарда қарсыластар 12 рет жеңіске жетсе, 6 ойында біздің мерейіміз үстем болды. Алайда осы кездесу бәрінен де өзгеше өтті деуге болады. «Барыстың» форварды Брэндон Боченски ойынның 22 секундында (!) есепті ашып, Құрлықтық хоккей лигасының жаңа маусымында ең жылдам шайбаның авторы атанды. Шыны керек, «Авангард» есеңгіреп қалды. Бұған дейін олардың «Ақ барстан» 0:5 есебімен ұтылғаны тағы бар. Әйтеуір, «Авангард» ойынның екінші кезеңінде ғана есін жиғандай болды. Есеп теңесті. Алайда екінші кезеңнің аяғына дейін бес минут қалған кезде, Роман Старченко және Талғат Жайлауов екі бірдей шайбаны соғып, есепті 3:1-ге дейін жеткізді. Ал үшінші кезеңде «Авангардтың» хоккейшілері тәртіпті жиі бұза бастады. Сол үшін тағы бір шайбаны жіберіп қойды. Есеп — 4:1. Осыдан кейін лиганың азулы командаларының бірі — «Авангардтың» қауқары тек бір шайбаға ғана жетті. Оның өзін олар бір хоккейшіге артық ойнап, салып кетті. «Барыс» болса, онымен тоқтаған жоқ. Максим Спиридонов есеп айырмасын 5:2-ге жеткізді. Осылайша, «Барыс» тағы үш ұпайға қол жеткізіп, ҚХЛ-дың Шығыс конференциясында бірінші орынға шықты. Жалпы турнирлік кестеде астаналық клуб төртінші орынға орналасты. Оның еншісінде қарсыластардың қақпасына соғылған 27 шайба бар. Әзірше, бұл — ең үздік көрсеткіш.

Айта кетейік, «Барыстың» келесі ойыны сырт алаңда өтеді. Ханты-Мансийск қаласында ол «Юграмен» кездеседі.

АСТАНА.  ҚазАқпарат - Автор: Арман Асқаров
 

Оцените пост

0