Қазақстан — көкпардан Азия чемпионы

Kazsport agent 2013 M09 16
225
0
0
0

Астанада тұңғыш рет көкпардан өткен Азия чемпионаты мәресіне жетті. Еліміздің бас командасы бес күн бойы «Қазанат» атшабарының шаңын қаққан командалар арасында тұңғыш Азия чемпионы атанды! Сөйтіп...

Астанада тұңғыш рет көкпардан өткен Азия чемпионаты мәресіне жетті. Еліміздің бас командасы бес күн бойы «Қазанат» атшабарының шаңын қаққан командалар арасында тұңғыш Азия чемпионы атанды! Сөйтіп, көпшілігіміз күткендей, Азия чемпионы деген мәртебелі атақты басқа емес, өзіміздің ұлттық құрама командамыз иеленіп, Астана аспанында еліміздің әнұранын тағы да қалықтатты.

Кеше біздің құрама финалда Қырғызстан командасымен кездесіп, 4:2 есебімен ұтты. Бұл кездесуде біздің құрама Азия чемпионы атағын жеңіп алу бар күш-жігерін жұмсап, айлар бойы дайындалған еңбегінің терін төкті десе болады. Онда команданың бас жаттықтырушысы Қуанышбек Құрамаев бастаған жігіттеріміз өздерінің ептілігімен, бұла күшінің мықтылығымен жұртшылық алдында жанкүйерлерін жерге қаратпай, қарсыластарынан таза, әділ өткен ойында басымдық танытты. Кездесудің әділ, таза өткенін қырғыз құрамасының бас жаттықтырушысы да мойындап, алаңның бас төрешісі мен төрешілерге алғысын білдірді. Жалпы, Азия чемпионатында сайдың тасындай іріктелген біздің жігіттердің бәрі де жарады. Егер аттарын атап өтетін болсақ, Бақтыбай Шырынқұлов, Бағлан Шырымбаев, Құлажан Тоғайбаев, Дәулетбек Омбаев, Еркебай Омарбек, Нұржігіт Мырзабаев, Арслан Қабжанов, Ермек Көбей, Манарбек Дүйсенбиев, Ұлан Байтөреев, Темірхан Айтбаев пен Александр Пупенко деген ат құлағында ойнаған жігіттер тамаша өнер көрсетті. Сонымен бірге ойында жігіттердің мінген тұлпарларының да еліміздің Азия чемпионы атағын жеңіп алуына үлес қосқанын айтпай кетуге болмас. Әсіресе, «Лазер» атты тұлпардың ақылдылығы мен жылдамдығына қайран қалмасқа шара жоқ. Кездесуде біздің құраманың қазандыққа салған серкелерінің көбісі осы Бақтыбай Шырынқұловтың тұлпарының көмегімен болды. Осы тұлпар чемпионат соңында «Ер қанаты» деген номинациясын иеленіп, өзіне лайықты құрметке бөленді.

Биылғы чемпионатқа басқа командалардың да жақсы дайындықпен келгендерін айтқан болатынбыз. Мәселен, финалда Қазақстан құрамасымен кездескен Қырғызстан командасы барлық жағынан Азия чемпионы атануға лайық екендерін көрсетті. Қазір бұл елде көкпарға мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, үлкен қолдау көрсетіледі екен. Міне, осындай көмектің нәтижесінде айырқалпақты ағайындарымыз жыл өткен сайын біздің құрамаға нағыз қарсылас болып, кей жерде өздерін мықты санайтындай жағдайға да төбесі бір елі жетпей қалады. Биылғы көкпар бәсекесіне де қырғыз құрамасы жақсы дайындықпен келіпті. Келгенде, Азия чемпионатына біздің құрамаға білдіртпей, біз білмейтін жаңа команданы жасақтап әкеліпті. Сол жігіттердің бірі — Нұрмұхамед Қойшекеев чемпионатта «үздік салымшы» деген атақты иеленді. Қырғыздардың тұлпарларының өзі де бір төбе десек артық етпес.

Финалда олардың жылдам, шапшаң аттары біраз аттарымызды ілестірмей кете жаздады. Қырғыздар командасына финалға жолдама алып берген осы тұлпарлары деуге болады. Дегенмен, біздің құраманың жігіттері финалда қырғыздардан барлық жағынан мықты екендерін дәлелдеп берді. Азия чемпионатында басқа елдерден Тәжікстан құрамасының өнері де көпшіліктің көңілінен шықты. Олар Қазақстаннан жеңілгенімен, Ресей мен Моңғолия командаларын, ал үшінші орын үшін өткен ойында Қытайдың Іле қазақ ауданының командасын ұтып, қола жүлдеге ие болды. Бұл командалардың арасындағы кездесу де кеше өтті. Ал алдыңгүні, сенбіде Ресей Өзбекстан құрамасын 9:2 есебімен жеңіп, бесінші орынды иеленді. Жетінші орын үшін кездесуде Моңғолияның Баян Өлгей қазақтары Түркия құрамасын 9:4 есебімен ұтты. Сөйтіп, Азия чемпионатында Түркия ең соңғы орынды қанағат тұтты, деп жазады «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі.

   

АСТАНА.   ҚазАқпарат

 

Оцените пост

0
Дальше