Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов42 подписчика
Всяко-разно
0
05:41, 06 сентября 2013

ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСТЫ ҚАЛАЙ ӨТКІЗДІҢІЗ?

Мақсат БАЗАРБАЕВ, әнші:

Семейде болып, сергіп қайттым

– Жазғы демалыста шетелге шығып демалған жоқпын. Еңбекпен тапқан ақшаны өзге елге  емес, туған жерімізге жұмсағанымыз дұрыс деп санаймын. Жақын күндері Семей өңіріне барғанымда достарым күтіп алып, мәре-сәре болып қалдық. Қазақ қонақжай халық болғандықтан, үй-үйді аралап, бой жазып қайттым. Ет те асылды, қуырдақ та қуырылды. Алакөлге бір сүңгіп шыққанда шаршағанымның бәрі әп-сәтте-ақ басылғандай болды.

Мақпал ЖҮНІСОВА, әнші:

Алакөлде аз күн аялдадым

– Мақаншы өңіріне ат басын бұрып, қызым Мерей екеуіміз Алакөлге тынығып, қараторы болып шыға келдік (күлді). Аптадан астам уақыт бойы күннің көзі шақырайып-ақ тұрды. Демалыстан оралғаныма бір апта ғана болды. Жыл сайын Алакөлге барып демалуды дәстүрге айналдырып алғалы қашан?! Алакөлдің ортасында бір арал бар, соған апарып келу 30 мың теңге тұрады екен. Демалыс кезінде массаж жасаушы келіншектің қалтасы көтермегендіктен, қайырымдылық жасап жіберген болдым. Қызық болғанда ол аралда құстардан басқа тіршілік белгісі байқалмайды. Алайда суы мөп-мөлдір. Өкініштісі, тамақ дайындау жағы көңілімнен шыққан жоқ.  Тек ботқаны ғана жақсы дайындайды. Жергілікті тұрғындар танып, қонаққа шақырып жатты. Бой жазып, демалуға келгендіктен, алғыс айтып, бас тарттым. Қабанбай ауылында тұратын әжеміз шақырған соң одан аттап кете алмадым. Шетелде тек Мерей мектепке барар жылы болғанбыз. Шекара асып, Дубайда тынықтық. Бізде күн суық болғанда, ол жақта ыстық болғандықтан ғана бардық. Жалпы, жаз күндері Алматының маңайында, Ақбұлақ шипажайында, Таутүрген бойын аралап қайтамын.

Мұқасан ШАХЗАДАЕВ, әнші:

Қытай мен Тайландқа бала-шағамен баруға болмайды, анайылық басымдау

– Жазғы демалыста Түркияның Анталия қаласында отбасымызбен бірге демалып қайттық. Бұл әдетті үзілмес үрдіске айналдырып алғанбыз. Дегенмен Түркияға алғаш барғанда «аһ» деп таң қалған жоқпын. Тек  бала-шағаға жағдай жасалғандықтан, солардың қызығы үшін барамыз. Қазір демалып Қатон-қарағайдан келе жатырмын. Түркияға барғандағыдан гөрі өз елімізде демалудан бұл жолы ерекше әсерге бөлендім. Әрі демалып, бір жағынан шипа алып қайттық. Бір кемшін тұсы – демалушылар үшін жоғары деңгейде жағдай жасалмаған. Мұнда үшінші рет келіп отырмын. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда алға ілгерілеушілік бар. Тамақты талғамаймын. Дегенмен ас даярлау жағы жақсарғандай. Қытай, Тайланд елдерінде демалғанмын. Бірақ, ол жерлерге бала-шағамен баруға болмайды. Лас болғаны былай тұрсын, анайылық басымдау.

Саят МЕДЕУОВ, әнші:

Демалыс үшін Қордайдан артық «жұмақ» жоқ

– Өзгелер секілді шетел асып, демалып жүргенім жоқ. Өзім ондайға қызықпаймын. Өзім үшін туған ауылым Қордайға барып қайтқаннан артық рахат жоқ. Демалыс бола салысымен, сонда аттанамын. Табиғатын айтсаңызшы! Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Әзірлеген – Салтанат СҮГІР

0
895
0