Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов42 подписчика
Всяко-разно
3
08:01, 05 сентября 2013

АНТАЛЬЯ. БОЙКОТ ПЕН БАНКРОТТЫҢ АРАСЫ...

Анталья – тұтас Түркияның маңдайына басқан мөрі іспеттес, Жерорта теңізі жағалауындағы курортты шаһар! Анадолының алтын бесігі, тарихы тұңғиықтан тыныстаған ғажап өлке! Ақ қағазға түсіріп қанша көркемдеп, қалай әспеттесең де Анталья сұлулығын тек көріп қана тояттанасың!

Blog post image

Алайда жаз келе жағадан алған Анталья әуежайындағы шу талайды тығырыққа тірегені анық. Түркиялық  «Sky airlines» әуекомпаниясының банкрот болып жариялануы, салдарынан жүздеген қазақстандықтардың дер кезінде елге жете алмауы Анталья демалыс аймағының беделіне кірбің түсіргені рас. Осы орайда қазақтың «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді...» дегені еріксіз есіңе оралады.  Бағытын бағамдап, Анталья алақанда деп отырған отандық саяхатшылар у-шудан алыс жүргенді қалап басқа бағыттарды таңдай бастады. Ақ-қараның жігін ажыратып, және де бүгінгі Жерортаның жауһары  қазақстандықтарды қандай қасиетімен баурап алатынына көз жеткізіп қайту мақсатында фотоаппаратымызды мойынға іліп  діні бір,тілі бір түрік еліне саяхаттап қайттық.

Театр киім ілгіштен басталады, ал жаңа қаланың бет бейнесін алдымен әуежайына қонғаннан біле бастайсың. Антальяның әуе қақпасы Түркияның екінші ірі терминалы. Дәл осы ғимарат қабырғасында қазақстандық саяхатшылардың жіпсіз байланғаны туралы елдегі талай басылымдардан естіген едік.

Blog post image

Ол оқиғаның ізі суығанына да біршама уақыт та өтті, сондықтан оған бас қатырып жүрген ешкімді де кездестірмейсіз. Ал әуежай баяғы қызметін қалтқысыз орындауда. Жылына 19 млн. туристі қабылдап шығарып салу мүмкіншілігіне ие. Салыстырмалы түрде біздің Алматының терминалы он екі айда бас аяғы 4 млн. жолаушыға өз қызметін ұысна алады.

Blog post image

Өңірдің тарихы қаншалықты терең болса, ежелгі шаһарлардың саны да соншалықты көп. Теңіздің тұзды суынан басқа қызыққа кенелемін десеңіз Перге, Фаселис, Сиде, Аспендос деп тізбектеп кете беретін шаһарларды тамашалау демалыс уақытыңыздың пайдалы өткізуіне септігін тигізеді.

Blog post image

Қаладан 15 шақырым қашықтықта бой түзеген Перге қалашығы Рим мәдениетінің інжу маржаны.

Blog post image

Ғажап амфитеатр, қаланың кіре берісіндегі «Рим қақпасы», ежелгі монша мыңдаған туристердің көз жауын аларлық тарихи мұра.

Blog post image

Ал Фаселис қалашығының жөні бөлек. Теңіз жағасында орналасқандықтан бұл шаһарға кеме арқылы жетуге болады.

Blog post image

Жол бойындағы түрлі үңгірлер мен биік шатқалдарды қызықтап, парашют пен яхтаға мінген демалушыларға қол бұлғап, теңіз балығы мен ұнатқан сусыныңды ішіп отырып 60 шақырымды қалай бағындырып үлгергеніңді байқамай да қаласың.

Blog post image

Шаһардың оңтүстік батысында үлкен бұғаз орналасқан, ол жер кеме айлағының қызметін атқарады. Аялдаған кемедегі туристерді жағалауға моторлы қайықпен жеткізуге болады немесе жүрек жұтқандары өздері жүзіп барады.

Blog post image

Тарихи мұралары зерделенген Перге қалашығына қарағанда Фаселис әлі зерттеуді қажет ететін көне шаһар.

Blog post image

Егер де бір оқпен екі қоянды атып, өңірдегі барлық бағзы шаһарларды араламай-ақ көремін десеңіз онда сіздің бағытыңыз Антальяның өлкентану мұражайы.

Blog post image

14 көрме залынан тұратын алып ғимарат Анадолының тарихи ордасы.

Blog post image

15 түрік лирасына билетіңізді аласыз да Рим, Византия империясынан қалған түрлі мүсіндердің арасына тап боласыз. Бұл жәдігерлер мұражайдың басты құндылықтары.

Blog post image

Ежелгі миф құдайларының бейнесі, бағалы тиын түрлері, мозайкалық иконалар, Селжүк, Осман дәуірлерінің көріністерін қарап мұражайдың аса бай қорының бар екеніне көзіңіз жетеді.

Blog post image

Анталья кешегі күннің белгісін келешек ұрпақ жадына сіңіруді мақсат тұтқан қала. Сондықтан ескі қаланың орны осы күнге дейін бір кірпіші қирамай сақталып келеді.

Blog post image

Бүгінде көне қала демалуға арналған саябақтары мен жолдары тастан қаланған шағын көшелерден тұрады. Туристердің назарына түрлі дүкендер мен сауда орындары қызмет етуде.

Blog post image

Ұлттық тағамдары мен салт дәстүрін паш еткен мейрамханалар күндіз түні есігін айқара ашып қойған.

Blog post image

Жауын-шашын мөлшері тым аз болғандықтан жергілікті тұрғындар қолшатырды мүлде пайдаланбайтын көрінеді. Ал саяхатшылар қолдарына іліп келген қолшатырын мына көшенің маңдайына іліп кете береді екен.

Blog post image

Түргеннің сарқырамаларына қаныққан қазақстандықтарды Күршінлі мен Дедюннің құлай аққан өзендері де қызықтырмай қоймайтыны рас.

Blog post image

Ал теңіздің ақ толқындары, су іздеп келген жанның нағыз рахатқа бөленуіне таптырмас ләззат.

Blog post image

Өткен жылы түрік жеріне бағыт алған 380 000 қазақстандықтың 225 мыңы осы Антальяны таңдағаны теңіз суының біздің туристер арасында сұранысы жоғары екенін көрсетеді.

Blog post image

Жалпы, біздің тұрғындардың бөгде елдің әуе компаниясынан туындаған залалға бола Антальядан алшақтаудың қажеті жоқ. Мүмкіндік болса Қазақстандық әуе компанияларымен ұшып барыңыз, тиімді әрі қауіпсіз. Егер де біздің ұшақтардағы қызмет көрсету сапасына көңіліңіз толмай, басқа әуекомпаниясын таңдасаңыз, онда сақтандыру полисін рәсімдеуді де ұмытпаңыз. Сонда сіздің демалысыңыз қызықты әрі қауіпсіз түрде өтеді.

3
2380
7