Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
23:29, 01 сентября 2013

Әсем КӨПБАЕВА: МЕНІ ТІПТІ НАШАҚОР, ЖЫНДЫ ДЕГЕНДЕР ДЕ КЕЗДЕСТІ

Blog post image

Сізді қазір көп көре алмай қалған сияқтымыз. Немен айналысып жүрсіз?
Қазір Қазақстанның түпкір-түпкірін аралап, іс-сапарда жүрген жайым бар. Осы жылдың наурыз айынан бастап, Карина Сәрсенованың продюсерлік орталығымен үш жылдық келісімшартқа отырдым. Бүгінге дейін еліміздің жартысын аралап шықтық. Болашақта Еуропа елдеріне бару жоспарда бар.
Сіздің өнердегі стиліңіз басқаша. Қарапайым өмірде қандай адамсыз? Ауылға барып тұрасыз ба?
Мен былайғы өмірде қарапайым киінемін. Клиптағыдай боянып алып, селтеңдеп жүрмеймін (күлді). Жол кептелісіне тұрып қалғанымда троллейбусқа, метроға мініп, діттеген жеріме баратын кездерім де болады. Бауырларым, туыстарымның көбі Жамбыл облысы, Меркі ауданында тұрады. Кішкентай кезімде сегіз бауырыммен бірге тезек теріп, құрт жайып, қой баққанмын. Ауылға ат басын бұрып тұрамын. Шынымды айтсам, соңғы кездері уақыт тапшылығынан ауылға бармағаныма бір жарым жыл болып қалыпты.
Сізді киноға түсті деп естіген едік. Осы төңірегінде сөз өрбітсеңіз...
Қысқа метражды екі киноға түстім. «Қазақфильм» түсірген фильмге бюджеттен қаржы бөлінсе, трилогия болып шығатын болады. Онда жас бұзақы қыздың рөлін сомдадым. Өмірдің қиыншылығы қызды бұзақы болуға итермелейді. Себебі, белгісіз біреулер зорлап кеткендіктен, кек алуға тырысады. Ойластырылған жоспармен еркек атаулысын жоюға ұмтылады.
Екінші түскен кином «Живи» деп аталады. Сюжет барысында бойжеткен жігітімен ұрсысып қалып, екеуі апатқа ұшырайды. Жігіт ажал құшып, қыз кембағал күйге душар болады. Апат салдарынан бір аяғынан айырылып, бетінде тыртық қалады. Осыдан кейін өзіне өзі қол жұмсамақ болған жандардың өмірін құтқарып қалмақ болып, сенім телефонында жұмыс істейтін болады. Осылайша өмірдің қадірін түсіндіру басты қағидасына айналады. Сценарийдің кейбір тұстарын режиссер монтаждап, қиып алып тастауы  мүмкін.
Қазақ қызы үшін рок әншісі болу қиын емес пе?
Жеті жыл Мәскеуде тұрғанмын. Орыс балабақшасына барып, орыс мектебінен дәріс алдым. Ағам Виктор Цойдың әнін сүйіп тыңдайтын. Маған да әннің әуені ұнап, өзіне елітіп алып кеткен болатын. Рокты бірі түсінсе, бірінің көзқарасы мүлдем кереғар. Алғаш сахна төріне шыққанымда көбісінің мен туралы пікірі өзгеше болды. Мені тіпті нашақор, жынды дегендер де кездесті. Қазір халық әндерін де орындап жүрмін. Екі жыл бұрын Мұрат Әуезовтің басшылығымен, Моңғолия өңіріне «Шыңғыс хан жолымен» деген іс-сапарға барған болатынмын. Сол сапарда Рүстем Әбдіраштың өтінішімен халық әнін орындадым. Туған жерін аңсаған қазақтар көздеріне жас алып, алғыстарын білдірген еді. «Тенгри» тобының солистімін. Шаңқобыз, қобыздың сүйемелдеуімен халық әндерін орындаймыз. Күзге қарай «Халық және этно» атты алғашқы альбомымыз шыққалы тұр.
Тыңдармандарыңыздың дені қандай жас аралығындағылар?
Ауылды аралағанымызда үлкен кісілердің де менің әндерімді түсініп, қабылдағанына риза болдым. Жазғы демалыс орындарына барғанымда тіпті балалардың өзіне әнімнің ұнағанына көзім жетті. Жаңалыққа бой үйрету үшін біршама уақыт қажет екен. 2009 жылы «Тұңғыш  рок айтатын қазақ қызы» деп, Қазақстанның КИНЭС рекордтар кітабына енгенімді жақында естідім. Бірақ бұл үшін талпынған емеспін. Тек аянбай еңбек еттім.
Өмірлік серігіңізді таптыңыз ба?
Жоқ әлі. Бірақ отбасылы болу жайын жоспарлап жүрмін. Бала сүйгім келеді...Алла қаласа, бұйырғаны болады (күлді).
Болашақта балаларыңызға қазақы әндерді, мәселен Мақпал Жүнісованы тыңдатар ма едіңіз, әлде рэперлердің әуендерін бе?
Мақпал Жүнісованың әндерін тыңдатуға тырысамын. Бірақ өздері білетін болады. Заман талабына сай рэпке әуес болып өссе, қарсы емеспін.

Сұхбаттасқан – Салтанат СҮГІР

http://www.halyksozi.kz/news/view/id/2468

0
2167
0