Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
01:15, 29 августа 2013

Жеткіншектеріміз жеңісті жолдарын жалғастыра алса игі

Blog post image

13 медаль аз ба, көп пе? 13-орын. Жақсы ма, жаман ба? Мұның жауабын кейін осы жеткіншектеріміздің ересектер арасындағы додалардағы нәтижелерінен кейін белгілі болатын шығар. Осы жеткіншектеріміз кейін ересектер арасындағы додаларда да топ жарып жатса кәнеки…

Қытайдың Нанкин қаласында жасөспірімдер арасындағы екінші жазғы Азия ойындары мәресіне жетіп, біздің жеткіншектер 1 алтын, 4 күміс, 8 қоламен жалпыкомандалық бейресми есепте 13-орынға жайғасты. Осыдан төрт жыл бұрынғы Азия ойындарында 4 алтынмен 8-орыннан көрінген Қазақстан құрамасы үшін биылғы көрсеткіш көңіл көншітерлік пе, жоқ па? Осы сауалға жауап іздеп көрелік.

Қытайдағы дүбірлі дода жеткіншектеріміз үшін нашар басталған жоқ. Нысана көздеу спортында мергеніміз Александр Мухамедиев Азия ойындарының алғашқы күндерінде-ақ қоржынымызға алтын медальды салды. Алайда одан кейін жерлестеріміз жеңіс тұғырының жоғарғы сатысына шыға алмай-ақ қойды. Тіпті күмістің өзіне қол жеткізу мұң болып, ары кетсе қоламен шектеліп жүрдік. Бұл жағдай «Сары құрлық» додасының алтыншы күніне дейін жалғасты. Абырой болғанда, соңына қарай жерлестеріміздің жолдары бола бастап, қоладан бөлек, күміспен де күптеле бастады. Нәтижесінде еншімізге бұйырғаны 1 алтын, 4 күміс, 8 қола болды. Әлбетте, жаман нәтиже емес. Жалынды жастарымыздың көбейіп келе жатқандығының белгісі болса керек. Оның үстіне кейбір спорт түрлеріндегі жерлестеріміздің жетістіктері «бұл ойын бізде қайта жанданып келе жатыр екен-ау» деген үмітті ойға жетелейді. Сондай-ақ тағы бір айта кетерлігі, Нанкинде атой салған жеткіншектеріміздің біразын үш жылдан кейін-ақ Рио Олимпиадасынан көріп қалуымыз ғажап емес. Яғни бұл дода резервтеріміздің әлеуетін байқау үшін де таптырмас сын болғаны анық. Дегенменқанша асыра мақтасақ та, биылғы нәтижеміз осыдан төрт жыл бұрынғы көрсеткіштерімізбен салыстыруға келмейді. Ендеше, естеріңізге сала кетейік, 2009 жылы Сингапур астанасында өткен жасөспірімдер арасындағы бірінші жазғы Азия ойындарында біздің жеткіншектер 4 алтын, 6 күміс, 4 қола медальдықоржынға салып, жалпыкомандалық бейресми есепте 8-орыннан көрінген болатын. Міне, осыдан-ақ қай буынның өкілдері мықты болғанын өздеріңіз-ақбағамдай беріңіздер. Сонда Нанкинде өнер көрсеткен жеткіншектеріміздің бір алтынмен шектелуіне не себеп болды? Неге жасындай жарқылдағандар аз болды? Жарайды, бұл жағын білікті мамандарымыздың өздері сараптай жатар. Ал біз Қытай жерінде желпініп, жігерліктерімен көзге түскен жерлестеріміздіңкөрсеткіштеріне бір тоқталып өтейік.

 

Шыны керек, соңғы кездері отандық гандболшыларымыздың жетістіктері туралы жаңалықтарды естімей кеттік. Қыздарымыздың Азия чемпионаттарында атой салмағанына да біраз уақыт болып қалыпты. Соңғы рет 2012 жылы «Сарықұрлық» чемпионы атанған қыздарымыз былтыр 4-орыннан көрінген. Биыл әлем біріншілігінің іріктеу сындарынан да аса алмай пұшайман болды. Бұл, бір жағынан, ұлттық құрамамызда буын алмасу үдерісінің орын алуымен де байланысты шығар. Ләззат Қилыбаева, Гүлзира Ысқақова сынды саңлақтарымыздан кейін көшбасшылықты қолына алар өрендеріміз табылмай жүр. Жанкүйерлер де әбден жеңіске шөлдеді. Сондықтан болса керек, еліміздіңқол добы федерациясы Словениядан аттай қалатып Войко Лазарь есімді білікті маманды шақыртты. Биыл оған ұлттық құрамадан бөлек, жасөспірімдерді жаттықтыру міндетін де қосып берді. Қыздарымызды Нанкинге алып барған да осы Ла­зарь, қасындағы көмекшісі – қазақ маманы Әрсен Бердібеков.

Сонымен не керек, Азияда қыздарымыз гандболдан финалға дейін жетіп,күміспен күптелді. Алты команда қатысқан дүбірлі додада жерлестеріміз жолай Вьетнам құрамасын 25:12 есебімен жеңді. Одан кейін тай қыздарын екі доп айырмашылығымен 30:28 есебімен тізе бүктірді. Тіпті дода қожайындарықытайлықтардың да қарқынын басып, ойынды 23:22 есебімен аяқтады. Моңғолдарға еш мүмкіндік бермей, 37:5 есебімен ойсыратты. Өкінішке қарай, соңғы кездесуде кәрістерге шамалары жетпей, 25:45 нәтижесімен жеңіліп қалды. Дегенмен 15-17 жас аралығындағы аруларымыз үшін Азия ойындарының күміс жүлдегері деген де керемет көрсеткіш. Оның үстіне Рио Олимпиадасында бас командамыздың негізін осы қыздардың құрайтынын ескерсек, Қазақстандағықыздар қол добының болашағына үмітпен қарауға болады деген сөз. Өкінішкеқарай, бойжеткендеріміздің жетістігін бозбалалар қайталай алмады. Барлығы 16 команда қатысқан жігіттер арасындағы додада Қазақстан құрамасы небәрі 11-орыннан көрінді.

 

Жеңіл атлеттерден Иван Соловьев қуантты. Үш қарғып секіруде сынға түскен Ваня 14.86 метрді бағындырып, күміспен күптелді. Таэквондода да күміс бар. 55 келіде өнер көрсеткен жерлесіміз Фариза Алдоңғарова ширек финалда Бангладеш бойжеткені Фатих Уммуль Исламды 12:0 есебімен жеңсе, артыншаөзбек қызы Динорохан Мамадибрагимованы 2:0 есебімен тізе бүктірді. Өкінішкеқарай, алтынға бір қадам қалғанда қапы қалды. Аса тартысты өткен ақтықайқастан филиппиндік Паулинелуз Лопезден 2:4 нәтижесімен ұтылып қалды.

Міне, қысқа қайырғанда Нанкиндегі жалпы жағдайымыз осындай. 13 медаль аз ба, көп пе? 13-орын. Жақсы ма, жаман ба? Мұның жауабын кейін осы жеткіншектеріміздің ересектер арасындағы додалардағы нәтижелерінен кейін белгілі болатын шығар. Осы жеткіншектеріміз кейін ересектер арасындағы додаларда да топ жарып жатса кәнеки…

• Жасөспірімдер арасындағы ІІ жазғы Азия ойындарына «Сары құрлықтың» 45 елінен 2641 спортшы қатысып, спорттың 16 түрінен 122 медаль жиынтығын сарапқа салды. Салыстырмалы түрде айта кетейік, төрт жыл бұрынғы Сингапур додасында 43 елден 1237 спортшы келіп, спорттың 9 түрінен 90 медаль жиынтығы сарапқа салынған болатын.

Қазақстан құрамасының намысын 147 спортшы қорғады. Салыстырмалы түрде айта кетейік, Таиландтың намысын 184 спортшы қорғаса, Қытайдыңатынан 255 спортшы қатысты. Ал Камбоджа додаға небәрі екі-ақспортшысын қосты. Айтпақшы, төрт жыл бұрын Қазақстан Сингапурге 37-ақ спортшысын апарған бо­латын.

• Ел спортына саясаттың араласуына байланысты 2012 жылдың желтоқсанынан бастап Үндістан Олимпиадалық комитеті ХОК мүшелігінен шеттетілген болатын. Содан бері аталмыш елдің спортшылары халықаралық додаларға Олимпиада туының аясында өнер көрсетіп келеді. Нанкинде бұл елдің спортшылары 3 алтын, 4 күміс, 7 қоламен 10-орыннан көрінді.

• Жасөспірімдер арасындағы І жазғы Азия ойындарында 25 алтын, 16 күміс, 11 қола иемденсе, биыл бас жүлделерінің санын 46-ға жеткізді.

• Жеңіл атлетикада күміспен күптелген жерлесіміз Иван Соловьев 14,86 метрді бағындырып, дүбірлі доданың күміс жүлдегері атанғанын айттық. Салыстырмалы түрде айта кетейік, Ольга Рыпакова Лондон төрінде 14,98 метрге секіріп, Олимпиада чемпионы атанған.

• Жасөспірімдер арасындағы келесі жазғы Азия ойындары 2017 жылдың 18-28 тамызы аралығында Шри-Ланканың Хамбантота қаласындаұйымдастырылмақ. Оған 5000-дай спортшы қатысады деп күтілуде.

 

Әзиз ЖҰМАДІЛ

 
0
232
0