Уақыт — ой еңбегімен айналысатындар капиталы» депті-ау бір кез әйгі
француз қаламгері, еуропалық әдебиеттегі реализм іргесін қалаушы Оноре де
Бальзак, ә, айтқандай, бұл жазба осынау кейіпкер ғұмырын шолуға арналмақ,
соңына дейін оқуға кеңес етер ем, әсіресе қайтіп 18 сағат бойында мігір
таппай, туындыгерлікпен шұғылдануға болатынын білгің келсе, әрине.
• Оноре де Бальзак, Оноре Бальса?
1799-шы жыл, 20-шы мамыр, Тур шаһары, Бернар Франсуа Бальса мен Анне-
Шарлотте-Лауре Саламбье отбасында Оноре ныспылы бөбек бұ дүниямен
қауысса керек, әкесі заңгер оқуын тәмәмдап, аяғы жарлы-жақыбай һәм мал-
мүлкінен айырылған дворян жерін алып сатқан-ды, кейіннен кәсібі өркендеп,
ісі оңға басқан соң, интеллигенцияға, мейлінше, жуу мұратында жазушы Жан-
Луи Гез де Бальзак тумасы санатына кіріп, өз тегін өзгерткен еді, анасы
өмірбаянына бір сәт үңгісек, ақсүйек сой, ерінен 30 жас кіші тәлпіштеу әйел
желігін жеңуге шамасы жетпей, күйеуінің көзіне шөп салып, некеден тыс Анри
атты нәресте туған-тын, Бальзак күтімі ше, күтуші мойнына артып қойғаны,
естелігінде де: «Мені сәби күнімде-ақ жандарм жанұясына берген» деген-ді.
• Қиялилау балақан жазбалары...
Әке-шеше тілек-қалауы тұңғыш перзенті заң саласын игеруі, осы себеп оны
Вандом колледжіне жөнелтіп, ұлымен сирек көрісетін жәйі, оқу орны,
әсірелегенім емес, қасаң қағида негізінде тәрбиеге баулып, шәкірттерін тек
қысқы демалыс уағында ғана үйіне жіберетін, тәртіп тоны бойына шақ
келмегендікі ме, Оноре лез содыр-сотқар атанды, ұстаздар да бұған көз жұмып,
шәлкестігін елеусіз қалдырмапты, жиі дерлік карцерге қамайтын, кейіпкер
сағаттап кітап оқитын, расына көшсек, іштей қуанатын да, жазу-сызуға әуестігі
әуел баста аңдалған-ды, директор сөзіне илансақ: «Төртінші сыныптан бастап,
партасы әмән шимай еді», 12 жасында «Ерік жәйлі трактат» дейтін шығарма
жазып, сыныптастары тарапынан келемежге ұшырап, мұғалімі тіпті аталмыш
туындысын өртеп тастады, мұның бәрі айналып кеп, Бальзак хәлі күрт
нашарлауына, 14 жасында отбасына қайтуына, бірнеше жыл төсек тартуына
әкеп соқтырды, соған қарамастан дертінен құлантаза айыға алды.
• Тәй-тәй басқан қадымдары
1816-шы жылы қаламгер ата-анасы Парижге көшпек, ол бұнда да құқық
мектебіндегі оқуын жалғастырады, сондай-ақ нотариальді контораға клерк боп
орналасады, әйтсе де онда жүріп те көңілі онша тоғаймайды, адам оттегіге
қаншалық зәру, туындыгер де әдебиетке сондайлық ынтық, әкесі осыны сезіп-
білген, 2 жыл қатарынан қаржыландыруға келіскен де, жаңғыз-ақ шарт,
аталған мерзім ішінде сүйікті ісі арқылы табысқа жету мүмкін екенін дәлелдеу,
1823-ші жылға шейін Бальзак 20 том тудырмақ, сөйткенмен көбі сәтсіз
шықпақ, соңыра өзі де алғашқы шығармаларын «түкке жарамсыз» деп табады.
• Қызыл сәйгүлік
Бәлендей бір жетістікке қол жеткізе қоймаған Онореге Вильпаризидегі әке-
шешесі үйіне қайтуына тура келмек, осы уақыт аралығында кейіпкер
бүркеншік есім иемденіп, әйелдер қауымына арнап, жеңіл романдар жазып,
қаржылық жағдайы недәуір жақсарды-ақ, десе де 1824 жылы 25 жасар
Бальзакты Feuilleton littéraire журналы «Аннета және айыпкер» романы үшін
сын тезіне алады, мұны кейін өз Ватерлоосы атағаны, таяқ бір ұшы «Соңғы
пері» жаңа басылымына тигені әмбеге мәлім, лөкін қысылтаяң шақ күдер үзуге
себеп емес, амал-айла ойластыралық одан да деді-дағы, сөйтіп ботаникалық
бақ маңындағы арзан мейрамхана атауын ап, «Қызыл сәйгүлік» дейтін құпия
ұйым құрды, бас мақсұт газет һәм қазылар құрамына кіріп, бір-бірі (әдебиетші
достары) жәйлі оң пікір білдіріп, көтерме мақала жариялап, Француз
академиясы мүшелігіне ұсыну, ақырында дәулетке кенелу әм көп
сүйіспендігіне бөлену еді.
• Афазия я Оноре арпалысы
Жазушы жанын қинаған дерт — афазия, бұл дегенің лексиконыңдағы ұғым-
түсініктерді толық не тең жарымын қолдана алмау, қандай да дискуссия
барысында туындыгер жадынан кей сөз-лепес өшіп, кей дүние қалай
аталатынын ұмытып, рас, күйініп-қынжылатын, енді мына әлеметті
көрмеймісіз, ғұмырында 100-ге тарта роман жазған ол кейбір кез үйінен
апталап шықпай, тәулігіне 18 сағат жазумен шұғылданатын, күніге 50 шынаяқ
түрік кофесін сіміріп, онан бөлек ұйқы қысқан қысаң сәтте табанымен тастай
еден үстінде тұратын-ды, әгәр әзірлеу мүмкіндігі болмаса, ұнтақ дәнін
шайнайды-ақ, бірде Бальзак бір-ақ түнде он бес мың сөз таңбаласа, оған
дейінгі рекорды минутына отыз үш сөз жазуы еді, «мен әмән тудыруға
мәжбүрмін! Тіпті Құдай да жер-әлемді алты күн жаратпай ма» (Библия
бойынша) деп күрсінетін.
• Қаламгер Музасы
Ана меһрим-махаббатын сол күйі сезінбей кеткесін, ер жеткен соң да, сыңарын
өзінен едәуір үлкен әйелдерден іздейді, Оноре ғашығы бірі герцогиня
д'Абрантес, кейіпкер 20-ға таяса, Лора де Берни 45 жаста, тоғыз бала апасы,
әже боп та үлгірді, сырына қанық құрбы, дәйім кеңесіп-пікірлесер серігі, жә,
бұны қойып, отбасылық өмір қызғылық-қызығын бірге өткерген жан жұбайы
Эвелина Ганская турасында бірер дерек айта өтсек, 1831-ші жылы «Шегірен
былғары» романы әдеби кеңістікте кеңінен танылып, ал 1832-ші жылы Бальзак
«шет жақтағы арудан» дейтін хат алады, хат жөнелткен кісіні шығармадағы
«цинизм» мен «атеизм» қамықтырған көрінеді әрі автордан ақылға келуін
өтінеді, өстіп-өстіп арада диалог орнап, 17 жыл бойы хат алысып, Оноре
бақилық болуына 5 ай қалғанда ғана ерлі-зайып атанады.
• Оноре әдебиетті құлап сүйетінін ғұмырымен-ақ айғақтап берді, иә, жолы
кедір-бұдыр, тұлғасы кереғарлықтан өрілген, сонда да адал екен, жазуына!
Автор: Ағыбаева Аружан
Жетекші: Рушанова Н.Б, аға оқытушы