Бірлік — биіктерге жетелейді

Rasimbet 2013 M08 23
275
0
0
0

Қазақстан тәуелсіздігін алғалы бері біраз белестерді бағындырды. Әлеуметтің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жолында аянбай тер төкті. Мемлекеттік бағдарламалар баянды жемісін көрсетті. ...

Қазақстан тәуелсіздігін алғалы бері біраз белестерді бағындырды. Әлеуметтің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жолында аянбай тер төкті. Мемлекеттік бағдарламалар баянды жемісін көрсетті.  Күні кеше ғана басқа түскен жаһандық дағдарысқа төтеп берді. Ал бүгінде айқын бағытымен стратегиялық жоспарын құрып, көш түзеп келеді. Бұның бәрі бірліктің арқасы.

Атам қазақ, "бірлік бар жерде, тірлік бар" деп, бекер айтпаса керек. Берекесі айрандай ұйыған елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Қазақ елінде бас қосқан оларды өткен тарих осында айдап келген. Содан бері өз тыныс-тіршілігін жасап, ғұмыр кешіп келеді. Тарих қосқан сонау уақыттан бері түрлі ұлт өкілдерінің талай ұрпағы осында дүниеге келіп, тамырын тереңге жаюда. Өз салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын ұмытпай, ұлықтап келеді. Оған тіпті, елімізде жағдай да жасалған.

Қазір бірнеше жылдан бері ұлттық мәдени орталықтар жүйелі түрде жұмыс істеп жатыр. Соған сәйкес, әр орталық тілдер мерекесі мен атаулы даталарға орай түрлі мәдени шаралар ұйымдастырады. Мұндай мерекелердің бірқатары тіпті, күнтізбемізде қызыл түспен белгіленген. Яғни, мемлекеттік мереке ретінде есептеліп, қалың қауымның бірге тойлауына жағдай жасалған.

Ұлттық бірлік пен татулыққа Елбасы да ерекше көңіл бөліп келеді. Президенттің бастамасымен «Қазақстан Халқының Ассамблеясы» құрылды. Оған ұлттық-мәдени орталықтардың төрағалары мен түрлі ұлыс өкілдерінің зиялы қауымнан құралған топ мүше. Елбасы жыл сайын олардың басын қосып, ұлттық бірліктің негізін нығайту төңірегіндегі мәселелерді бірлесе талқылау үшін сьезд өткізеді. Сондай жиындардың бірінде көтерілген «Ұлттық бірлік доктринасы» қызу қолдауға түсті. Әсіресе, мәдени орталықтардың төрағалары мен зиялы қауым аса қошеметпен қарсы алды. Халық арасында да доктринаны демегендер көп.

Қазір бүкіл дүние жүзінің мемлекеттері көпұлтты Қазақстанның жеткен жетістіктері мен әрбір жемісті қадамына таңдана қарайды. Барша ұлыстың бірлігі жарасып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғаны еліміздің өрістеп, өркендеуіне жол ашты. Сондықтан біздің ұстанған татулық саясатымыз өзге мемлекеттерге теңдессіз тәжірибе болып саналып отыр. Әрбір қадамымызға қызыға қарайтын төрткүл дүние сол тәжірибені үйрену үшін өз өкілдерін жіберіп жатыр. Бұл – біздің мақтан тұта алатын мемлекеттік саясатымыз. Тәуелсіздігімізді алған тұста кейбір мемлекеттерде Егемен еліміз туралы естімеген де адамдар кездесіп жатты. Қос қанатын кеңге жайған қырандай айқын бағытын ұстанып, алысқа самғаудың арқасында қазір Қазақ еліне өзгелер сүйсіне қарайды. Бұл – біздің мызғымас бірлігіміз бен тамыры тереңнен басталған татулығымыздың арқасы. Дәл осы ұстанған саясатымыз бен айқын бағытымыздың арқасында біздің алар асуымыз биік!

 

Оцените пост

0
Дальше