Аққағаз Досжанова — қазақтың тұңғыш дәрігер қызы

Алия 2013 M08 14
3662
2
10
0

Үстіміздегі жылы Аққағаз Досжанова жолдас Түркістан Мемлекеттік Университетінің медицина факультетін тәмамдады. Ол қырғыз (қазақ) қыздарының арасында Кеңестер Одағында арнайы жоғары білім алған тұңғыш

Тұрар Ырысқұлұлы РСФСР құрамындағы түркі тілдес халықтардың ұлттық республикалары мен облыстарының құрылуына белсене ат салысқан қайраткер. Бұл тарихи маңызы бар істің басы қасында жүрді. Жаңадан құрылған ұлт республикаларының аумағын, шекарасын анықтау, астаналарын белгілеу, ол республикаларды басқаратын жергілікті ұлт кадрларын іріктеу мәселесіне де араласып отырғаны шындық. Осы ретте Тұрарға тікелей қатысы бар Өзбекстан Республикасының Мемлекеттік Мұрағатынан табылған тың дерек туралы айта кеткенді жөн деп таптым. 1922 жылы 14-желтоқсанда қабылданған қаулыда қазақ қыздарының арасында тұңғыш дәрігер дипломын алған Аққағаз Досжанова туралы айтылады. Негізінен Аққағаз Досжанова Алашорда партиясының белсенді мүшесі болғандығын дәлелдейтін құжаттарды кейбір ғалымдарымыздың еңбектерінен кездестіруге болады.

Суретте Ғайнижамал Дулатова, Аққағаз Досжанова, Гүлайым Балғынбаева. Орынбор, 1914 жыл

Халқымыздың тұңғыш журналы «Айқап» 1913 жылы №16 санында Орынбор гимназиясын бітірген Аққағаз Досжанқызының Мәскеудегі жоғары оқу орнына түсуі туралы хабар жариялаған. (Аққағаз Досжанованың шын мәнінде Мәскеуде оқыған-оқымағаны туралы деректер алдағы күндері табылып қалар деген үміттеміз. М.Ж) Дегенмен, 1922 жылы А.Досжанова Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетін тәмамдайды. Аққағазды ортаға алып Тәшкендегі қазақтың оқығандары (М.Әуезов, Х.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, С.Қапин, М.Тынышбаев және т.б.) суретке де түседі. (Сурет облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде М.Әуезовтің туған күні қарсаңында  жарық көрген 1999 ж., 25 қыркүйек.)

1922 жылы Түркістан Республикасы Комиссарлар кеңесінің төрағасы қызметінде болған Тұрар №238 қаулы шығарып, өз қолын қояды. Қаулының мазмұны төмендегіше:

ТҮРКРЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ХАЛЫҚ КОМИССАРЛАР КЕҢЕСІНІҢ ҚАУЛЫСЫ

№238 «14» желтоқсан 1922 жыл

Үстіміздегі жылы Аққағаз Досжанова жолдас Түркістан Мемлекеттік Университетінің медицина факультетін тәмамдады. Ол қырғыз (қазақ) қыздарының арасында Кеңестер Одағында арнайы жоғары білім алған тұңғыш адам.

Қырғыз (қазақ) халқының тарихында бұл жоғары дәрігерлік арнайы білім алған қыздар арасындағы екінші оқиға. Жергілікті ұлт өкілдері арасынан шыққан Досжанованы құттықтай отыра және мұндай тың бастаманың жалғаса беруі үшін де Түркреспубликасы Халық Комиссарлар Кеңесі қаулы етеді:

  1. Түркістан Мемлекеттік Университетінде Халық Комиссарлар Кеңесі тарапынан Досжанова атындағы стипендия тағайындалсын.

  2. Халық Комиссарлар Кеңесі қаржысы есебінен Досжановаға 100.000 сом көлемінде (1922 жылғы ақша бірлігі бойынша) сыйақы берілсін және оның мамандығы бойынша дәрігерлік бөлме жасақталсын.

Түркреспубликасы Халық

Комиссарлар Кеңесінің төрағасы (қолы) Т.Ырысқұлұлы

Іс басқармасының бастығының орынбасары (қолы) Л.Маевский

Хатшысы (қолы)

(Қаулы мәтінін орысшадан аударған М.Жәпек)

Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуші, қазақ сатирасының сардары, қадірлі ұстазым Темірбек Қожакеевтің айтуынша 1922 жылы 100 сомға жақсы жылқы сатып алуға болады екен. Тұрардың А.Досжановаға 100.000 сом бөлгізуі жомарттық па, әлде қызмет бабын пайдалану ма? Қалай десек те, сол кезде екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс еді. Оның үстіне Тұрар ұлт мүддесін ойламай, өз жеке басының ғана қамын ойласа, қомақты қаржыны бір қызға бөлгізер ме еді, деген сауалдар сананы улайды. Десек те ұлт пайдасын қара қан басынан жоғары қойып, ұлт келешегі үшін қайырымды іс жасау жасампаздық емей немене?!

Мейрамхан ЖӘПЕК

@Baiserke

Оцените пост

10

Комментарии

0
Аққағаз Досжанованың ұлы - Ершин Шахбаз Әлімгерейұлы Қазақстанда сұйықтар мен газдар механика мектебінің негізін қалаған көрнекті ғалым, ҚазҰҒА академигі, профессор. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетінде ұзақ жылдар бойы дәріс оқып, көптеген шәкірттер дайындаған. Шахбаз Әлімгерейұлының Қазақстан ғылымының дамуына қосқан үлесі өз алдына жеке әңгіме болар, айтайын дегенім Аққағаз Досжанованың ол кісінің анасы екенін білгенімде "тектіден текті туады" деген сөздің растығына тағы бір мәрте көз жеткізгендей болдым. Аққағаз Досжанова туралы тың деректерді көзі тірісінде ол кісінің ұлынан жазып алған дұрыс шығар деп ойлаймын.
Показать комментарии