Солтүстік Ирландияда алтыннан алқа таққан полицейлер елге оралды

Kazsport agent 2013 M08 14
171
0
0
0

Астанада Солтүстік Ирландияның Белфаст қаласында өткен полицейлер мен өрт сөндірушілердің XV дүниежүзілік ойындарында алтын және күміс медальдар жеңіп алған полиция қызметкерлері Серік Нұрғалиев пен...


Серік Нұрғалиев пен Талғат Қожабаев

Астанада Солтүстік Ирландияның Белфаст қаласында өткен полицейлер мен өрт сөндірушілердің XV дүниежүзілік ойындарында алтын және күміс медальдар жеңіп алған полиция қызметкерлері Серік Нұрғалиев пен Талғат Қожабаевты әріптестері, спортшылар мен туғандары үлкен қошеметпен қарсы алды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Екі жыл сайын құқық қорғау қызметкерлері арасында өткізілетін дүниежүзілік ойындар биыл Солтүстік Ирландияның Белфаст қаласында тамыздың бірі мен оны аралығында 20 мыңнан астам спортшының басын қосқан. Олар 56 спорт түрінен күш сынасты. Дүбірлі додада Қазақстан құрамасы 13 медаль – 5 алтын, 3 күміс және 5 қола жеңіп алды.

2 алтын алқаны ҚР ІІМ Орталық аппаратының қызметкері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, бірнеше дүркін әлем чемпионы, құқық қорғау органдары арасында Еуропа чемпионы Серік Нұрғалиев құрама қоржынына салған.

«Мерейтойлық ойындар болды деп айтуға болады. Мен оныншы рет қатысып отырмын. Барлығы менің қоржынымда 29 алтын, 6 күміс және 2 қола алқа. Бұл сайысқа барлық құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысады. Жарыс танымалдылығы мен қатысушыларының саны бойынша Олимпиада және Параолимпиада ойындарынан кейінгі орында. Бар күшімізді салып, ел абыройын асқақтатуға тырыстық», — дейді полиция подполковнигі.

Ал Астана қаласы ішкі істер департаментінің жол полициясы басқармасының аға инспекторы, ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері Талғат Қожабаев байрақты бәсекеде 100 кг жоғары салмақ дәрежесінде күміс медаль, ал абсолютті салмақтағы палуандар сынында алтын медаль иеленді.

«Осы жарысқа үшінші рет қатысып отырмын. 2011 жылы өткен сайыста күміс жүлдегер атанғанмын. Екі жыл дайындалып, биыл жақсы нәтижеге қол жеткіздім. 100 ден артық салмақ дәрежесінде 5 кездесу өткізіп, ақтық сында Грузия палуанына есе жібердім. Келесі күні 73 кг жоғары салмақтағы палуандар күш сынасты. Ақтық сында АҚШ спортшысын жеңіп, түйе палуан атандым. Келесі жарыстарға бес адам емес, көбірек спортшы барса құп болар еді. Мәселен, Ресейден 180 адам келді», — деген тілегін жеткізіп қалды палуан.

Сондай-ақ бұл жарыста Шымкент қаласындағы ҚР Премьер-министрі кеңсесінің мемлекеттік фельдегерлік қызметі басқармасының бастығы Асқар Жандаров грек-рим күресінен — алтын, еркін күрестен — күміс және дзюдо, бенчпресса, пушпуллифтинг және армрестлингтен қола алқалар жеңіп алды. ШҚО ІІД «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің инспекторы Асхат Елубаев дзюдодан алтын жүлдегер атанса, Алматы қаласы ІІД қызметкері Абдусанат Шарафов күміс медаль иеленді.

Құқық қорғау қызметкерлері арасындағы келесі сайыс 2015 жылы Вашингтон қаласында өтеді.

Айымгүл ӘБІЛЕВА

«www.bnews.kz».

 

Оцените пост

0