Көрермэн 2013 M08 6
856
0
1
0

Жетпістің екеуіндегі Аравиндей еменге арналады...

"XX ғасырдың аяғындағы қазақ мәдениеті" деген ұғым болар ма екен? Тарау ретінде тарихтан орын тебе алар ма екен? Қайдам. Гуманитарийлер қара базарға ағылған уақыттардан алатын мәдени жәдігерді айта қою қиын.

Бірақ елдің әлі зайырлы, ал қиыншылықтардың - уақытша өткел екенін еске салып отыратын тұлғалар болады. Олар ізгілік пен парасат әлі де керек болатынын түсіндірмейді, тек өз ісімен ұғындырады. Өтпелі кезеңде "тез баюдың қасқа жолы" сынды рейтингті тақырыптарға көрсеқызарлықпен секірмей, өзінің сүйікті ісіне басқаларды сүйсіндіріп жатады. Солардың бірі - Юрий Аравин.

Алмағайып тоқсандарда "Музей звуков" деген бағдарламасы арнадағы жайсыз жаңалықтар мен блокбастерлердің арасында ерекшеленіп тұратын. Мәдениет пен өнердің дүниенің бір бұрышында жай тапқан аралы сияқты әсер ететін. Өзіне тән харизмасымен қазақтың күйлері мен жырларын салт-дәстүрмен синтездеп, анау-мынау менмін деген қазаққа - қазақтың жаңа қырлары ашылып жататын. Ұмытпасам, Бекболат Тілеуханның дүйім елге "беташары" осы бағдарламада басталды. Күй мен жыр мектептерінің қазіргіше айтсақ - "презентациясын" - телеформатта алғаш өткізген Юрий Аравин десем, қателеспеймін.

Бүгіндері Юра аға өнер майталманы, естуімше - мыңдаған лекциялар мен монографияның, жекелген зерттеу жұмыстарының авторы. Және де... Және де "Мәдениет" арнасында «Раскрытая партитура» атты бағдарлама жүргізеді. Сол баяғы, тұнған харизма, байсалды байып. Әлі де бұрынғыдай: мынау даңғаза да қаңылтыр айқай дүниеде "әуен" деген мызғымас құндылық барын есіңізден шығармайды...

Юрий Аравиннің "Раскрытая партитурасы" сәрсенбі сайын 20:00-де "Мәдениет" арнасынан көрсетіледі.

Юрий Аравиннің блогы: Раскрытая партитура

Оцените пост

1