Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
23:10, 05 августа 2013

КИНО ТУРАЛЫ ЗАҢ (М.Курсабаев)

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ

«КИНО ӨНЕРІ ҺӘМ ИНДУСТРИЯСЫ ТУРАЛЫ»

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ (жоба)

Жобаны дайындағандар: Құрсабаев М.Қ, Сәбиланов Н, Сабырайымов Ж, Сабыр Әбдіқадыр, Даутов Е.Т, Иманқұлова А, Астана 2013 жыл

Кино өнері һәм индустриясы – мемлекет қарауында қорғалатын және сақталатын, ұлттық мәдениет һәм рухани құндылықтардың тұтас бөлшегі іспеттес Қазақстан Республикасының маңызды қазынасы.

Аталмыш Заң елімізде кино өнері индустриясы мен Ұлттық кинематография саласының дамуы мен қалыптасуының негізгі бағыттарын айқындайтын басты құжат болып табылады.

 

1 Тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Кино өнері һәм индустриясын және Ұлттық кмнематография саласын дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың негізгі арқаулары.

Кино өнері һәм индустриясы және Ұлттық кмнематография (шығармашылық және деректі фильмдер, анимациялық фильмдер, кинематография, балалар фильмдері, кинооқиғалар, виртуальді медиациялық анимациялық ойындар) мемлекеттің аса маңызды стратегиялық һәм идеологиялық, техникалық-шығармашылық, өндірістік-индустриялық, ғылыми-зерттеу және ақпараттық-инновациялық, бұқаралық-медиаторлық базасы болып табылатын ұлттық құндылығы ретінде танылады.

Мемлекет кино өнерінің дамуы мен өркендеуіне жан-жақты қолдау көрсету жөнінде жауапкершілікті мойнына алады.

Аталмыш ұлттық құндылықтың бұқара халық мүддесі мен ұрпақ игілігіне жұмсалуына кепіл бола алады.

2-бап.Кино өнері һәм индустриясының дамуына мемлекеттік қолдау көрсету шараларының заңнамалық негізі.

Аталмыш саланың заңнамалық негізіне Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы» және басқа Заңдары, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулы-қарарлары мен басқа номативтік-құқықтық құжатар болып табылады.

3-бап. Негізгі ұғымдар мен атаулар.

«Кино өнері һәм индустриясы» туралы Заңның іске асырылуы барысында қолданылатын ұғымдар мен атаулар.

Ұлттық кинематография – қазақ халқының және көпұлтты Қазақстан  халықтарының кино өнері һәм индустриясын дамыту мен ізгілендіру барысында шығармашылық-өндірістік, ғылыми-зерттеу, индустриалдық-инновациялық, біліми-кәсіптік бағыттағы кешенді әрекеттер жиынтығы болып табылатын ұлттық өнер һәм мәдениет арнасы.

Кинофильм – әдеби-шығармашылық, ғылыми-көпшілік, құжаттық-хроникалық, оқу-әдістемелік, анимациялық-мультипликациялық және басқа тақырыптар бойынша (ойдан құрастырылған, халық ауыз әдебиеті және тарихи деректерге және архив құжаттарына негізделіп сұлбаланған, тарихи кейіпкер ғұмырнамасы) арнайы бейнетаспаға немесе электрондық сандық ақпараттарда сақталып, адамдардың  техникалық құралдардың көмегімен қабылдауына мүмкіндік беретін аудиовизуальдік туынды. Кинофильм толықметражды (52 мин) және қысқаметражды (20-50 мин) болып келеді.

Киношежіре – қоғамның даму үрдісіндегі өткен тарихи-мәдени оқиғалар мен оның болашақтағы орны мен маңызы һақындағы сюжеттер мен құжаттық-архивтік нысандағы тұрақты бейнетаспалар мен сандық форматтағы материалдар.

Фильмді тарату – кез келген кино өнері һәм индустриясына қатысты материалдардың ерікті түрде таралу әдістері мен формалры.

Фильмді көрсету – кино көрсететін арнайы мекемеде, сондай-ақ керней, ғарыштық теледидар және басқа тәсілдер арқылы бұқаралық ауқымда таратылатын туындылар.

Кинофильм продюссері – фильмді тарату мен шығару барысында оны қаржыландыру жауапкершілігін мойнына алған жеке немесе заңды тұлғалар.

Фильмді таратушы – фильмді тарату мен көрсетілімін ұйымдастыруға заңдық құқы бар жеке немесе заңды тұлғалар.

Фильмді көрсетуші – фильм көрсетілімін іске асыратын жеке немесе заңды тұлғалар.

Кино залы (кинотеатар) – фильм көрсетілімін іске асыратын арнайы мекеме.

Кинематографиялық ұйымдар – кино өнері һәм индустриясы ауқымында киношежірелік материалдар дайындап оның көрсетілімін ұйымдастыратын һәм тарататын, кино көрсетілетін мекемелерді иеленетін және оның материалды-техникалық базасын қамтамасыз ететін, түрлі баыттардағы кинофильм туындыларын қайта өңдеп толықтыратын, қайта қалпына келтіріп, көбейтетін, кино түсіруге қажетті материалдар мен құрал-жабдықтарды; сондай-ақ қызмет көрсету нысандарын иеленетін және безендіретін (безендіру һәм сәулеттендіру, ажарландыру һәм киім тігу, кинофильмді тарату және насихаттау мақсатында жалға алынғанн немесе жарнамалық қызмет ететін, декорациялық құрылыс және ғимараттандыру, грим және реквизиттер жасау, дыбыс пен арнайы эффект техникасын меңгеру және пайдалану, кинопленкалар мен сандық көшірме техниалық мүмкіндіктерін пайдалану т.б,), өз әрекетінде білім беру және қайта даярлау, ғылыми-зерттеу, кинофильмдерді және оған қатысты материалдарды сақтау, кино индустриясы саласында баспа һәм жарнамалық үгіт-насихат жүргізетін қоғамдық және мемлекеттік ұйым (кәсіпорын, мекеме) болып табылады.

Киножоба – ұлттық фильм деңгейіндегі мәртебесі және маңызы бар және мемлекет тарапынан қаржыландыру жөнінде шешім қабылдауға негіз болатын кешенді құжаттар жиынтығы.

Кинофильм жобасына қажетті материалдар – фильмнің көшірме нұсқасы (алғашқы түпнұсқасы), негатив, контратип, таспаға түсірілген және қайта өңделген фонограммалық көшірмелер, видеофонограмма, музыкалық фон және дауыс жазбалары, сандық-электронды қондырғылар, сондай-ақ фильмді көбейту мен таратуға қажетті компакт-дискілер мен таспалар.

Кинофильмді көбейту – кинотуындының бір немесе бірнеше есебіндегі кез келген материалдық формасындағы көшірмесі.

Кино өнімі – кинофильм түсіруге жұмсалған материалдар есебі, киношежіре материалдары және түпнұсқа көшірмелері (кейбір бөліктері).

Кинофильмге қажетті құрал-жабдықтар – кинофильмді дайындау мен түсіруге қажетті аппаратура мен техникалық қондырмалар, бұйымдар мен әбзелдер, қосалқы бөлшектер және оның жеке бөлшектері.

Кинофильм материалдары – кино өндірісі туындысын, киношежірелерді өңдеу мен көшіру, көбейту мен қалпына келтіру, аталмыш сала бойынша қызмет көрсету, тарату және ұйымдастыру және құрал-жабдықтарды иелену мен қайта жасауға қажетті шикізат пен басқа материалдық нысандар.

Кинематографиялық ұйымның әкімшілігі – Оған жетекші, оның орынбасары, басқарма Кеңесі, бас редактор, бас инженер және бас есепші.

Кинематографиялық ұйым штатындағы шығармашылық топ құрамы – қоюшы-режиссер, қоюшы-оператор, қоюшы-суретші, суретші-аниматор, киім ұлгісі бойынша суретші, суретші-гример, дыбыс режиссері, монтаждаушы, фильм редакторы, музыкалық редактор, фильм директоры және еңбекшілер ұжымы мүшелері.

Кинематографиялық ұйымның штаттан тыс (еңбекші ұжым мүшелері болып табылмайтын) шығармашылық топ құрамы – кинофильм сценарийінің авторы, композитор, актер және актрисса, басты ролде ойнаушы жеке тұлғалар.

Кинематографиялық ұйым штатындағы өндірістік топ құрамы – шығармашылық топ құрамына жатпайтын, сондай-ақ тең дәрежеде кәсіпорын маманы саналатын еңбекші ұжым мүшелері мен әкімшілік қызметкерлері.

Бірыңғай Ұлттық кинофильм тарату және көрсету жөніндегі автоматтандырылған ақпараттық жүйе – мемлекеттік және кинематографиялық ұйымдар базасындағы кинофильм мұрағаттары мен материалдарын тарататын, көрсететін және техникалық құрал-жабдықтарының ақпараттық технология тарапынан өңделуі мен пайдаланылуы, сондай-ақ көрсетілім ұйымдастыратын және тарататын арнайы мекемелер (кинозалдар, мұрағат қоры,  фильм тарататын орталықтар, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардағы кинофильм мұрағаттары мен базалары) және кәсіпорындар.

4-бап. Ұлттық фильм мәртебесі.

Кинофильмнің Бас продюссері және фильм авторы Қазақстан Республикасының азаматы болып табылған жағдайда, аталмыш туынды Ұлттық фильм мәртебесіне ие болады.

Кинофильмді түсіру тобының 70% астамы (30% шет елдік әріптестерден құралуы мүмкін) Қазақстан Республикасының азаматтары болу шарт.

Кинофильм мемлекеттік және ұлтаралық қатынас тілінде, сондай-ақ Қазақстан халықтарының ана тілінде түсіріледі. Шет ел тілдерінде түсіру жалпы фильмнің шығармашылық идеясынан туындаған жағдайда мүмкін болмақ.

Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес мемлекеттік тіркеуден өткен кинематографиялық мекемелер мен ұйымдар фильмді шығару, көбейту және тарату және басқа ұйымдастыру шараларына жұмсалатын шығынның 50% өтеуі тиіс.

Кинофильм түсіруге шет елдік компаниялардың қаржылай инвестициялық мөлшері 50% аспауы шарт.

Ұлттық фильм мәртебесіне шет ел азаматтарының, сондай-ақ Қазақстанда еңбек етіп жатқан (заңды тұлға болып табылатын) шет ел азаматтары, шет мемлекеттердегі қазақ диаспорасы өкілдерінің тартылуымен Қазақстан Республикасының Заңдары мен мемлекетаралық келісім, басқа да аталмыш заңға қайшы келмейтін халықаралық құжаттар негізінде шығарылған көрсетілімдер ие бола алады.

 

2 Тарау. ҰЛТТЫҚ КИНЕМАТОГРАФИЯ САЛАСЫН ДАМЫТУ ҺӘМ ӨРКЕНДЕТУ ЖӨНІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ

5-бап. Ұлттық кинематография саласының жан-жақты дамуы мен өркендеуін қамтамасыз ететін мемлекеттік өкілетті атқарушы орган Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі «Ұлттық кинематография саласын дамыту һәм өркендету жөніндегі мемлекеттік ұйым» Ережесіне сәйкес, жергілікті атқарушы органдар мен кинематографиялық ұйымдармен қоян-қолтық кешенді жұмыс жүргізуге өкілетті.

Оның негізгі бағыттарына Ұлттық кинематография саласына қатысты заң жобалары һәм нормативті-құқықтық актілерді дайындау және жүйелеу, мемлекеттік бағдарламалар мен өңірлік-аймақтық ерекшеліктерге негізделген нақты жобаларды сараптау және өңдеу; кинематография инфрақұрылымының дамуын үйлестіру жатады.

Кинофильмдердің мемлекеттік тіркеу регистрін жасау, фильм көрсетілімін реттеу мен қадағалау, сондай-ақ көрермен қауымның өтініш-талаптары мен көрермендердің жас ерекшеліктерін ескеру, авторлық құқық пен оның қолдану аясы, фильмді көрсету мен тарату жөніндегі заңдық ережелер мен талаптарды бекіту мен қадағалау Қазақстан Республикасының Үкіметінің құзыретіне жатады.

Атап айтқанда:

Ұлттық фильм мәртебесі бар Ереже және оған арнайы Куәлік беру;.

Ұлттық кинематография саласы бойынша ғылыми-зерттеу, шығармашылық, теар және кино өнері, кино индустриясы мен менеджменті, анимация және инженерлік-техникалық бағыттар бойынша мамандар дайындау; оқыту және біліктілігін арттыру мәселесіне назар аудару;

Кинематография саласы бойынша мемлекеттік статистикалық есеп беру жүйесін айқындау;

Халықаралық іс-шараларға қатысу, шет мемлекеттерде Ұлттық кинематография өкілеттілігін ашу, кино индустриясы саласы бойынша шет елдік ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнату;

Қазақстан Республикасы атынан Бірыңғай Ұлттық кинофильм тарату және көрсету жөніндегі автоматтандырылған ақпараттық жүйе иесі болу құқығын алу және оны іске асыру; Ақпараттық жүйенің жан-жақты қамтылуын қадағалау, жалпы базалық мағлұматтарға иелік ету және толыққанды жұмыс атқару мүмкіндігін қамтамасыз ету;

6-бап. Мемлекеттік қолдау көрсету шаралары.

Заң жобалары һәм шығармашылық бастамаларды үйлестіру және қабылдау барысындағы нормативтік-құқықтық құжаттарды реттеу.

Ұлттық фильмдерді түсіру мен тарату барысында бірқатар жобаларды қаржыландыру және ақпараттық қолдау көрсету.

Киношежірелерді қайта өңдеу немесе түсіру шараларын толық қаржыландыру.

Бірыңғай Ұлттық кинофильм тарату және көрсету жөніндегі автоматтандырылған ақпараттық жүйесі қызметін, атап айтқанда ұйымдастыру, тарату, өңдеу, операторлық қызмет және басқа маңызды бағыттарды қаржыландыру.

Мемлекеттің Ұлттық кинематография индустриясын дамытудың негізгі шарттарына: ұлттық мәртебесі бар туындылар, сонымен қатар балалар мен жасөспірімдерге арналған анимациялық жобалар мен фильмдер, виртуальді-анимациялық ойындар, жаңа буындағы тұңғыш туындыларды насихаттауда (дебют) мемлекеттік ынталандыру жобаларын ізгілендіру, материалды-техникалық базаның нығаюына, кинофильмдерді тарату және көрсету мұмкіндіктерін арттыру, білім және ғылыми-техникалық бағыттарды жеделдету, отандық кинофестивалдар өткізу һәм халықаралық іс-шараларға қатысу болып табылады.

Кинематографиялық бағытта қызмет етіп жатқан барлық үкіметтік және қоғамдық ұйымдарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі.

Қазақстан Республикасындағы барлық мемлекеттік органдар аталмыш іс-шараға ат салысуға, жан-жақты қолдау көрсетуге міндетті.

7-бап. Бірыңғай Ұлттық кинофильм тарату және көрсету жөніндегі автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің құрылымы.

Бірыңғай Ұлттық кинофильм тарату және көрсету жөніндегі автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің құрылымын анықтау, қызметкерлер жауапкершіліктері мен басқа ережелерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

Бірыңғай Ұлттық кинофильм тарату және көрсету жөніндегі автоматтандырылған ақпараттық жүйесі тұтынушылар мен көрермендердің және фильмге қатысы бар шығармашылық топтар мен жек авторлардың заңдық құқықтарын қорғау, атап айтқанда аудиовизуальді өнімді шығару мен тарату, жергілікті мемлекеттік органдардың аталмыш жүйенің қоғам игілігіне айналуына үлес қосу, сондай-ақ кино индустриясы нарығындағы өзгерістер мен жаңалықтар туралы ақпарат тарату шараларын реттейді.

Кино көрсетілімін ақылы жүргізіп отырған мамандар Бірыңғай Ұлттық кинофильм тарату және көрсету жөніндегі автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне әрбір сатылған немесе көрсетілген фильмнің барысы һақында (кинотеатр атауы, мерзімі, билет саны мен номері, фильмнің атауы, фильмді тарату жөнінде құқы бар куәлік, кино залы және оның түрлері, орындықтар қатары мен орындары,билет бағасы және билет сатылымындағы жеңілдіктер) толық ақпарат беруге міндетті.

Кинофильмнің көрсетілімі барысындағы жергілікті жерлердегі мемлекеттік және атқарушы органдар тарапынан есепке алынатын, тіркеуге жататын (билет, бланк, есеп беру қағазы) және арнайы бекітілген формадағы құжаттар негізінде жоғарыда айтылған заңдық талаптарға сай болуы шарт.

Кинофильм көрсетілімін іске асыратын маман (демонстратор) қажет жағдайда Бірыңғай Ұлттық кинофильм тарату және көрсету жөніндегі автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне тұрақты мағлұмат жеткізіп отыратын қосымша техникалық-аппараттық жабдықтарды орнатуға, атап айтқанда жалпы кинофильмнен түскен қаржы, жалға беру, билет сатылымы және басқа жайттар бойынша ақпарат беруге және алмасуға жауапты.

Бірыңғай Ұлттық кинофильм тарату және көрсету жөніндегі автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің операторы кинематография саласы бойынша мемлекеттік органның жауапты қызметкері болып табылады. Ол өзінің іс-әрекетін Қазақстан Республикасы Заңдары негізінде жүзеге асырады. Оның негізгі құзыретіне Бірыңғай Ұлттық кинофильм тарату және көрсету жөніндегі автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің толыққанды іске қосылуына, жоғарыда аталып өткен талаптар мен ережелер бойынша кинофильм көрсетілімінің жалпы барысы мен табыс мөлшері, материалды-техникалық һәм ақпараттық-коммуникативтік, программалық базасы, кинофильм көрсетілімін іске асыратын мамандардың есебін тыңдау және басқа мағлұматтарды арнайы жоспар бойынша жүргізу, талап ету және ізгілендіру шаралары жатады. Оператордың жалпы фунциясы мен басқа әрекеттері мемлекет және кинематография саласы бойынша басқа түсімдер тарапынан қаржыландырылады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген ереже негізінде фильм көрсетілімін іске асырушы мен оператор арасындағы іс әрекеттер мен жауапкершіліктер (кинофильм көрсетілімін ұйымдастыру, тарату және көрсету, заңдық-нормативтік және есеп, рұқсат етілген немесе тыйым салынған туындылар жөнінде келісім, билет және бланк үлгісі, ақпараттық есеп беру талабы, тұтынушылар талабы мен ақпарат қауіпсіздігін қамтамасыз ету, авторлық құқық және заңға қайше келетін әрекеттерді реттеу тәртібі) мемлекеттік және атқарушы органдар тарапынан реттеліп отырады. Демонстратор және оператор тарапынан аталмыш заңнамалық ережелерге сәйкес мерзіміне сай немесе жеткіліксіз (жалған мағлұматтар, толық емес, қасақана өзгертілген) ақпараттардың қамтамасыз етілмеуі және басқа әрекеттері заңға қайшы келгені расталған жағдайда, олар жауапкершілікке тартылады.

 

3 Тарау. ҰЛТТЫҚ КИНЕМАТОГРАФИЯ САЛАСЫН МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН ҚАРЖЫЛАНДЫРУ КӨЗДЕРІ

8-бап. Кино өнері һәм индустриясы саласын мемлекет тарапынан қаржыландырудың шарттары мен тәртібі.

Кинематография саласын мемлекет тарапынан қаржыландырудың бір көзі – ол қоғам үшін маңызы зор туындыларды жекелей қаржыландыру болып табылады.

Ұлттық фильм мәртебесі бар туынды Қазақстан Республикасының Заңдары (мемлекеттік органдарға қызмет көрсету және тауар қатынасын реттеу және тапсырыс беру) негізінде кинематография саласы бойынша мемлекеттік органдар тарапынан, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік-құқықтық актілері  және басқа құжаттары (қаржы бюджеті, қосымша келісім-шарт) мен жергілікті атқару органдары тарапынан бөлінген қаржы есебінен кинофильм түсіруші топқа (продюссер, демонстратор, оператор, фильмді таратушы және көрсетілімін ұйымдастырушы) арнайы келісім-шарт бойынша қажетті сома бөлінеді.

Мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы қол жеткізілген келісім-шарттардан басқа бөгде мақсаттарға жұмсалмайды.

9-бап. Ұлттық мәртебесі бар кинофильмді түсіруге бағытталған мемлекеттік қаржыландыру көздері.

Ұлттық мәртебесі бар кинофильмді түсіруге бағытталған мемлекеттік қаржыландыру Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік-құқықтық актілері  және басқа құжаттары (қаржы бюджеті, қосымша келісім-шарт) мен жергілікті атқару органдары тарапынан бөлінген қаржы есебінен және басқа мемлекеттік құжаттар негізінде ұлттық кинофильмді түсіруге қаржы бөлу жөнінде шешім қабылдайды.

Мемлекет тарапынан қаржыландыру сомасы 70% аспауы тиіс. Кей жағдайда түсірілімнің ұлт тарихы мен мәдениетіне қатысты құнды материал екендігі сарапшылар Алқасы тарапынан танылған жағдайда мемлекет ол жобаны толық қаржыландыруы мүмкін.

Мемлекеттік қаржыландыру барысы Қазақстан Республикасы Заңдары және қаржы бюджеті нормативтік-құқықтық ережелері негізінде мемлекеттік мекеме мен Ұлттық кинофильм продюссерінің арасындағы Мемлекеттік деңгейдегі келісім-шарт бойынша іске асырылады.

10-бап. Ұлттық кинофильмді тарату мен көрсету қызметін мемлекет тарапынан қаржыландыру

Мемлекеттік атқарушы органдар республикалық бюджеттің есебі негізінде Қазақстан аумағында Ұлттық кинофильмді тарататын мен көрсететін мекемеге қаржылай көмек көрсету (оның ішінде мөр, фильмдер көшірмелері, субтитрлық қызмет, жарнама) жөнінде шешім қабылдай алады. Қаржыландыру сомасы 70% аспауы тиіс

Кинофильмді тарату мен көрсету үдерісін мемлекет тарапынан қаржыландыру барысы республика аумағында Қазақстан Республикасы Заңдары (мемлекеттік мекемелерді қаржыландыру және тапсырыс беру, субсидиялық жеңілдік) және қаржы бюджеті нормативтік-құқықтық ережелері негізінде мемлекеттік деңгейдегі келісім-шарт бойынша іске асырылады.

11-бап. Халықаралық кинофестивалдарда Ұлттық фильмдердің қатысуына мемлекеттік қолдау көрсету шаралары.

Халықаралық кинофестивалдарда (негізінен «А» категориясы бойынша) Ұлттық фильмдердің қатысуына мемлекет тарапынан қаржыландыру барысы Қазақстан Республикасы Заңдары республикалық бюджеті (мемлекеттік мекемелерді қаржыландыру және тапсырыс беру, субсидиядық жеңілдік) және қаржы бюджеті нормативтік-құқықтық ережелері негізінде мемлекеттік деңгейдегі келісім-шарт бойынша іске асырылады.

Халықаралық кинофестивалдарда Ұлттық фильмдердің қатысуына мемлекет тарапынан қаржыландыру толықтай (мемлекеттік қаржыландыру сомасы 100% тең) іске асырылады.

12-бап. Ұлттық фильмдер, киношежіредер және оған қатысты басқа материалдардың сақтау мен қорғау.

Ұлттық фильмдер, киношежіредер және оған қатысты басқа мемлекет тарапынан толық қаржыландырылған материалдардың сақтау мен қорғау Қазақстан Республикасы Үкіметі  белгілеген нормативтік-құжаттық актілер негізнде жергілікті мемлекеттік атқару комитеттері шешімі бойынша жүргізіледі. Олар арнайы мемлекеттік мекеме болып табылатын мұрағаттарда сақталады.

Мемлекет тарапынан жекелей немесе толымсыз қаржыландырылған кинофильмдер мен оған қатысты материалдар мемлекеттік ұйымдар мен кинофильм продюссерінің арасындағы Мемлекеттік деңгейдегі келісім-шарт бойынша іске асырылады.

Ұлттық фильмдер, киношежіредер және оған қатысты басқа мемлекет тарапынан толық қаржыландырылған материалдардың сақталуы мен авторлық құқығының қорғалуын арнайы мемлекеттік мекеме болып табылатын мұрағаттар толықтай қамтамасыз етеді. Қажет жағдайда мемлекеттік мұрағат орындары тиісті адамдар мен жауапты қызметкерлерге (кинематография саласы бойынша мемлекеттік қызметкер, продюссер) әр кинофильм туралы ақпарат беруге, пайдалануға міндетті.

 

4 Тарау. ҰЛТТЫҚ КИНЕМАТОГРАФИЯ  ҰЙЫМДАРЫНЫҢ САЛЫҚ, КЕДЕН ІСІ ЖӘНЕ ҚАРЖЫ-ВАЛЮТАЛЫҚ ӘРЕКЕТТЕРІН РЕТТЕУ

13-бап. Қазақстан Республикасының кедендік бақылау территориясына Ұлттық кинематография ұйымдарының импорттық және экспорттық мәртебесі бар кинотуындылары мен құрал-жабдықтарын сырттан әкелуі мен іштен шығару әрекеттері кедендік салық пен жинақ анықтамалық құжаттарынан босатылады.

14-бап. Пошта және байланыс қызметі, телефон, электронды-ақпараттық байланыс, коммуналды шығын және басқа мемлекет бюджетік ұйымдарға қатысты жеңілдіктер Ұлттық кинематография ұйымдарына қолданылады.

Кинофильмді шығару, көбейту, тарату және көрсету, сондай-ақ басқа жолдар арқылы түскен қаржы түсімі, қандай да  құқықтық-ұйымдастырушылық әрекеттер болмасын салық төледен босатылады.

Кинофильмнің өзіндік құны – киноны түсіруге жұмсалған шығын, сақтандыру полюсі және 9% мөлшерде мемлекеттен алынған қаржы кепілдемесін қоса есептеуі бойынша анықталады.

Республикалық бюджет есібінен қаржыландырылған кинематографиялық ұйымдар аталмыш заң аясында еңбекақы төлеу көрсеткіштерін келісім-шарт негізінде белгілей алады.

Ұлттық кинематография саласындағы ұйымдар бір жылдан үш жылға дейін 5% мөлшерде кинофильм түсіру, көбейту, тарату және шығару мақсатында меслекеттен қаржылай кредит сомасын иелене алады.

 

5 Тарау. КИНЕМАТОГРАФИЯЛЫҚ ҰЙЫМДАР МЕКЕМЕСІН ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ ТӘРТІБІ МЕН ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

15-бап. Кинематографиялық ұйымдар мекемесін жекешелендіру ерекшелігі жалпы ұйымның болашақта аталмыш сала шеңберінде қызмет ету бағытын ұстануы болып табылады.

Балалар мен жасөспірімдерге арналған кино және анимациялық фильмдер бағытында қызмет жасайтын мемлекеттік ұйымдар мекемесі жекешелендіруге жатпайды.

Белгілі бір елді мекенде (қала, кент) әрекет етіп жатқан кинематографиялық жалғыз мекеме жекешелендіруге жатпайды.

6 Тарау. ҚОРЫТЫНДЫ БӨЛІМ

16-бап. Аталмыш Заң қол қойылған кұнінен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасының Президентіне қол қоюға және Қазақстан Республикасының Үкіметіне аталмыш Заң негізінде нормативтік-құқықтық құжаттарды реттеуге ұсыныс жасалсын.

 

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев

Астана, Ақорда, 01 тамыз 2013 жыл

 
0
1967
2