Қазақстан Қарулы Күштерінің Тылы әскери міндеттілерді дайындықтан өткізді

МО РК 2013 M07 30
199
0
0
0

Алматыда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Тыл бастығының басқармасына бағынысты әскери бөлімдер мен мекемелердің ұйымдастыруымен әскери міндеттілердің бір айлық жиыны өткізілді. Аталған...

Алматыда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Тыл бастығының басқармасына бағынысты әскери бөлімдер мен мекемелердің ұйымдастыруымен әскери міндеттілердің бір айлық жиыны өткізілді. Аталған жиын Қазақстан Қорғаныс министрінің әскери міндеттілерді жинақтау және әскери бөлімдердің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін арттыру жөніндегі бұйрығына сәйкес ұйымдастырылып отыр. Жиында әскери міндеттілер әскери және арнаулы білімдерін шыңдап, тапсырмаларды орындау барысындағы дайындық деңгейін жоғарылатып, далалық шеберлігін пысықтады.

Тыл басқармасының 12881 әскери бөліміне іріктеліп алынған әскери міндеттілер рота командирі, аға техник, жүргізуші-механик және дәнекерлеуші лауазымдарына мамандандырылды. Олар жиын барысында автомобиль техникасын уақтылы және сапалы жөндеуді ұйымдастыруға, жөндеудің озық әдістерін меңгеруге, бұзылған автотехниканы эвакуациялауға, техниканы дұрыс пайдалану мен оны ұдайы жауынгерлік әзірлікте ұстауға машықтандырылды.

Жиынға жалпы саны 100 әскери міндетті тартылды, оның ішінде запастағы офицерлер, сержанттар және сарбаздар санатындағы әскери міндеттілер бар. Олар Алматы қаласы мен Алматы облысының қорғаныс істері жөніндегі басқармалары мен бөлімдерінен іріктеліп алынды.

12881 әскери бөлімінің шоғырландыру ауданында орналасқан оқу-жаттығу орталықтары әскери міндеттілермен күнделікті сабақтар өткізуге арналған әскери техникалармен, жауынгерлік паркпен және оқу сыныптарымен қамтамасыз етіді. Жиын әскери бөлімдегі жеке құрамды қарсы алу пунктінен бастау алып, әрі қарай оқу-жаттығу полигонында жалғасын тапты.

– Қазіргі Қарулы Күштердің оқу-материалдық базасы мен жауынгерлік техникасы жоғары деңгейге көтерілгеніне көз жеткіздім, – дейді рота командирі аға лейтенант А. Әлімқұлов. – Осы бір ай ішінде кәсіби деңгейімізді жоғарылатуға, командирлер мен бастықтардың бұйрықтары мен талаптарын нақты орындауға машықтандық.

Әскери міндеттілердің арасында аз ғана күннің ішінде жиынға келудегі мақсатын түсініп, жүктелген тапсырмаларды тыңғылықты орындауда жоғары жетістіктерімен көзге түскендер басшылық тарапынан марапатталды.

 

ҚР ҚМ Баспасөз қызметі

Оцените пост

0