Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов42 подписчика
Всяко-разно
0
23:50, 25 июля 2013

Әскери парашютшылар – чемпион!

Blog post imageАлматыда классикалық парашют спортынан 22-ші ашық чемпионаттың қорытындысы шығарылды. Қазақстан Қарулы Күштері Парашют дайындығы орталығының спортшылары және Алматы, Балқаш, Қарағанды, Шымкент, Орал қалаларындағы аэроклуб парашютшілері Әскери-әуе күштерінің оңтүстік астанадағы базасында бірнеше күн бойына біріншілік үшін сынға түсті.

Жарыс Қазақстан Қарулы Күштерінің чемпионаты және классикалық парашют спорты бойынша жеке командалық біріншілік үшін Қазақстан Республикасының чемпионаты сынды екі бағыттан тұрды. Жарысқа барлығы 15 команда қатысты.

Чемпионатты ұйымдастыру мен өткізуге басшылық жасау, сондай-ақ авиациялық және медициналық қамтамасыз ету Қазақстан Қарулы Күштерінің Әуе қорғанысы күштеріне жүктелді.

Жарыс барысында спортшылар 1000 метрлік биіктіктен жеке және топ болып секіруді, сондай-ақ 2000 метр биіктіктен  акроботикалық фигуралар бойынша секіруді орындады.

Чемпионатқа төрелік ету электронды жүйе көмегімен бағалау арқылы жүргізілді.

Ұпай сандары бойынша Қазақстан Республикасы мен Қарулы Күштердің абсолютті чемпионы атағын ҚР ҚК Парашют дайындығы орталығының әскери қызметшілері жеңіп алды.

Ерлер арасында екі чемпионаттың чемпион атағына осы орталықтың бөлімше бастығы аға прапорщик Вячеслав Ли көтерілді. Әйелдер арасында бірінші орынды Орталықтың спорттық командасының нұсқаушылары прапорщиктер Наталья Николаева мен Бибігүл Рамазанова жеңіп алды.

Жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан Республикасы чемпионатында да бірінші орынды осы Орталықтың спортшысы кіші сержант Денис Исламов иеленді. Ол жарыс барысында «Қазақстан Республикасының спорт шебері» нормативін орындады.

– Классикалық парашют спорты бойынша чемпионаттың басты мақсаты Қарулы Күштерде әскери-қолданбалы маңызға ие парашют спортын дамыту, – деп атап өтті ҚР ҚК Парашют дайындығы орталығының бастығы – бас жаттықтырушы майор Леонид Дудкин. – Жарысқа қатысу арқылы парашютшылар өздерінің спорттық-техникалық шеберліктерін дамытып, халықаралық жарыстарда жеңіске жетуге деген ұмтылыстарын арттырады.

 

ҚР ҚМ Баспасөз қызметі

0
211
0