Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
00:17, 19 июля 2013

Алыптар бағындырған асулар

Акакиос Какиашвилистің 14 жыл бұрынғы рекордын әлі ешкім жаңартқан жоқ

Уақыт өткен сайын адамзат өз мүмкіндігінің жаңа бір белесін бағындырып, соны игіліктерді игеруден жалыққан емес. Бұрынғы бабаларымыздың түсіне кірмеген бүгінгі технологиялар соның жемісі. Десек те, жапырақтай бұйым арқылы бүкіл әлемді көз алдына келтірген бүгінгі жетістік адамзат дамуының шегі болмасы анық. Өйткені қазіргі таңда қандай саладан болсын, тек өрлеуді, алға басуды көреміз. Соның ішінде спорттың жөні бөлек.

Иә, қоршаған ортаның көз ілеспес жылдамдықпен дамуы спортқа да айтарлықтай әсерін тигізді. Керек десеңіз, бүгінде құр алтынмен әлемді таң қалдыру қиын. Соны ескерген спортшылар бар күш-қайратын, ынта-жігерін сарқып сайысқа түсетін болды. Нәтижесінде, бұрын мүмкін болмаған межелер бағынып, жарыс сайын рекордтар жаңаруда.

Осы ретте біз бүгін ауыр атлетикадағы рекордтар жөнінде сөз етпекпіз. Себебі, аталмыш спорттағы әлемдік рекордтарда біздің де үлесіміз бар. Газетіміздің өткен сандарының бірінде дәл қазір ауыр атлетикадан Азия мен Еуропаның мықты екенін айтқан болатынбыз. Ендеше рекордтық көрсеткіштер де сол құрлықтың өкілдеріне тиесілі екені даусыз.

Деректерге сүйенсек, тарихы тереңнен бастау алатын ауыр атлетика ежелгі грек жерінде пайда болған. Сол себепті, аталмыш спорт түрі 1896 жылғы Афиныда өткен алғашқы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілді. Аталмыш додаға ауыр атлетика бойынша бес елден небәрі алты спортшы ғана қатысқан екен. Ойын кезінде олар қос жаттығу бойынша (штанганы бір қолмен және екі қолмен көтеру) сайысса, 1898 жылғы Венада өткен алғашқы әлем чемпионатында атлеттер 14 жаттығу бойынша күш сынасқан. Сондай-ақ, алғашқы жарыстарда сайысқа қатысушылардың салмағы ескерілмегенін айта кетейік.

Содан бері бұл спорттың тәртібі мен ережесі сан мәрте өзгеріп заманға сай жаңарып отырды. Қазіргідей қос сайыс бойынша (жұлқа және серпе көтеру) сынға түсу ережесі 1973 жылы бекітілсе, бүгінгі ерлер арасындағы сегіз салмақ дәрежесі 1998 жылы қабылданды. Яғни, соңғы рекордтық көрсеткіштер де сол жылдан бастау алады. Негізі ауыр атлетикада рекорд орнату үшін жекелеген жаттығуларда бұрынғы көрсеткіштен 500 грамға артық көтерсең жетіп жатыр. Ал, қоссайыс нәтижесі бойынша 2,5 келіге артық салмақты еңсеру қажет. Ендеше алыптар бағындырған асуларға назар аударайық.

56 келідегі әлем рекорды үш дүркін Олимпиада (1996, 2000, 2004), бес дүркін әлем (1994, 1998, 1999, 2001, 2003) және алты дүркін Еуропа (1999, 2000, 2001, 2003, 2005, 2008) чемпионы, атақты түрік зілтеміршісі Халил Мутлудың еншісінде. Ол 2001 жылы Анталияда өткен Әлем чемпионатында жұлқа көтеруде 138 келіні бағындырып әлем рекордын жаңартты. Ал, серпе көтерудегі рекордтық көрсеткіш сол жылы Тренчин қаласында жалауы желбіреген Еуропа чемпионатында тіркелді. Ол кезде Х.Мутлу 168 келілік зілтемірді төбесінен асырған болатын. Қоссайыс қорытындысы бойынша әлем рекорды да аталмыш спортшыға тиесілі. 2000 жылғы Сидней олимпиадасында жалпы есепте 305 келіні көтерген ол әлем және Олимпиада рекордына түзету енгізді. Бұдан бөлек, жұлқа көтеру бойынша Х.Мутлудың еншісіндегі 137 келілік Олимпиада рекордын да (Сидней, 2000) әзірге ешкім өзгерте қойған жоқ. Тек былтырғы Лондон додасында солтүстіккореялық Ом Юн Чол серпе көтеруде 168 келіні бағындырып, жалқы жаттығу бойынша Олимпиада рекордын жаңартуға шамасы жетті. Бұл салмақты түрік атлеті бұдан 11 жыл бұрын бағындырып қойғанын жоғарыда айтып өттік.

Бүгінгі таңда жеңіл салмақтарда Қытай мен Солтүстік Корея атлеттерінің дәурені жүріп тұр. Десек те, 13 жыл бұрынғы Мутлудың рекордтық нәтижесін жаңартуға олардың шамасы жетер емес.

Ал, 62 келідегі әлем рекордтары толықтай аталған қос елдің өкілдеріне тиесілі. Жұлқа көтеруде 153 келініеңсерген қытайлық Ши Чжи Юннің (Измир, 2002) әлем рекорды әзірге бұзылар емес. 2002 жылғы Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен жазғы Азия ойындарында тағы бір қытай азаматы Лэ Мао Шэн серпе көтеруде182 келіні төбесінен асырып, әлем рекордын тіркеді. Ал, қоссайыс нәтижесі бойынша солтүстіккореялық Ким Ын Гуктың мерейі үстем болып тұр. Былтыр ол Лондонда жалпы есепте 327 келіні көтеріп әлем және Олимпиада рекордының иесі атанды.

Жалпы бұл салмақтағы Олимпиада рекордтарының барлығы былтыр Лондонда өткен додада жаңарды. Ким Ын Гук қоссайыс қорытындысымен қатар жұлқа көтеруде де рекордтық нәтиже көрсетсе (153 келі), серпе көтерудегі рекорд (177 келі) колумбиялық Оскар Альбейроның еншісіне жазылды.

Рекордтық көрсеткіш бойынша 62 келіде Азия мықты болғанымен, 69 келіде Еуропаның айқын басымдығын аңғаруға болады. Тіпті болгариялық Галабин Боевскийдің қоссайыс қорытындысы бойынша 14 жыл бұрынғы әлем рекордын өзгертер зілтемірші әлі табылған жоқ. 1999 жылы Афиныдағы әлем чемпионатында ол қоссайыс нәтижесінде 357 келіні бағындырған болатын. Жұлқа көтерудегі әлем және Олимпиада рекорды тағы бір болгариялық Георгий Марковтың еншісінде болса (165 келі, Сидней, 2000), серпе көтеруде қытайлық Чжан Гоч Жэннің нәтижесі (197 келі, Циньхуандао, Азия чемпионаты, 2003) әзірге үздік көрсеткіш ретінде тіркеліп тұр.

Бұл салмақтағы Олимпиада рекордтары сонау Сиднейдегі сайыстан бері жаңарған жоқ. Жұлқа көтеруде Г.Марков үздік болса, Сиднейде серпе көтеру мен қоссайыста сәйкесінше, 196 және 357 келіні еңсерген Г.Боевскийден артық зілтемірші Олимпиадада әлі шыққан жоқ.

77 келіде жұлқа көтеру мен қоссайыс бойынша рекорд қытайлық Люй Сяо Цзюньнің еншісінде. Ол былтыр Лондонда жұлқа көтеруден 175, қоссайыста 379 келіні бағындырып, әлем және Олимпиада рекордын қатар жаңартқан болатын. Ал, серпе көтеруде әлем рекорды ресейлік Олег Перепеченовке (210 келі, Тренчин, Еуропа чемпионаты, 2001), Олимпиада рекорды қытайлық Чжан Сюй Ганға (207 келі, Сидней, 2000) тиесілі.

Келесі салмақ дәрежесі 85 келі. Бұл салмақта Беларусь елінің өкілі Андрей Рыбаков екі бірдей әлем және екі Олимпиада рекордының иегері. Ол 2007 жылы Тайландтың Чиангмай қаласында өткен әлем чемпионатында жұлқа көтеруде 187 келіні ырқына көндіріп, әлем рекордын орнатты. Ал 2008 жылғы Бейжің олимпиадасында ол қоссайыс бойынша 394 келілік нәтиже көрсетіп, әлем және Олимпиада рекордына қол жеткізді. Жұлқа көтеру бойынша Олимпиада рекорды да А.Рыбаковтың еншісінде. Ол Бейжіңде 185 келілік зілтемірді төбесінен асырып, ойындар рекордына өзгеріс енгізді. Ал, серпе көтеру бойынша әлемдегі үздік көрсеткіштің иесі – қытайлық Чжан Юн. Оның осыдан 15 жыл бұрынғы рекорды әлі күнге жаңарған жоқ (218 келі, Рамат-Ган, 1998). Бұл жаттығудағы ойындар рекорды үш дүркін Олимпиада (1992, 1996, 2000), үш дүркін әлем (1993, 1995, 1998) және 1995 жылғы Еуропа чемпионы, атағынан ат үркитін грекиялық Пирос Димастың еншісінде. Оның Сиднейдегі 215 келілікмежесін әлі ешкім өзгертер емес.

Ауыр атлетикадағы Қазақ елі үстемдік құрған салмақ дәрежесі 94 келі. Лондонда әлем және Олимпиада рекордтарын бірінен соң бірін жаңартқан отандасымыз Илья Ильин бұл салмақта теңдессіз екенін паш етті. Оның еншісіндегі рекордтардың жуық арада өзгеруі де екіталай. Себебі, қоссайыс бойынша әлем және Олимпиада рекорды болып табылатын Ильиннің атындағы 418 келі (Лондон, 2012) бұл салмақ дәрежесі үшін өте жоғары меже. Осы көрсеткішінен кейін отандасымыздың Гиннес әлемдік рекордтар кітабына енуі де тегін емес. Серпе көтеруде Лондонда ол бағындырған 233 келі де әлем мен Олимпиаданың үздік көрсеткіші болып тіркелді. Бұл салмақта жұлқа көтеру бойынша әлем рекорды 1999 жылғы Афиныдағы әлем чемпионатынан бері өзгерген жоқ. Сол кезде грек атлеті Акакиос Какиашвилис 188 келіні еңсерген еді. Ал, олимпиада рекорды ирандық Куруш Бакхгеридің еншісінде. Ол Сиднейде 187 келі зілтемірді көтеріп, рекорд орнатты.

105 келі салмақ дәрежесі бойынша 2008 жылы Бейжіңде белорусиялық Андрей Арямнов орнатқан әлем және Олимпиада рекордтары өзгерер емес. Ол жұлқа көтеруде 200, қоссайыс бойынша 436 келіні оңай бағындырып, рекорд орнатумен қатар Олимпиада чемпионы атанған еді. Сондай-ақ, А.Арямнов серпе көтеруден де олимпиада рекордының иесі (236 келі, Бейжің, 2008). Ал, бұл жаттығу бойынша әлем рекорды ресейлік Давид Беджанянға тиесілі (238 келі, Белгород, 2011).

Ең ауыр салмақтағы рекордтар толығымен парсы зілтеміршілерінің еншісінде. Соның ішінде атақты Хоссейн Резазаде әлемнің екі, Олимпиададағы үш рекордтың да иегері. Оның 2004 жылғы Афины олимпиадасындағы серпе көтеруден қол жеткізген нәтижесі (263 келі) әлем және Олимпиада рекорды болып тіркелді. Сондай-ақ, Сиднейдегі қоссайыс бойынша көрсеткіші де (472 келі) әлем мен Олимпиада рекордтарына түзету енгізді. Айта кетер жайт, Х.Резазаде Афины олимпиадасында жалпы есепте 473,5 келіні бағындырған болатын. Дегенмен, жоғарыда айтқан ережеге сәйкес, ол ресми түрде рекорд болып саналмайды. Жұлқа көтерудегі Олимпиада рекорды тағы аталмыш спортшының еншісінде (212 келі, Сидней, 2000). Ал, бұл жаттығудағы әлем рекорды, Х.Резазаденің шәкірті, Бехдад Салимиге тиесілі. Ол 2011 жылы Парижде өткен әлем чемпионатында жұлқа көтеруде 214 келіні бағындырып, ұстазының рекордын жаңартқан болатын.

 
0
405
0