Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
10:27, 12 июля 2013

«Күлткегін-Бозоқ-Астана» маршруты, «Туған елге тағзым» экспедициясы

Сәлеметсіздер ме! Мен, Насырадинов Нұрдаулет - Ақтөбе қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысымын. Біз Астана қаласына, және Ақмола облысындағы көптеген тарихи орындарға ғылыми экспедиция барысымен барған болатынбыз. Енді сол кездегі әр жерге барған кездегі жинаған пайдалы деректеріммен бөлісе отырсам деймін. Осы онкүндікте жазған өзімнің күнделігімді сіздерге ұсынып отырмын.

29.06.2013 ж

Біз «Күлтегін-Бозоқ-Астана» маршрутымен Астана қаласына «Туған елге тағзым» атты экспидиция бағдарламасымен пойызға міндік. Жолда өте қызықты болды. Ойын ойнап, көңіл көтердік. Тобыл станциясында арамыздағы Құралай атты қыздың туған күнімен құттықтадық.

30.06.2013 ж

1-күн

Жексенбі күні, яғни пойызға мінген күннің ертеңінде сағат 14:00 де пойыздан түстік. Бізді “Dana tour” туристік компаниясы құшақ жая қарсы алды. Олар бізді Астана қаласындағы ең әдемі қонақ үйлердің бірі төрт жұлдызды       «G-Empire» қонақ үйіне орналастырды. Бізге арнайы автобус жалдап, сол автобуспен Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне алып барып,  ішін көрсетіп, аралатты.одан кейін Ауыл шаруашылығының министрлігінің дәмханасынан кешкі ас берді. Кешкі астан соң автобуспен «Кешкі Астананы» аралатты.

01.07.2013 ж

2-күн

Дүйсенбі күні қазақтың батыры, қолбасшысы бабамыз Қабанбай батырдың кесенесіне бардақ. Ол қаладан 28 шақырым қашықтықта орналасқан. Қабанбай батыр жайлы аңыз-әігімелер айтып, оның өмірбаянын, ол туралы мәліметтер айтқан профессор Камал Абдрахманов болды.

Бір әнгімесінде Қабанбай батырдың кесенесі карта бойынша «Үш көл» деп аталатын бір топ көлдің өасында орналасқан деген болатын. Біз тек екі көлді ғана көре алдық. Алыс болса да, біз ерінбей сол жаққа барып қайттық.

Содан соң Ауыл шаруашылық министрлігінің дәмханасынан түскі ас ішіп, қонақ үйде біраз демалып алдық. Содан соң «Атамекен» деп аталатын этноқалашыққа бардық. Онда қазақстанның барлық облыстарының негізгі ғимараттарының макеттерімен сол облыстарды құрау арқылы Қазақстан жерін құрап шығарған. Ол жақтан өзімізге қажетті мол құнды мәліметтер алдақ деп ойлаймын...

02.07.2013 ж

3-күн

Бұл күні біз қазақ халқының біртуар перзенттерінің бірі, ақын-жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің мұражайына қонақ болдық. Ол негізі 1988 жылы 20 ақпанда өз жұмысын бастаған. Мұражай орналасқын үй ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы ағаш сәулет өнерімен салынған. Іші негізгі жеті залдан тұрады. Олар:

 

- Балалық және жастық шағы ;

- Мемлекеттік қызметі;

- Педагогикалық қызметңі:

- Әдеби қызметі;

- Ел есінде;

- Сәкен Сейфуллиннің кабинеті;

- Сәкен мен жанұясына тиесілі заттар бөлмесі мен Мәжіліс залы;

 

Және де ішінде оның өзі ұстап, тұтынған заттары, киім-кешектері көрерменге ұнамауы мүмкін емес.

Жазу машинкасы, хаттары, кітап-журналдар, фотосуреттер, алтын сағаты, таяғы, шабаданы, костюм-шалбары, тақиясы, бәтеңкесі, мойыншалма, қолшатыры, әтірі, ыдыс-аяқтары бар.

Сәкен Сейфуллин 1894 жылы 15 қазанда дүниеге келген. Туғун жері- Қарағанды облысы, Шет ауданы. 1939 жылы 28 ақпанда, 44 жасында Алматыда қайтыс болған.

Әкесі-Сейфолла Оспанұлы-құсбегі, шебер болған кісі.

Анасы-Жамал Тышанбаева.

Әйелі-Гүлбаһрам Сейфуллина. Олмен 1926 жылы Петропавлда танысып, 1929 жылы қызы Лаура дүниеге келген (1932 жылы шетінеп кеткен).

Ұлы-Аян. 2 жасында анасымен бірге жер аударылған кезде жолда шетінеп кеткен.

Бұл мұражайдан алған әсерім өте жақсы.

Сәкен Сейфуллиннің, өкінішке орай, тікелей ұрпағы қалмаған. Бірақ , інісі Мажит Сейфуллиннен ұрпақ қалған. Ал сүйегі Мадаганга жерленді деген де болжамдар да болған болатын. Бірақ ол жақтан табылмады.

«Асыл бабамыз Сәкен Сейфуллиннің әруағы тәуелсіз елімізді желеп-жебеп жүрсін».

Н. Ә. Назарбаев

«Көкшетау» шығармасы

17/VIII/1995 ж

Одан соң Қазақстан Республиканың ұлттық мұрағатына бардық.

Мақсаты: Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғаннан бергі барлық құжаттарын сақтау.

Ол негізі 1794 жылы құрылған. Күмбезінің ішінде сақтау қоймалары бар.

Ол жақта бізге Астанаға байланысты екі видеоролик: Ехро 2017, Astana 2017 көрсетті.

Ехро болатын аймақтың ауданы 250 000 , 15 000 дүкендер мен маркеттер болады деп болжанып отыр.

Қазақстанның бас қаласы-Астананың осылай көркейіп келе жатқанына іштей риза болдым.

Содан соң тәуелсіздік сарайына қонақ болдық. Ең бірінші, OSCE болған үлкен залға бардық. Үлкендігі сонша-оған бір мезгілде 3 000 адамға дейін сыяды. Ол залдың ерекшелігі екіге, үшке, төртке бөліне алады. Залды бөлу жылжымалы қабырғалары арқылы жүзеге асырылады. Ең көрік беретін жері-есіктерінің босағасын қазақтың әдемі ою-өрнегімен безендірген. Және қабырғалары дыбыс өткізбейтін материалдан жасалған. Мысалы, бірінші залда концерт, ал екіншісіндежиналыс болып жатса, екі жақ бір-бірінің даусын естімейді.

Содан соң бейбітшілік пен келісім сарайы-Пирамиданы араладық. Оның авторы-британдық архитектор Норманн Роберт Фостер. Пирамиданың табаны 62х62 м, яғни ұзындығы мен ені тең. Биіктігі де 62 м. Осы ғимаратты салу барысында салынған жобалар мен суреттер, макеттер көрмеге қойылған. Пирамиданың төбесіне бейбітшілік құсы-көгершіндер салынған. Олардың саны-130. Бұл Қазақстандағы бейбіт өмір сүріп жатқан 130 ұлтты білдіреді. Және қызығы-пирамиданың лифті қиғашынан көтеріліп-түседі. Сол лифтпен көтеріліп ең жоғарысындағы елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың министрлермен кездесетін жиналыс залына бардық.

Пирамидадан соң Қазақстандағы ең үлкен және Орта Азиядағы ең үлкен күмбезді мешіт Әзірет-Сұлтан мешітіне бардық. Бізді бас имамның орынбасары қарсы алды. Ең әуелі АЛЛАҒА құрмет көретіп, құран бағыштадық. Ішінің құрылысын, барлығын түсіндірді. Елбасының сыйға тартқан күміс құранды, ертеден қалған түпнұсқадағы құран кітапты көрсетті.

Мешіт негізгі 9 күмбезден тұрады. Жоғарыда айнала барлық пайғамбарлардвң аттары жазылған. Аяттар да көп жазылған. Үлкен күмбезінің іші солайымен ою-өрнектермен көмкерілген. Оны Қазақстандық сәулетші 2 айдың ішінде салып шыққан. Залдың қақ ортасында 2,7 тонналық люстра ілінген. Жерге төселген кілем арнайы тігілген. Намаз оқыған онығ ішіне 5000-нан 10000-ға дейін адам сыяды. Адамның көптігіне байланысты ысиық болмауы үшін соған шамалас ауа бөлетін вентилятор орналасқан. Оны төбеге салса, дизайнды бұзады деп, бағаналардың түбіне салған.

Содан кейін Астананың негізгі нышаны-Бәйтерекке, Хан шатыры ойын-сауық кешеніне бардық.

Бұл күн маған өте қатты ұнады.

03.07.2013 ж

4-күн

Бұл күні біз Қазақстандағы терең білім беретін университеттердің бірі Лев Николаевич Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне бардық. Оның ішінде түрік жазулары және Л. Н. Гумилевтың өмірбаянына арналған мұражайларды араладық.

І. Түрік жазулары мұражайы.

Болжам: Түркі халықтарының әдет-ғұрпы, салт-дәстүрінің біздің қазіргі өмірімізге тигізген үлесі зор.

Мақсат: Түркі халықтары, түркі жазулары туралы мол мәлімет, ақпарат алу.

Түркі жазулары мұражайына кірер алдында біз Монғол жерінен табылып, Жапонияда арнайы жасалған Күлтегін жазулары орналасқан биік ескерткіштің көшірмесін тамашшаладық. Ол 2001 жылы 18 мамырда алып келінген. Ал екі жағында сәл кішірек болатын тағы да Күлтегін ескерткіштері орналасқан.

Ал енді бұл мұражайдың ең басты ескерткіші-Күлтегіннің әкесі Тоныкөктің мүсінінің басы. Ол 728 жылы қашалған. Осы мүсін табылған жерден үш жүздің таңбалары табылған. Онда 56 ру таңбалары байқалады. Және байқағанымыз-қазақ халқында 16 әліпби болған. Оларды біз жарда ілініп тұрған арнайы жасалған тақтайшадан көрдік.

Кірген кездегі үлкен суретті атақты суретші Нұржан Қарымсақов салған. Онда ерте кезден бері, яғни Күлтегіннен Нұрсұлтан Назарбаевқа дейінгі ел билеген қағандардың бейнелері салынған.

Және шыға берісте дүние жүзіндегі түркі тілдес елдердің халық саны бойынша орны көрсетілген. Онда 285 ұлт жазылған. Ал қазақ жұрты халқының саны бойынша түрік (75 000 000 адам), әзірбайжан (28 000 000 адам), өзбектерден (27 000 000 адам) кейін 4-ші орында. Халқының саны – 16 550 000. Ал 28 орында бұрын өзім естімеген түркі тілдес халық – Шор халқы тұр. Олардың дүние жүзіндегі саны - небары 700 адам.

ІІ. «Отырар» еуразия ұлттық ғылыми зерттеу орталығы, кітапхана.

Ең бірінші, атақты археолог, ғалым Кемал Ақышев (1924-2003 жж.) жұмыс жасаған кабинетке бардық. Ең алғашқы Есік қорғанынан сақ жауынгері болып табылатын алтын адамды тапқан. Оның бірнеше зерттеулерін көрдік. Бозоқ қалашығын да сол зерттеген. Зерттеу барысында қалашық жердің бетінен 1,5 м тереңдікте жатқаны анықталған. Үстінен қарағанда, қалашықтық пішіні гұлге ұқсас екені байқалған. Ол тек қана бір қалаға ғана емес Отырар секілді үлкен-үлкен қалаларға да археологиялық зерттеулер жүргізген.

Және де ертедегі мүсіндердің бірі ретінде Ақмола облысы, Жарқайың ауданы, Қима селосынан биіктігі 106 см, ені 38-45 см, қалыңдығы 12-14,5 см болатын ыдыс ұстаған әйел адамның мүсінін тапқан.

Ал кітапханада ескі қолжазбалар, құрандар, Қатайдағы, ертедегі елдерден табылған қазақтың қролжазбалары, қолтаңбамен сыйға берілген кітаптар-барлығы 1,5 млн (дәлірек - 1,492 млн) кітап, 500-ден астам қолжазба бар.

Әлкей Марғұлан

Экспедициялар нәтижесінде Сарайшық қаласынан таылған ыдыс сынықтары, теңгелер бар.

В трудах А. Х. Маргулана мы достигаем мировоззрение кочевника, жителя Великой Степи.

Н. Ә. Назарбаев

Ең алғаш қазақ гимнінің авторы, әдебиет зерттеуші-ғалым, абайтанушы, жазушы, драматург Қайым Мұхамедханов 1916 жылы 1-ші қаңтарда Семей қаласында дүниеге келген.

Ақселеу Сейдімбек 1942 жылы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданында дүниеге келген.

Еуразия ұлттық ғылыми зерттеулер орталығында жұмыс істеген, студенттерге лекция оқыған.

Қайтыс болғаннан кейін 6 томдық кітабы шыққан. Онда оның өзінің жеке күнделігі кездескен. Және ол - қазақтың төр шежіресінің авторы.

Бұл күнге Қорытынды:

Шынында да ертедегі ата-бабамыз түрік халықтарының кейбір әдет-ғұрыптары қазір бізде бар. Тек бір халыққа ғана емес, бірнеше түркі тілдес халықтарға ортақ ертеден келе жатқан әдет-ғұрыптар бар екенін де байқадық. Түрік халықтары жайлы қосымша мол ақпарат алдық деп айта аламын.

Кітапханадан да өзімізге қажетті құнды деректер жинадық.

 

04.07.2013 ж

5-күн

Ерте тұрып ұзақ жолға аттандық. Бұл жолы біз Ақмола облысындағы Родина ауылындағы сүт өнімдерін жасайтын «Родина» зауытына бардық. Ол зауыттың директоры- Сауэр Иван Адамович деген кісі.

Бұл зауыттың мақсаты: Сүт өнімдерін шығару және  Қайтадан өңдеп шығару.

Зауыттың аумағы  - 50 000 га. Ол жақта 1000-нан астам сиыр бар. Әрқайсысын     4000 $-дан Канададан алып келген. Негізі зауытта 20 адам жұмыс істейді. Сиыр сауатын адамдар бөлек жерде жұмыс жасайды. Сиырды сауып, арнайы құбыр арқылы өңдеу аппаратына жібереді.

- Сиырлардың «ақылдылығы» сонша - олар сауып алатын аппаратқа өздері мініп, сауып болған соң, өздері шығып кете беруге үйреніп алған,-дейді зауыт директоры.

Сүт өнімдерінің майлылығы - 3,2 %. Және сақтау мерзімі аз. Олардың айтуы бойынша, майлылығының аз болған себебі өнімнің таза, табиғи болғандығынан.

Айта кететін жайт, сүтті өңдеп шығару технологиясына кеткен қаражат- 2 000 000 Є.

Ол жақта шығатын сүт өнімдері: снежок тәтті айраны, сүзбе, ряженка қою айраны, сүт, қаймақ, айран, май. Ал бастысы, бұл өнімдердің барлығы да «Родина» деп аталады.

Біздің барлығымыз да сүттің дәмін татып көрдік.

Сол ауыл жайында айта кететін болсақ, «Родина» ауылы өте таза екен. Ауасы да, жері де әдемі. Өз көзіммен көрген кезде, өкпем ашылып, терең дем алып қалдым.

Ауылдың шет жағына ЖЭС (Жел Электр станциясы) орнатып қойған. Ол бүкіл ауылға жарық беріп тұр. Жылуды да бір орталық құбардын алып отыр. Бұл ауылдың орта мектебі, шіркеу, мешіті бар. Алда, болашақта балалар алаңы салынады деп болжанып отыр екен. Тұрғындары өте тату. Ауылда жыл сайын Наурыз секілді мейрамдарда ойын-сауық, думан, той болып тұрады. Ауыл жастарының арасында қазақтың ұлттық ойындары бойынша жарыстар болып тұрады. Бұл ауыл маған өте қатты ұнады.

Ауылдың супермаркетінен жолға біраз тамақ алып, рахметімізді айтып, жолға шықтық.

Жолда бұрынғы фарфор зауытына бардық. Қазаіргі кезде ол зауыт жұмысын тоқтатқан. Бірақ бір үлкен аға ішінде әлі жұмыс жасап жатыр. Ол өз қолынан фарфор бұйымдарын жасайды екен. Содан өзімізге біраз мүсіндер сатып алдық та, жолға шықтық.

Қайтар жолда Назарбаев орталығына соқтық. Ол ғимарат президенттің бірінші резиденциясы болып саналады. Онда елбасымыз 7 жыл жұмыс істеген. Және үстіңгі залында  Нұрсұлтан Назарбаевка 30 елден берген барлығы 31 ленталар мен медельондар қойылған. Ішін аралап болған соң қонақ үйге қайттық.

05.07.2013 ж

6-күн

Бұл күні біз қазақтың атақты батыры, қолбасшысы Бөгенбай батырдың жорық жасаған жері қасиетті Ерейментау жеріне  бардық. Барған бойда Ерейментаудағы Бөгенбай батырдың өміріне арналған мұражайға бардық. Оның директоры – өзіміздің экскурсовод Сайлау ағайымыз.

Бөгенбай батыр 95 жасқа дейін өмір сүріп, барлығы 103 шайқасқа қатысқан екен.

Мұражайдың ішін таныстырып шыққаннан кейін бізді қаланың шет жағындағы Бөгенбай батырдың 300 жылдығына арналған ескерткішке алып барды.

Содан соң сол қаладағы бабамыздың, батырдың өзінің басына киген дулығасын атадан балаға мұра қылып алып отырған әулеттің, Бөгенбай батырдың жетінші ұрпағының үйіне бардық. Темір дулығаны өз көзімізбен көріп, таңғалдық.                  Әрине, 3 ғасырдан астам уақыт бойы келе жатқан темір дулыға әсемдігін жоғалтпай қоймайды. Бірақ, қанша тот басса да қасиетін, құдіретін жоғалтпаған. Өз басымызға киіп көріп, шынымен батыр бабамыздың өз басына киген дулығасы басымызды тұр ма деген, бір жағынан, қорқынышқа ұқсайтын, екінші жағынан, мақтанышқа ұқсайтын ерекше де қызық сезімде болдық.

Қайтар жолда тоқтап, кең далада би биледік.

Көтеріңкі көңілмен қонақ үйге қайттық.

06.07.2013 ж

7-күн

Негізі, бұл күні бағдарлама бойынша, Қорғалжын қорығына бару жоспары тұр екен. Ауа райының қолайсыздығының кесірінен, өкінішке орай, ол қорыққа бара алмадық. Бірақ, бұл күнді  қорыққа бармай-ақ көңілді өткіздік. Астанамыздың 15 жас мерейтойына бардық. Халық өте көп болды. Кешке дейін уақытты босқа өткізген жоқпыз. Бұл күнді де қызықты, ойын - сауықпен көңіл көтеру арқылы өткіздік.))))))

 

07.07.2013 ж

8-күн

Бұл күні біз Қарағандаға жол тарттық. Жолда Репрессия құрбандарын еске алуға арналған Долинка селосындағы мұражайға соқтық. Дәл сол жерде еңбекпен түзету колониясы болмаған, дәл сол жерде қинап, зорлап, ату жазасына кеспеген. Бірақ, сол жерде сол репрессия кезіндегі болған жағдайларды көзге сипаттап беретін экспонадтар орналасқан. Тек сол қуыршақтарды көріп, шын оқиғаны көзге елестету қорқыныш туғызатын секілді.

Одан шығып, Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің асханасына барып, түскі ас іштік. Содан соң Қарағандыға экспедиция барысымен барған Семей қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары, Қарағанды Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары арасында сынға, спартакиадалық ойындарға қатыстық. Сол ойынға 7-ші айдың 7-ші жұлдызында арнайылап алыс Астанадан  ат терлетіп барғаннан болар 1-ші орынды біз иелендік. Бәлкім, кім біледі, 7 деген қасиетті санға байланысты болған да шығар...

Сол жеңісті тойлап автобусымызбен Астанаға қайттық.

 

08.07.2013 ж

9-күн

Барлығымыз жиналып, қасиетті Көкшетау жеріне бардық. Жолда арамыздағы Берік атты баланың туған күнімен құттықтадық. Жолшыбай Щучьедегі тарихи мұражайына соқтық. Ондағы ата-әжелеріміз бізге Көкшетау жайлы мол мәлімет айтты.

- Көкшетау әлемдегі 1-інші орыгдағы курорт болып саналады. Бұған дейін Швейцария 1-інші орында тұрған. Және Көкшетауды «Екінші Швейцариясы» деп атаған. Ал өзінің Швейцария сияқты жасанды емес, табиғи, Алла берген көркімен 1-ші орын алғаннан кейін Швейцария өздерін «Екінші Көкшетау» деп атаған шығар!- дейді олар.

Ол мәліметтерді естігеннен кейін іштей қызығып, ертерек көруге асықтық.

Барған соң  Жұмбақтас пен Оқжетпесті көріп, тамашаладық.

Одан кейін Бурабай жеріндегі барлық табиғи жаратылыстар: флора мен фауналарды таныстыратын табиғи музейді араладық. ЗОО саябаққа да бардық.

Одан соң Абылай ханның ескерткішіне бардық. Абылай ханның алаңына барып, қасиетті тасты 7 рет айналып шықтық. Ағаштардың арасында тауға қарай жүгіріп шықтық.

Бурабайдан Астана қаласына қайтуға ұзақ уақыт кеткенімен, біз үшін тез жеткен секілді болдық. Жолда ән айтып, домбыра шерттік.

 

09.07.2013 ж

10-күн

Бұл күн өте көңіл толқытарлық болды. Себебі, біз «халық жауы» деп танылып, қуғын-сүргінге ұшыраған қазақтың ақын-жазушыларының әйелдерін ұстап, қинаған лагерден көрініс беретін АЛЖИР мемориалдық мұражай кешеніне бардық. Сол жақтағы мәліметтерді айта кетсем...

Әр елдегі қазақ аналарымызды абақтыда отырған жолдастарымен кездестіреміз деп алдап алып кеткен. Ондай жаңалықты естіген аналар бар тәуірін алып, бар әдемі деген киімдерін киіп, солдаттардың артынан еріп кетеді. Белгісіз жерге алып барып, қолдарына бір парақ қағаз беріп, алып қалған. Ол парақта «халық жауының әйелі» деген атты алып жүр деп жазылған...

Қақаған қыста арнайы жасалған темір вагонға тиеп, айлап, жетілеп жүріп лагерьге алып барған. Негізі, ол вагон 46 адам сиятындай етіп жасалған. Ал бұл адамдар кішкентай вагонға 70-80 әйелді бірден салып жіберген. Жолда, әр станция сайын аналары тексеріп, өлгендерін қыста далаға лақтырып кете берген. Сондай бірнеше пойызды өткізген бекетші атай мұндай қорлыққа төзе алмай, сендерді түзету лагеріне алып бара жатыр деген.

Алып келгеннен кейін әрқайсысн тіркеп, жауапқа тартқан. Аналарды отырғызып қойып, үйіндегі барлық күйеуіне қатысты құжаттарды сұраған. Қинағаны сонша- аяқтарын тізесінен бүгіп (90 градус), көтеріп отырғызған. Бірақ аналарымыз сүйген жарларын сатпай, аяқтарын түсірмей, талып қалуға дейін отырған.

Күнделікті жұмыста әрқайсысынан 40 түп қамыс талап еткен. Егер жеткізбесе, күнделікті тамағынан айырған. Тамақтарының өзі, былайша айтқанда, оңған тамақ емес. Сол кезден көзі тірі болып қалған аналардың айтуынша, ол тамақтарды күзетшілердің иттерінің өзі жемейді екен. Кілең құсып кеткен компот, ашып кеткен, мерзімі өтіп кеткен тамақтар. Егер ол тамақтарды күзетшілердің көздерінше жемесе, немесе, жемеймін деп бас тартса, ұрып- соғып, одан сайын қинаған...

Кейде «шөлдеп өлсін» деп ащы, тұздалған балық берген. Бірақ, камерада отыруға мұршасы жоқ, бір орында тұрып тұратын әйел адамдар қыста шаштарына қатқан мұзды денесінің бар жылуымен ерітіп, бір-екі тамшыны ұрттап шөлін басқан. Аяған күзетшілер тығып, қағазға орап, бір шақпақ қантты бір камерадағы 40-50 әйелге берген. Әр әйел тырнағының ұшымен түртіп алып, дәмін тату арқылы жүрек жалғаған. Қантты ораған қағазға бармақтарын тістеп отырып, тамшылап шыққан қанмен хат жазған. Оны көрген күзетшілер тартып алып, отқа салған.

Бұл жаққа кейбір аналар аяғы ауыр болып, немесе, емізулі баламен түскен. Егер бала үш жасқа толса, «халық жауының баласы» деп, анасынаң қасында қалдырмай, балалар үйіне алып кеткен.

Болған оқиға

Анасы баласы үш жасқа толған кезінде өзінің киімдері мен баласының киімін бөліп, екеуін екі түйіншекке түйіп қойған. Күзетші баланың анасын жылап-еңіретіп, баланы жетектеп алып кеткен. Біраз уақыттан соң анасы есін жиып, қараса, өзінде қалған түйіншекте баласының киімі, ал баласында өзінің киімі кетіп қалған екен. Сонда анасы жынданып өліпті, ал бала қақаған аязда үсіп өліпті...

Және бала осы жақта туылса, оған ат қойдырмаған екен. Тағы бір болған оқиға... жаңа туылған қызына ат қоя алмай, қызынан бөлек ұстап отырған кезде, қасындағы орыс әйелдер Рита деп ат қойған екен. 3 жастағы бала балабақшада өзі киініп, өздері тамақтанады екен. Ұйқыдан тұрғанда, ең бірінші, денесін ұстайды екен. Жылы ма мұздай ма деп... Асханадан берген тамақтарына тоймай, қалтасына нанды тығып үлгерсе, алады...ал егер көріп қалса, күзетшілер алып қалады екен.

Далада ұзын қара тас орналасқан. Ол жақта әйелдердің аттары жазылған.

Барлығы 29 нүктесі бар екен. Негізгі нүктелері: КАРЛАГ, АКТЮБИНСКИЙ, АЛЖИР, КАМЫШКОЛЬ, ПЕСЧАНЫЙ, СТЕПНОЙ, ДАЛЬНЫЙ, УСТЬ-КАМЕНОГОРСКИЙ, СПЕЦЛАГЕРЬ КЕНГИР, ПЕТРОПАВЛОВСКИЙ, ЖЕЗКАЗГПНЛАГ.

АЛЖИР (Акмолинский Лагерь Жен Изменников Родины) түзету лагерінің 26-ншы нүктесі екен.

 

10.07.2013 ж

11-күн

Таңғы ас ішіп, келгеннен кейін жиналып, қонақ үйден шықтық. Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің акт залында қорытынды ретінде жиналыс өткіздік. Түстен кейін пойызға мініп, Туған өлке Ақтөбеге жол тарттық.

11.07.2013 ж

12-күн

Астана уақыты бойынша түнгі сағат 1:00 – ге таман пойыздан түстік... Үйлерімізге тарқастық.

   
0
2035
0