Қазақ жастарының 5 мәселесі

«Баспанам» Яғни пәтер мәселесі. Жастар үлкен өмірге енді ғана аяқ басқан, негізінен ата-ана табыстары есебінен күн көріп жүрген қоғамдағы жеке тап болып табылады. Дегенмен, ата-ана баласына, әсіресе...

«Баспанам»

Яғни пәтер мәселесі. Жастар үлкен өмірге енді ғана аяқ басқан, негізінен ата-ана табыстары есебінен күн көріп жүрген қоғамдағы жеке тап болып табылады. Дегенмен, ата-ана баласына, әсіресе үйленгеннен кейін жеке пәтер алып бере алмайтыны белгілі. Көп жағдайда ата-ана балаларының талаптарын қанағаттандыруға материалдық тұрғыдан қауқары жетпей қалады. Жастардың қалтасы тесік. Ал, несие алайын десе, тұрақты жұмысы, қомақты табысы болмағандықтан, оларға банктер несие бере қоймайды. Екінші мәселе, амалын тауып несие алған күннің өзінде жастардың аса жоғары үстемемен берілетін несиелерді төлеуді қалталары көтермейді.

Білім-арзан, білу-қымбат

Жоғары білімсіз, кәсіби даярлықсыз табысы жақсы жұмыс табу қиын. Сондықтан, жастардың дені, дәлірек айтқанда, ертеңін ойлағандар мектептен кейін жоғары оқу орындарын жағалайды. Бірақ, грантқа қолы жетпесе, қаржы тапшылығы тағы да қолбайлау болмақ. Өмір жолын енді ғана басталғалы отырған жас қомақты қайдан табады? Осы орайда емтиханнан немесе тестілеуден сүрінбей өткендер ғана оқуды одан әрі жалғастыруға лайық деген пікірдің де сыңаржақ көзқарас екенін мойындауға тура келеді. Болашақта жақсы маман, іскер ұйымдастырушы болып шығу үшін сынақтарды 4 пен 5-ке тапсырып көзге түсу тіптен де міндетті емес. Өйткені, қандай да болмасын тест сұрақтарының адамның бойындағы бүкіл қабілет-мүмкіндіктерін ашып бере алмайтынын екінің біріне белгілі жайт. Керек десеңіз, сынақтардан сүрінбей өтіп, оқуды ойдағыдай аяқтап шыққан кейбіреулердің кейін практикалық жұмысқа келгенде қабілетсіз болып шығып жатуы да бек мүмкін. Бұл жерде емтихан, тест сияқты сынақтардан өте алмаудың салдарынан жоғары білімге, дәлірек айтқанда, дипломға қолдары жетпей қалған жастардың арасында талай-талай іскерлер мен дарындардың болуы мүмкін-ау…

«Ойнақтап жүріп, от баспа»

Жастардың көңіл көтеретін, уақыт өткізетін орындар іздеуі табиғи жайт. Себебі, бос уақыттарын пайдалы өткізудің амалын таба алмай зеріккен жастардың теріс жолға түсіп кетуі оп-оңай. Нашарқорлық, маскүнемдік, ұрлық, төбелес сияқты қылмыстар да дәл осындай әлеуметтік себептерден, әсершіл, қызбамінез жастардың «екі қолдарын алдарына сыйғыза алмауларынан» туындап жатады…

«Өмір түгіл өзімді де білмеймін…»

Бұл жерде әңгіме табыс туралы болып отыр. Тіпті, дипломы болған күннің өзінде еңбек өтілі жоқ жас маманның жоғарғы жалақы алатын жұмысқа орналаса қоюы екіталай. Ал, жастар өмірдің барлық қызығын көре жүріп, емін-еркін өмір сүргілері келетіндігі аян. Оның бәрі оңайлықпен іске аса қоятын шаруалар емес. Әсіресе, әркім өз күнін өзі көруі тиіс деген нарықтық заманда бұл проблемалардың шешілуі мейілінше қиын түйінге айналып отыр

Арман алысқа жетелейді…

Ресейлік мамандардың пайымдауынша, бүгінгі жастардың бойында нақты өмірлік бағыт-бағдарлар жоқ. Өйткені, қазір мемлекеттік деңгейде қалыптастырылатын ортақ мақсаттар да жұртшылықты соған жұмылдыратын қуатты насихаттық машина әлі қалыптаспаған. Біздің әкелеріміз бен аналарымыз қоғам заңдылықтары туралы білімдері болды, олар қандай мақсаттарға қол жеткізудің мүмкін екенін және қайсыларының мүмкін емес екенін алдын-ала білді –деп есептейді ресейлік сарапшылар. Мұны бүкіл елді тек өзінің айналасына топтастыруды мақсат еткен коммунистік партия жүзеге асырды. Ал, қазір ондай мүмкіндіктер жоқ. Өйткені, қазір елде партиялар да, бірлестіктер де түрлі ағымдарда көп. Оның сыртында қазіргі жастар бүгінгі партиялардың бұрынғыдай «коммунизм орнату» үшін емес, билікке таласу үшін құрылатынын жақсы біледі.  Сондықтан, өмірден әлі өз орнын тауып үлгермеген жас буынды қаптап кеткен саяси партиялар онша қызықтыра қоймайды. Дүние жүзі бойынша жүргізілген көптеген зерттеулер жастардың саясатпен айналысуға онша құлықты емес екендерін анықтаған. Ол аздай, жастар бәрін бір қоңыраумен шеше салатын «крышасы барларды» көріп, өздерінің дәрменсіздіктері мен шарасыздықтарын сезінуге мәжбүр.

 

Оцените пост

2