Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 772 постов41 подписчиков
Всяко-разно
5
01:26, 09 июля 2013

«Назарбаев. Live» — фильм өз PR-үмітін ақтай алмады.

Республикалық телеарналардан жарнамалаған фильмнен күткенім көп еді. Оның үстіне Елордамыздың 15-жылдық мерейтойы. Фильм Елбасының жаңа қырларын ашып, еліміз үшін жасалған реформалар мен оның бүгінгі күнмен қалай астасып келе жатқандығы, Бірінші Президенттің сіңірген еңбегін қалың қауымға жаңа деммен, жаңаша формамен жеткізуі тиіс еді.

Менің ойымша, Тәуелсіздігіміздің бет-бейнесін айшықтау үшін фильм мемлекеттік тілде түсірілуі қажет. Одан әрі оны аудара ма, әлде қосымша орыс тіліндегі нұсқасын түсіре ме, ол қосалқы мәселе.

Фильмде қазақтың жаны, рухы жоқ. Астананың болашағына көпшілік пессимистік көзқарас танытқанда, ел ертеңіне сенген Президент қала архитекторларынан бастап, үкімет мүшелеріне рух берген, керемет қырағылық танытып, стратегиялық батыл қадам жасаған фактілер осы фильмде айтылмағанда, қай жерде айтылады?

Негізгі салмақ мағынаға түсуі керек, өзі фильм не үшін түсірілген? Асхана, домна пешінің жанында 10 минут тұруға шыдай алмайтын Красиенко мен кино әлемінде жеңіл рөлдермен және сәнді көйлектерімен қызыл кілемде көрініп қалып жүрген Сағатованың қосымша PR-ын жасауға ма деп қаласыз...

Қалың көпшілікке пафоспен ұсынылған дүниені фильм деуге келе ме өзі?! Өз ойым, материал хронологиялық мәліметтерді судыртып оқыған журналистің күнделікті асығыс репортажын еске салады. Бәлкім жүргізуші КТК арнасы үшін кезекті сводкасын дайындап турмын деген ойдан арыла алмай қалғаны шығар. Онда, түсіністікпен қарауға болады.

Фильмде тың дүние айтылмады. Өйткені құрастырылған сұрақтар әлсіз. Сәйкесінше Президент те ашылып ештеңе айта алмады. Бүгінгі толқынға, әсіресе, айтары көп еді ғой.

Сценарий желісі қажеті жоқ асханаларға кіріп кетіп жатты. Әрине, бүгінгі көрерменнің сұранысына қарай икемделіп, Президенттің трапезасын көрсеткілері келді ғой. Қияр, ет, балық. Денсаулығын ойлайтын әр қарапайым адамның асы. Бірақ бұл сюжет те ойластырылмаған. Композициялық бірізділік жоқ. Асханадан кейін Теміртау зауытында жүрген журналист "қызық" көрінеді. 3D форматтағы бейнелер шынайылыққа қарсы шықты. Елбасының өмірбаяны сол қалпында қайталанған. Ескі фильмдерді монтаждап, сәл әшекейлеп бере салғандай. Әйтсе де, көрерменнің сұранысы жетегінде кетудің қажеті жоқ еді...

Жүргізушілер туралы әңгіме бөлек. Біріншіден, олар сәтсіз таңдалған. Сағатова фильмге кассаға сома түсу үшін шақырылды деп айтуға келмейді. Өйткені ол көркем фильм емес. Саясатқа еш қатысы жоқ екенін өзі де айтты, сәйкесінше, жазып берген сұрақтарды мүдіртпей оқып беріп отырған жансыз қуыршақты елестетті.

Фильмнің басында Әселді Ярослав ұшақтан Опра Уинфриді күткендей қарсы алатыны, бұл президент туралы фильмнің көрермені үшін қандай мағыналық/эстетикалық мәлімет беретінін ақыры түсінбедім. Бәлкім, фильм соңында Әселді ұшағына қайта отырғызып жіберсе, фильмнің салмағын еш арттырмаса да, бәлкім логикалық аяғын үйлестіріп берер ме еді...

Қазақ журналистикасында мықты майталмандар бар ғой. Ақылына көркі сай қыздарымыз да баршылық. Жаттанды сұрақтар кімге қызық?! Елбасының айтылмай жүрген ойларына қозғау салатын терең әңгіме өрбіте алмадық.

Бәлкім, дәрежесі артар деген сандырақ ой болған шығар. Бірақ елбасының қатысуымен болатын фильмге еш көркемдік боямалар керек емес.

Әрине, жақсы фильмді күтіп отырған біздің көңіліміз су сепкендей басылып қалды. Нардай тұлға туралы айтарымыз жоқтай. Елбасының аурасынан алатын ерік-жігер көре алмадым. Фильм көрерменге ой салу, мақтаныш сезімін тудыру мақсатын алға қоймаған екен әу бастан-ақ. Қайтеміз, ресей журналисінің түсірген "Линия Президента" фильмі мың есе артық. Халыққа жақын. Керемет әсер қалдырып еді. Әлі есімде. Эксклюзив деп айдар тағуға тұратындай. Ал қазақтар түсірген фильмді "Made in Kz" деп айтуға ұят.

Екі фильмнің бюджетін салыстыру керек дейтін шығар, кейбір Сатаев фильмінің жақтаушылары, бірақ идеясы мықты дүние қашан да өз-өзін ақтап шығады...

 
5
542
0