Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 772 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
05:10, 03 июля 2013

Рамазан айының және ораза тұтудың артықшылығы

«Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға (ораза) парыз етілгендей, сендерге де ораза парыз етілді, мүмкін тақуалық етерсіңдер(Бақара: 183) 

Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болcын) былай дейді: «Рамазан келгенде Жәннаттың қақпалары ашылады да, Тозақтың қақпалары жабылады және шайтандарды шынжырларға бұғаулайды» (Бухари 1899, Муслим 1079).

Хафиз ибн Ражаб осы хадисті келтірген соң былай деді: «Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларын Рамазанның келуімен құттықтайтын. Ғалымдар: «Бұл хадис адамдардың өзара Рамазан айының келуімен құттықтасуына рұқсат етлгеніне негіз болып табылады», - деген» (Қараңыз: “әл-Ләтаиф” 279).

Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және былай дейді: «Рамазан айының алғашқы түні келгенде жындардың ма`арид шайтандары кісендерге бұғауланады; Тозақтың бірде-бір есігі қалмастан бәрі жабылады, Жәннаттың бірде-бір есігі қалмастан бәрі ашылады, содан бір үндеуші: «Әй жақсылыққа ұмтылушы, (жақсылықтарыңды) баста! Әй, жамандыққа ұмтылушы, тоқта!» - деп шақырады. Бұл айдың ішінде Аллаһтың алдында сондай адамдар болады, - олар Тозақтағы азаптан босатылады; ал мұндай босатылу – Рамазанның әрбір түнінде болады» (әт-Тирмизи 682, Ибн Мәджаһ 1642, әл-Хаким 1/421. Сахихтығын шейх Әлбани растаған).

Ма`арид шайтандар – олар жындардан болған алып қуатты шайтандар.

Осыдан түсінетініміз, Рамазан айында кісендерге барлық шайтандар бұғауланбайды, бірақ Ибн Хузейма өзінің «Сахихында» 3/188 айтқандай, тек олардың қатарындағы ма`аридтері ғана бекітіледі.

Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтады: «Рамазандағы умра – қажылықпен тең» (Бухари 1863, Муслим 1256).

Хадисте Рамазан айында жасалған `Умраның сауабы Қажылықтың сауабымен тең екені айтылуда, бірақ бұдан біз Рамазандағы `Умраның нағыз Қажылықтың орнына өтеді деп ойлап қалмауымыз керек (Қараңыз: Имам Ибн Батталдің “Шарх Сахих әл-Бухари” 4/438 және имам ән-Нәуауидің “Шарх Сахих Муслим” 9/285).

Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтады: «Шынында, Аллаһ Тағаланың алдында сондай адамдар бар, - Аллаһ оларды Рамазанның әрбір күндізі мен түнінде Оттан босатады. Және шынында, әрбір мұсылман Рамазанның түнінде де, күндізінде де өз дұғасына жауап алып отырады» (Баззар. Сахих хадис. «Сахих ат-Тарғиб» 1002).

Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тағы былай дейді: «Кімде-кім Рамазан айында Аллаһтың сауабына үміт етіп және иман келтіріп ораза тұтатын болса, оның өткен күнәлары кешіріледі» (Бухари 38, Муслим 760).

Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және былай дейді: «Бес парыз намазды орындау, алдыңғы жұма намазы мен келесі жұма намазына қатысу, және (алдыңғы) Рамазан мен (келесі) Рамазанның оразасын тұту – (осы амалдар) олардың арасында жасалынған күнәларды кешіреді, тек егер олардың арасында ауыр күнәлар болмаса» (Муслим 233).

Үлкен күнәлар тек шын ықыласпен жасалған тәубемен ғана кешіріледі.

Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Адам баласының әрбір жақсылық ісі еселенеді, жақсылық ісінің ең аз сыйы он есе болады, бірақ жеті жүз есеге дейін де көбеюі мүмкін. Аллаһ Тағала айтады: «Оразадан басқасына. Өйткені шынында, ораза Мен үшін тұтылады және Мен сол үшін қайтарамын. Өйткені адам өз нәпсісін қандырудан және тамағынан Мен үшін тыйылады!» Ауыз бекітушіні екі қуаныш күтіп тұр: бірі – оразасын ашқанда, екіншісі – Раббысымен қауышқанда. Әлбетте, ораза тұтушының ауыз иісі Аллаһ үшін мисктің хош иісінен де жағымдырақ!» (Муслим 1151).

Аллаһ Тағала оразаны басқа құлшылықтардан ерекше атап өтуінің себебі, өйткені онда намаз, жиһад, қажылық және садақа сияқты құлшылықтарға қарағанда көзбояушылық көріністері (рия) өте сирек кездеседі (Қараңыз: “Фатхул-Бәри” 4/107).

Хафиз ибн `Абдул-Барр былай деген: «Басқа құлшылықтармен салыстырғанда оразаның үстемдігі мен құндылығын көрсету үшін Аллаһ Тағаланың «Ораза – Мен үшін» деген сөзі жеткілікті болады» (Қараңыз: “Мәджәлису шаһри Рамадан” 15).

Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Шынында, Жәннатта «Райян» деп аталатын қақпа бар. Қиямет Күні одан ораза тұтушылар кіреді және олардан басқа ол қақпадан ешкім кірмейді. «Ораза тұтушылар қайда?» - деп айтылады, сонда олар алдыға шығады және олардан басқа ол қақпадан ешкім өтпейді. Олар кіргеннен соң ол қақпа жабылады да, одан басқа ешкім кірмейді» (Бухари 1896, Муслим 1152).

Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтады: «Ораза – қалқан, онымен Аллаһтың құлы Оттан қорғанады» (әт-Табарани “Кәбирде”. Хадис хасан. Қараңыз: «Сахих әл-жәми’» 386).

Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тағы былай дейді: «Кімде-кім ораза тұтып жүріп өліп кетсе, Жәннатқа кіреді» (Баззар. Сахихтығын шейх әл-Әлбани растаған. Қараңыз: «Сахих әл-жәми’» 6224).

Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және былай дейді: «Қиямет Күні Ораза мен Құран Аллаһтың құлына шапағатшы болады. Ораза тұрып: «Иә Раббым! Мен оны күндіз тағам мен сусыннан құр қалдырдым, оған шапағат қылуға маған рұқсат бере гөр!» - дейді. Және Құран: «Иә Раббым! Мен оны түнде ұйқысынан айырдым, оған шапағат қылуға маған рұқсат бере гөр!» - дейді. Сонда олардың шапағаттары қанағаттандырылады» (Хадистің сенімділігін имам әл-Хаким, хафиз әл-Мунзири, шейх Ахмад Шәкир және шейх әл-Әлбәни. Қараңыз: “Сахих әт-тарғиб” 973).

 
0
1181
0