Отандық телевизия не дейді?

Алия June 28, 2013
8451
8
11
0

Бүгін журналистер қауымы төл мерекесін атап өтуде. Біз болсақ, редакцияның кезекті жиналысында бүгінгі ТВ бағдарламалар төңірегінде сөйлескен болатынбыз.

Бүгін журналистер қауымы төл мерекесін атап өтуде. Біз болсақ, редакцияның кезекті жиналысында бүгінгі ТВ бағдарламалар төңірегінде сөйлескен болатынбыз. Соңғы кезде редакциямызға кейбір арналардан қоңырау шалып, кейіпкерлеріміздің телефон нөмірлерін жиі сұрап алатын болды. Әріптестеріміз жобамыздың материалдарын оқып отырғанына іштей қуансақ та, медиа кеңістікте кейіпкерлердің тапшылығы пайда болды ма деп уайымдай бастадық. Содан отандық ТВ-да не болып жатыр, қандай мәселелер талқылануда, осыны бір аптаның ішінде бақылап көруді жөн көрдік.

«Астана» арнасының «Сырласу» бағдарламасы

Жүргізушісі: Әйгерім Сейфолла

Қонақ: Роза Мұқан, драматург, жазушы

Роза Мұқан: «Өз шығармаларын театрларға ұсынатын авторлар қатарында емеспін. "Менің шығармамды қойсаңыз" — деп театр директорының есігін қағып жүретін драматургтердің қатарына жатпаймын» — деп, қазіргі театр режиссерлері мен драматургтардың арасында бұрынғыдай қарым-қатынастың жоқтығына байланысты сұраққа жауап берген болатын.

Жүргізушінің: «Шындық сізден қашан алыстады?» деген сұрағына: «Шындықты өзім үшін алыстатқым келмейді. Шындық маған керек. Шындық менің қаруым. Шындықтан алыстап кетсем, онда, ұлы сөздің ұяттығы жоқ, күнаһар болғаным» — деп ағынан жарылды.

Роза апайдың: «Бізде тұлғалар, саяси қайраткерлер бар. Бірақ олар аз, себебі бұл тұлғалар 60-жылдары әдебиетке келіп қалыптасқан. Яғни қазіргі кезде 70-80дегі кісілер. Тұманбай Молдағалиев, ұстазым Қадір Мырза Әлі сынды тұлғалардың қатары азайып барады. Осыған қарап көңілге мұң ұялайды. Мен өзімді бақытты ұрпақтың бірімін деп санаймын. Себебі бұл кісілерден тәлім-тәрбие алдым, сөзін тыңдадым, ой-парасатын білдім, дидарын көрдім. Ал болашақта пікірімен қоғам, билік санасатындай ұлт тұлғалары бола ма, болмай ма, осы жағы беймәлім...» — деген жүрекжарды сөзі де ойландыртты.

Бағдарламаның әттеген-айы — жүргізушінің отбасы, бала-шаға, ұлына келін алып беру деген сияқты сауалдарды қоя отырып, заманауи драматургияның жарқын өкілдері, қазіргі қазақ прозасының жағдайына байланысты сұрақтарды екінші планға қойғаны қынжылтты.

«Астана» арнасының «Ел аузында» бағдарламасы


Жүргізушісі: Маржан Сұлтанбай

Танымал тұлғалар өміріне қатысты хикаяттар жанрындағы «Астана» телеарнасының «Ел аузында» жобасының соңғы шығарылымында әңгіме «Кәрі қыздар» тақырыбының төңірегінде өрбіді.

«Кәрі қыз деген кім?», «Қанша жастан бастап кәрі қыз атанады?» деген сұрақтарды қоя отырып, кәрі қыздар проблемасын көтерген жүргізуші Маржан Сұлтанбай бұл жолы шоу-бизнес өкілдері, депутаттар мен дәрігер мамандарды біраз сұрақ астына алды.

Бағдарлама барысында айтылған бірер пікірлерге назар аударсақ:

Гүлбаршын Орханқызы, «Дана апа» агенттігінің төрайымы: «Қыздар менің дипломым бар дейді де, дипломы жоқ кісіні менсінбей қалады. Өзін-өзі тым жоғары бағалайды. Өзін өсіріп жібереді де, сосын ешкімді менсіне алмай қалады».

Меруерт Түсіпбаева: «Көгілдір еркектер көбейіп кетті. Өзімнің маңайымда көгілдір еркектер мен «қызтеке» ме, нәзік пе сондайлар көп. Ондай адамдарға, кешіріңіздер, еркек ретінде қарау маған қиын».

«Данар» тобы: «17-18 жасында күйеуге шығып кетіп жатқан қарындастарымызды көріп жатырмыз. Күйеуге шығуын шығып алып, 1-2 жылдан соң ажырасып кетіп жатады...»

Сәуле Тапанова, профессор: «Қыздар 20, 25, 30 жасына дейін жұмыс жасап жатады. Оның барлығы ел үшін, қоғам үшін болғандықтан оларды кәрі қыздардың қатарына жатқызуға өз басым қарсымын».

«Хабар» арнасының «Біз» бағдарламасы

Жүргізушілері: Рахат Жақсыбай, Мейрамгүл Мәдәлі

Бағдарлама қонақтары: Әбдіжәміл Нүрпейісов, Смағұл Елубай, Исламбек Салжанов, Дулат Исабеков, Габриель Магуайер

Адам тағдыры, жеке оқиғалар мен қоғамдағы ең өзекті мәселелерге ден қоятын «Біз» бағдарламасының осы аптадағы шығарылымдарының бірі ұлт әдебиетінің тірі классигі Әбдіжәміл Нүрпейсовтың шығармашылығындағы жаңалығына арналды.

Жақында ағылшын тіліне аударылған Арал теңізін, балықшылар өмірін суреттеген жазушының «Қан мен тер» және «Соңғы парыз» романдары енді әлемнің кемінде 52 әдебиет сүйер қауымына жол тартатын болды.

Бағдарламаның видеосы

Смағұл Елубай, жазушы: «... Әлемнің 34 тіліне аударылған «Қан мен тер» әлемнің нөмірі бірінші тіліне аударылмауы біздің халқымызды әлем халықтарының білмеуіне әкеліп соқтықтыруда».

Амантай Шәріп, филология ғылымдарының докторы, профессор: «...Американың оқырманы Эрнест Хэмингуейдің "Шал мен теңізін" қалай оқитын болса, ағамыздың да шығармасын солай оқыса, біздің көздеген мақсатымызға жеткендігіміз деп ойлаймын. Екінші мәселе, біздің аударма оқылады ма? Америкада көбіне актуальды шығармалар оқылады ғой. Бұл шығарма өте актуальды. Мысалы, аты-жөніне қарағанда "Последний долг" болатын болса, Виктор Астафьевтың "Последний поклон", Валентин Распутиннің "Последний срок" деген шығармалары бар. Ол жерде Байкалдың проблемасы көтерілсе, "Соңғы парызда" Аралдың проблемасы көтеріледі. Мінеки, бұл шығарма жалпы адамзаттық проблемаға ұласып жатыр».

«Қазақстан» арнасының «Айтуға оңай» бағдарламасы


Жүргізуші: Бейсен Құранбек

Тақырып: Той мәдениеті

Бағдарламада бұрыннан қоғамда талқыланып, сыналып келе жатқан қазіргі заман тойының мәдениеті қозғалды. Жүргізуші Бейсен Құранбек бағдарлама басталысымен өзінің позициясын айқын белгілеп алды — қазақ тойларының «бекер мал шашпақ» екендігі және де соңғы кездері шетелдік кірме дәстүрлердің көбейіп кеткендігіне қарсы. Қонақ ретінде шақырылған асаба Асхат Қылышбек қойылған сұраққа жауап емес, өзін бірден ақтауға кіріскені қызық болды. Жүргізуші: «- Той артынша гүл лақтыртқызасыңдар ма?», «- Мен ондай істемеймін, артынша өздері жасап жатады....»

Бағдарламаның видеосы

Сюжет ішінде Нұртөре Жүсіптің: «Әр тойда асаба жөн-жөнсіз шапалақ сұрайды» деген пікірі келісімді болған.

Негізі бағдарлама барысында қазіргі той мәдениетінің кемшіліктеріне кім кінәлі деген сұраққа жауап ізделгендей: асаба ма, той иелері ме әлде ивент-агенттіктер ме?

Сондай-ақ сөз соңында қыз ұзату тойы керек пе, жоқ па деген мәселе де көтерілді. Бұл ретте де жүргізуші өз позициясын: екі той жасап не керек, құдаларды үйде күтіп, үйден шығарып салу керек деп пікір білдірді.

Әрине, тақырып бүгінгі күнде өзекті. Бір ойланатының, бағдарламаға шақырылған асабалар да, той иелері де қазақи дәстүрлерді сақтайтын адамдар екен, ал олардан басқа мұндай мәселені ойланып та жатпайтын қаншама қазақ тойларын ұйымдастыратын орыс тілді той агенттіктері мен асабалар бар?

«Астана» арнасының «Кеш емес» бағдарламасы


Жүргізуші: Қалқаман Сарин

Тақырып: Қалың мал: салт па, сауда ма?

Той тақырыбынан алыстамаған бұл бағдарламада да қазіргі күнгі өзекті тақырыптардың бірі — қалың мал талқыланды. Яғни ол керек пе, жоқ па? Студия қонақтарының негізгі екі жағы — ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазы мен тележүргізуші Маржан Сұлтанбайдың өзара қарсы пікірлеріне сүйенген. Негізгі қазақ ток-шоуына осылай екі буын арасынан (аға буын мен жастар буыны) жарқын өкілдерін таңдап алып, кез келген тақырыпқа талқылау жасауға болады. Өйткені екі жақтың көзқарасында үлкен айырмашылық болады. Бұл жолы да солай болды.

Біздің ток-шоулардың тағы бір ерекшелігі — біз кез келген тұжырымды мақалмен-ақ дәлелдей саламыз. Ол мақалдың дұрыс-бұрыстығына көз жеткізбестен, «біздің қазақ айтқан ғой», «қазақта бір мақал бар ғой» деп өзімізге тиімді тұжырымды ақиқатқа айналдырып аламыз. Бұл бағдарламада ондай мақалдар көптеп айтылды. Тіпті оның біреуі, дәлірек айтсақ, «Шешесі жоқ қыз — жасауға жарымас» Маржанның өз аузынан шығып, өзін жылатуға дейін әкелді.

Материалды дайындаған: Айжан Кәрібаева

Айнұр Ракишева

Әлия Сембай

Оцените пост

11

Комментарии

1
Өте жақсы сараптау!
1
Этот капкарашка даже в доме в шляпе ходит. Видимо шоу-бизнес совсем башню снес парню.
0
рахмет, Анар :)
0
Мен мәселен қәзіргі тойға қарсымын. "Ораза намаз тоқтықта"- дегенді ұмытпайық ағайын.
0
Казакпайский шоу биз хх тфу
Показать комментарии