Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
22:37, 19 июня 2013

Жігер Сәкенұлы: Қазақ күресі — Ұлт мәдениетінің айнасы!

Blog post image

abai.kz

 

Қазақ күресі — біздің төл өнеріміз. Кешегі Қажымұқан, Балуан Шолақ аталарымыздың бізге қалдырған аманаты. Ендеше, аманатқа қиянат жасауға болмайды емес пе?! Оны жалғастыру біздің еншіміздегі дүние.

Қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирініңшымылдығы түрілетін күн де жақын. Бүгінде еліміздің барлықаймақтарынан іріктелген 33 балуан соңғы жаттығуларынөткізіп, ақтық сынға сақадай сай дайын болып отыр.

Отызыншы маусым күні елордадағы «Сарыарқа» республикалықвелотрегінде өтетін апайтөс балуандардың дүбірлі додасын жанкүйерлер де асыға күтуде. Бұл қуанарлық жайт. Олай дейтініміз, соңғы жылдары қазақкүресіне деген қызығушылық артып келеді. Оның бір дәлелі, аталмыш бәсекенің дүбірі екені айдан анық. Алаштың барша балуандарының делебесінқоздырған  бәсекені қалай мақтасақ та жарасады. Ұлттың намысын жанып, рухани құндылығымызбен қоса, төл өнеріміздің айбарын асыратын жарыстың бәсі жоғары. Иә, бұл додаға Алматы облысының балуандары да білектерін сыбанып, қарсы келгеннің жауырынын жер иіскетпей қоймаймын деп отыр. Оның бірі салмағы мен шеберлігі асқан – Айдос Қаңлыбаев болса, екінші қыранымыз – Жігер Сәкенұлы. Жер жәннаты Жетісу аймағы қос балуанынан үлкен үміт күтеді. Талай  бәсекелерде атой салған саңлақтар, бұл жолы да намысты қолдан бермейді деп сенеді.

Сонымен бұған дейін Айдос жайлы азды-көпті баяндаған едік. Ендігі кезек Жігерге келіп отыр. Ендеше, үлкен доданың алдында Жігердің қарымы мен мақсатын білу үшін газет бетіне сұхбат беруін өтінген едік. Ер жігіт екі сөйлесін бе, бұл ұсынысымызды жерге тастамай, бірден келісім берді

Әңгімеміздің әлқисасын додаға деген дайындығыңнан бастайық. Бәсекенің басталуына санаулы күндер қалды. Қаншалықты дайынмын деп ойлайсың?

– Жалпы менің ұстанымым арық айтып, семіз шығу. Бұл жай дода емес, дүбірлі дода. Мен үшін барлық бәсекеден бәсі жоғары сайыс. Сондықтан жүз пайыз дайынмын десем де болады. Күні кеше ғана таудан түстім. Текелі деген қала бар. Міне, сол қала тау етегінен орын тепкен. Көк майса, жасыл желек, таза ауа, таудың салқын самалымен тыныстап, ащы терімізді осы жерден шығарып келдік. Ол жер адам ағзасына және спортшының толық жаттығуына қолайлы аймақ. Өзіңіз білесіз, Лондонда көк байрағымызды желбіреткен ауыр атлеттеріміз жарысқа кеткенге дейін осы аймақта жаттығуын жалғастырды. Соның септігі де болар, жеңіс туын желбіретті емес пе?! Мен де осы әдісті пайдаландым. Оныңүстіне мен таулы аймақтың баласымын. Сол себепті де тауда өткізген жаттығу менің күш қуатымды еселей түседі десем де болады.

– Жаңа бір сөзіңде бұл доданың бәсі жоғары деп айтып қалдың. Енді бәсеке жайлы оқырманға тарқатып айтып берсең?

– Қазақ күресі — біздің төл өнеріміз. Кешегі Қажымұқан, Балуан Шолақаталарымыздың бізге қалдырған аманаты. Ендеше, аманатқа қиянат жасауға болмайды емес пе?! Оны жалғастыру біздің еншіміздегі дүние. Сондықтан бойында қазақ деген қаны бар әрбір азамат үшін бұл дода құнды болуға тиіс.Қазақтың күресі тек Қазаққа ғана керек. Менің өнерім, біздің салт, Алаштыңұлттық ойыны, дүбірлі додасы деп білемін. Әрине, басқа бәсекелердің де салмағы ауыр. Әйтсе де қазақ күресі бәрінен жоғары тұру керек. Өзге мемлекеттің спортыәлемді шарлап жүр. Қазақ күресінің олардан қай жері кем?!. Қара құрлықтың балалары мен кәріс, жапондарың  қазақ күресімен белдесіп жатса, Алаштыңайбары асқақтады деген сөз. Біз өзіміз де қазақ күресінің деңгейін жоғары көтеріп, әлемдік доданың қатарына қосуымыз керек. «Қазақстан Барысы» атануәрбір қазақ балуанының басты арманы болу керек. Біз осы арқылы өзгені мойындата аламыз.

– Жүз пайыз дайынмын деп айтып отырсың. Басты қарсыласыңкім?

– Жіліктеп айту өте қиын. Оны бозкілем шешеді. Әйтсе де дүбірге қосылатын барлық балуан басты қарсылас деп айтамын. Білектерін сыбанып шығатын саңлақтардың барлығы да оңай жігіттер емес. Мәселен, өткен жылы барыс атанған Бейбіттің атағынан ат үркеді. Сонымен қатар, Ұлан да оңай шағылатын жаңғақ емес. Жерлесім Айдостың да қарымы мықты. Бірақ, тайсалып тұрған мен жоқ.

– Сөзіңнің жаны бар, сынға түсетіндердің барлығы кіл мықтылар. Ал салмақ жағын қайтесің? Сенің салмағың небәрі 90 келі. Ал басқа аймақтан келген балуандардың салмағы едәуір ауыр. Бұл қиынға соқпай ма?

– Жоқ. Салмақ мәселесі көбіне ештеңе шешпейді. Салмағы ауыр екен деп тосырқап қалу менде жоқ. Керісінше, алға ұмтыламын. «Күш атасын танымас» дейміз ғой. Олай болса, шамамның келгенінше бар күшімді саламын. Бұл ретте еңбасты қару – рух. Менде рух күшті. Рухы мықты спортшыға ештеңе кедергі бола алмайды. Әр спортшының бойында рухы басым болса, алып күш иесін де жамбасқа салып лақтырады.

– Енді өзің жайлы әңгіме қозғайық? Таулы аймақтың баласымын деп отырсың. Туып-өскен жеріңді және күреске қалай аяқбасқаныңды айта кетсең

– Алматы облысы, Алакөл ауданы, Үшарал қаласының тумасымын. Жетісу аймағының шығыс қақпасы таулы аймақтың бірі. Қытаймен шекаралас жатқан жер. Кішкентайымнан спортқа әуес болдым. Қаламызда спорт мектептері көп. Оның үстіне алдыңғы буын ағаларымның барлығы да спортқа ден қойған азаматтар. Ауданымызда күрес өте жақсы дамыған. Талай мықтының томағасын сыпырған аймақ. Қаламыздан қазақ күресінің майын ішіп, жілігін шаққан дүлдүлдер көп шықты. Мені де сол азаматтардың жемісті жолы қаттықызықтырды. Жалпы біз жақта той томалақ көп өтеді. Ауданымыздан шыққанқалталы азаматтар кез келген мерекеде жүлде тігіп, қазақ күресінің шырайын кіргізеді. Міне, сол мейрамдарда бозкілемнің шаңын қаққан ағаларымныңшеберлігін көріп, күреске деген қызығушылығым артты.

Нағыз түйе балуандарды көзіммен көрдім. Ауылды жерде күші мен жігері асқан балуандар өте көп. Сондай-ақ, Айдын ағамыздың да жемісті жолына қаттықызықтым. Олимпиада ойындарында жүлде салған Айдын Смағұлов менің жеке бапкерім. Әркез мақтанышпен айтып жүретін ағамыздың қолына түскенімді өзім мақтан етемін. Тимур Әбіханов та бар көмегін аямайды. Осы кісілердің тәлімініңарқасында көптеген бәсекеде атой салдым. Мәселен, өткен жылы қазақкүресінен Қазақстан кубогын ұтып алдым. Биыл іріктеу жарысында Алакөл барысы атандым. Облыстық бәсекеде де жаман өнер көрсетпедім. Жүлделі орыннан көріндім. Алла бұйыртса, бұл сыннан да сүрінбеуге тырысамын. Жерімнің намысын шамам келгенше қорғаймын деп сенемін.

– Бүгінде кәсібің не?

– Дәл қазіргі уақытта студентпін. Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақұлттық университетінде, география және экология факультетінде дәріс алудамын.

– Енді бүгінгі қазақ күресі жайлы ойыңды білсек?

– Соңғы кезде қазақ күресіне деген қызығушылық артып келеді. Оған нақты дәлел «Қазақстан Барысы» додасы деп ойлаймын. Расында Астанада жалауы желбіреген жарыстан кейін қазақ күресімен шұғылданушылардың саны күртөсті. Жалпы бұл жоба нағыз қазақ балуандарына қолайлы, әрі тиімді шара болды. Жүлде қоры да жаман емес. Кей адамдардың балуандар ақша үшін додаға барын салып жүр деп айтуы мүмкін. Оның ағаттығы жоқ. Тарихқа жүгінетін болсақ, ерте заманда да жүлде тігіп, балуандар белдескен және оның жүлдесі бүгінгі біздің бәйгеден анағұрлым көп болған десе де болады. Ерлігіне лайықты құрмет жасау, соған сай кәдесін беру қазақтың басты дәстүрінің, дархандығы мен мәрттігінің бір белгісі. Осындай қомақты жүлде арқылы біз қазақ күресі мен балуандардың мәртебесін көтереміз. Оның үстіне осы арқылы балуандар жағдайын түзеп жатса, оның кемшілігі неде?! Керісінше, бұл үрдісті кәсіпке айналдыруымыз қажет.

Бүгінде еліміз спортты кәсіпқой, яғни өзін-өзі қаржыландыратын жағдайға келтіре алмай келеді. Соның салдарынан кенжелеп қалғанбыз. Қашанғы мемлекеттің қаржысына алақан жайып отыра беруіміз керек?! Бұл тұрғыдаұлттық өнерімізге еліміздің қалталы азаматтары жанашырлық, ұлтжандылықтанытып, қол ұшын созған дұрыс. Оны ұлтыма жасаған жақсылығым деп түсінуқажет.

 

ТҮЙІН:

Міне ағайын, жасы кіші болса да ойы үлкен Жігердің жауабына көңіліміз толды. Қазақ үшін жанын беруге дайын екенін де сездік. Әр қазақтың баласы осы сөзді айтып тұрса, қазақ күресінің ауқымы әлі де алысқа баратыны сөзсіз. Бозкілемде шымырлық танытқан жігіттің жауабы да жұмыр екен.Әр сөзін талғаммен айтып, балуанға тән қасиетті де көрсете білді. Сөзініңжаны бар. Мен қазақпын деген азамат ұлтымыздың барлық өнеріне қолұшын беруді азаматтық парызымыз деп санауы тиіс. Сонда ғана ұлттыққұндылығымыз көпшіліктің көз қуанышына айналмақ. Олай болса, сөзі мірдіңоғындай болған Жігер Сәкенұлына алдағы додада асығы алшысынан түсіп, жолың болсын деген тілекті біз де тілейік!


 
0
821
0