Жаңадан алынған футболшылар көзге түскен тур

Kazsport agent 2013 M06 18
169
0
0
0

  Футболдан Қазақстан чемпионатының премьер-лигасында 15-турдың ойындары өтті. Бұл тур жанкүйерлер үшін бірнеше тосын нәтижелерімен қызықты болды. Ел біріншілігінде жеке-дара көш бастап келе жатқан...

 

Футболдан Қазақстан чемпионатының премьер-лигасында 15-турдың ойындары өтті. Бұл тур жанкүйерлер үшін бірнеше тосын нәтижелерімен қызықты болды.

Ел біріншілігінде жеке-дара көш бастап келе жатқан «Ақтөбе» Талдықорғанда жергілікті «Жетісу» клубымен тең түсіп, бір ұпаймен шектелді. Қаржыдан қиындық көріп, бірнеше ойыншысынан айырылған «Жетісу» клубы қайсарлықтың үлгісін танытып, ел біріншілігінің көшбасшысына дес бермеді.

Ал ақтөбеліктердің ізін басып келе жатқан «Астана» өз алаңында азулы «Шахтерді» шалып жықты. Сөйтіп, басты бәсекелестерімен ұпай айырмасын қыс­қартып, ақтөбеліктерге жақындай түсті. Бұл ойында «Шахтер» жазғы трансфер кезінде Оралдың «Ақжайығынан» алған ел чем­пионатының сұрмергені Игорь Зеньковичті жасыл алаңға шығарды. Бірақ тек екінші таймда ғана. Алайда Тәжім­бетовтің орнына шыққан Зенькович те Қайрат Нұрдәулетов бастаған «Астана» клубының қорғанысын бұза алмады.

Жазғы трансфер кезеңінде бүкіл футбол жанкүйерлерін елеңдетіп, құрамын нығайтқан «Қайрат» Қостанайда «Тобыл­ды» тобықтан қақты. Бір голды Алматы клубының сапына Қарағандының «Шах­терінен» келген Жамбыл Көкеев соқты. Командаға жаңадан алынғандар қата­рынан Самат Смақов негізгі құрамда өнер көрсетіп, түзде «Қайраттың» жеңіске жетуіне үлес қоса, қақпашы Давид Лория қосалқы құрам орындығында тыпыршып отырды. Владимир Вайсс әзірше «Қай­раттың» қақпасын бұрынғысынша Даниил Рихардқа сеніп тапсырыпты. Жанкүйер біткен Давид Лорияның өнерін қашан көзбе-көз көреміз деп алаңдап қала берді.

«Тараз» өз алаңында Шымкенттен келген «Ордабасы» клубынан ұтылып қалды. Шетелде жүрген жерінен шақыртып алған Арно Пайперс те «Таразды» жеңіске жеткізе алмады. Бірақ голланд маманы жергілікті жастарды негізгі құрамда алаңға шығарып, Тараз жанкүйерлерін риза қылды. 21 жастағы Жақып Қожамберді мен 17 жастағы Әділет Кұдайберген «Та­раз» сапында алаңға жиі шыға берсе бар ғой, Пайперс қазақ халқынан алғыстан басқа ештеңе естімес деп ойлаймыз. Ал қонақтарды жеңіске жеткізген жалғыз голды Эдин Юнузович соқты. Бұл – «Ордабасының» жақында ғана «Жетісудан» қалап алған сұрмергені.

«Ертіс» өз алаңында кежегесі кейін тартқан «Ақжайыққа» әлімжеттік жасады. Орал клубы да қаржы тапшылығын басы­нан кешіріп, бірнеше ойыншысынан айы­рылды. Тіпті бас бапкері Погос Галс­тян да командасын тастап, кетіп қалған көрі­неді. Әйтсе де қандай қиыншылық бол­сын клуб намысын қолдан бермеуге тырысатын жігіттері бар екен. Түзде «Ертіс­тің» арынына төтеп беруге тырысты-ақ…

Айтпақшы, Павлодар жанкүйерлері бір голды жас дарын Қуаныш Бегалиннің соққанына ерекше қуанды.

«Атырау» күннің аптап ыстығында Өскеменнен келген қонақтарынан басым түсті. Екі голды жақында ғана команда сапына алынған серб футболшысы Ненад Иняц соқты. 28 жастағы шабуылшы бірер жыл Ресейде де доп теуіп, «Амкар» (Пермь) клубының сапында да болған екен. Енді, міне, дәм жазып, қазақ топы­рағына келген. Бастамасы жаман емес. Келе сала екі гол соғып, командасын жеңіске жетеледі.

Жетісу – Ақтөбе – 0:0

Астана – Шахтер – 1:0

Гол: Ивановски, 84.

Тобыл – Қайрат – 2:3

Голдар: Сиссей, 21 (0:1). Көкеев, 25 (0:2). Тонев, 44 (1:2). Кнежевич, 74-пе­нальтиден (1:3). Бугаев, 79 (2:3).

Тараз – Ордабасы – 0:1

Гол: Юнузович, 85.

Ертіс – Ақжайық – 3:1

Голдар: Юрин, 10 (1:0). Бегалин, 43 (2:0). Шомко, 71 (3:0). Хаман, 80 (3:1).

Атырау – Восток – 2:0

Голдар:  Иняц, 32. Иняц, 54.


 

Оцените пост

0