Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
23:46, 17 июня 2013

«Жалғызкөзді пркырор»

«Жалғызкөзді пркырор»

 

Монитордағы күлімдей қарап отырған әдемі мөлдір көздерге ентелей түсіп қарап отырғаны сол еді, есік тарс ашылды да:

-         Кімге сонша тесіліп отырсың-ей? – деген шайпау қатынның ащы дауысы жаңғырыға шықты. Бұның қолы өзінен де жылдам түрде ашық тұрған монитордағы әдемі суретті дереу жоя қойды да:

-          Ешкімге, жұмыс істеп отырмын, мені аңдымасаң жүре алмайды екенсің өзің? –деген жауапты бір түрлі үркінішпен жеткізді.

-         Сенің тағы да құтырып жүргеніңді сезіп жүрмін, сен мына төрт бала мен мені бағуға міндеттісің, анау сылқымыңның суреттерін ақтарып отырған шығарсың тағы да, – деп, шашын төбесіне түйе салған, орта бойлы толықтау келген сары келіншек ашулы күйі сенімсіз түрде кеп, күйеуімен қатар мониторға үңілді. Үңілді де іздегенін таппаған соң мұрнының астынан бірдеңелерді міңгірлеп кері шығып кетті. «Үф!» деді ішінен бұл. «Осы жалғызкөзді пркырордан құтылатын күн бар ма екен? Дір еткізді ғой, қайдан сап ете қалды өзі? Білмейтіні жоқ өзінің, дүниенің бүлінгенін сезе ме, осы бәле, әлде менің түрім өзгеріп кете ме екен?» Қашан болсын аңдыған-баққаны күйеуі. Үйге келгісі келмейді. Әттең, бала жас. Бұл салақ не балаға уақтылы тамақ беріп, не уақтылы далаға шығарып, не мезгілімен сабақ оқытуға да жоқ. Тапқанды ғана білетін салпыауыз сарықарын. Қыздарына жөндемді киім де таңдай алмайды. Қашан болса, өзінің жүргені еркек басымен салпылдап. Оның бар өнері мұны аңдуға шыққан. Талай рет есікті тарс жауып кеткен кездері болды. Иттей болып қайтып келеді. Қайда барады? Үлкен ұлдың көршілердің үйіне барып, тамақ сұрап жейтінін білгенде іші удай ашыды. Амалсыздан қолына кепсер ұстады. Демалыс күндері тойымды тамақ пісіруді әдетке айналдырды. Үй жи десе, үйе салатын шалағайдың тозған көрпелерін тастап, жаңасын алып, үйді үй қылып қояды арасында. «Ана жерім ауырып тұр, мына жерім әкетіп барады» деп жатып қалған кездерінде үйді жуып, тазалауды да бұған итере салып жүр. Соған дағдыланып, сірә, бұл міндетті де бұның мойнына іліп қоймақ. Бұл қабағын түйіп ашулана бастағанда ғана жан-­жағын жиыстыра бастайды. Әйтпесе, жатқаны жайрап, тіл мен жағына сүйеніп.

Шешесінің «бұл білінбейтін ауру, құтыл тезірек» деген сөздері құлағында әлі де ызыңдап тұрғандай. Кетуге бел байлаған да. Мөлдір көздерге ғашық болғалы, ес ақылынан алжасты. Сүйіктісіне ант беріп, серттескен еді. Соның сұлу жанарынан дүниенің бар қызығын тапқандай еді. Бірақ ол жайнаған айна бір-ақ сәтте быт-шыты шығып шағылып қалғаны. Сүйіктісіне қосылу деген асқақ арманнан өз еркімен бас тартты. Дертті жаны тағдыр тәлкегіне көніп, амалсыз төзіп жүр. Бұ «жалғызкөзді пркырор» оны да біліп қойып, шу шығарды, бала-шағаны жинап алып, төркінге кетті қашып. Білмейтіні жоқ өзінің, «пркырор» десе, «пркырор». Төрт баланы тентіретіп, бақыт іздеп кете алмасын түсінді. Бүкіл дүниеден баз кешкенде төрт баланың көз жасы тірілтті. Өлмеуге тиіс. Амал нешік тағы да алдына жығылды, ертіп келді. Сенен басқа ешкімді сүймеймін деп ант-су ішті. Бұл бар тіл байлығын салып, көлгірсіді. Ол көнгенсіді. Бірақ бұл өтірік өмір екенін екеуі де жақсы түсінеді. Оны көрсе болды салға жерден жыртиып, күлгенсіп, көңіл қошын тауып, дегеніне көне беру әдетке айналды. Айналасындағы жағдайға қарап көсілуге бейімделді. Тап бір өзі адам еместей. Кеудесінде жаны жоқтай. Ауру сияқты көрінеді кейде өз-өзіне. Оның жын ойнаған кекшіл шегір көздеріне қарап, жеңілуден басқа амал жоқтығын түсінеді. Бұл надандық дегеннің шеті, қиыры жоқ екен ғой. «Міндеттісің!» деп дандансиды ғой тағы. Иә, өкініш өзегін өртейді. Міндетті болды. Амалсыздан. Дәп қазір сен маған дуа салып, молдаларға төлем төлеп, оқыттырып, тапсырыс беріп мойныма мініп алғансың деші, жата кеп жыласын, жер-көкті тепкілеп. Мойындар ма екен сонысын? «Мен бақытсыз, сорлымын» деп көз жасын көл қылып, озанды бастағанда шындап жаны ашып кетеді. Бейшараға бақытсыздық маңдайына жазылған шығар. Бұдан басқа кімге керек ол? Он жыл бойы бір жұмысқа басын тыға алмады. Ешкіммен басы піспейді. Қаражан ғой құдды. Заман өзгерсе де, адам санасы өзгермейді екен. Бұл қатынның топастығында шек жоқ қой, шек жоқ. Қап-қара ғой, тұла бойы тұнған арамзалық. Бұған да керегі шамалы, кейде қиялға беріліп, армандап кетеді: жолда көлік қағып кетсе, я жындыханаға түсіп қалса екен деп. Ондай армандар орындалмайды ғой, әттең, өзіңді түсірер мына ит мінезімен жындыханаға. Көпе-көрінеу өтірік ауырып, жалған сөйлейтінін де белгілі. Құдай ақы, бүгін шындап ажырасса, ертең-ақ байға тиіп кетер еді. Сұмдық бейімшіл өзі өмірге. Жылы­-жұмсақты иіскеп біледі. Дуа жасаудан жалықпай келеді. Он жылдың жүзі болды. Талай мәрте барып емделді. Бұл емделеді дуадан, ол қайта жасайды. Шайға, тамаққа қосып бірдеңелерді араластырып жатқанын бұл байқамайды деп ойлайды. Арақ ішсе, жата кеп тулайды. Арақпен дуаның күші кетіп қалатынын біледі. Соңғысында бұл оқып үйреніп жүрген ағылшын кітабына жасатты. Кітабын жоғалтып, біраз күн жоқтау салды. Өзім тауып берем деп бір аптадан соң қайта шығарды. Оқытып алып келгенін сезді. Құдай осындай албасты басқан қатындарды көрмейді ме, құдайдың да көзін шел басқан ба деп ойлайды кейде. Табылған кітаптан көз алмай оқи бастаған еді, жаман ауырды. Аяқ-қолы ұстамай, дірілдеп, жұмысқа бара алмай қалды, тәлтіректеп. «Тұмауратып қалғансың ғой, байғұс-ау, сен ет аса берші, мен дүкенге барып келейін» деп шығып кетті. Жаны ашыған түрі. Фуу... Не деген шаршамайтын бәдік еді өзі? Бұның телефонын алып ішіне өзін «сүйіктім» деп жазып қойыпты. Оны өшіріп тастаған еді. Ұмыттырып барып «ғашығым»деп жаып қойыпты. «О, сорлы, садаға кет сүйіктіден» деді бұл ішінен, текетіреске келгенде жеңіле салады, сүйіктім деп айта салатын болып жүр. Өзіне өзінің жаны ашиды. Менен сорлы бейбақ жоқ шығар, сірә, бұл жалғанда деп ойлайды. Солай деп құтыла салмаса, үйдің іші даң-дұңнан арылмайды. Иланады кәдімгідей соған. Сасық ауыз. Алдағы көзіңнің іріңді былшығын қойдырып алсаң етті. Жанында отырып шәй ішу жиіркенішті. Тура итаяқтан жуынды ішкендей болады. Сүйікті болғаннан садаға кет. Ішінен тынады. Дей алмайды. Бұны дегеніне көндіргеніне ол мәз болады. Ал, бұл қатынының құлақ миды даң қылатын марғаулық «мияулылығынан» құтылғанына қуанады. Бұл оны алдаумен, ол бұны таптаумен сүреңсіз сұр күндер алмасып жатыр, бітер емес. Ал бұның көз алдына мөлдір көздер елестей береді. Алмас қылыштай қастары, керме иығы, мейірімге шүпілдеп толып тұратын жылуы мол көздері бар нәумез қыздың суретіне қарағанда өзінің сорлы ғұмырын ойлап, іші қан жылайды. Шу шыққалы онымен байланысын үзді. Бәлкім, бағы ашылып, басқасын табар. Осы ойының түп төрркіні өзінің жанын жегідей жейтінін өзіне ғана аян. Қимайды оны. Сүйіктісінен айырылғалы жүзі жарқын емес, көзінің нұры да солып қалған. Бірақ «көрмес түйені де көрмес» деген рас қой. Қатыны оны байқамағансиды. Оған бәрібір шынтуайтында. Өзі бақытты болса, болды. Басқаны қайтсін түгендеп. Бұл құсадан аяғымен жер тарпып, аузына топырақ толтырып, қала берді. Сертінде тұра алмады. Нағыз оңбағандық өзінен шығады деп күтпеген еді. Морт сынғандай. Өмірде еш қызық қалмады. Жұртқа менің төрт балам тұрғанда бақыттымын деп айта, айта бұл жауыр сөзге өзі де иланудан қалған. Бала үшін бақытты болуға тиісті сияқты. Әттең,  іші боп бос. Кеудесін ит тырнап жатқан күйкі күймен алысқалы көп күн өтті. Сұмдық бақытсыз екендігін айтып, айдалаға барып айқайлағысы келеді. Оған шама қайдан келсін?! Міндеттісің деп тұрғанда. Бала бағуға міндетті. Жеткізуге. Ендігі уақытта оларға сатқындық жасамауға уәде етті. Бірақ «ажырасам, алдыңа келем, табыстық, енді кет деме, сенің шырақтай жанған көздеріңнен көз ала алмаймын, таптым, енді жоғалтқым келмейді, күнім болып шықтың көгіме, сол күнге күйіп өлгім келеді, жаңа өмірді бірге бастайық, менен бас тартпашы» деп еліріп жылап тұрып, оның келісімін алған күні ең бақытты күн болып қаларын қайдан білсін?! Кеудесіне бар әлем сыйып кеткендей болып еді... Тәтті қиял... Дәл сол сәтте өмірдің соншалық тәтті екенін сезініп еді-ау... Жалған екен бәрі де... Дүние тек соның күлім көзінен жаралғандай еді... Елестей береді көз алдына. Жылап тұрып, дауысы дірілдей «кет десеңші, не істеймін онда?» дегені құлағында қалыпты. «Демеймін» деп еді. Бірақ деді. Дегізді ғой мына қатынның таусылмайтын дуасы. Еркек болып несіне тудым деп түңіледі кей кезде. Сонша кімнің көз жасына қалып, наласын арқаладым екен осындай талағы тарс айырылып, қабағы ашылмайтын, кепкен тулақтай тырысып, үйге кісі кіргізбейтін қанден итке тап болатындай.

-         Әй, естідің бе, пәлешенің қызы байға кетіпті, жүріп жүрген жігітіне, ақ көйлегі сыймай, құдағиы келіп қызыңның аяғы ауыр деп шешесінің жер жебіріне жетіпті, ұяттағы, бір қызына ие болмай не қарап жүр солар, - деп соңғы өсекті жеткізіп кетті әлгі.

-         Нең бар жұртта?

Өзгеде несі бар екен осының? Өзін неге біліп алмайды? Қыз болып тигендей сөйлейді, түге. «Әркіммен жүріп, спидпен ауырған біреуден ауру жұқтырып, өле салғым келген» деп алғашқы түні жылағаны есінен шыққан ғой бұның?! Ұмытыпты. «Судан таза, сүттен ақ». Есегі судан өтті, кетті, дүние өзгерді. Өткеннің оралмайтыны рас. Бәріне көніп, ризалығын беріп еді сонда әлгі имансыз молдаларға. Қалай жаны ашымады екен жап жас жігітке жұрттан қалған жезөкшені қосып, ұрпақ өрбітуге дуа оқығанда... Өзінің ниеті дұрыс еді ғой. Ақымақтық-ай десеңші... Бір әйелдің болса да бағын ашқысы келіп еді. Сезімді мойындағысы келмеген еді, бәрі өзімнің қолымда деген тәкәппарлық тұралатты ғой мұны. «О,Алла, бар екенің рас болса, қыздарымды сақта шешесінің жолынан, бізге бермеген бағыңды соларға бұйыртшы ең болмаса». Кейде ішінен шошынады. Бүлдіршіндей қыздарының кімге тартарын ойлап, әбігер күйге түсетіні бар. Былтыр жаздай мүгедек баласына анау «Ибат» деген дәріні ішкізіп, жазып алам деп шала бүлінді. Еш әсері болмады. Бұл біраз дәрігерлерге қаратты. Оның да себі жоқ. Дауасыз дерт. Мәңгілік мүгедек. Аяқ қолға тұрмай шырылдаған баласын көрсе жүрегі езіліп кетеді. Намазын оқып, тазаланып, кезекті абортқа аттанып бара жатқан «жалғызкөзді пркырорды» тоқтатқан өзі еді. Құдайға құлшылық жасап, талай рет абортқа барып келді. Өз баласын өзі өлтіріп. Не деген етегі жеңіл қатын еді. Неден болғанын кім білсін, әлде анасының қарғысы дарыды ма, төртінші бала мүгедек болып туды. Қарап жүрмей шешесімен алысып, оның басын шаңсорғышпен жарып, екінші бұл үйдің есігін ашпастай етті. Қай қылығын алып қараса да, жүрегі айниды. Қалай сонша жыл шыдап келген? Керенау қатынның қитұрқы қылықтарына тойып кеткенде, ашуға булығып есікті тарс жауып, кетіп қалатын. Бірде айналасына қараса, «Думанда» жүр. Не істеп жүргенін өзі де білмейді. Досы қоңырау шалып жатыр екен. Мұның ашумен қаланың шетіне шығып кеткенін әжуалап, келекететін болды кейін. «Ашуға мінсе, Думанға кетіп қалатыны бар» деп. Сол досына жан сырын айтып еді, «жұқтырдың оңбаған, тып тыныш жүрген адамды шайтан азғырды, тоқал таптым» дегенінде ол күліп: «сүйген жақсы ә, сүйіп қосылғанға жетпейді ғой өмірдің ләззаты, сүйіктіңнің қолынан ішкен шәй балдай, одан тараған ұрпағыңда ерекше ыстық, сүйіктіңнің көзі тұнық, ерні зәмзәм ғой, шіркін» дегені ойына орала беретін болыпты соңғы кезде. Күйдіргі-ай, ол да біледі екен ғой сүюдің не екенін. Дариға-ай, сол бір қыз.... Арман ару көкірегіне маза бермейді... Қапияда кездескен асыл жанның жақсылығын бағалай алмай, тар жол, тайғақ кешуде қайта жаңылысып, адасып қалғанына іштей наразы. Құдайдан тосын сый сұрап еді, берді. Басында осынша бақытты бір қолымен берген құдай екіншісімен тартып алуы мүмкін еместей көрінген. Бірақ өмір бұл ойлағандай романтикалық хикая болмай шықты. Тағы да шаң басқан бөлмесіндегі шашылған киімдердің ортасында қағазға көміліп отырған отырысы мынау. Сүйіктісіне қатысты арманы орындалмай, асқар шыңға баланған күйі тылсымға сіңіп жоқ болды. «Армандауға болмай ма» деп көріп еді, бұған болмайтын болып шықты. Кет демеймін деп алып, кет деді. Шиеттей бала-шағадан тірідей безіп, кете алмады, мұның тізгіні мына салақ қатынның қолында қалды. Мойнындағы қамытты шешетін амал таппай сарсылады. Таба алмайтынын түсінгенде асылып өлгісі келеді. Иә, кете алмайды екен. Туған баладан асып қайда кетпек? Бірақ есесіне өзі тірі әруаққа айналды. «Осыдан кетсең, тура ағаларымды ертіп кеп, тепкілетіп жіберем, мүгедек қылып тастаймын, маған жоқ нәрсе ешкімге де жоқ» деп тепсінген мына қатынның ызбарлы кейпі көз алдында. Қорыққаннан кеткен жоқ емес, қорынғаннан кете алмады. Әйтеуір, құдайдың жолында, оған да тәубе, бірақ құдай оны біле ме? Әлде мұны мүлде ұмытып кетті ме? Демегені артық еді. Адамның тағдырымен осылайша ойнайтын жаратушыға деген назасы шаш етектен. Бірақ оны кімге айтады, мұның өмірінің көлеңкелі тұсын ешкім білмейді, білмеуге тиіс. Тек сыралғы достары ғана аз кем біледі. «Сенің ажырасуың – шарты толған ажырасу, еркек болсаң сертіңде тұр» деген қызық сөздер айтқан еді. Мұның сүйген көңіліне қаяу түсіргісі келмей, қолдау білдіргендері шығар. «Қайран, асыл азаматтарым­-ай» деді ішінен, «мына жалғызкөзді пркырордың уысында сығылған ебелек болып қалдым ғой, еркектіктен үміт жоқ, өшкен шаламын, мен енді бір шіріген жұмыртқа ғанамын» деп көзінен еріксіз шыққан жасын жеңімен сүртті. Оның құшағында тұрып жылағаны есіне түсіп кетті. Ешқашан ешкімнің алдында иілмеген басы, күйінбеген көңілі, соның көздерінің алдында сыр берді. «Саған келе алмайтын болдым, мен балаларымды қимаймын, саған қолым жетпейтінін ойласам, өмір сүру деген бекершілік болып кетеді» деп, өзегіне тығылған өксігін тыя алмай бір сағат құшақтаған күйі егілген еді. Жанары жарқ еткеннен өзіне баурап алған сұлу қыздың мұңды көздеріне ғашық болып еді әуелгіде. Сол мұң тұнған нәумез күйінде «мен үшін қайғырмашы» дей берді ол.

Аптығы басылып, өмірдің тозағына машықтанып барады. Масыл қатынның тасыраң мінезі мен бейпіл сөздеріне жаны ауырмайтын болған. Байқамай жүре береді. Жұрттан да ұялмайтын болып алды. Мейлі, қандай болса, сондай болсын, түзелмейтін мінез онікі. Тек балалары дін аман болсыншы. Көзден қалып отырса да байқамайтыны жоқ өзінің, «жалғызкөзді пркырор» деп достарымен қойып алған атын да біліп алыпты. Қайдан, қалай? Түсінсе бұйырмасын, бірақ өлгендегі сөзін айтып, ол сен емес деп әрең сендірді. Есесіне енді жаңа телефон әпермек. Мен кіммін осы деп ойлайды кейде? Өзіне беймәлім. Сыртқа білдей ұлтжанды азамат саналушы еді. Жүйріктермен жарысам деп жүргенде аяққа шідер салынды. Жарыспақ түгілі, бір қадам аттау сор болды. Ел түгілі қазір өзі бас қайғы. Бірақ ішінен ит екенін өзі ғана біледі. Қарғыбауы әлгі «жалғызкөзді пркырордың» қолында. Одан қашып құтылатын жер бетінде тесік жоқ. Бүйткен өмірі құрысын... Осынша арсыздықты арқалатқанша ала салғаны дұрыс еді бұ Алланың... Не сезім жоқ, не өмір жоқ, жалған дүние...

 

Фейса Рахат

 


0
552
0