Бір Жаратушы болуы тиіс қой

Еркебұлан Ерлен June 6, 2013
389
0
0
0

Азғыру «Көптен саған бірнәрсе айтам деп жүр едім. Кездескенің жақсы болды ғой»,- деп Қайраттың бір танысы  қолтықтап алып, көшенің бір шетіне шығарды. «Иә, ағасы, не айтқыңыз келіп еді?»,- деген...

Азғыру

«Көптен саған бірнәрсе айтам деп жүр едім. Кездескенің жақсы болды ғой»,- деп Қайраттың бір танысы  қолтықтап алып, көшенің бір шетіне шығарды. «Иә, ағасы, не айтқыңыз келіп еді?»,- деген қызығушылықпен құлақ түрген оған, әлгі ағасымақ ақыл айтқан болды. «Сені намаз оқып жүр деп естіп ем. Дұрыс қой. Намаз оқысаң, таза жүресің. Анау-мынау пайдалары да бар дейді. Бір жағынан спорт дегендей. Бірақ, сен әлі жассың ғой. Жиырмадан енді асып жатсың. Қыдырып, қыздарға барып, былай-былай жүріп қалмайсың ба?  Осындайда көрмеген қызықты қашан көресің сонда?»,-деді. Қайрат бұған жымиып қоя салған болатын. Сол кезі әлі есінде.

Тәубеге келу

Сөйткен танысын араға жыл салып, бүгін мешіттен көріп қалды. Жұма болатын. Өзі біраз жуасып қалғандай ма қалай? Қайратты көргеннен безек қағып, неліктен бұл жолға бас бұрғанын түсіндіргісі келді. Сәждеге бас қойғанын әлі де болса ар санайтын сияқты. Сонымен не керек әңгімесінің басын былай бастады: «Мына мешітке келейін деп келді деймісің? Бір жолым болмай қойды. Я үйім, я жұмысым жоқ, біраз сенделіп қалдым. Сонан тәтем: «Бір тәуіп бар. Сен соған барып көрін. Жолыңды ашады, арақтан тияды»,- деді. «Енді өзі бір жүрген «жойқын, мықты» деп жатыр мына қатындар. Қатындар айтса, босқа айтпағаны да. Ей, бар деймін саған»,- деп тықақтай берген соң, барғам ғой. Сөйтсем, әлгі балгер маған: «Сен мүлдем Құдайға сенбейді екенсің ғой. Оның болмайды! Жолың байланғанда да шырмалып қалған екен. Намаз оқымайыңша жолың болмайды»,- деді. «Өзің білесің, мен мүлдем сенбеймін ғой Құдайға. Оның үстіне достарым көріп қалса, масқара боп жүрермін. «Молда боп кеттің ба?» деп үстімнен күледі ғой деп біраз жүріп қалдым. Уақыт өтіп жатты. Со күйі бағым жанбай-ақ қойды. Болмаған соң, келгем ғой мешітке. Бала, мен айтайын, сенесің бе сенбейсің бе. Қалай намаз оқыдым, солай жолым ашылып кетті ғой» деп қолындағы «Ислам өркениеті» деген газетін Қайратқа қарай сермеп-сермеп қойды. «Еее, ағасы балгерлер де Құдайға сенеді екен ғой» деп таңданысын білдіріп қалды Қайрат та сөз арасында. «Сен, тыңда енді» деп әлгі танысы сөзін іліп әкетті. «Содан мен мешітке келсем, баяғы алқаштар да мешітте жүр ғой. Бәрі намазхан боп кетіпті»,- деп өзі ғана күліп алды. «Ағасы»,- деді Қайрат. «Аллаһ иманды берерде оның бұрын кім болғанына немесе қазір кім екендігіне, бай ма, кедей ме қарамайды. Сол сіз «бұрынғы алқаштар» деп отырған кісілеріңіздің қазіргі дәрежесі мына джип мініп, коттеджде тұрып жатқан кісілерден әлдеқайда жоғары екенін білемісіз? Байқаймын, сіз де намаз оқитыныңызды әлі де қор санайтын сияқтысыз. Сөзіңіз де әлі нық емес. Олай етпеңіз! Бұл өмірде мұсылман болудан асқан бақыт жоқ. Сіз сол бақытты кісілердің қатарындасыз қазір. Аллаһ сізді тура жолдан тайдырмасын! Шіркін, әлгі сізді намаз оқуға себепші болған құмалақшыңыз да сол істеп жүрген кәсібін доғарса ғой» деді. Осы сөздерді естіген әлгі жігіттің іші мына сөздерден соң жылып қалды. Ұзын сонар әңгіменің қызығымен екеуі біраз жерге жетіп қалған болатын. Қоштасарда келесі жұмада да осы мешітте кездесейік деп уағдаласты да, жөндерімен кете барысты.

Мазасыз ойлар

Әр кісінің намазға келу оқиғасы әртүрлі ғой. Біреулер, жарымен ажырасып келеді. Біреулер, қарызға енді бірі күнәға белшесінен батып, тәубеге келеді. Енді бірі ауруға шалдығып барып сенеді. Бастысы иман келтіргені!  Ал, Қайраттың намазға келуі әріден басталған болатын. Қайратты дінге бірден келе қойды деу жалған болар. Кез-келген істі тыңғылықты зерттемейінше, сене қоймайтын қыңырлау  мінезі де жоқ емес еді. Алғашқы кезде кәмелеттік жасқа толдым деп, біршама романтика қуып, аздап қызыл шараптан да қылғытып қоятыны бар-тын. (Тек пайғамбарлар ғана күнәден ада ғой.) Бірақ, өмірдің бірсәттік қызықтары оның жүрегіне бәрібір тыныштық орната алмады. Үнемі бір ой маза бермейтін. «Жиырма жасқа толыппын. Көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Бәлкім осы жиырма жастың енді үшеуін жасармын не жасамаспын. Сонсоң не болады? Жоқ боп кетсем ше? Ендеше бұл өмірге келуімнің мәні неде?». Ойланып қараса, өткен аптада өзінің үйінде бір дастархан үстінде ойнап күліп отырған бір құрбы қызы да бүгін қара жердің астын мекен қылып жатыр.  Ол құрбысы да, Қайраттың өзі де бұлай боларын білмеді ғой. Егер білген болса, бәрі басқаша болар ма еді. Ол да белгісіз. Белгілісі біреу. Ғайып тек Аллаһқа аян!

Бір Жаратушы болмауы мүмкін емес

Түрлі пікірлермен санасы сан саққа жүгіріп жүрген кезеңдердің бірінде, тарихшы ағасы жолыға кетті. Ол да бір оқымыстының өзі. Ғылыми дәрежесі де бар. Бұл жолығу да әдеттегідей Қазақстанның арғы бергі тарихынан өзге, саясат жайлы да пікірлермен өрнектеліп келе жатқан болатын. Кенет, әңгіме ауаны «Құдай бар ма?» деген сұраққа ойысып кетті. Қалбалақтап тұрған  Қайраттың пікірі осы жолы мүлдем құлдилап барып, құзға құлады. Әлгі тарихшы ағасы «Ойбай, не деп отырсың? Қайдағы Құдай? Бізді өзге планеталықтар жердің бетіне эксперимент жасап, тастап кеткен ғой»,- деп соқты. «Көп жылдардан соң айналып келсе, біз қойша көбейіп кетіппіз. Сонымен «бұлардың мазасын алмайық»,- деп сол әлгі өзгепланеталықтар өз жөндерімен кетіп қалыпты. Бірақ, ауық-ауық бізді бақылауға келіп тұрады екен. Әй, сен анау Гагаринді де ойласай! Солар алып кетті емес пе?» деді. Сол күнгі кешті Қайрат сараптаумен өткізді. Расымен өзгепланеталықтар бізді жасаған болса, олардың өзі біздің қолымыздан қаза тауып, әлемнің мұражайларында сақталып тұр ғой. Жалпы бұлар құдай болса, неге өлді? Тоқта! Оларды тірілей көрген не ұстап алғандар бар ма? Жоқ қой. «Атып алдық»,- дейді де мұражайға қояды. Жалған! Егер ағамыздың айтқаны рас болса, мұндай құдайлар көп болғаны ма? Ендеше олар өзара тақ үшін қырқысып, мына жердегі жаратылыстарды бөліске салып, ақыр-соңында бірін-бірі өлтіріп тынатын еді ғой. Әр нәрсенің бір жаратушысы болуы керек. Ал олар жалғыз емес, көп қой. Сонда бір-бірін жаратқан боп шықты ма? Мүмкін емес! Қайдағы бір кескінсіздер біздей сұлу жаратылысты қалай ғана жаратсын!»,- деп зарар ойды жауып тастады. Мұндай дүниелердің әлі талай нұсқаларын еститінін біліп жүрсе де, бір Аллаһтың болуы тиіс деген үміттен еш танбады.

Атеизмге де біраз ой жүгіртті. Кездейсоқ пайда болу. Тіптен қисынсыз! Адамның анатомиясының өзі атеизмнің барша ұғымын пәрше-пәршесін шығарып тастайды емес пе. Жүрек, бауыр, бүйрек, қан тамырлары қызметі, асқазан, өттің жұмыс істеу процестерін біле тұра «өздігінен пайда болу» түсінігіне илану сау ақылға сия ма? Жоқ!

Өмірдің мәні

Санасы мен жүрегін мазалаған осыншама сан түрлі сұрақтардың жауабын Қайрат  Құран мен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінен тапты.

Жүректер тек Аллаһты еске алумен тыныштық табады. Рағыд сүресі, 28аят.

Ал, Жаратушы болса, ол қандай деген сұрағына Ықылас сүресін тапты.

(Мұхаммед Ғ.С. оларға) айт: Ол Аллаһ жалғыз. (1)

Аллаһ мұңсыз. (Әр нәрсе оған мұқтаж) (2)

Ол тумады да, туылмады. (3)

Әрі оған ешкім тең емес.(жаратылғандарға ұқсамайды, бастауы мен ақыры жоқ аса құдыретті Жалғыз Ұлы Жаратушы).(4)

 

Өмірге мәнсап қуып немесе харамнан ләззат алуға емес, Жаратушысын тануы әрі Оған құлшылық етуі үшін келгенін ұққан Қайраттың ендігі мақсаты біреу ғана. Ол Аллаһтың разылығына бөлену. Қиналғанда Жаратушысының өзін еске алуы үшін, денінің сау уақытында Оны еске алу. Өзіне тілегенді өзгеге де тілеп, қолынан келген қамқорлығын көрсетіп, сауапқа кенелу.

 

Еркебұлан Ерлен

   

Оцените пост

0