Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
08:56, 30 мая 2013

Әдебиет туралы

Әдебиет - әркімнің тісі  бата  бермейтін  дүние.Талай  қолына  қалам  алып,«Әй  бәлем , қатырып  тұрып   жазбасам  ба ? Көріңдер,әлі-ақ бәріңді  таңқалдырам» деген  талай  сабаздарың  Әдебиет  деп  аталатын  үлкен  қақпаның   есігін  аша  алмай  кете  барды-ау. Солай  деп  ойлаймын . Мен  де  сол.Жазғым  келеді.Қаламды  талай  қолыма  да  алдым. Мектеп  қабырғасында  жүрген кезімде  аудандық  газетке шатып-бұтып   бір  нәрсе  жазғаным да  бар. Кім  білсін, «жас  кой,тауы  қайтпасын» деді  ме, ішінде  жарық  көргені  де  бар.Облыстық , республикалық  баспалар  кері  қайтарды .Оларға менің  шатпағымсыз   да  жетіп  жатыр.

Еһ,жазған  жақсы-ау,оқырманың  бар  болса. Шығармаң бірінші  жолдан-ақ   оқырманды     еліктіріп  әкете  алса.  Олай  болмаса  ше?  Алғашқы   жолдарынан   кейін    оқымай қоя  салса ше? Кей  шығарманы   оқып  бітіргенше,жаның  жай  таппайды.Кітабың  сен  қайда  болсаң  сонда  ере  жүреді. Апам   марқұм ондай  кезде «Жеп , тауыса  алмай  жатырсың  ба?»  дейтін. Кейбіреуін «Бастадым  гой, ақыры  немен  бітетінін   білейін»  деп  қана  оқисың. Құдды  бір  өзің  жазған  дүние  секілді , бәрі  түсінікті. Кейде  «Өткен  өмірімде   жазушы  не  ақын  болған  шығармын, одан  басқа  қайдан  білемін»  деп  ойлаймын. Өйткені  біреудің  өлеңін тыңдап отырып , ішімнен жалғасы осылай  шығар  деп  ойласам , шынымен  де солай  боп  шығады. Кейде   қызым  өлең  оқып  отырғанда ,  мен  жағаласып  соңы  осылай  ма   деп  тақпақтасам «Сіз  қайдан  біліп  қойдыңыз,  шамасы менен  бұрын  оқып  алғансыз  ғой» дейді. Әрине , «оқыған  жоқпын»  деп  ақталамын. Біз  жай  ғана  кітапты  көп  оқыған  ұрпақпыз. Оқып  қана  қоймай, әр  шығарма  кейіпкерінің  кешкен  күйін  ойша басымыздан     өткеріп,сол   кейіпкермен  бірге   оқиғаның  бел  ортасында   жүретін  едік. Мектепте   партаның  үстіне    оқулық , астына  әдеби  кітап   немесе    қолдан-қолға  көше-көше  мұқабасы  алғашқы түрін жойған «Жұлдыз» не  «Жалын»  журналын   қойып ,біресе  мұғалімге  қарап,біресе   оқулыққа  қараған  боп  кітап  оқитынбыз .

Студент  кезімде  Алматыда  алаңға  қарап  тұрған  кітап  дүкеніне  барып, «Қандай  ақынның  кітабы жарық  көріпті?»  деп әдебиеттен  қатты  хабарым бар  адамдай  кітап  сөрелерін қарайтынмын. Сол  жазушы,ақынның  ішінде  бір де  бір  танысым  болмаса  да, кітабының  жарық  көргеніне  қуанатынмын.Танымайтын  автор  кездессе , қандай  адам  екенін  елестетуге  тырысатынмын. Жалпы  дүкен  ішіндегі  қағаз , кітап иісін  ұнататынмын.Әлі де  солай .

Алматыға  алғаш  келгеннен-ақ,  тағдырдың жазуы  ма ,  қазақтың  ақиық   ақындарының бірінің   қызының   үйінде  тұрдым. Бір  туысыма  ренжіңкіреп  барғаныммен ( балалық  қой, қаланың   адамы   ауылдан  келетін  «туристерден»  жалығатын  да  болар) , сол  үйге  тап  болғаныма, туысымның  қабағын  түйіп,мені   үйінен  кетуіне  мәжбүрлегеніне  өзім  қатты  қуандым.Сырттай  сыр  бермедім , әрине . Ақынның  қызы  әдемі  сазды  даусымен  әкесінің ,басқа  да  ақындардың  өлеңдерін  оқитын.  «Поэзия  деген  керемет қой!» дейтін. Иә, сөз  жоқ , керемет!  Қазақтың   қара  сөзіне , жырына   не жетеді !

Оқи – оқи   белгілі  ақын  ағаларымыздың   өлеңдерін  жатқа  айтатын,тіпті  әңгіме  арасына  кірістіріп  қосатын   болдым .Жалғыз  мен  ғана емес ,  өткен  ғасырдың ( құлаққа  біртүрлі  естіледі , екі  ғасыр  куәсі  болу   қызық  екен) 80-жылдарындағы Алматыдағы қазақ   жастарының  дені  солай  болды. Сол  кезде  ауаның   өзі    проза  мен  поэзиядан  тұрды ма  деп те ойлаймын. Ал қазір ше? Екі  жастың  басы  қосылса  қолындағы ұялы  телефонның    қайдан, қалай  шыққанын(өзінің  жеті  атасын   дәл  солай  білмейтін  болар-ау) және  оны  қадір-қасиетін   құдды адамды мақтағандай  ғып   шарықтатады-ау.Немесе  интернеттегі  жаңалық , оны-мұны  дегендей  Әйтеуір  «Осындай  кітап  оқыдың  ба,  әлде   мына  өлең саған  қалай?»  деп  айтпайды.Бірақ  ренжи  алмайсың.Осы  ойымды  айтқан  кезде маған  бірде  балам  «мүмкін  компьютер, ұялы  телефон  болмағандықтан  кітап  оқыған  шығарсыздар. Басқа  ойларың  бөлінетін  ештеңе  болмағасын» деген.

Солай  болса , болар . Бірақ үйге баламның   мен  танымайтын  жолдасы  келе  қалса, «Абайды  оқыдың  ба? Ең  болмаса қара  сөздерін  ше? «Абай жолын» ше?»деп  сұрайтын әдетім  бар.Маған  салса бала  бақшадан  бастап,бүкіл  мектеп бағдарламасын қамтитын оқу  жүйесіне «Абайтану» деген пән  ендірер едім.Өйткені  Абайды оқымай  қазақтың  болмысын  білу  мүмкін  емес  секілді.

Бұрынырақта  адамдар  бір-біріне  хат  жазатын. Үлкен-кіші жаппай . Әлі  есімде бесінші  сыныпта  оқыған  кезімде   көрші  ауданда   тұратын туысымыздың менімен  құрдас    баласы  маған  хат  жолдапты . Хаттың басы «Халің қалай , ауданда  не  жаңалық  бар ?» деп  басталыпты.  Шамасы  не  жазарын  білмей   әкесінен сұраған , не  үйіне  келген  біреудің  хатын  оқыған  шығар  деп  ойладым.Қатты  күлгенім  есімде. Ауданның  мал  шаруашылығының  жетістігі   оған  неге  керек  екен  деп. Әйтеуір  ауа-райы  туралы  сұрамапты. Өйткені екі  ауданның  арасы  60  шақырым. Екеуміз хат  жазысатындай  қатты  дос  та  болған  емеспіз.  Осы  күні  ойлаймын бұл- хат   жазуға деген  қызығушылық  болар. Бір-бірін  ұнатқан  жас  та (тіпті   мектеп  партасындағы), алыста  жүрген  студент  те , әскерде жүрген  солдат  та , достар да  ,  ана  мен  бала да , туыс  та  -бәрі де  хат  жазатын . Хатты  жай  жазып  қана  қоймай , әр  кезде  әртүрлі  ғып  жазуға  тырысатынбыз. Осы  күні  ойлаймын бұл- хат  қана  емес, жалпы   жазуға ,әдебиетке деген құмарлық болар.

Қазақтың тіліне   не  жетсін! Білсем  деген  адамға  қиындығы болар.Үйренген   адамға   берері де,  үйретері  де көп.Қайсыбір  кезде  жазылған , қандай жазушы  қолынан  шыққан   шығарма , қандай  ақынның  жыры болсын   -  әрқайсысы  бір  дүние.Сынаған  кезде     жер-жебіріңе  жетіп,  кірерге  тесік  таптырмайтын да, мақтаған  кезде, Жаратқанның  өзі  кешірсін, сені  асқақтатып   жіберетін  де -осы  қазак  тілі.Тіліміз де  бай, оқырманымыз да, шүкір,  жетеді. Олардың қатарының әлі  де  көбейеріне сенімдімін .Сондықтан  қымбатты  жазушы ,қадірлі ақын, жазайық, жаза  берейік,шабытымызды  тежемейік.Өйткені  оқырмансыз  болмайсың!

 
0
316
0