Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
2
15:22, 18 мая 2013

«Жаныңда жүр жақсы адам»

Халқымыз қай заманда да өнерді алдыңғы орынға қойып, қастерлеген. Сегіз қырлы, бір сырлы өнер иелерін сыйлап, «өнер алды – қызыл тіл» деп бағалаймыз. Өнер адамдарын ардақтап, олардың қабілеттері мен дарындарын ұрпаққа үлгі етіп отыратын халқымыз «жаныңда жүр жақсы адам» деп көкірегі ояу, рухы биік, жүрегі таза тұлғаларды қашанда қолдап, мерейін арттырып отыруға игі ықпал етеді.

Осындай жаны жайсаң азаматтардың бірі – Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», өнертану докторы Арыстанбек Мұхамедиұлы.

1963 жылы 11 ақпанында Алматы облысы, Талғар ауданы, Тұздыбастау ауылында дүниеге келген Арыстанбек Мұхамедиұлы 1981 жылы А.Жұбанов атындағы Республикалық мамандандырылған музыка мектебін аяқтап, 1986 жылы Қазақ Ұлттық консерваториясын вилончель сыныбы бойынша, 1997 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқарудың Ұлттық жоғары мектебін, 2001 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеттің аспирантурасын тәмамдаған. Өмірінің көп жылдарын оқу-білімге, кәсіби шыңдалуға арнап келе жатқан ол әр жылдарда түрлі жауапты қызметтерді де абыроймен атқара алды. Атап айтқанда, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы Мемлекеттік симфониялық оркестрінің артисі, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрінің бас маманы, Мәдениет министрінің көмекшісі, «Гүлдер» мемлекеттік ансамблінің басқарушы директоры, Республикалық гвардия Президенттік оркестрінің бастығы, Мәдениет және ақпарат министрлігі «Республикалық және халықаралық мәдени бағдарламалар дирекциясы» РМҚК-нің атқарушы директоры, «Қазақ әуендері» АҚ-ның президенті, Мәдениет және ақпарат вице-министрі, Президент Әкімшілігі әлеуметтік саясат бөлімінің бас инспекторы, ішкі саясат бөлімі мәдениет секторының меңгерушісі болып жемісті қызмет атқарып, биік белестерден көріне білді. Саяси тұрғыдағы біліктілігі мен қазақ өнері үшін жасаған қажырлы еңбегі үнемі ел назарында.

Арыстанбек Мұхамедиұлы – басшылық, ұйымдастырушылық жұмыстардың басы-қасында жүре отырып, өзінің кәсіби деңгейін биіктетіп, өнерінің өріс алуына барынша талпынып жүрген талант иесі. Ол оркестрге арналған «Көктем», «Шаттық» сияқты марштардың, «Жайна, Астана», «Асыл сезім», «Достарым», «Елбасы», «Анажан», «Біздер, біздер», тәрізді әндердің, «Бақыт құсы», «Алматы таңы» вальстерінің, сонымен қатар бірталай музыкалық композициялардың авторы ретінде өнерсүйер қауымға, көпшілікке кеңінен танымал.

Жаны жайсаң, көңілі ашық азамат, халқымыздың ұлағатты ұлы ретінде ел мәртебесін асқақтатар ірі жобаларға қатысып, білімі мен тәжірибесін танытып келе жатқан өнер иесі ЮНЕСКО аясында Париждің штаб-пәтерінде өткен «Ұлы Жібек жолы» халықаралық фестивалінің, 2004 жылы АҚШ-тың Вашингтон, Нью-Йорк қалаларында өткен Қазақстан мәдени күндерінің, 2004 жылы Мәскеуде өткен Наурыз концертінің, 2005 жылы Астана қаласында өткен ШСҰ халықаралық фестивалінің, 2006 жылы Украинаның Киев қаласында қаласында өткен Қазақстан өнер шеберлері гала-концертінің, 2005 жылы Мәскеуде өткен «Біз-бір отбасы» гала-концертінің сценарист режиссеры, Санкт-Петербор қаласындағы Эрмитажда өткен «Көне қорған қазынасы – Алтын жауынгер» атты алғашқы көрменің ұйымдастырушысы, «Ұлт театры» атты Қазақстандағы алғашқы кәсіби қоғамдық театрдың көркемдік жетекшісі, көптеген фестивальдердің, форумдардың салтанатты ашылулары бағдарламаларының авторы және режиссері ретінде де аятарлықтай еңбек етіп келеді.

2008 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры болып тағайындалған соң, білікті басшы, шебер ұйымдастырушы ретінде білім ордасында көптеген іргелі істерді қолға алғанын көзіміз көріп келеді. Ректорымыздың қазіргі заманғы халықаралық тәжірибені терең меңгергенінің арқасында өнер мамандарын даярлауда академияда жоғары оқу орнынан кейінгі ғылыми-практикалық орталық, шығармашылық лаборатория және академияның өзге де құрылымдық бөлімшелері ашылды.

Арыстанбек Мұхамедиұлы жаңа заман талаптарына сай көзқарасы бойынша академияны оқытудың дәстүрлі түрінен қазіргі заманғы кредиттік оқыту технологиясына көшіруі оқытушылар құрамы мен білім алушыларға жақсы жағынан, оң әсер етті. Жаңа жүйеге бүгінде үйреніп, қалыптасып қалдық.

2010 жылы академияның Халықаралық аккредитациядан сүрінбей өтуі, жұмыстарымыздың жақсы бағаланғандығы басшымыздың жұмысты дұрыс ұйымдастыруының, белсенділігінің бір белгісіндей. Оның бастамасымен білім ордамызда алғаш рет Рһ.D докторантура ашылды. Академияда отыз жылда болмаған өнер мамандықтары бойынша диссертация қорғау жөніндегі Диссертациялық кеңес жұмыс істей бастады.

Бүгінде шәкірттердің шет елдерге шығып, білім алуына, туған еліміздегі білімін әлемдік өнер және білім-ғылым ордаларында толықтыруына, ал оқытушы-профессорлық құрамның, магистранттар мне докторанттардың дүниежүзілік үздік шеберлерден тәжібибе жинауларына қолайлы жағдай жасалып, оған арнайы қаржы бөлініп отыр. Жас дарындар мен өнерпаздардың елімізге елеулі, халқымызға қалаулы, Отанымызға опалы болуы үшін басшымыз үлкен үлес қосуда. Жас ұрпақтың бойындағы дарынды ашып, оны жетілдіріп, халыққа танытуда, шығармашылықтарының дамып, өріс алуына әсер етуде.

Айта кетерлік жайт, бір ғана 2011-2012 оқу жылында Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы Израйльдің Иерусалим музыка және би академиясымен, Бецалель өнер академиясымен, Әзірбайжанның Ұлттық архитектура және өнер академиялық институтымен, Германияның Аахен атындағы қолданбалы ғылымдар университетімен, Жапонияның Мусачино атындағы өнер университетімен, Ұлыбританияның Равенбурн университетімен, Польшаның Шығыстану   институтымен түрлі келісім шарттар жасап, тығыз қарым-қатынастар орнатты. Осы халықаралық, еларалық байланыстардың орнауына Арыстанбек Мұхамедиұлының көп күш-қайраты, қажыры мен жігері жұмсалды. Басшымыз іскерлік тұрғысынан танылды.

Сабырлы мінез, сырбаз қалпынан, қарапайымдылығынан айнымайтын, адамгершілігі мол, жүрген ортасына сыйлы, мейірімді де қайырымды басшы қашанда әділет жолында. Академиядағы әрбір жанға – мейлі, ол студент болсын, оқытушы-ұстаз болсын, тіпті техникалық қызметкер болсын, бәріне бірдей жылы амандасып, күлімдей қарап, олардың ұсыныстары мен талап-тілектерін, өтініштерін тыңдауға дайын тұрады.

Осы ретте Сүйінбай Аронұлының:

Жақсы адам – елінің серкесіндей,

Халқының қалын жүндей көрпесіндей.

Жақсы болар баланың жүзі жылы,

Орыстың күймей піскен бөлкесіндей.

Жақсының айтқан сөзі тиянақты, Түйенің аумайтұғын өркещіндей,

Жақсыға үлкен-кіші бәрі жақсы,

Жасынан бірге өскен еркесіндей, –

деген жолдары ойға оралады. Бекзат болмыс, тектілік адамды қашанда биік көрсетеді. Биіктігі де, тереңдігі де, кеңдігі де бір басынан табылатын жандар жеткілікті. Жүрген жеріне шапағатын сеуіп жүретін, халық даналығындағы «Жақсы адам жай келеді, жан-жағын байқай келеді» дегендей, қасиетке ие жақсылар бар. Осындай жақсы адамдар – қоғамның, заманның қаһармандары.

Маңымыздағы аз сөйлеп, көп жұмыс атқаратын, қарамағындағы қызметкерлерінің қарым қабілетін байқап, соған сай жұмыс атқаратын, білімді де ақылды басшы – Арыстанбек Мұхамедиұлы дәл осындай жақсы адам. Ердің жасы – елуге толып жатқан оған зор денсаулық, жаңа шығармашылық табыстар, отбасына баянды бақыт тілейміз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп айтқандай, білікті де шебер басшы, ғалым, сан қырлы дарын иесі жайында қысқаша осылай тоқталдық.

       

Гауһар Алдамбергенова,

Педагогика ғылымдарының

Докторы, профессор,

Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер Академиясының

оқу және Оқу-әдістемелік

жұмыстары жөніндегі проректоры

   
2
33375
0