«Туған өлке» – жер қадірін ұғындырар жоба

Агентство Хабар May 15, 2013
3307
0
6
0

19 мамырдан бастап «Ел арна» «Туған өлке» атты жобаның тұсауын кеседі. Осымен екінші рет қалың көрерменге жол тартатын бағдар­ла­маның халыққа, өскелең ұрпаққа берері мол.

19 мамырдан бастап «Ел арна» «Туған өлке» атты жобаның тұсауын кеседі. Осымен екінші рет қалың көрерменге жол тартатын бағдар­ла­маның халыққа, өскелең ұрпаққа берері мол. Бағдарлама барысында елімізге та­нымал бірқатар азаматтар туған жеріне сапар шегіп, өткен күн, балалық шағы­мен қауышады. Туған өлкенің қадірін жете түсіну үшін, оны әрбір адам­ның санасына сіңіру үшін тү­сіруші топ аянып қалған жоқ.

Соңғы кездері отандық телеарна­лар патриоттық рухты жаншитын бағдарламалар легін ұсынып келеді. Әрине, жас ұрпаққа бағыт көрсетіп, Отан-Ананы сүюге баулитын бағ­дар­ламалардың көбейгені жөн. Себебі төрден орын тепкен теледидар бұл күнде баланы тәрбиелеуші басты құ­ралға айналды. Осы орайда кең байтақ қазақ жерінің әрбір тасының, тауы мен суының, орманының қадірін әс­петтейтін жобаларды көптеп ұсын­сақ, баланың санасына жақсы әсер етері­міз айқын.

Қаланың қауырт тіршілігіне шыр­малып, ауыл-аймақты, туған жерді жа­дымыздан шығаратынымыз бар. Ал­тын бесігіміз ауылдағы ағайынның әң­гімесін тыңдап, бала күнгі достар­мен шүйіркелескің келетін сәттер бо­лады кейде. «Туған жерге туың тік» деген сөз бар қазақта. Батыр болайық, ақын болайық, дана болайық, патша болайық – әрбіріміздің туған жерге деген махаббатымыз шексіз, пейіліміз ерекше. Өйткені өзің туып өскен өлке анаңдай қымбат, анаңдай асыл, ана­ның алақанындай ыстық. Сұлу сөзден сүбелі ой тудырған жазушы Ғабит Мү­сіреповтің «Елің үшін мақтан, елің үшін қайғыр» деген қанатты сөзі бар. Атақ пен абыройға бөленіп, халықтың ыстық ілтипатына ие болып жүрген ел азаматтары туған жер туралы кеңінен сөз қозғайды. Елі үшін мақтанады, туған өлкесінің тарихымен кеңінен таныстырады. «Туған өлке» жобасы­ның жалпы сипаттамасы осындай.

Асхат САДЫРБАЙ, «Туған өлке» жобасының продюсері:

Жоба арқылы Патриоттық рухты оятқымыз келеді

– Асхат, бұған дейін «Туған өлке» жобасының алғашқы маусымы көр­сетілген еді. Биылғы жаңа маусымның ерекшелігі мен айырмашылықтары қандай болмақ?

– Бұл «Ел арна» телеарнасының төл жобасы болғандықтан, тұжырымы өзгеріске ұшырамайды. Танымал адам­дар, ел алдында жүрген азаматтар ту­ған ауылына барып, ағайын-туыс­пен сырласып, көрерменге белгісіз қыр­ларын аша түседі. Туған ортасы мен ауылы жөнінде тың деректер айтады. Алдыңғы жоба қазақ және орыс тіл­де­рінде жүргізілген еді. Ал бұл жолы бағ­дарлама тек қана қазақ тілінде жүр­гізіледі. Тағы бір ерекше­лік, бұған дейінгі жобада бір бағ­дар­ла­мада екі кейіпкерді көрсетсек, жаңа бағдар­ла­малар тұтастай бір адамға ар­налады. Өйткені бірінші маусымда бірқатар дүниелер эфирге шықпай қалған еді. «Туған өлке» бағдарламасы ешбір әсірелеу, жасандылықсыз таза, таби­-ғи қалпында түсірілді. Телевизия тілі­мен айтқанда бағдарлама бары­сында реа­лити-сәттер көп. Жобаға кейіпкер ретінде таңдалған адамның ауылына басқан қадамдары, оның қуанышы мен сағынышы, күйзелісі мен тебіреністі сәттерін түгел дерлік қаз-қалпында беруге тырыстық.

– Жоба барысында Қазақстан­ның барлық аймақтарын қамтыды­ңыздар ма?

– Алғашқы маусымда еліміздің барлық аймағын қамтыдық. Жаңа маусымда тұтастай Қазақ жерін қамту қиынға соқты. Біріншіден, жоба айна­ласы 16 топтаманы құрайды. Екінші­ден, шалғай аймақтардағы ауа райы­ның қолайсыздығынан түсірілу жұ­мыстарын жүргізу оңайға соқпайды. Оның үстіне, уақыт тығыз болғандық-тан жобаға қатысуға келісіп, уақыт тапқан кейіпкерлердің ауылын аралап, бағдарламаға арқау еттік.

– «Туған өлке» жобасының негізгі мақсаты қан­дай?

– Ауылда теледидар алдында отыр­ған қазақтың қарадомалақ баласы бағдарламаны тамашалай отырып, «мен де ертең елге еңбек ететін, қазақ халқына пайдам тиетін, елге танылған абыройлы азамат бола алады екем. Ауылда отырған мен де Астананың төрінде отыратын азамат болады екем» деген ой қалыптастырса екен деген үмітіміз бар. Яки жобаның басты мақ­саты – танымал азаматтардың өмірі мен ауылын баяндау арқылы тұл­ғаны қалыптастыру. Сонымен қа­тар сая­сат­та беделі бар, тіл үшін шыбын жаны шырылдап жүрген, халықтың ықы­ла­сына бөленген азаматтардың барлығы да ауылдан шыққанын, бар­лығымыз сияқты қарапайым бала бо­лып, асық атып, қой бағып өскенін көр­сеткіміз келді. Осы бағдарлама ар­қылы кейіп­керлеріміз балалық шаққа саяхат жа­сап, ауылда қалған ағайын­да­рымен, ата-әжелерінің көзін көр­ген аза­мат­тарымен тілдесіп келді. Әр жек­сенбі сайын «Ел арнадан» кешкі 21:50-де бағдарлама көрерменмен қауы­­ша­ды.

– Жобаны түсіру барысында қы­зықты сәттер болған шығар...

– Сәкен Майғазиевтің дүниеге келген ауылы қазіргі ауылынан 120 ша­қырым қашықта орналасқан екен. Өкінішке қарай, сол ауылдағы үй бұ­зы­лып қалған. Сәкен аға үйдің ор­нын кө­ріп, көзіне жас алды. Әнші аға­мыз «Тү­сімде әкемді осы үйде көремін» деп бір тебіренді. Әкесіне, өткен ата-баба­ла­рына Құран бағыштап шықты. Тіл жанашыры Асылы Осман апайымыз Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түлкібас ауданында дүниеге келіп, тәр­биеленген. Жастайынан қой бағып, аттың құлағында ойнаған. Біраз жасқа келсе де Асылы апай аттан сескенбей, бір шауып өтіп, балалық шағын, қой баққан кездерін еске түсірді.

Мұрат ӘБЕНОВ,Білім және ғылым вице-министрі:

– Бір қуантарлығы, бағдарлама­ның айналасында жүрген түсіруші топ өз ісінің шынайы мамандары екен. Барлығы да қазақтың қарапайым ба­лалары, кәнігі мамандар. Журналис­тер­мен бірге ауылға барып, перзент­ханадағы дәрігерлер, Қармақшыда тәлім-тәрбие берген мұғалімдермен бірге кездесіп, ауылдағы азаматтар­мен, тұлға ретінде қалыптасуыма әсер ет­кен ағалармен тілдесіп қайттым. Әдет­те, қаланың тіршілігінен қол бо­самай, ауылға жол түспейді. Бағдар­лама ар­қылы өткенге оралып, біраз жайтты еске түсірдік. Жобаның басы-қасын­-да жүрген азаматтарға айтар алғы­сы­мыз шексіз. Бағдарлама әлі көрсетіл­ме­се де, біздің алған әсеріміз мол. Шы­ны керек, «Туған өлке» көңіл те­бірентіп, ойға бөлейтін бағдарлама болатын сияқты.

Асылы ОСМАН, қоғам қайраткері, тіл жанашыры:

– Бағдарламаның аты жақсы. Аты затына сай дүние болса екен деймін. Әркімге туған өлкесі қымбат. Бағ­дар­лама арқылы балалық шақты еске тү­сіріп, қой бағып, аттың үстінде жүр­ген кездеріме оралдым. Ерекше тебіреніс­те болдым. Ауылдағы көп азаматтар­дың көзі тірі болмаса да, біраз аза­мат­тармен тілдесіп, шүйіркелесіп қайт­тық.

Жуырда 86-жастағы бір апа­мыз «Туған өлке» жобасы туралы жар­нама беріп жатыр, өте әсерлі, ой салар бағ­дарлама болатын сияқты» деп ойын жеткізді. Яғни жобаны қызықтап кө­ретін көрермендер жеткілікті. Осы­ның өзі жұбаныш. «Туған өлкені» көру арқылы жас ұрпақ ойланса екен дей­мін. Онсыз да тәрбие жағы кемшін бо­лып тұрған кезде осы бағдарлама арқылы өскелең ұрпақтың бойында ту­ған жерге, Атамекеніне деген сүйіс­пеншілігі оянса, елін сүйсе жақсы емес пе?

Сонымен 19-мамырдан бастап көрермен қауым балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған «Туған өлке» жайында қызықты жобаны тамашалай алады. Жоба арқылы тың ақпараттарға қанығып, тебіреністі сәттерге куә боламыз. Мұхасан Шаһзадаев, Сәкен Майғазиев, Қарақат пен Қыдырәлі сынды әншілердің, Айгүл Мүкей, Дана Нұржігіт, Мұрат Әбенов пен Асылы Осман сынды елге танымал азаматтардың туған өлкесі, балалық шағы, қызықты өмірі туралы білгіңіз келсе, Ел арнаны қосыңыз!

Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ

http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=20447&Itemid=2

Оцените пост

5