Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
07:39, 09 апреля 2013

Мағжан мен Сәкен

1924 жылы 24 қарашада Мағжанның Ташкентте (1923) шыққан өлеңдер жинағын талқылау болды. Мағжанның өзі шақырылмаған. Жинақтың алғысөзін жазған Сұлтанбек Қожанов: «...Мағжанның өлеңдерінің ішінде кез келетін, марксизм дүниетануына ұқсаспайтын жерлерін оқушылар көре сала үрікпей, көркемдік жағына, суреттеу жағына көбірек көз салу керек» деп, бас баяндамашы Н.Төреқұловқа сөз береді.

Blog post image

Ол: «Саясат жағынан Мағжан қазақтың кеңес топырағына отыратын адам емес. Мағжанның өлеңінде қазақтың шаруашылығына, әдебиетіне, саясатына үлкен қарсылығы бар. Сондықтан ішін ашып тексермей, мынау әдебиет деп қабыл ала берсек, барлық идея – коммунистік ниеттен айрылып қаламыз. Мағжан ақын, бірақ қазақ ақыны емес, қазақтың тұрмысынан айырылған ақын... Мағжанның ұстаған беті, негізгі пікірі түрік атағын көтеру, түрікшілдікті (пантюркизм) тарату. Бұл бет қазақ еңбекшілерін оңға бастыратын бет емес, ірітетін, теріске бастайтын, төңкеріс жолынан адастыратын бет. «Күншығысым», «алашым», «қазағым» деп жырлағанда Мағжан қазақтың байының, бұрын билеп-төстеген ханының, би-болыстарының қамын қайғырады, соларды жырлайды». Ал қабылданған 4 бапты қаулыда Мағжанның «жұмбақты өлеңдері газет-журнал беттеріне тексерусіз басылмасын. Әдебиетке көркемдік, сыршылдық, суретшілдік» кіргізеді деп адаспасын. Мағжанның саяси жолы қазақ еңбекшілеріне зиянды екендігін есімізге алып, Мәскеудегі жастар қырдағы бұқара еңбекшілеріне толық түсіндіруге міндеттіміз деп білеміз. Басқа жерлердегі жастарды да осы іске шақырамыз». Бұл қаулылар Орта Азия республикаларының ұлттық бөлшектенуі басталған шақта шықты. 
Қаулы арқылы идеологиялық талқыға түсіп, бүкіл елдің алдында «масқара» болған Мағжанның кейпін, Сәкен де бір жылдан кейін киді. 1924 жылы Мәскеуде жазылған Нәзір Төреқұловтың «Жаңа әліпби неге керек ?(4-бет)» пікірін оқиық: «Сәкен партияның тұтқан жолынан хабарсыз надандығынан «Азияны» жырлайды. Мағжан болса феодализм қараңғылығы көзін басып, соқырлығынан «Алтайды» жырлайды». 
Түркістан республикасы таратылып, Сырдария, Жетісу облыстары Қазақстанға қаратылды. Астанасы Ташкент Өзбекстанның астанасына айналды.
1925 жылы Сәкен Совнарком председателдігінен алынды. Астана Қызылордаға көшті. Қазақстан өлкелік партия комитетінің хатшылығына Сұлтанбек Қожанов сайланды. 1929 жылы Сәкенді арнайы Ташкенттен алдырып, Голощекин «көз алдында» жүрсін деп шақырып алып, жұмыссыз сенделтті, «партчисткадан» өткізді. Ғабең айтуынша: Сәкенді 500- 600 адам сиятын залда талқылағанын Бас айыптаушы Ғ.Тоғжановтың іске алғысыз сынағаны. (Сөзі жоғарыда Мағжанға айтылғанның көшірмесі болғандықтан тоқталмадық). Бір кезде залдағы 600-700 адамдардың ереуілдеп тұрып кеткені, Ғ.Тоғжановтың өзін залдан қуғанын айта келіп: «Мен Сәкеннің халыққа сонша жақын екендігін, Сәкенге деген халықтың терең сүйіспеншілігін көрдім»,- дейді. 
Іле өткен сиезде тағы қайталанғанын Сәбит өз көзімен көреді. Сиезді жүргізуші Ізмұқан Құрамысов Голощекинді шақырады. Көтеріліп кеткен жұрт Голощекинге де бой бермейді. Сәкенді партиялық тазалауды сылтау қылып, партиядан шығарып бір, ақын-жазушылығын жоққа шығарып екі масқаралағысы келген Голощекин және оның төңірегіндегілердің арамза ойын жиналған халық жүзеге асыртпай тастайды. Хамза Есенжановтың да Сәкенді «сауыт киген ұл» деуі де осыдан болар. 
Ұлттық интеллигенцияның арасына Мәскеудегі ресми орындар осындай қарсы пікірлер мен алауыздық туғызды. Екі ақынның жазғандарын қалт жібермеді. Сол сияқты, екеуінің жазатын тақырыптары мен адамгершілікке үндеген ойларындағы ұқсастықты да пайдаланып қалуға тырысты. Сәкен мен Мағжанның тағдырлары Омбыда тоғысып, қазақ жастарының ұйымын бірге құрып, Сібір кештерінде жастық шақтың думанды күндерін «тай-құлындай тебісіп» бірге өткізген. Сәкенге: «Сенен бұрын бұл тақырыпты Мағжан жазған», «Мағжаннан үйрене тұр» секілді «саясаттың шоуын» жасап сүзістіруге қанша тырысқандарымен, бірақ араларына сына қаға алмады. 
С.Сейфуллин мұражайында Орынборда Сәкен Сейфуллиннің бұрыштама рұқсатымен шыққан тұңғыш кітаптардың библиографиялық көрсеткіші бланк құжат бар. Тізімде Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» оқулығы енген. Алғысөзді «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы, Сәкеннің орынбасары Молдағали Жолдыбаев жазған. Мағжанның кіріспе сөзінде «Бұл кітап Қызылжар қаласында 2-3 жыл бұрын қысқа мерзімдік мұғалімдер курсында оқылған дәрістерден түзілген еді» дейді. 
Өмірлерінің ақырғы сәтінде, дәлірек айтқанда, 1937 жылы Мағжан аға қастарына барғысы келетінін білдіріп: «Жолдасым Сәбит!» деп басталатын хат жазса, осы жерде Зылиқа апайдың айтуына сүйенсек: «Кел, жет» деген құстай ұшып келген хабар қолға тиісімен, жолға тез дайындалдық. Келген күні Мағжанның өтінішімен Сәкен ағаның үйіне түстік, бір күн сонда қонып, екінші күні Сәбиттің үйіне бардық» дегені; Гүлбаһрамның Сәкен ерекше қобалжып, даярланғанын Мағжанмен сағынышты жүздесу сәттері Жайық Бектұровқа, Тұрсынбек Кәкішевке айтуымен хатқа түссе, Сәбеңнің өзі «Есею жылдарында» жан-жақты тоқталады. Ал Мәскеудегі «Орталықты» шошытатын Мағжан мен Сәкеннің жастарға әсер-ықпалы, екеуінің де өлеңдерін жастардың жатқа айтатыны. Жүсіпбек Елебековтің жары Хабибадай 97 жастағы әз анамыз Мағжанның 36 өлеңін жатқа айтатынмын десе (қазір де 5-6 өлеңін нәшіне келтіре образға еніп айтады), Кәкімбек Салықов Сәкеннің «Көкшетау» поэмасын әнге қосатындарын айтумен келеді. Халықаралық ахуалдың ушығып тұрғанын қос ақын қалай сезініп алаңдады және қалай жырға қосты десек, Сәкен «Азия (Европаға)» өлеңінде саясат майданында Гаага, Лазоннада Азия елдеріне, әсіресе Түркияға қысым жасап, реті келсе, бөліп алмақ болған «өркениетті, мәдениетті» Европаның пасық пиғылдарын:
Борсықтай дүниені сора бермек,
Бұл күнде қу Европа жанталасқан,
Күштілер әділдікке қарамаған
Әлсізді тірі жеуге қамалаған.
Үйірлі бір топ қорқау Лазоннада
Арбасып бірін-бірі шамалаған,- деп зорлық-зомбылыққа үйренген Европаны әшкерелесе, ал өлеңнің мына жолдарында: Қой бауырым, әлде болса тас болма!
Бүліншілік, жауыздыққа бас болма!– деп адамшылық келісімге шақырады. Түріктер империалистерден зорлық-зомбылық көріп жатқанда Мағжан да:
Алыста ауыр азап шеккен бауырым,
Қуарған бәйшешектей кепкен бауырым.
Қамалған қалың жаудың ортасында
Көл қылып көздің жасын төккен бауырым. 
«Түркістан ер түріктің бесігі ғой» деп бірлікке, ұйымдасуға шақырып, Түркістанға жинағысы топтастырғысы келсе, Сәкен «Гаага, Лазонна деген қалаларда биыл Европаның қазіргі жалмауыз сұм-сұғанақ үкіметтері Азия-Күншығыс елдерін талан-таражға салғысы келіп кеңескен деп, таза саясат тілімен жеткізеді. Әрі өзі Азия мен Түркияның жақтаушысы екендігін де жасырмайды:
Көп қорқау сыртынан жүр тісін қайрап,
Борсықтар жорғалап жүр іші қайнап,
Інінде қара жылан жатыр бұғып, 
«Шақсам» деп, аңдып сені, көзі жайнап,- деп Сәкен сақтыққа, саяси қырағылыққа үндейді. 
«Азия» (Европаға), «Қара бүркіт» өлеңдері басына қара бұлт үйіртті. 1923 жылы Қазақстан коммунистерінің ІІІ конференциясына РКП(б) Орталық Комитетінің өкілі Е. Ярославский Сәкенді «ұлтшыл» һәм «азияшыл» деп сынады. Қос ақынның өлеңдерін аударып берген қазекемдер осылай «Ұлы шовинистік державаның» қолшоқпары болды. Кейін Голощекин, Ежов тұсында ол шоқпарды оңды-солды сілтеді. Сәкен халықты сыртқы саясаттан хабардар ету мақсатында бірнеше публицистикалық шығармалар жазды. Соның бірегейі - «Түркия». Көп қорқаудың қамалаған ортасында отырған Түркия мемлекеті кемеңгер көсемінің арқасында алпауыт мемлекеттердің қатарына қосылды. Мұстафа Кемал Өзтүрік – ұлтын шын сүйетін ұлтжанды азамат. Мемлекет ісі басшыға байланысты гүлденеді не құрыдымға кетеді деп саяси батыл қадамдарына талдау жасайды. Қазақтың бағына өзі пір тұтқан Мұстафа Кемалдай мемлекет басшысы керек деген батыл ой түрткі салып тұр. Біз де сондай Ататүріктей қазақ деп қаны ойнаған, жүрегімен езілген кемеңгер басшы жоқтығынан болашағымыздың бұлыңғырланып бара жатқаны терең аңдатады. 
Алаңдаушылығы да қате кетпеді. Қаралаудың айла-амалына айналған национализм (ұлтшылдыққа), пантюркизм (түрікшілдік), паназиатизм (азияшылдық) оған панисламизмді (исламшылдық) қосақтап, түрлі қаралаумен қаулы-қарармен Түркістанды тұншықтырды, Қазақстанды бұқтырды. Қазір сансыз атаудағы «ислам террористері» түрінде жаңғыртылып, Европаға қауіп төндіріп тұр деген желеуімен Европа-Батыс ойларына келген лаң істерін әлі де жүзеге асырап жатыр. 
Мағжанның «Күншығысы», Сәкеннің «Азиясы» ұлышовинистік державаны тітіркентті. Мағжан өлеңіндегі «Батысқа батқан күн қайта шықпас» деп пессимизмге еріксіз бой алдыртса, Бауыржан Момышұлының мына сөзі Мағжан көңілін былай сейілтті: «Күннің шығыстан шықпағы заңдылық». Күншығыс (Мағжанша) –Азия, (Сәкенше) – «Адам ата» бесігі, адамтануды, адамгершілікті жырлаған Шығыстың жеті жұлдызының Отаны. Мағжан, Сәкен – оның ұлтжанды, ақынжанды қос ұланы. 
Назгүл Сапиянова,
С. Сейфуллин мұражайының ғылыми қызметкері

 
0
1663
1