Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 772 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
23:17, 08 апреля 2013

ҚАЗАҚСТАН-ИРАН ҚАТЫНАСТАРЫ (ЖАЛҒАСЫ)

2Қабысатын көзқарастар мен алшақ ұстанымдар

Қазақстан мен Иранның аймақтық және жаһандық деңгейдегі көптеген мәселелерге қатысты ұстанымдары бір біріне жақын немесе ұқсас болып келеді. Аймақтың қауіпсіздігі, онда болып жатқан үдерістер, терроризм және экстремизммен күрес, есірткі саудасы мен тасымалы, сондай-ақ Азиялық немесе жаһандық деңгейдегі кейбір мәселелерде бір-біріне қолдау беріп, ортақ ойлар ұсынып жатады.

Ауғанстанда бейбітшілік орнату екі елді де жақындастыратын ортақ мәселердің бірі, өйткені бұл елдегі ішкі жағдай Қазақстан мен Иранның қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан екі елдің де басшылығының Ауғанстандағы жағдайға алаңдап, ондағы экстремистік топтарды қарусыздандыру, гуманитарлық жәрдем, есірткі плантацияларын жою, халықтың сауатын ашу сияқты мәселелерде бір шешім табуға тырысатыны түсінікті.

Байырғы Жібек жолын қайта жандандыру арқылы Қытай мен Батыстың арасын құрлық арқылы жалғап, халықаралық транзит жолы ету де екі елдің мүддесін жақындататын тақырыптардың бірі. Себебі,  Қытайдан шығып Орталық Азиямен өтіп, Иранды кесіп (немесе Парсы шығанағына) Түркия арқылы Жерорта теңізі мен Оңтүстік Еуропаға апаратын жолда тасымалданатын тауардан түсер қырауыр қаржы екі елдің де бюджетін қомайтатыны, халқына қосымша жұмыс көзін ашатыны, түрлі инфрақұрылымдардың дамуына септігін тигізетіні анық. Тек бұл ғана емес, сонымен бірге Ресей мен Парсы шығанағы арқылы Араб әлемін және Оңтүстік Азияны да темір және тас жолдар арқылы жалғау да Астана мен Тегеранды бірге қимылдататын мақсаттардың бірі. Каспийдің Қазақстан мен Ресей жағында өндірілетін мұнайын Иран арқылы тасымалдап, халықаралық базарға саудалау да екі елдің басшылығын жұмылып әрекет етуге итермелейді.

Ислам елдеріндегі тұрақтылық, Палестина мәселесін шешу, Таулы Қарабақ бойынша бейбіт келісім орнатудың жолын табу тсс тақырыптардың Астана мен Тегеранның сыртқы саясат ведомостваларының айналысып отырған ортақ проблемалары ретінде көрсетуге болады.

Алайда алшақ көзқарастар да жетерлік. Каспий мәселесі, уран байыту, мемлекеттің басқару құрылымы, түрік бірлігі тб мәселелерде екі елдің ойы екі жаққа айырылады...

Каспийдің құқықтық статусын анықтап, шекараларды белгілеп алу мәселесінде екі елдің көзқарасы бір-біріне қайшы келіп тұрған басты проблема. Кезінде КСРО мен Иран арасында 1921 және 1940 жылдары Каспий туралы келісім жасалған болатын. Ол бойынша халықаралық заңдардағы «трансшекаралық көл» статусына ие сулар сияқты Каспийді «Астара - Гасан-Кули» сызығы бойынша екі ел бөлісіп алды, сөйтіп, «көлдің» 13% Иранға, қалғаны КСРО-ға тиесілі болып, бұл жерде тек осы елдердің ғана кемелерінің жүруіне рұқсат етілді. Сондай-ақ, балық аулау сияқты теңіз суының биоресурстық байлығын пайдалану еркіндігі де сақталды (тек бір елге тиесілі жағалаудың 10 мильіне дейінгі аймағына енуге болмайды).

Дегенмен, КСРО ыдырағаннан кейін ол құжаттың күшін жойып жаңа келісімге келу төңірегінде каспийді қоршаған бес мемлекет бір шешімге келе алмай отыр. Сонау 1992 жылдан бері жалғасып келе жатқан келіссөздерде, әр ел әртүрлі ұсыныс айтып, бәрін де қанағаттандыратын ортақ мәміле табу зорға айналды. Осыны байқаған кей сарапшылар, Каспийдің құқықтық статусын анықтау мәселесі қарулы қақтығысқа да алып баруы мүмкіндігін ескерткенді. Тіпті, Иран мен Әзербайжан және Түркіменстан мен Әзербайжан арасында кішігірм «ескерту» ретінде атылған оқтың да дауыстары естіліп қалды. Әрине, мұнай мен газға бай теңізден көбірек қарпып қалу, болмағанда өзінің есесін алып қалуға тырысудың Каспийді қоршаған барлық мемлекеттердің мақсаты екені анық. Әзірге Қазақстан, Ресей және Әзербайжан арасында бұл мәселеде ортақ мәміле жасалып, үш ел араларындағы бұл дауды шешкендей әсер қалдыруда. Дегенмен, Иран мен Түркіменстанның бұл келісімдегі шарттардан бас тартып қана қоймай, барлық бес мемлекет қол қоймайынша ешқандай мемлекеттер арасы келісімдерді мойындамауы жағдайды күрделі қалпында сақтап отыр.

Бастапқыда Иран тарапы КСРО-дан қалған келісімді сақтап қалуды ұсынған, алайда ондай жағдайда өзіне аз ғана территорияның тиетінін ескеріп көп ұзамай бүкіл теңізді теңдей етіп беске бөлуді ұсынды (мұны Түркіменстан да қолдағанды)... Ресми Тегеран тоқсаныншы жылдардың орасында, тіпті, «Каспийдің 50% өзіне тиесілі екенін, өйткені кезінде КСРО мен жасалған келісім бойынша екі елдің теңізді теңдей бөлгенін, сондықтан бүгін оның етегінен шыққан елдердің қалған 50% өзара бөлісу керектігін» ұсынғанды. Бірақ, мұндай ұсыныстың ешқашан қабылданбайтынын ескеріп, қайтадан бастапқы 20%-дан бес елге теңдей бөлісудің дұрыстығын қорғауды жалғастыруда.

Алайда бұл ұсынысқа теңіздің бойын алып жатқан территориясы 20% көп Қазақстан тарапы келіспейді. Теңіз бойындағы территориясымен және бұрынғы Одақтас республикалармен арадағы шекара бойынша есептегенде Қазақстанға Каспийдің 27% пайызы қарайды, сондықтан Астананың Тегеранның ұсынысына келісіп 7%-ды басқа төрт мемлекетпен бөлісе салмайтыны анық. Астана тарапы Каспийдің қайраңын әр ел алып жатқан территориясына сәйкес бөліп, жерінің астындағы минералды ресурстардың сол мемлекетке тиесілі қалуын, ал суы мен биоресурстарды ортақ пайдалануды (жағаға дейінгі белгілі бір қашықтықтан басқа) және экологиясы үшін де бірдей жауапкершілік алуды ұсынып келеді (Қазақстанның Ресей және Әзербайжанмен арадағы келісімдері осы негізде жасалған).

Өткен ғасырдың соңында шешілместей болып көрінген Капийдің құқықтық статусын анықтау мәселесінде жаңа дәуірдің басынан бастап біршама оң өзгерістер байқалып, «сең бұзылғандай» болды. Оған әрине әлемде қара алтынға деген сұраныстың күрт өсуі, бағасының шарықтауы, жаһанда және аймақта болып жатқан геосаяси өзгерістер өз ықпалын тигізді. 2007 жылы Тегеранда Каспийді қоршаған елдердің алдымен сыртқы істер министрлері, артынан президенттері бас қосып, ортақ Декларацияға қол қойды. Ол құжатта теңіздің құқықтық статусын анықтамағанымен, биоресурстарын пайдалану, экологиясын жақсарту сияқты бірқатар өзекті мәселелер қарастырылған. [6],[7],[8]

Уранды байыту бойынша ұстанымда да екі елдің көзқарасы бір біріне қайшы келеді. Жалпы 2012 жылға дейін Қазақстан жағы Иранның уран байыту бағдарламасына «бейтарап» болып келген еді, алайда сол жылы Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың Сеулде өткен конференцияда Тегеранның бұл ойына қарсылығын айтқан болатын. Елбасы кейін Германияда да бұл мәлімдемесін қайталады, осылайша елдің Тегеранның уран байытуға қатысты ресми көзқарасы ашық айтылды. Сондықтан уран байыту Қазақстан мен Иранның арасын алшақтатын екінші проблема болып отыр.

Иран мен Қазақстанды алшақтатын тағы бір үлкен мәселе бар, ол түрік халықтарының бірлігі... КСРО ыдырап, оның құрсауынан босап шыққан Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдағы түрік тілдес халықтармен қарым қатынасты жандандырған Түркия, аймақтағы Иранның байырғы «бәсекелесі». Бауырлас халықтардың арасындағы байланыс тереңдеп, түрлі мінберлерде, баспасөз беттерінде кей кейде айтылып қалатын Түрік одағы, конфедерациясы, ежелгі Тұранды қалпына келтіру сияқты ойлар Тегеранды алаңдатары анық. Өйткені Иранның Каспий жағалауында әзербайжандар мен басқа да түрік халықтары тұрады (ресми емес мәліметтер бойынша Иранда 20-30 миллион көлемінде түрік халқы бар), алайда мемлекет парсылардың идеологиясына негізделгендіктен, бұл ел түрік халықтарының одағына қарсы, одан аулақ тұруға тырысады, қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін деп сескенеді. Сондықтан «түріктік» деген сөзге сынмен қарайды, ал ресми Астана сол түріктіктің әзірге «белсенді» ойыншыларының бірі болып отыр.

Екі елдің арасында туындауы мүмкін тағы бір мәселе дінге деген көзқараста туындайды. Иран - шиилік бағыттағы шариғатқа арқа сүйейтін діни мемлекет және режимді сыртқа таратуды, жаюды көздейтін төңкерістің алғашқы жылдары (құдды төңкерістен кейін коммунизмді жюды көздеген КСРО секілді). Тіпті сонау тоқсаныншы жылдардың ортасында З. Бжензинский өзінің әйгілі «Үлкен шахмат үстелі» деген кітабында Иранның Орталық Азияда діни мүддесі үшін жұмыс жасайтынын жазған болатын. [9] Дегенмен, Орталық Азия елдерінің халқы суниттік, Иран шииіттік бағытты ұстанатын болғандықтан, оның діни ықпалы аса зор бола қойды деп айтуға ерте. Оның үстіне ресми Тегеран да бұл ойының іске асуы қиын екендігін ескеріп, одан гөрі прагматикалық байланыстар орнатуға күш салып келеді. Әйтсе де, кейінгі жылдары режимді жаю саясатын ресми көзге біраз әлсіреткенімен, одан әлі толық бас тартты деп айтуға ерте. Бұл зайырлылық бағытын таңдаған Қазақстанның ұстанымдарына қайшы.

Иран мен Қазақстанның арасындағы келіспеушілік «Израильмен қарым-қатынас мәселесінде» де туындайды. Ирандағы діни режим «Израиль» мемлекетін мойындағысы келмейді, оның Палестинаға жасап отырғаны «қиянат» деп біледі. Иран басшылығының «Израиль мен сионизм» туралы қайшылықты пікірлері бірнеше мәрте халықаралық дауға ұласып, баспасөз беттерінде  көтеріліп жатты. Иран режимі: «Таяу Шығыстағы кикілжіңдердің артында АҚШ пен Израиль тұр», [10] - деген көзқарасын да ешқашан жасырған емес. Ал, Қазақстан мемлекетінің керісінше Израильмен арақатынасының өте жоғары деңгейде екенін атап өткен жөн. Бұл екі ел сауда-экономикалық қатынастардан бастап саяси байланыстарға дейінгі барлық салаларда тығыз әріптестік орнатқан.

Дегенмен, «сананы тұрмыс билейді» деген қағидаға сүйенген қос мемлекет басшылығы, соңғы жылдары арадағы көзқарас алшақтықтарын «ұмытып» экономикалық байланыстарды жандандыруға күш салуда.  Өйткені екі елдің де бір бірінен алар пайдасы көп, Иран Қазақстан үшін Парсы шығанағы арқылы әлемдік мұхитқа шығудың жолы болса, өз жерінен өтетін тасымалдан транзит салығын алатын Тегеранға да бұл пайдалы болмақ. Сондай-ақ Иран территориясы арқылы тек қана Қазақстанның емес, Солтүстік-Оңтүстік темір жолын іске қосу арқылы Ресейдің де шикізатының тасымалдануына және Еуропаға баратын құрлық жолы су жолынан әлдеқайда жақын болғандықтан Қытайдың да тауарының тасымалдануына мүмкіндік береді. Мұның барлығының бюджетке қосымша табыс әкеліп, жергілікті бизнесті дамытуға серпін беретінін ескерсек, «саясат-экономика үшін», деген қағиданы екі елдің де берік ұстауға тырысып отырғанын түсінуге болады.

 

Әдебиеттер:

6. Тимофеенко Л.А., Стратегические приоритеты Ирана в Каспийском регионе. 7 ақпан 2013 / http://kisi.kz/site.html?id=9551 (29.03.2013)Темирбулатов А.М.,

7. Правовой статус Каспийского моря: позиции прикаспийских государств. / http://www.geobez.ru/index.php/arkhiv-nomerov/8-kategoriya-na- glavnoj/20-new-one (29.03.2013)

8. Федулова Н. Правовой статус Каспийского моря: позиции прибрежных государств. // Мировая экономика и международные отношения. 2008. № 8. с. 68. / http://finanal.ru/008/pravovoi-status-kaspiiskogo-morya-pozitsii-pribrezhnykh-gosudarstv?page=0,0 (29.03.2013)

9. Zbigniew Brzezinski, The Grand Chessboard: American Primacy and Its Geostrategic Imperatives. / http://www.takeoverworld.info/Grand_Chessboard.pdf  (06.04.2013).

10. Месамед В. Иран – Центральная Азия: пределы и ограничения сотрудничества. 31 августа 2010. / http://www.elections- ices.org/russian/publications/textid:6746/ (30.03.2013)



0
1214
0